• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 00:00:30
Алматы
+35°

17 Ақпан, 2018 NEWS

Ауған соғысының ардагерлері арамызда

Ауған соғысы... Ол соғыс - қандай соғыс? Көздеген мүддесі не еді? Түпкі мақсатына жетті ме?

Ауған соғысы... Ол соғыс - қандай соғыс? Көздеген мүддесі не еді?  Түпкі мақсатына жетті ме? 

Бұл сұрақтарға жауап табу қиын. Себебі бұл –  бір елдің ішкі саясатына басқа елдің араласуынан туындаған  соғыс. Біз оған еріксіз куә болдық, қатыстық, боздақтарымыз құрбан болды. Асыл ерлерді құрбан еткен – олардың интернационалдық борышы еді дедік... Ал шындығында, тарих көшінде қалған саяси ойын мен тұрлауысыз мүдделердің құрбандары еді олар.  

Алматы

Ауғанстан – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Ол елде 1978 жылы саяси төңкеріс болып, содан бері соғыс қимылдары тоқтаған емес.

1979 жылы желтоқсан айында Кремльге мүшелерін бірнеше рет жинаған  Саяси бюро соңғы шешімін шығарды.  Сөйтіп 1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес әскерлерінің  шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 1989  жылдың 15 ақпанында 40-Армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Б.Громовтың «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты»  деп баяндаған уақытына дейінгі 10 жылға жуық мерзімде соғыс қимылдарын жүргізді. Оған КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапқан, 21-і хабарсыз кеткен.

Алматы

Биыл Кеңес әскерлері  шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл толып отыр. Осыған орай атаулы күн қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы  «Оңтүстік»  өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы  генерал-майор Қ. Ақтанов Ауған соғысының ардагерлерін қабылдады.   Олардың ішінде ауған жерінде аса маңызды 9 жауынгерлік операцияға қатысқан, жеке құрамын соғыс іс-қимылдарынан еш шығынсыз алып шыққан және  тәуекелшіл әрекеттері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Фалеев Геннадий Дмитриевич, 5-гвардиялық дивизия қатарында әскери дәрігер болып қызмет атқарған, жаралылар мен науқастарға және Ауғанстанның жергілікті халқына медициналық білікті көмек көрсетіп, сауабы мол іс атқарған, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалінің иегері отставкадағы Аймағанбетов Сәбит Имандосұлы, ауған жеріндегі соғыс қимылдарында ерекше ерлігімен көзге түскен, Кандагар қаласында мотоатқыштар взводының командирі қызметін атқарып жүріп ауыр жарақат алған «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызыл Ту» ордендерінің иегері запастағы Қожабергенов Асқар Дәрменұлы, ауған жерінде бір жарым жылға жуық қызмет етіп, ерлік үлгілерін көрсеткен, жеке құрам ішінде ерекше абыройға ие болған, «Ауған халқының  интернационалист жауынгерге алғысы» медалімен марапатталған, күрең берет иесі отставкадағы майор Семенюк Павел Филиппович, түрлі жауынгерлік іс-қимылдарды сапалы байланыспен қамтамасыз еткен, Ауғанстанның қатерлі жолымен  18 рет автомобиль легін алып жүрген жаужүрек жауынгер отставкадағы «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ауған халқының  интернационалист жауынгерге алғысы» медальдарының иегерлері майор Линок Виктор Борисович және Ұлттық ұлан қатарынан жақында ғана зейнетке шыққан запастағы медицина қызметінің полковнигі  Бұралхиев Қалыбек Амангелдіұлы бар. «Мен Кабул қаласындағы Кеңес әскерлеріне арналған аэродромды күзеткен 29761 дала почтасында қызмет еттім. Қызмет аса жауыпты болды. Себебі аэродромға шабуыл жасалу қаупі өте жоғары еді. Әрі аэродромның жанында оқ-дәрілер қоймасы бар болатын. Бір күні сол қауіп шынға айналды. Аэродромға қарулы шабуыл жасалды. Снарядтар қоймасына қарай оқ атыла басталды. Мен қарауылда тұрғанмын. Взводты дереу көтеріп, ашық ұрысқа көштік. Бұл ұрыстан біздің жауынгерлер еш шығынсыз аман шықтық және аэродромның талқандалуына жол бермедік. Осы қызметім үшін мен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталдым», - деп  әңгімесін сабақтады әскердегі мерзімдік қызметін  есіне түсірген  зейнеткер полковник Қалыбек Бұралхиев. Ол оқ пен оттың ортасында 1 жыл 3 ай жүрген.

Алматы

Қолбасшы ардагер жауынгерлерді жылы қабылдап, атаулы күнмен құттықтады. Олардың жеке құрамды  тәрбиелеу ісіне қосар үлестерінің зор екендігіне баса назар аударып, алдағы уақытта да бірлесіп қызмет ете беретіндіктеріне тілек білдірді.  

Алды егде тарта бастаған, соңы жігіт ағасы болып қалған  ауған соғысының ардагерлері қолбасшы тарапынан марапатталды. Кездесу ерекше  емен-жарқын күйде өтті. Өмір сүре білудің қадірін бір білсе, бейбіт күнде соғыс отын көріп келген осы жандар білер! Сондықтан олар достықты, туыстықты, денсаулықты – жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Осы мақсатта да ауған соғысының ардагерлері әрдайым жеке құраммен кездесу өткізіп, жауынгерлік жылдарынан естелік айтып отырады, Отанды сүюге, оған адал болуға үйретеді. Сондай-ақ, ардагерлер қала мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен де кездесулерге барып тұрады. Оның бір мысалы, 5571 әскери бөлімі шефтік көмекке алған № 95 жалпы білім беретін мектептегі кездесу. Алғашқы әскери даярлық сабақтарынан аз болса да, әскер туралы мағлұмат алып қалған 10 – 11 сынып оқушыларымен кездесу кешін өткізген отставкадағы полковник Фалеев Геннадий Дмитриевич ауған соғысындағы естеліктерінен бастап, Ішкі әскердегі қызмет жолынан біраз әңгіме тарқатты. Қарт жауынгердің әңгімесінен әсерленіп шыққан жас балалардың көзінен ерекше ұшқын байқалды. Бұл – ұйымастырылған шараның мақсаты орындалды деген сөз. Жауынгер сөзі жас буынның санасына ой салды, жүрегіне жетті. Басты мақсат та сол еді!

Аман жүріңіздер, жауынгер ағалар! Ауған соғысының ардагерлері! Кеуделеріңіздегі орден-медальдар ерлік пен батылдықтың  белгісіндей,  жас ұрпаққа қоңырау болып, сыңғырлап тұра берсін!

Данара Тәңірбергенқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір