• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:31:58
Алматы
+35°

26 Қыркүйек, 2017 Айтты-ей, бауырың!

Айдос Сарым: «Сенбілік шоудың» қызығы алда...

Айдос Сарым Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Сенбілік шоу» бағдарламасына қатысты пікір білдірді

Айдос Сарым Qazaqstan Ұлттық арнасындағы «Сенбілік шоу» бағдарламасына қатысты пікір білдірді, ― деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Айдос Сарым өзінің фейсбук парақшасына жазған.

― Сенбілік шоуға сейсенбілік түсінік...
Демалыс күндері үлкен бір баяндаманы аяқтаймын деп, интернет, әлемжелі қарайтын уақытым болмады. Сөйтсем біраз дау-дамай болып жатқан көрінеді. Соған аз-маз, шама-шарқым жеткенше түсінік бере кетейін. 
«Сенбілік шоу» неге пайда болды?
Жалпы бұл формат ― әлемдік формат. Ресейдің өзі көптеген әлемдік форматтарды өз мүддесіне сай шетелден алып, өндіріп жатыр. Бір елдің екінші елден форматты алғаны әлем үшін таңсық емес. Сондықтан көшірдік, ұрлап алдық деген әңгімелер артықтау болар. 
«Сенбілік шоу» неден туындады сонымен? Егер өте қысқа жауап іздесек былай деуге болады. 
а) Барша елдерде жастар буыны теледидардан алшақтап барады. Кез келген телеарна үшін үлкен саясат тұрғысынан да, жарнама-маркетинг тұрғысынан да бұл жақсы үрдіс емес. Яғни жастарға қызықты, соларға ұнайтын, солардың тілімен сөйлейтін форматтарды ойлап табу я көшіру қажет деген сөз. 
ә) Бүгінгі күні телеарналардың күн тәртібі мен интернеттің күн тәртібі алшақтап барады. «Сенбілік шоудың» бір мақсатының бірі ― осы алшақтықты азайту, екі күн тәртібін бір-бірімен жақындастыру. 
б) Жақсы деңіз, жаман деңіз бұл хабар да еліміздегі баспасөзге жарнама. Екінші жағынан, сол баспасөзге, баспасөздің кейіпкерлеріне сын. Бұл да бір қоғамдық гигиена, қоғамдық тазалық. Аузынан қағылып, ақ ит кіріп, көк ит шығатындарға қарсы хабар. Абсурд пен ақымақтықты әзіл-әжуа арқылы сынау, мазақ қылу. 
Бір ғана хабар шықты. Мен әлі рейтингтерін көріп үлгермедім, бірақ біреуінің өзі біраз дау туғызып, хайп жасады. Менің біраз қазақша білмейтін достарым да, жауларым да арнайылап қарапты. Ол да нәтиже. Түбі хабардың болу-болмауын нарықтық сұраныс, көрерменнің ілтипаты анықтайды. Егер жастар жағы осы хабарды қарап, интернет, мессенджерлер арқылы тарата бастаса, онда хабар арнаның төрінен өз орнын табатын шығар. 

 Бұл хабарға мен неге қатысып отырмын?
Біраз пікір оқыдым. Сайқымазақ, клоун дегенге дейін сөздер кетіпті. Бұл хабар маған лайық емес деген де пікірлер айтылып жатыр.
Жауабым былай: Өз басым теледидарға, оның ішінде қазақ теледидарына дін ретінде қарауға қарсымын. Қазақ теледидары таңертеңнен қара кешке дейін тек бір ғана әлеуметтік топқа қызмет ете алмайды. Таңертеңнен қара кешке дейін күрсініп, толғанып, ыңыранып, шәй ішіп, терлеп-тепшіп, «Сіздікі дұрыс Мәке!», «Ғажап айттыңыз, Сәке» деп отырған теледидардан сақтасын!
Теледидардың тәлім-тәрбиелік функциясы бар, бірақ бұл заманда ол ең алдымен энтертейнмент. Яғни көрерменге ермек беру. Ол үшін барша көрерменге қызықты болуы шарт. Және де әртүрлі жастағы, жыныстағы аудиторияға қызықты болуы шарт. Әр аудитория өзіне қажетті хабарды, форматты тауып алып, соған адал болғанын қамтамасыз ету керек. Теледидар қатып қалмауы тиіс. Үнемі ізденіс, үнемі тың жобаларды іздей түсу міндет. Бүгінде әлеуметтану бар, маркетинг бар. Әрбір хабардың үлес-салмағын, ықпалын өлшеуге болады. Егер белгілі бір хабарлар кәдеге жарамаса, көрермен көңілінен шықпаса, жарнама алып келмесе  ол хабар жабылады. Диалектика және эволюция заңы. 
Өз басым әзіл-әжуаны жақсы көретін қазақпын. Бір күн өмір сүрсем де жадырап жүргенді қалаймын. Реті келіп жатса, жағдай мүмкіндік берсе әзілдің де талайын жіберемін. Оны достарым жақсы біледі. Осыдан болар Ерлан Қарин досым біраз уақыт бұрын ұсыныс жасағанда қарсы болмадым. Несі бар? «Жайдарманды» да көрсетіп жатыр ұлттық арна. Қазақ жастары іздеп көретін ғаламат шоу! «Жайдарман» сыйған арнаға «Сенбілік шоу» да сыяды. деп санаймын. Осы форматта болмаса, басқа форматта. 
Ар-абырой деген әңгімелер айтылып қалды. Анау «квнщиктермен» неге отырасыз дегендер де бар. Айналайындар-ау! Олар да қазақтың баласы. Олар да елім-жерім деп жүрген азаматтар. Осы хабардың арқасында талай мықты-мықты қыз-жігіттермен танысып жатырмын, басқа қырынан таныдым. Жарты сағат хабар кемі бір аптаның жұмысын талап етеді. Команданың күн-түн демей араласып, жаңалық, хабар, ой бөліскенін талап етеді. Адам, азамат ретінде бұл да жақсы тәжірибе, жақсы драйв. 
Адамды белгілі бір имиджге, рөлге тыға салу оңай, одан шығу қиын. Өз басым тек «саясаттанушы», «сарапшы» деген имидж бен рөлді қаламаймын. Имидж, амплуа деген мәселе адамның жеке басының түрмесі болмауы керек. Қасымдағы жігіттерге де осыны айтып жүрмін. Сені «әртіс», «клоун» деп жатса, тырысып-тырмысып басқа жағынан да көрінуге тырысу керек. Сол сияқты мен де бір ғана рөлді қаламаймын. Эксперимент пен жаңалық іздеуден шаршамаймын. Бұл да бір тәжірибе! Теледидар деген күрделі механизмді, саланы біле келе түсіне бастайсың. Осы салада жүрген соң оны білген артық етпес маған да. 
Біраз орысқұл жауларымның әлемжеліде мені келеке еткеніне ризамын. Мәз болып «клоун» деп жатыр екен. Менің одан ештеңем кетіп жатқан жоқ. Баяғыда Тедди Рузвельт айтыпты ғой: «Саясаттан үміті бар адамның терісі пілдің терісіндей болуы керек» деп. Өз басым жауымның мазақтағанынан емес, мақтағанынан қорқатын қазақпын. 
Саясаттан үміті бар адам тек өз тобының ішінде қамалып қалмауы тиіс. Саясаттың мақсаты сөзіңді, ойыңды барынша көп аудиторияға жеткізе білу. Саясат мұраты күн сайын өзіңнің аудиторияңды бір адамға болса да кеңейте беру. Мен сол жұмысымды жалғастыра беремін. Түсінген адам түсінер, түсінбегеннің аузына қақпақ болар жайым да, уақытым да жоқ. 

Барша пікір айтып, тілек білдірген азаматтарға алғысым шексіз! 
Өкпелеп те жатқан ағайын бар екен (шынын айтайын, ішінде әкем де бар). Оларға айтарым: құлақ-көз үйренсін, бәрі де орын-орнына келеді. 

«Сенбілік шоу» өз жұмысын бастады. Ерекеңмен, редакторлық топпен келіскенімізге сай тұрақты түрде көмектесіп отырамын. Реті келіп жатса, жол түсіп жатса хабарларына да қатысамын. Яғни шоуды жүргізетін топ та әлсін-әлсін жаңарып отыруы ықтимал. Алдағы уақытта хабарға танымал қонақтар да келе бастайды. Ішінде шенді-шекпендісі де болады. Қысқасы, қызықтың бәрі алда деп ойлаймын. Солай болғай!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір