• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 06:08:04
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2018 Денсаулық

Ауылдардағы медициналық ұйымдар үш жылда толық цифрлық форматқа көшіріледі

Еліміз бойынша аудан орталықтарындағы барлық медициналық ұйымдар ғаламторға қосылған.

Ауылдық медициналық ұйымдар алдағы үш жыл ішінде, яғни 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен қағазсыз жұмыс форматына көшіріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Ел халқының денсаулығы мәселелерін реттейтін сала басшының айтуынша, өңірлердегі медициналық ұйымдарды қағазсыз жүйеге ауыстыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнайы іс-шаралар жоспары енгізіліп жатыр. Ең алдымен, ол үшін аудандық және облыстық деңгейлердегі медициналық мекемелерді интернет желісіне қосу қажет.

«Сонымен қатар, дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмысын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету және оған арнайы медициналық бағдарламалар мен ақпараттық жүйелерді енгізу керек. Қазір интернет желісіне қосу үшін техникалық және географиялық мәселелерге байланысты қиындықтар туындап жатыр», — деді министр.

Еліміз бойынша аудан орталықтарындағы барлық медициналық ұйымдар ғаламторға қосылған.

«Ауылдардағы медициналық ұйымдар мен пункттерге келсек, олардың барлығын 2021 жылға дейін, үш жыл бойы кезең-кезеңмен цифрлық жұмыс форматына көшіру көзделген. Яғни, осы жылдар ішінде ауылдарды интернетке қосуды және қағасыз жүйеге көшіруді 100 процентке жеткізу жоспарланып отыр», — деді министр Е. Біртанов.

Е. Біртанов министрліктің медициналық сақтандыруды енгізуді пысықтап, оны енгізу үшін қарқынды дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын баяндады. Медициналық ұйымдарды медициналық сақтандыруды енгізуге әзірлеу үшін қағазсыз жұмыс форматына көшіру жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Қазіргі кезге дейін бұл төрт өңірде енгізіле бастаған, олар: Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары. Осы жоба аясында бұрын нормативтік актілермен талап етілген 120-дан астам қағаз формалары жойылады.

«Бірінші кезекте, ол – ауруханалардағы емделушілердің сырқатнамалары мен емханалардағы амбулаториялық карталардағы жазбалар», — деп нақтылады министр. 

Сондай-ақ жоғарыда аталған алғашқы төрт өңірдің тәжірибесін ескерумен, 1 сәуірден бастап еліміздің тағы 4 өңірін осы жобаға тарту ұйғарылған, ал 1 шілдеден бастап тағы төрт өңір қамтылмақ. Ал төртінші тоқсанда қалған 4 өңір қосылады.

«Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін барлық өңірлер негізгі медициналық құжаттамалар бойынша қағазсыз формат жүйесіне көшіріледі. Ол үшін қазір өңірлерде тиісті техникалық және бағдарламалық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар ол қазір барлық өңірлердегі аудандық орталық ауруханалар мен емханалар бұл жүйеге қосылғанын жеткізді. Бұдан өзге, министр қазіргі таңда медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жұмыстардың жүргізілу барысына нақты тоқталды. Еске салайық, өткен жылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санының жоғары болуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімдері кейінге қалдырылған болатын.

«Біз өз тарапымыздан медициналық сақтандырудың негізгі элементтерін енгіздік. Ақшалай қаражаттың қорға түсуі бүгінгі таңда жүзеге асты, жұмыс істейтін 5 млн астам азаматтан 5 млрд теңгеге жуық қаражат түсті. Бұл қаражат 2019 жылы МӘМС енгізілген сәттен бастап сақтандырылған азаматтарға жаңа медициналық қызметтерді көрсетуге жұмсалады», — деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, Қазіргі таңда денсаулық сақтауды цифрлық жаңарту мақсатында 4 өңірде медициналық құжаттарды пилоттық қағазсыз жүргізу іске қосылды, медициналық ұйымдарды ақпараттық жүйелермен қамту 75,5% құрады, компьютерлермен жарақтандыру 2,5 есе артты. Медициналық ұйымдардың 56% үшін интернет қолжетімді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір