• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:59:39
Алматы
+35°

18 Мамыр, 2018 Денсаулық

Аутизм синдромы бар балалармен қалай жұмыс жүргізу керек?

Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы.

Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазір біз ғасырлар тоғысында өмір сүріп отырмыз. Егемен еліміздің келешегі үшін дені сау, рухы күшті жеке адамды қатарға қосу – жалпыға  ортақ міндет. «Жас бала – ұрығын жарып, жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық, ал ұстаз – жаңа күтуші», — деп орыс әдебиетінің сыншысы В. Белинский айтқандай, ұстаздар қауымның жас ұрпақ үшін тәрбие мен білім беру үлкен рөл атқарады.

Баланың тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсаттары біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Бұл тіркестерді біз он екі мүшесі бүтін, дені сау, салауатты да салихалы ұрпақ тәрбиесіне келгенде алға тартамыз. Бірақ бүгін біз сөз ететін тақырып бұл балалардан мүлдем ерекше. Ол аутизм синдромы бар балалар, яғни ХХІ ғасырдың індетіне айналған аутизм туралы және ол балалармен жұмыс жасаудың ерекшеліктері туралы болмақ.

1943 жылы доктор Л. Каннер алғаш рет бала аутизмін психологиялық дамудың жеке бұзылысы ретінде ерекшеледі. Ол бала дамуындағы ауытқушылықтың ерекше түрін сипаттап, оның ерте жастағы бала аутизмі (Каннер синдромы) деп атады, оның байқалуының негізгі түрлері:

- қоршаған адамдармен эмоциялық қарым-қатынасты орнатуға үлкен қиындықтар;

- тәртіптің қайталанатын, бір текті түрлерін үнемі қайталай беруге талпыну;

- белгілі бір объектілермен іс-әрекеттерге қатты берілу;

-  сөйлеу тілін меңгеру  мүмкіндігінің сақталғанымен, сөйлеу тілінің болмауы (мутизм) немесе сөйлеу тілінің адамдармен қатынаста пайдаланбауы;

-  басқа салаларда танымдық қабілетінің жақсы болуы;                                                                         

Бұл бұзылыстар ерте, 2,5 жасқа дейін байқалады деп мәлімдейді доктор Л. Каннер.

Қазіргі күнге дейін аутизм проблемасы бойынша әр түрлі елдерде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бала аутизмінің шығу тегі мен ерекшеліктері туралы әр түрлі ғылыми болжамдар мен пікірлер айтылады.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек әлем бойынша бұл дертке шалдыққандар саны 65 миллионнан асады делінген. Ал соның ішінде біздің елде осы диагноз бойынша тіркелгендер саны мыңнан асады екен. Дерек көздерінде соңғы он бір жыл ішінде аутизмге шалдыққан балалар саны 20 есеге өскен, ол дегеніміз дүниеге келген әрбір елуінші сәби осы аурумен туылады дегенді меңзейді. Ал аутизм қыз балаларға қарағанда көбіне ер балаларда жиі кездеседі екен.

Психолог О.С.Никольскаяның пікірі бойынша аутистік дамудың бұрмалаушылығы "қабылдаудың күрделі формалары, қимылдағы икемділік, сөйлей білу мен көп нәрсені түсіну қабілеті кездейсоқ байқалған кезде де, бала өзінің мүмкіндігін шынайы өмірде, қоршағандармен өзара іс-әрекетте пайдалануға тырыспайтындығынан да байқалады. Бала  аутизімінде дамудың қалыпты даму жолы жай ғана бұзылмайды немесе тежелмейді, ол қатты бұрмаланып, басқа жаққа қарай кетеді" (О.С.Никольская 1997).

Аутист балалардың әр түрлі әлуметтік қызметтен алынған ақпарат мен дағдыларын үйлесімді түрде пайдалана білмеулері олардың ең негізгі проблемаларының бірі болып табылады. Сонымен бірге мұнда егер аутистік өзіндік бұзылыстар баланың жасы келе тегістеле бастаса, ал әлеуметтік өзара іс-әрекет, оның икемсіздігі, жағдайды түсінбеуі, еркін тәртіп пен қызметтің жоғары түрінің бұзылыстары айқын байқала бастайды. (О.С.Никольская 1998, 2005).

АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде аутизм синдромы бар балаларға арналған арнайы көмек беру өткен ғасырдың 60-70 жылдарында басталған екен. Еуропа елдерінде ең алғашқы аутизмі бар балаларға арналаған мектеп 1920 жылы Дания қаласында ашылған. Осылайша кейбір жеке мекемелер аутизмі бар балалармен жұмыс жүргізуді бастаған, бірақ ол кезеңде балаларды оқытудың нақты оқыту мен түзетудің ғылыми және әдіснамалық негіздері болмаған.

Ал бүгінгі таңда  арнайы педгогикада аутизмді заманауи оқытудың әдіс-тәсілдері қарқындап дамып келеді.  Оқытудың дәстүрлі және дәстүрлі емес иновациялық  жолдары сан алуан. Әрине оның тиімділігі мен нәтижелі жақтарының бәрі, қолданушының дұрыс ұйымдастырып, жүйелі қолдана білуінде болса керек.  Олай болса төменде осы әдістердің негізгілеріне қысқаша тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

Әлемдік тәжірибе нәтижесінде қолданысқа кең еніп, ең тиімді әдіс саналып жүрген ол – АВА-терепия әдісі. АВА-терапия – Applied Behavior Analysis қазақ тініне аударғанда (қолданбалы мінез-құлықты талдау),  адам мінез-құлқының жалпы заңдылықтары мен оларды оқыту туралы ілімдерге сүйенеді. Аталмыш әдіспен жұмыс жасау ең алғаш рет 1963 жылы Лос-Анджелесте дәрігер Ивар Ловаас қолданған екен. 

АВА емдеудің мінез-құлықтық әдістерін қолдана отырып, жағымды мінез-құлық белгілерін көбейтіп, қауіпті және проблемалық мінез-құлық белгілерін азайтуда осы заңдылықтарды қолданады.   Сонымен қатар АВА терапия сөйлеу және коммуникация дағдыларын, зейін мен жадын және академиялық дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. ABA-терапияның құрамына түрлі әдістер кіреді, бұл аутизмді емдеудің ғылыми негізі бар ең үздік әдісі саналады.

  1. Бағыт                                                                                                                                               Мінез-құлықпен жұмыс жасау. Мақсаты: қоршаған ортадағы факторларға әсер ету арқылы мінез-құлықты өзгерту.
  1. Бағыт                                                                                                                                          Танымдық дағдылармен жұмыс. Мақсаты: АВА әдісін қолдана отырып, баланың сөйлеу тілін, психикалық процесстерін, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, ойын әрекетін дамыту.
  1. Бағыт                                                                                                                                        Әлеуметтік дағдылармен жұмыс. Мақсаты АВА әдісін қолдана отырып, баланың жағымсыз мінез-құлығын түзеу арқылы, қоршаған ортаға әсер ету арқылы қоғаммен араласып, өмір сүру дағдыларын дамыту.

Сенсорлық интеграция әдісі

Ерте балалық  аутизм синдромы бар балалардың көбінің сезінуінде ауытқулар байқалады. Олардың кей сезім мүшелері шектен тыс дамыған немесе керісінше, олар өз сезімдерін интеграциялай алмауы мүмкін. Сенсорлық интеграция әдісі ағзаның сезімдерін қозғалыс, оқу және қалыпты іс-әрекет мақсатына жұмылдыра алуы. Біз бұл сезімдерді  сезім мүшелері арқылы білім аламыз. Ал бұзылысы бар балалар: визуалды (көру), дыбыстық (есту), иіс сезу (иіскеу), дәм сезу (дәм тату), тактильдік (ұстап көру), вестибулярлық (орта құлақ), тепе-теңдік (айналу, аунау,секіру) және жердің тартылыс күші.  Сенсорлық интеграция терапиясы баланың сезімталдығын бәсеңдетіп, сезіну арқылы алған ақпаратты қайта құрылымдауына басты назар аударады. Бұл терапияның мақсаты – орталық жүйке жүйесінің сенсорлық стимулдарын өңдеу мүмкіндіктерін күшейту, теңгеру және дамыту болып табылады. Сенсорлық интеграциялық терапияға түрлі сенсорлық стимулдармен арнайы байланыс орнату әдісі де жатады.

Томатис терапия

Томатис - арнайы аудио-вокалдық жаттығу әдісі. Арнайы құрал сенсорлы-дыбыстық ынталандыру. Бұл құрал орталық құлақ жұмысына әсер ете отырып, миға ықпал жасайды делінген. Әдістің мақсаты – мидың есту арқылы алған ақпаратты қабылдап, қорыту мүмкіндіктерін арттыру. Томатис әдісі негізіндегі жаттығулардың арқасында сөзді қабылдау және түсіну процесін қайта жетілдіруге мүмкіндік бар. Бұл жаттығуларды аутистикалық спектр ауытқулары, назардың жетіспеуі синдромы және гипербелсенділік, сөйлеу және психомоторлық дамудың тежелуі, жазу дағдысының дұрыс қалыптаспауы (дисграфия, дислекция) сияқты ауытқу түрлері бар, естіген ақпаратты қабылдап, қорытуда біраз қиналатын, соның кесірінен коммуникация мен білім алуда қиындықтарға ұшырап, әлеуметтік дағдыларын дамытуда артта қалып жүрген балаларға қолданады.

РЕСS (ПЕКС) –карточкалар арқылы баламен қарым-қатынасқа түсу жүйесі.

РЕСS — баланың негізгі қарым-қатынас дағдыларын тездетіп қалыптастыруына мүмкіндік беретін бағдарлама. РЕСS карточкалары арқылы баламен қарым-қатынасқа түсу жүйесі, аутист және басқа да сөйлеу тілінде проблемалары бар  баларды  жылдам қарым-қатынас дағдыларына үйрету әдісі.  РЕСS-ті қолданатын бала айналасындағылармен ашық қарым-қатынас жасап, ашылып сөйлесе бастайды, соның арқасында ауызша (вербальді) дағдыларын жинақтауға мүмкіндік туады.

Әрине бұлар санаулысы ғана, Отандық және әлемдік зерттеулер нәтижесінде әртүрлі зияткерлік тапсырмалардан тұратын бағдарламалар да өте көп. Аутизмі бар бала өзі қалап тұрса да, басқа балалар күнделікті өмірде ешқандай қиындықсыз меңгеріп алатын адамдармен қарым-қатынас жасасудың, әрекеттесудің жалпыға ортақ әдістерін өз бетімен меңгере алмайды. Сондықтан жоғарыда айтылған, бүгінде қолданысқа енген жүйелі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы, аутизмге шалдыққан баланың өз проблемасын жеңуіне мамандар мен қоғамның барлық өкілдерінің болып көмктесуге тиімпіз. Сонда ғана мұндай балаларды әлеуметтендіруге, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуға, әрекеттесу дағдыларын қалыптастыру бағытындағы үлкен істер іске аспақ.

Гүлмира КЕМЕЛ, педагог-психолог

Астана қаласы, №3  психология-педагогикалық түзеу кабинеті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір