• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:14:39
+35°

11 Тамыз, 2017 Ұлт болмысы

Атам – ауыл чемпионы!  (Әңгіме)

Ертеректе Шәуешек пен Мөйкенің арасындағы қытай, ұйғыр, дүңген дойбышыларының бірталайын тізе бүктірген туа бітті зерделі, зейінді дойбышы  екені тағы рас.

«Ұлт болмысы» журналының «Алаш жолы»

әдеби шығармашылық бәйгесіне!

Проза (повесть (хикаят), әңгіме) жанры бойынша:

Бүркеншік аты: Сарыбауыр.

Желтоқсан, 2015 жыл.

 

Қыстың қаһары қайтқан көктемнің көкшулан шағы. Бозбаланың мұртындай болып көк тебіндеп келеді. Алақандай ауылдың сегіз жылдық мектебінде наурыз мерекесі тойланып жатты. Әлгінде ғана аулада шәкірттер ән салып, би билесе, енді дастархан басында жас мұғалімдер ән шырқауда. Дәм желініп бола бере дене шынықтыру пәні мұғалімі Ерік ағай құлақтандыру айтып, көпшілікті желпіндіріп, желіктіріп  қойды. Дойбыдан жарыс өтпек екен. Жүлде қоры қомақты көрінеді. Жас-кәрі, ұл-қыз демей, жүлдеден дәмелінің бәрі бәйгеге қосылуға хақылы. Тіпті, төрде отырған сексеннен асқан атама да жарысқа қатыс деп, жата кеп жабысты. Бірақ ол кісі елп ете қойған жоқ. Аппақ қудай сақалын салалы саусақтарымен бір сипап қойып:

– Астарыңа, ұсыныстарыңа рахмет, қарақтарым. Өздерің ойнай беріңдер! – деп ас қайырып, бата жасады.

«Дойбышы ақсақал» атанған атамның сырын білетін Ерік ағай да қояр емес. Басқасы басқа, атамның дойбыдан бас тарта алмайтынын ол да біледі. Бұрын өзі бірнеше рет іздеп келіп ойнап, жеңіліп қайтқан. Басқалар да сөйтетін. Тіпті өзіміздің «Қызылбұлақты» қойып, ат сабылтып көрші ауылдан, аудан орталығынан да келіп, жеңе алмай сан соғып кеткендер қаншама. Іздеушілер көбейген соң атам да айлаға көшті. «Дойбышы болсаң, әуелі мына Асхатпен ойна! Соны ұтсаң ғана маған кел» дейтінді шығарды.  Айтса  айтқандай, кейінгі кездері атамды қойып, менен де аса алмайтындар көбейді. Сондайлар сыртымнан «анау немересінің өзі бәле, байқамасаң екі-үш жеп, биге шығып кетеді», – деп аңызға айналдырып жіберіпті.

Ерік ағай ақыры қоймаған соң атам келіскен сыңайда:

– Онда менің де шартым бар! Соған көнсеңдер ғана ойнаймын,– деді.

  • Қай шартыңыз болса да айтыңыз!
  • Көнеміз ғой, көнбей қайда барамыз?!
  • Ойбай-ау, айтыңыз, тек ойнасаңыз болғаны! – десті осыны ғана күткендей желіккен жұрт.
  • Онда былай болсын! Сендер жарысты бастай беріңдер. Мен мына бала-шағаның бәрімен ойнап әуре болмайын... Мына баланы көріп тұрсыңдар ғой, – деп мені нұсқады. – Осыны жеңгендеріңмен не тең түскендеріңмен ғана ойнаймын...
  • Е, онда жарасы жеңіл екен!
  • Иә, сәт! Болды, келістік... – десті отырғандар атам айнып қалардай асығып. Сонда ғана Ерік ағай ұйқысынан оянғандай:
  • Жоқ, ата! Сізді де, басқа үлкендерді де бала-шағамен ойнатпаймыз. Әуелі балалар арасында, содан соң үлкендер арасында екі бөлек жарыс өтеді, – деді.
  • Әп, бәрекелді, онда бопты...

Сөйтіп атам бесін намазын оқуға үйге кетті де, біз жарысты бастадық. Табан астында барлығы да қағазға жазылып-сызылды. Үлкендер мен балалар екі бөлек тізімге тіркелді. Балалар өзара мықтыны анықтауға кіріскенде Сәкен мұғалім:

– Уа, алқалы жұрт! Бүгінгідей Ұлыстың Ұлы күнінде қандай сайыс өткізсең де жарасады. Ал мына дойбы дегенің – тоғыз құмалақпен қатар дамып, қазақтың ұлттық ойыны сияқты болып кеткен етене нәрсе, – деп, дойбының тарихын баяндай бастады.

– Бұл – сонау ежелгі эллиндер, перғауындар заманынан белгілі ойын. Тіпті дойбының 81 шаршылы, қиғаш жүрісті түрін сақ Анақарыс бабамыз ойлап тапқан, Олимпиадаға қатысып, грек дойбышыларын қоғаша жапырған деген дерек бар. Ендеше ата-бабаларымыз дойбыны баяғыдан білген. Ережесі қарапайым болған соң оны сақ, ғұн, үйсін тектес барлық көшпелі халықтардың хандары мен билері қыстауындағы қыстың ұзақ кештерінде ермек етіпті.

Осы тұсқа келгенде бір кісі сөзді бөліп жіберді:

– Әй, Сәкен, бұларыңның  бәрін әуелі дәлелдеу керек. Анақарыс бабамыз ойлап тапса, неге киіз үй, қымыз секілді бізге тікелей мирас болып қалмаған?

Сәкен ағай шамданған жоқ. Күлімсіреген қалпы сөзін сабақтады:

– Иә, күдігіңіз орынды. Анақарыс бабамыздың алысқа атылатын жебені, соқаны, көзе ұршығын, дойбыны ойлап тапқан жаңашылдығын көре алмаған пенделер данышпан мен оның ағасы Саулы қағанның арасына от салған. «Анақарыс осылай бедел жинаған соң тағыңызды тартып алады. Дереу көзін құрту керек» деп, кеңес берген. Содан ақымақ қаған інісін өлтіріп, оның бар жаңалығына тыйым салғызған...

Осы кезде Ерік ағай  сөзге араласты.

– Құрметті халайық! Баршаңыздан бір  өтініш. Бұл – пікір жарыстыратын жиналыс емес. Уақыт өлшеулі. Сондықтан сабыр сақтап, сөзді бөлмей тыңдайық. Ал, Сәкен ағайға сұрақ, өтініш, пікірлеріңіз болса, жарыс соңынан айтыңыздар. Осыған келісесіздер ме?

– Келістік! Келістік!

– Сөзді бөлмейік! Ойынды бөгемейік!

– Ал, Сәке! Сөзіңізді жалғай беріңіз!

Сәкен ағай сөзін ары қарай жалғады.

– Иә, сәл сабыр етіңіздер, дойбының тарихы туралы сөзімді аяқтайын... Абайдың атасы  Өскенбай, өз әкесі Құнанбай, ауылында бес байыстың сиязы өткен Ақымбет Үсенбай би және Абайдың өзі төбе би сайлатқан Сүлеймен би, оның ұлы Қанағат болыс пен Әсет ақындар дойбыны шебер ойнаған. Абайдың Жидебайдағы мұражайында ұлы ақынның дойбысы әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Қазақстанның алғашқы екі дүркін чемпионы – Абай атамыздың немересі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов. Сексеннің сеңгіріне шықса да жан баласынан жеңіліп көрмеген мына біздің Рахым ақсақал – сол ата-бабаларымыздың сарқыты. Ендеше баршаңызға сәттілік тілейміз,– деп тоқтады. Көпшілік разы болып, ду қол шапалақтады. Кейбіреулер «Апырай, ә, мұның бәрін бұрыннан бері неге білмегенбіз. Мына Сәкеннің де білмейтіні жоқ» десіп, таң қалысып жатты.

Намазын оқып болған соң басқа шаруаға ауып кетер деп қауіптенді ме Ерік ағай мені атама жүгіртті. Әлі  жарыс біткен жоқ қой деп едім, «алғашқы айналымнан соң-ақ қара үзіп кеттің, сенен кейінгілер енді қалған партиялардың бәрінде ұтса да, саған жете алмайды, сондықтан әлгінде біз ақылдасып  осылай шештік,  бар, бар!» деп қуғандай қылып жіберді. Біраз қызықтан құр қалатын болсам да, олардың есі-дерті ешқандай жарысқа қатыспайтын, бірақ жан баласынан жеңілмейтін  атамды ойнату екенін біліп дедектеп келем.

...Расында ес біліп, етек жапқалы бері атамды дойбыдан жеңген адамды мен де көрген емеспін. Қатарластарының бірде-бірі оны жеңбек тұрғай, табан тіреп қарсылық та көрсеткен емес. Тіресе алатын – тек кіші атам ғана.  Іштері пысқанда дойбы жасасып, көмектесетін де сол кісі. Әуелі екеуі үй сыртындағы ағаштарды асықпай аралап жүріп, оқтай түзу қос бұтақ қиып әкеледі. Кәдуілгі біз садақ жасайтын солқылдақ талдан сәл жуандау. Әлгілердің аспай-саспай бұтақшаларын қырқып, кедір-бұдыр тұстарын тегістейді. Біреуін қабығымен қалдырса, екіншісін ақ жоңқа етіп жонып, аппақ қылып, тазалайды. Бұл – екеуінен жасалған тастардың екі түрлі болып шығуы үшін әдейі істейтін амал. Сөйтіп екеуі екі таяқтан бірдей етіп дөңгелетіп қиып, дойбының тастарын жасайды. Бәкілерінің жүздері қандай өткір десеңші. Ұстараның жүзіндей қылпып тұр ғой, қылпып тұр. Бір-ақ дөңгелетіп шыққаннан қалмай, қиылып түседі. Сосын қыстыкүні ағаш күрек жасайтын пәнердің бір шетінен қоларамен шаршылап қиып алып, зімпарамен шет-шетін ысқылап, жылмағайлайды. Пәнер табылмаса, картон қағаздан жасайды. Маған  қара қарындаш пен сызғыш  алдырып,  түп-түзу етіп алпыс төрт шаршы сызып шығады. Әуелде үлкен атамның өзі сызатын. Кейін қолының ебі кете бастады ма,  маған сыздыратын болды. Сосын тақтай бетіндегі төртбұрышты шаршылардың тең жартысын қараға бояп, қалғанын сол күйі қалдыртады. Сөйтіп  он екі ақ, он екі қара тас пен алпыс төрт  ақ-қара шаршылы тақтай жасалады.

Бәрі даяр болған соң екі атам аспай-саспай дәрет алып, намаздарын оқып келіп, алпыс төрт шаршылы майдан даласында Карпов пен Каспаровтай әй бір шайқасады-ау дейсің... Дәл екеуінің ортасында әрбір жүрістерін көз алмай бағып, мен отырамын. Әуелде түк ұқпаушы едім. Көп ұзамай-ақ бүкіл жүрістері мен шарттарын жаттап алдым. Сосын әдіс-тәсілге қанықтым.

Екі атам  ұзақ ойнайды. Үнемі жеңіске жететін – үлкен атам. Кіші атамдыкі ақыр жеңе алмасын білген соң қайткенде тең түсуге тырысу. Анда-санда бір тең түссе, балаша қуанып, мәз болады. Алғашқы болып жалығатын да, тұрып кететін де – үлкен атам.

– Әй, Есім! «Жеңілген күреске тоймайдының» керін келтірме. Жүр, ана сыпыртқыны түйейік! Масыл болмай, ішер асымызды адалдап ішейік!– дейді үлкен атам. «Ананы әкел, мынаны әкел» дегенге жарайтын болған соң қастарынан мен де қалмаймын. Үлкен атам әр  істің ебі мен қыбын біледі. Қолы да епсекті. Олақ-солақ жатқан нәрсені көрсе, жөндей қояды. Зауыттан шыққандай етіп жұтындырып сыпыртқы түйгенін көрсеңіз. Әлдеқайдан кәуленнің дәнін әкеп егіп, осы ауылға сыпыртқы түюді де үйреткен сол кісі.

Екеуінің ойынын көре-көре  мен де әдіс-тәсілге қанықтым. Мектепке барар жылы кей-кейде кіші атаммен тең түсе бастадым.

– Ә-ә, қу бала! Есебім мәсалан...  осал тұсыңды  таптым деші, ә!– деді кіші атам сонда.– Менде пәлендей тәсіл дейтін тәсіл де жоқ. Менікі – басыңды қатерге тікпей, артыңды ашпай, шет-шетті жағалап, мысықтабандап, алға жылжып отыру ғана.   Есебім мәсалан, менікі – ұнағаныңды жүр, тас азайтып беріп-ала бер! Бұйырғанын жейсің, қалса, қалғанын көрерсің...

«Есебім мәсалан» – бұл кісінің сөзінің мәтелі, әлқиссасы. Осынысын қоспаса, әңгімесінің қиюы келмейтіндей сәт сайын қыстырып отырады. Ол ол ма, «ешқашан» дегенді  «өлдім Алла», «егер» дегенді «әгәрәки» деп, өзіне ғана түсінікті тілмен сөйлемесе, жолы  болмайтындай көретін тағы бір қызық мінезі бар. Кейде тіпті бүйректен сирақ шығарып, бұзып-жарып, қалай болса, солай қиқар сөйлейтінін қайтерсіз... Онысын үлкен атам естісе, бәтшағар мен найсаптың астына алып, табаға салғандай етіп, қуырып алады. Содан ба, ол жоқта үлкен атама деген қыжылын да бізге байқатып қояды.

– Бар әңгіме ана шалда, үлкен атаңда болып тұр, бала! Ол айтады: қисынсыз, мән-мағынасыз беріп-алма деп. Мен айтам: тас көп болса, онсыз да аз миым ашып кетеді, сондықтан беріп-ала берейін деп. Ұғып отырсың ба, бала!

– Ұғып отырмын, ата, айта беріңіз!

– Онда мен саған ол шалдың құпиясын айтайын, бері жақында,– ол қасымызда ешкім болмаса да сыбырға көшті.– Сен оның «есепсіз, мән-мағынасыз беріп-алма» деген ақылын тыңдай берме!

– Неге, ата?

– Т-с-с! Айғайлама! Сен оның айтқанын істей берсең, өлдім Алла ұта алмайсың. Ол сенің барлық тасыңды сиқыршыдай бұғаулап, тұқыртып, тырп еткізбей тастайды. Ал әгәрәки беріп-ала берсең... тасың азайып, бақылауға мұршаң жетеді, ұқтың ба?

  • Ұқтым, ата! Бірақ беріп-ала берсем, үлкен атам ренжиді ғой!
  • Ренжи берсін! Сен, есебім мәсалан, біреудің ермегі болып, көңілін аулау үшін емес, ұту үшін ойнайсың ғой, солай емес пе?
  • Ол – бөтен біреу емес, үлкен атам ғой, ата?
  • Мейлі, бәрібір ол – сен емес, есебім мәсалан, басқа адам. Ал басқа адаммен көңілін аулау үшін емес, ұту үшін ойнайсың. Қарсыласыңа жағынайын, көңілін табайын деп ойнадың ба, өлдім Алла ұта алмайсың. Осыны есіңе мықтап сақта!

Сөйткен кіші атам қазір Аягөзде. Осыдан бір апта бұрын сонда тұратын Ақылбек ағам: «Сіз жат адам  құсап бізге бір келмейсіз. Осы жолы әдейі Сізді ғана әкетуге келдім» деп, зорға көндіріп, алып кеткен.

...Үлкен атам екеуміз қақпа алдында жолықтық.

  • Ата, Сіз бөгеліп жатқан соң ағайлар мені жіберді.
  • Өй, бәтшағарлар, о несі-ей, уәде – Құдай сөзі емес пе?! Мені келмей қалар деді ме екен?! Көрші ауылдан Сымағұл атаң келіп, анаң бірер шыны шәй берді. Мен қалай көріп тұрып, тұра қашам?! Жоқ іздеп жүр екен, ә-не-е-у кетті.
  • Ата, келмей қалар деген жоқ, уақыт тығыз дейді...
  • Ә, солай ма?! Онда асығайық. Көпшілікті күттіру – Құдай сүйер қылық емес.

Атам биыл сексен төртте. Соған қарамастан  әлі тың. Қазірдің өзінде адымына ілесе алмай, кейде жүгіре басып келемін. «Осының бәрі бір сәт те қол қусырып  қарап отыра алмайтын еңбекқорлығының арқасы. Үнемі қозғалыстағы адам оңайшылықпен қартаймайды» дейді әке-шешем өзара сөйлескенде. Өткенде  тіпті «жүріп бара жатқан арбаны тоқтатпай-ақ  қарғып түсе салды» деп, көрші Күмісжан апа таңдайын қағып отырған. Сонда анам кәдімгідей қауіптеніп: «Рас па, ата-ау, абайлаңызшы, оқыс болып жүрмесін» деп еді, «Өй, Күмісжан-ай, сен де тыныш отырмай келіннің зәресін ұшырдың,– деп атам жымиып еді.– Ол сендер ойлағандай  шарбақты қазақы арба емес, Шұнақ Иванның шөп тиеуге арналған қанатын жайған  жатаған арбасы ғой» деген.

 Сөйткен атам Аягөздегі ұлдарына жылына екі барып қайтпаса, көңілі көншімейді. Барған сайын осындағы екі ұлының біреуінің бір баласын ала кетеді.  Қолтығына өзі түйген екі-үш сыпыртқысын қыстыра жүріп, жол пұлын шығарып алады. Ол жақтан да құр келмей, бір немересін жетектеп, сүзгі тарақ, тігін мәшинесінің инесі, оймақ секілді ауылда күндіз шам алып іздесең де таппайтын қат тауарларды  ала келеді. Атам келді дегенде бүкіл ауылдың адамдары біздің үйде. Әсіресе, әйелдер жағы қалмайды. Бірі тапсырған сүзгі тарағын, бірі іс мәшинесінің инесін алып, мәре-сәре. Балалар да сол күні атам әкелген мәмпәсиге бір тойып қаламыз. Көзі сыр беріп, іс тігуден қалған Күмісжан апа:

  • Ой, жарықтық-ай, өзіңіз әрең жүріп, бұл немерелеріңізді неге олай-бұлай таси бересіз?– деп сұрайды.
  • Бәле, Күмісжан-ай, мына ұлдар да, келіндер де жұмыс, жұмыс деп, ауылдан аттап шықпайды. Анау Аягөздегілердікі де сол. Атам қазақ «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деп бекер айтты ма!? Бұлар бір-бірімен көз алдымда жат болып барады. Мына немерелерім де бір-бірін көрмей өсіп келеді. Кейін ер жетіп, бір-бірін көргенде «бұл қай қазақ» деп тұрмасын деп, ертіп жүргем жоқ па,– деген.
  • Енді онда әу баста арғы жақтан келе сала бәрін бір ауылға қондырмадыңыз ба?
  • Олай қылмауымның да мәнісі бар. Бәрі бір жерде болса, күнде көріп жүрсе, бір-біріне қадірі болмайды. Ал алысырақ жүрсе, қадірі артады. Сондықтан тетелерді қатар қондырмай, төрт ұлдың ішінен тұңғышым мен үшіншімді Аягөзге, екіншім мен кенжемді Қызылбұлаққа орналастырғам.  Аягөз – тоғыз жолдың торабы әрі қалаға, шойын жолға жақын, ал Қызылбұлақ – Тарбағатайдың баурайы, егін мен малға да қолайлы, жанға да сая... Бірақ ол кезде бұларды тобанаяқ болып, ауылдан ұзап шықпай қалар деп  кім ойлаған?! Мен байғұс бәрі бір жерге ұйлықпай, өрістері кең болсын дегем жоқ па?!
  • Апырай, ә!– Күмісжан апа таңдайын қағып таңданды.– Осының бәрін ойластырып жүрген Сіз де әулие екенсіз. Әттең, жас кезіңізде аласапыранды көп көріп, оқымай қалғансыз ғой. Әйтпесе, бір жерден жарып шығар едіңіз...

Атам рахаттана күліп алды. Содан соң салиқалы қалыпқа көшіп:

  • Әй, айналайын, ақкөңіл Күмісжан-ай, көңіліңді Құдай көтерсін! Әулиелік – Алла Тағаланың ілуде бір кездесер сүйген құлдарының басына берер қасиет. Біздікі әншейін қисын ғана ғой,– деді...

Атам екеуміз мектепке келгенде ең соңғы екі бала ақтық сайысқа кірісіпті. Көп ұзамай екеуі екінші және үшінші орынды өзара бөлісті.

Үлкендердің ойыны одан да қызық болды. Ерік ағай әуелі жарыс ережесін, ойын шартын  тағы бір пысықтап өтті. Ойынды ақ тасқа ие болғанның бастайтынын, берген тасты  міндетті түрде «жеу» керектігін, артқа жүруге, «түкіріп алуға» болмайтынын, екеуара дау-дамайды ойыншы емес, төреші шешетінін  ескертті. Кісі недәуір болғандықтан, жеңілген ойыншы жарыстан бірден шығып отыратын  олимпиадалық тәсілмен  ойнауға келісті.

Атам қарсыласының ау-жайын, шама-шарқын тасты ұстауы мен тізуінен, сөз саптасынан-ақ  аңғарып қоятын. Сөйтіп оның шеберлігі қай деңгейде болса, соған сай ойын тәсілін қолданатын.  Жеребе бойынша атам ең әуелі ақ таспен, Сәкен ағайға дау айтқан қасқа маңдайлы кісімен ойнады.  Ақтар екі шетті жағалай жүріп, қақпан құруға кірісті. Қаралар да аспай-саспай алды-артын ойлап, жеті рет өлшеп, бір кесіп, қақпан мен аран жоқ па, соған көз жеткізген соң ғана алға қарай мысықтабандап келеді. Бір қарасаң, екі жақтың бір-бірінен еш басымдығы жоқ, тең ойын. Тас та тең. Екеуінің де қорғанысы – тас қамал, сасатын ештеңе жоқ. Кенет қара жақтың тылы сәл ашылып еді, атам қатарымен екі рет беріп, төрт  жеп, биге шығып кетті.

– Қап-ай, ә, білмей қалғанымды қарашы!– деп, қасқа маңдайлы кісі сан соғып, желкесін қасыды. Қалтасынан орамалын алып, шып-шып терлеген жылтыр маңдайын сүртті. Содан соң жалына сыбырлады,– ақсақал, қайтып алып, қайта жүрейінші! 

– Қалауың білсін, балам, жүрсең жүре ғой!

– Онда, мінекей, былай болсын,– ол дереу тасын  қайтып алып, басқаша жүрді. Бірақ қуанышы ұзаққа бармай, бірер жүрістен соң атам тағы солай қатарымен екі рет беріп, төрт  жеп, биге шығып кетті. Тағы төрт-бес жүрістен соң биі екі-үштен жеп, қара тастардың жолын аттап баса алмастай  етіп, кесіп тастады. Қасқа маңдайлы кісінің жеңілгенін мойындамасқа шарасы қалмады.

Атам әр түрлі айла-тәсілмен тағы екі қарсыласын тізе бүктіріп, Сәкен ағаймен ақтық айқасқа шықты. Екеуі бұрын-соңды өзара кезікпеген екен. Бірінің сырын бірі білмейді. Әрине, екеуінің айырмасы – жер мен көктей. Сәкен ағай – көзі ашық, оқымысты, бүкіл дойбының тарихынан  хабардар адам. Ережесін былай қойғанда кітаптарда жазылған дойбының әдіс-тәсілінің бәрін жатқа білуі де мүмкін. Оның үстіне былтыр аудан орталығындағы бір жарыста жеңімпаз болыпты. Яғни аламан бәйге болмаса да аудан көлеміндегі жеңістің дәмін татып, жарыстың  демін, лебін сезінген жүйрік. Ендеше  таразы басы жас та сауатты Сәкен ағайға қарай ауып тұр. Алайда өмірі жарысқа қатыспаған, жады көмескі тарта бастаған қария демесең, атамның  да оңай-оспақ қарсылас емес екені анық. Ертеректе Шәуешек пен Мөйкенің арасындағы қытай, ұйғыр, дүңген дойбышыларының бірталайын тізе бүктірген туа бітті зерделі, зейінді дойбышы  екені тағы рас. «Сонда неге  жарысқа қатыспағансыз?» деп сұрасам, «Әй, балам-ай! Ол кезде жеңгенге беретіні қатырма қағаз ғана. Құр қағаз топты бала-шағаға тамақ бола ма?!» деп күлген де қойған. Яғни атам жарысқа қатысуды қажет деп таппаған,  қол боста ғана ойнаған  сияқты.

Нағыз қызық енді басталмақ. Оқыған, сауатты, жас Сәкен ағай жеңе ме, әлде «көпті көрген, көнектің түбін тескен» атам жеңе ме? Жиналған барша жұрттың ойында осы сауал тұрғандай.

Ереже бойынша Сәкен ағай бір ақ, бір қара тасты алды да, екі қолын артына жасырып, тастарды төрт-бес қайтара алмастырып алып, қос жұдырығын жұмған күйі алға созды. Жұмылған жұдырықтардың бірінде ақ, екіншісінде қара тас. Таңдау құқы – атамда. Ол кісі оң қолды нұсқап еді, ішінен қара тас шықты. Ақ тасты алған Сәкен ағай бірінші болып жүрді. Ортадан бастады. Атамның жиі айтатын мәтелі есіме түсті: «Ойыншы ортадан бастайды».  «Ойыншы неге ортадан бастайды?» деп сұраймын. «Өйткені өз-өзіне сенеді. Көлеңкесінен қорықпайды». Иә, Сәкен ағай да өз-өзіне сенімді еді. Атам да ортадан бастады. Ол кісі де өз-өзіне сенімді. Ақ жағы да, қара жағы да қадамдарын санап басып, алға қарай мысықтабандап жылжып келеді. Екеуі де өте сақ. Қарсыласы қия басса,  тарпа бас салып, табан астында жәукемдеп тастауға әзір екендігі байқалады. Құдды екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы жақындап келіп, сап түзеп жатқан ауыр қол сияқты. Сұрапыл шайқас басталар алдындағы үнсіздікке ұқсайды.  Дауыл алдындағы тыныштықтай  шыбынның ызыңы естілер бейкүнә сәт. Әлі ешкім беріп-алған жоқ. Тек алға жылжып келеді. Өрмекшінің өрмегіндей бар құпиясын ішіне бүккен шым-шытырық бірдеңе. Кімнің қақпан құрып, кімнің аран қазып жатқанын аңғару қиын. Аңғару үшін әр қадамын санап басып, бір-бірінің қия басқан сәтін аңдыған мына екі тәсілқой ойыншыдан да мықты болуың керек сияқты. Қаумалап тұрған жұрт та ештеңе ұқпаған соң қос қарсыластың қабағын аңдып әлек.

Екеуі бір-бірімен серттесіп алғандай, әлі беріп-алған жоқ. Шебер ойыншылар осылай істейді. Еш себепсіз беріп-алмайды. Бетпе-бет келіп, шеп құра  тоқтайды да, қарсыласының оңай олжаға айналар, шашау шыққан тасы болмаған соң басқа тастарын жүреді. Манағы манағы ма, енді екеуі де әр қадамын бес-алты жүріс бұрынғысымен есептеп, ұзақ-ұзақ ойлана бастады.

Кенет атамның қабағы қарс жабылды. Жағдайының мәз емес болғаны. Енді Сәкен ағай ашық шабуылға көшті. Ол алға қарай бастырмалатып, екпіндей бастады. Сол кезде атам бір рет беріп-алды. Мұнысы несі? Бұл кісі өзі де себепсізден-себепсіз беріп-алмаушы еді, басқаның да сөйткенін жақтырмаушы еді ғой?! Ендеше бір мәнісі болғаны да? Мен бұл жұмбақтың шешуін тапқанша, Сәкен ағай «қап!» деп, санын соқты. Соқты да: «Болды. Мен қақпанға түстім!» деп, орнынан тұрды. Тамашалаушылар: «Қалайша? Неге?» десіп, байыбына бара алмай, дал болып жатыр. «Не қалайшасы бар? Міне, енді мен қалай жүрсем де, екі беруім керек болып тұр. Қақпанға түстің, тұтылдың деген осы...»

– Қалай болғанда да соңына дейін ойнауыңыз керек еді, Сәке!– деді Ерік ағай.

– Не ойнайтыны бар?– Сәкен ағайдың көзі ашудан жалт етті.– Шебер ойыншыдан бір тас ұтылғаныңның өзі жеңіліс саналады. Осы бір тас артықшылықтың өзімен ол оңайшылықпен тең түсуге жібермейді. Ал мен қалай жүрсем де, екі тас ұтылайын деп тұрмын. Ендеше езе беру – ойыншының емес, нәмәрт пенденің қылығы.

– Апырай, атамыз ешқайсымызды тыпыр еткізбеді-ау! Құттықтағаннан басқа амал жоқ! – деді Ерік ағай.– Жеңісіңіз құтты болсын, ата!

– Иә, иә! Құтты болсын, ақсақал!– Тұрғандар жапа-тармағай құттықтай бастады.

– Рахмет, қарақтарым, өздеріңе де, ойындарыңа  да рахмет,– деп, атам да орнынан тұрды. Содан соң күнге қарады,–  бәле, тағы біраз бөгелсем, екіндіні кешіктіргендей екенмін. Қой, мен жүрейін!

– Ақсақал, мынау Сіздің ресми жарыста бірінші рет ауыл чемпионы болғандығыңыз үшін – шахмат тақтасы мен тастары, ал мынау – немереңіз Асхаттың оқушылар арасында чемпион болғандығы үшін – дойбы тақтасы мен тастары,– деп, Ерік ағай жүлделерді атам екеумізге табыс етті.

Атам қол жайып, батасын берді. Кетіп бара жатып, қайта бұрылды:

– Әй, балалар! Осы бәрің «мына кісі қартайғанда тал қиып, дойбы жасауын қойсын, мына тақтайды сыйлайық» деп, өзара келісіп алып жеңілгеннен саумысың?

– Неге олай дейсіз, ата?

– Қайдан білейін, бәрің  де еш тіреспей-ақ, оп-оңай жеңілгендейсің...

Біреулер күлді. Енді біреулер қарияның шамына тиіп  алмайық дегендей, дереу ақталып әлек:

– Жоқ, ата, жоқ! Шындап ойнадық. Ешкім келіскен жоқ!

– Жә, жә, сендім... сендім... Ал, онда шындап ойнағандарың осы болса, келесіде мен қатыспасам да болады екен. Менің орныма мына балам қатыссын, бала екен деп қомсынбаңдар, жарай ма?

– Қатысады, қатысады. Оған сөз бар ма.

Бұл – атам қатысқан алғашқы да, соңғы жарыс еді.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір