• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:56:40
Алматы
+35°

17 Қазан, 2017 Саясат

«Атамбаев Путиннің тәжірибесін қайталайды»

Бүгін Қырғызстан мемлекетінің президенттік сайлауы аяқталып, Сооронбай Жээнбеков жеңіске жеткен еді. Қырғызстандағы биліктің ауысуына байланысты...

Бүгін Қырғызстанда президент сайлауы аяқталып, Сооронбай Жээнбеков жеңіске жеткен еді. Қырғызстанда басшысының ауысуына байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақстандық сарапшылардың пікірін білді.

Қырғызстандағы мемлекет басшысының ауысуы қос елдің қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Қазақстанды қандай өзгерістер күтіп тұр? Қазақ-қырғыз шекарасындағы кедергі жойылуы мүмкін бе?

Мұхтар Тайжан: «Мен де шекарадағы кедергі жойылады деп үміттенемін. Қазақстанның өзінде айтарлықтай өзгерістер болмайтын шығар, бірақ шекарадағы кедергі жойылады деп ойлаймын. Шекарадағы мәселеге қатысты Қырғызстанның тарапынан ешқандай іс-әрекет жасалмайды.  Қазақстан өзі бұл кедергіні жоятын болады».

Расул Жұмалы: «Енді бұған дейін Қырғызстан мен Қазақстанның арасында көрші ел болған соң достық, туыстық қарым-қатынастар болды. Көрші болғаннан кейін арада кейбір кикілжіңдер де, келіспеушіліктер де орын алғаны байқалды. Өмір болған соң бәрі болады. Осыған дейін түрлі  мәселелердің барлығы өркениетті, мәдениетті түрде шешіліп отырды. Әлі де күн тәртібіндегі шешілуі керек мәселелер бар. Соңғы 1-2 аптада президент Атамбаев тарапынан Қазақстанға, Қазақстан басшылығына қатысты көңілге келетін, намысқа тиетін бірталай мәлімдемелер жасалды.  Алайда Атамбаев үлкен саясаткерге, оңы мен солын ажырата алатын азаматқа лайық қылық жасаған жоқ. Көптеген негізсіз әңгімелер айтты.  Оның айтқан мәлімдемелері негізсіз болуы өз алдына, өзінің жеке басы үшін, өзінің қолдаған үміткерінің  мүддесін, жеке басқа қатысты ұсақ мүддесін халықтың, аймақтың мүддесінен жоғары қойғандығы өкінішті.  Бірақ қалай болғанда да осындай саяси технологиялардың арасында сырттан жау іздеу, өзінің бақталастарын жаудың өкілі ретінде қаралау секілді «кір» технологиялар сайлауға да  өз әсерін тигізді. Содан болар немесе қырғыз халқының өзінің таңдауы болар әйтеуір бұл сайлау науқаны аяқталып, Жээнбеков жеңіске жетті. Ендігі мәселенің барлығы қырғыздардың өзіне байланысты.  Бізге көрші ел болғандықтан оның жағдайы бізге де қатысты, маңызды болып саналады.  Біз  де олардың жағдайы бейбіт, тұрақты болғанын қалаймыз.  Бірақ соңғы дау-дамай екі елдің арасына қатысты түрлі пікірді қалыптастырды. Қызуқанды әңгімелер де айтылды. Менің ойымша,  бұндай әңгімелерді жалғастырудың ешқандай реті жоқ.  Қызуқандылықпен айтылған әңгімелерді тоқтатып, оған тиісті алғышарттарды келтіру керек деп ойлаймын. Сонымен бірге Қырғызстанның жаңа президенті болған оқиғадан сабақ алуы керек секілді.  Себебі осындай сезімтал мәселелер ушығатын болса қазаққа да, қырғызға да жалпы аймаққа да жақсы әсер тигізбейтіні анық. Ортақ мүдделеріміз де құрбан болуы мүмкін.  Көп жағдай қырғыз елінің басшылығына тікелей қатысты. Бір халықты келесі бір халыққа айдап салуы арқылы, оны кемсіту арқылы ешкім жетістікке не табысқа жеткен емес, керісінше, ара-қатынасты ушықтырады. Өкінішке орай Атамбаевтың тарапынан ащы мәлімдеме жасалған кезде қырғыздың зиялылары өз ішінде тойтарыс бермеді, не қарсы пікір білдірмеді. Олардың Атамбаевтың сөзімен ашық келіспесе де оны қолдағандай болғаны дұрыс болмады.  25 жылдың ішінде қос мемлекет қаншама уағдаластықтарға, келісімдерге  қол қойды. Осылардың барлығы қайда қалды? Қырғыз бен қазақтың арасындағы осы бір мәселеге қатысты екі елде де ортақ алаңдар, дөңгелек үстелдер қалыптасу керек.  Атамбаевтың сайлау кезіндегі бұл іс-әрекеті оның жеке басының қауіпсіздігі, үмміткерінің жеңіске жетуі үшін жасалған.  Атамбаевтың бұл мәлімдемесі сырттан арандату, сырттағы көршілердің арасына от салу әрекеті болды.

Ең алдымен Ресей мен Орта Азиядағы елдердің арасына от салып, татулыққа нұқсан келтіріп, кейін татуластырмақ болған секілді көрініп, өздерінің арам пиғылдарын іске асырғысы келіп отыр. Бұл — менің жеке пікірім. Осындай арандаушылық пен қитұрқы саяси  іс-әрекеттерге біз дайын болуымыз керек. Осындай жағдай біз бір-бірімізбен түсінісіп отыруымыз қажет.  

Тағы бір мәселе қазіргі  кезде Қырғызстанда Қазақстанның елшісі жоқ, Қазақстанда Қырғызстанның елшісі  жоқ.  Екі елде де уақытша сенімді өкілі ғана бар.  Осы кезде біз қоғамда салмағы бар, сөзі өтімді азаматты елшілікке қойсақ. Мысалы, Мұхтар Шаханов — үлкен лауазымға, сенімге ие азамат. Қырғыздардың өзі Мұхтар Шахановты құрметтейді.  Қаншама мәселелерді осы азамат шеше алады деп ойлаймын. Қырғыздың ішінде осындай азаматымыз қызмет атқарса дұрыс болар еді. Бұл да бір ойланатындай мәселе.

Ал шекарадағы мәселеге келетін болсақ, шекарадағы кедергі тек Атамбаевтың мәлімдемесіне  қатысты емес. Бұл сайлауалды Қырғызстандағы  ішкі саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты болды. Түрлі қылмыстың алдын алу мақсатында екі тараптан да шектеулер болған.  Енді бұл мәселе қазір сайлаудағы текетірес аяқталғаннан кейін, ақырындап қалпына келетін шығар».

Сайлаудан кейін қоғамда түрлі пікірлер қалыптасып үлгерді. Қазіргі жаңа президент «Атамбаевтың адамы, Атамбаев жаңа президент Жээнбеков арқылы билікті жүргізіп отырады», ― деген пікірлер жиі айтылып жатыр. Осыған қатысты не айта аласыз?

Мұхтар Тайжан: «Жоқ мен олай ойламаймын.  Атамбаевтың сөздеріне қарасақ, ол билікте қалмаймын деп жатыр. Қырғызстан — демократиялық ел.  Сооронбай Жээнбеков елді толық өзі басқаратын болады».

Расул Жұмалы: «Әбден мүмкін.  Екі негізгі үміткер болды:  біріншісі — оппозиция өкілі Бабанов, екіншісі — биліктің өкілі Жээнбеков. Сайлау барысында Атамбаев Жээнбековке қолдау білдіріп, белсенділік көрсетті.  Оның негізгі себептері де жоқ емес. Егер билік басына оппозиция өкілі келетін болса Атамбаевтың бірталай  жемқорлыққа қатысты, билік басына бірталай өзінің үзеңгілестерін алып келгеніне қатысты былықтары ашылып, өзінің оққағарларын, таныстарын, күзетшісін үлкен мансапты қызметке әкелгені де белгілі болатын еді. Осындай былықтар шын мәнісінде болды.  Тіпті кейбір қылмыстарға да қатысы болды деген де ел ішінде әңгімелер айтылып жатты.  Осылардың алдын алу барысында Атамбаев билік өкілін қолдап, билікке әкелуге тырысты және ол орындалды.  Атамбаев биліктен кетпеуі мүмкін.  Бірақ Қырғызстанның Конститутциясына сәйкес билікті тек бір ғана президент жүргізе алады.  Екінші басшыға ешқандай мүмкіндік жоқ. Алайда Атамбаев биліктен кеткен күннің өзінде ол саясаттан кетпейді. Тіпті премьер-министр болуы арқылы билік жүргізуі мүмкін. Қырғызстан белгілі бір дәрежеде ресейлік тәжірибені қайталауы мүмкін. 

Соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес Қырғызстандағы премьер-министрдің лауазымы бірталай кеңейтілді. Атамбаевтың сайлауалды науқанында ең негізгі кеңесшілері болған ресейлік политехнологтары болатын. Осыларды ескеретін болсақ, Қырғызстандағы әлсіз президентті мықты премьер-министр басқаруы әбден мүмкін. Алайда бұл — уақыттың еншісіндегі мәселе.  Негізінен бұл — қырғыздардың ішкі мәселесі.  Бірақ көрші мемлекет болғаннан кейін біз үшін де маңызды. Біз бұл мәселеге салқынқандылық, саяси ұстамдылық танытуымыз керек. Барлығын енді уақыт көрсетеді».

Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір