• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:45:00
Алматы
+35°

14 Желтоқсан, 2017 Алаш-Орда

Ата тарихы

Әкемнің арқасында мектепке дейін-ақ қара танып, батырлар жыры, ғашықтық дастандарды әжеме дауыстап оқып беретін дәрежеге жеттім.

Жақында алашшыл мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әкесі, киелі Семей өңірінде тұратын абыз ақсақал Абрар Әкетайұлы 91 жасқа толды. Бір қарағанда мұнда тұрған көп жаңалық жоқ: ұлы дала қарттары арасында тоқсанды былай қойып, жүзді еркін еңсергендері аз емес. Бірақ Сағи ақын айтқандай, «құрыштан құйған құдіреттей» көрінетін дәл осы қарияның өмірінен бар ғұмырын ұлтының азаттығы мен ұрпағының болашағына арнаған ер қазақтың өр тұлғасын көруге болады. Оның әулет шежіресінен Ресей мен Қытай сияқты қос империя шекара бөліскенде «өгіз терісі – талыстай» қазақ даласының қалай жырымдалып, қалың қазақтың бір бірінен ажырап, ала бағанның арғы-бергі бетінде қалған тарихын көресің.

Кеңес заманында бұл тақырыпқа жазуға да, айтуға да тыйым салынды. Сондықтан оны бүге-шігесіне дейін білетіндер тым аз. Бірақ қайраткер ғана емес, энциклопедист ғалым ретінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әке мерейтойына арнаған естелігінде осы бір қиын-қыстау тарихтың түйіні тарқатылып, ара-жігі ажыратыла жазылған.

Сол себепті «Қамшы» порталының оқырмандарына қалың көпшіліктің зор қызығушылығын тудырған естеліктің бір парасын ұсынуды жөн көрдік. 

 Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

 АТА ТАРИХЫ

 Киелі әулет 

Қазақ дәстүрі бойынша жөн сұрасу азаматтың туған ел, өскен жерін, ата-тегі мен сүйегін білісуден басталады. Бабалар жоралғысын ұстай отырып, бүгінгі әңгімені ата шежіресінен өрбіткенді дұрыс көрдім.

Есімдерін бала күнімнен жаттап өскен менің бергі бесінші атаға дейінгі бабаларым Шығыс Қазақстан өңірінде өсіп-өнсе, арғы аталарым қасиетті Түркістан жерінен шыққан екен.

 

Бабалар шежіресі

 Ата-бабасының шежіресін білмейтін қазақ сирек. Баласының тілі шығысымен-ақ әкесі оған жеті атасын жаттатқызады. Бұл – халқымыздың қадым замандардан бүгінгі күнге дейін өрмегі үзілмей жеткен өнегелі дәстүрі.

Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед 25 жаста

Әкем маған бала кезімнен-ақ жеті атамды жаттатқызып қана қоймай, ғасырлар қойнауына сүңгітіп, әулие-әнбиелердің таңғажайып істері, қасиетті пайғамбарымыз бен оның сахабаларының тарихы жайлы қиял-ғажайып ертегілеріне бергісіз қызықты хикаяттарды әңгімелеп беретін.

Қолыма алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын «Құранның» аяттарын жаттатқызған да ардақты әкем болды. Айт-арафа, ораза күндері үйге келген қонақтардың көзінше маған «Фатиха» мен «әл-Ихласты» жатқа айтқызып, өзі мейірлене қарап отыратын. Үміт әжем әкемнің үйреткендерін жатар алдында қайталатып, «балам, кейін мен өлгенде басыма келіп осы үйренгеніңді оқитын бол» дегенде, әжем дәл бүгін өліп қалатындай: «Апа, (мен әжемді осылай деуші едім) өлмеңізші. Мен оны Сізге кез келген уақытта оқып беремін», – деуші едім жалынып.

Әкемнің арқасында мектепке дейін-ақ қара танып, батырлар жыры, ғашықтық дастандарды әжеме дауыстап оқып беретін дәрежеге жеттім.

Ол мені осылай жетелей отырып, 13-14 жасқа келгенімде өзі көбінесе «насабнама» дейтін бабалар шежіресімен таныстыра бастады.

Бұл ұзындығы 5-6 метрге дейін жететін шиыршықталған пергамент тектес қатырма қағазға басылған, әрбір ата-бабамыздың есімі әдемі каллиграфиялық қарыптармен қызыл шеңбердің ішіне қара сиямен жазылған, терімен қапталған дөңгелек қорапқа салынған шежіре болатын. Ол кілт салғанда қоңыраулата ашылатын ескі сандықтың ішінде сақталатын. Әкем оны ата-баба аруағына құран бағышталатын күндері ғана шығарып, бабалар есімін дауыстап оқып отыратын.

Қоңыраулы сандықтың ішінде бабаларымыз қажыға барғанда әкелген қасиетті «Құран» мен борлы қағазға Мекке, Мединаның әдемі көріністері салынған шағын плакат, Құл-Мұхаммед атамыздың тақиясы мен шапаны да болатын. Олардың бәрі біздің әулеттің ең қасиетті жәдігерлері ретінде бүгінгі күнге дейін жетті.

Мен мектепті бітіріп, 1977 жылы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетіне түстім. Мектепте ағылшын тілін оқысам да шет тілін таңдау кезінде ойланбастан арабшаға тоқтадым. Тезірек тіл сындырып, әкеммен хат-хабарды арабша жазысуға және бабалар шежіресін түпнұсқадан оқуға асықтым.

Араб қаріптерін бірнеше айда-ақ еркін меңгеріп, хатты арабша жазуды жылдам үйреніп алдым. Ал шежірені зерттеу үнемі кейінге қалдырыла берді.

Университетті тәмәмдап, отбасын құрдым. Әкем өзінің ең баға жетпес асыл қазынасы – бабалар шежіресін маған сыйлады. Мен белгілі арабтанушы Мақсұт Шафиғи ағамыздың көмегімен араб және парсы тілдерінде аралас жазылған шежірені шама-шарқым жеткенше қазақшалаған болдым.

Өмірімде айрықша із қалдырған Қазақ энциклопедиясындағы берекелі жылдарды артқа тастап, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бар ғұмырын қалам мен кітапқа арнаған әз бабалардың ата кәсібін жалғастырып, кітап басумен айналысатын кәсіпкерлікке бет бұрдым. Оқырман қауымның қызығушылығын тудырады-ау деген кітаптар шығара бастадық. Сөйтіп жүргенде 1994 жылы Иран Ислам Республикасы елшілігінен осы елге шақыру алдым.

Шақыру қағазын қолыма ұстап тұрып, есіме бабалар шежіресі түсті. Біріншіден, Иран – ислам мемлекеттері ішінде Әзірет Әлиді ерекше қадірлейтін ел. Екіншіден, Әлидің өмірі мен ұрпақтары туралы ең көп зерттеулер жүргізіп, бұл тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеген мемлекет. Ендеше шежірені нақты тарихи деректер мен онда есімдері аталатын тұлғалардың ресми өмірбаяндарымен салыстырып, ирандық ғалымдардың сүзгісінен өткізіп алудың реті бір келсе осы елде келер деген оймен әулетіміздің басты құндылығын өзіммен ала баруға шешім қабылдадым.

Тарихи құжаттарға ерекше ыждағаттылықпен қарайтын елге шежірені кіргізу үшін сол кездегі Иранның Қазақстандағы елшісі Расул Ислами мырзамен кездесіп, қолжазбаны көрсеттім. Елші аса зор ықыласпен танысып шығып, көшірмесін алуға рұқсат сұрады. Мен рұқсатымды бере тұрып, реті келсе бұл тақырып жөнінде ирандық теолог ғалымдармен кездесуге мүмкіндік жасауды өтіндім. Ол көмек көрсетуге бейіл танытты.

Әрине, мен шежірені ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ Иранға апара алатын едім. Бірақ елге кіргізуін кіргізгенмен тәртібі басқа жұрт қайтарда: «Мұны қайдан алдыңыз. Біздің мұрағаттардан рұқсатсыз алынған ескі қолжазба емес пе?» деп әуреге сала қалған жағдайда елшімен жүргізілген ресми келіссөздердің маған көмегі тиетіні анық еді.

Қош, сонымен, 1994 жылдың көктемінде Иранға да келіп түстік. Құрамында атақты депутаттар мен генералдар, әйгілі академиктер мен жазушылар бар аса үлкен делегацияны сол уақыттағы Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков қарсы алып, бұрынғы «Шератон», ол кезде «Истиқлал» деп аталатын қонақ үйге келдік.

Қалың делегация мейманханаға орналасудың әлегімен жүргенде ағылшынша судай сөйлейтін Жекен Қалиев ағамыз маған «Теһран таймс» газетінің тілшісін нұсқап, «мына журналист сені іздеп жүр» деді. Жөн сұраса келсем, ол Иранның Қазақстандағы елшісі арқылы мен әкелген шежіреден хабардар болып шықты. Салған беттен «Қолжазбаны көруге болмас па екен?», – деп өтініш жасады. Мен шиыршықталған шежірені жазып, ерекше мақтанышпен көрсете бастадым. Ол сартылдатып суретке түсіре жөнелді.

«Теһран таймстың» журналисі газет редакциясында өтетін кездесуге шақырып, оған үлкен ғалымдар қатысатынын жеткізді. Мен ертеңінде газет редакциясында қонақта болып, онда жиылған қауымның Қазақстанда ислам дінінің таралуы, мешіт-медреселер жайы, діни ғылым-білімнің дамуы және өзімнің ата-бабаларым, қазіргі кәсібім жайлы сұрақтарына жауап бердім. Кездесуіміз өте жылы шырайда өтті.

Екі күннен кейін менімен бір бөлмеге орналасқан Жекен ағамыз қонақ үйдің бірінші қабатындағы киоскіден негізінен шетелдік оқырмандарға арналып, ағылшын тілінде жарық көретін «Теһран таймстің» 1994 жылдың 9 маусымында шыққан жаңа санын әкеліп тұр. Оның тұтас бетінің тең жартысына менің кешегі сұхбатым жарияланыпты. Материалдың қақ ортасында қонақ үйге алғаш келген күні түсірілген Мырзатай аға, Жекен ағамыз бен менің шиыршықталған шежірені ұстап тұрған фотосуретіміз де басылыпты. Төбем көкке жеткендей болды.

Tehran times-тың 1994 жылғы 9 маусымдағы саны

Қасиетті рухтары ұрпағын қырық жыл емес, мың жылдан астам уақыт бойы желеп-жебеп келе жатқан аталарымның ардақты есімдері үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Бабалардан қалған аманатты басын бәйгеге тігіп жүріп, бүгінгі күнге дейін аман-сау жеткізген әкеме мың алғыс жаудырумен болдым.

Шежіренің Әзірет Әлидің отанында, үлкен ғұламалар алдында танылуы, құрметтелуі қанат бітіріп қана қоймай, оның ғылыми құндылығына, тарихилығына зор сенімділік орнықтырды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мүбәрак дініміз халқымызға қайтып оралды. Барлық өңірлерден мешіт, медреселер ашылды. Тіпті бұрын партия, кеңес орындарында түрлі жауапты қызмет атқарған азаматтар бұрынғысынша қысылып-қымтырылмай, діни жол-жоралғыларды орындап, мұсылмандыққа бет бұрды. Халық өз қаражатымен қажылыққа бара бастады. Мен сол жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі қызметін атқарып жүрдім.

Министрліктің атауына қарап оның мәдениет пен бұқаралық ақпарат құралдарын басқаратынын аңғару қиын емес. Оның қызметіндегі «қоғамдық келісім» деген үшінші бағыт ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәселесін қамтитын. Елбасымыз қызметке тағайындар алдында: «Мәдениет пен ақпарат саласын меңгергеніңді жақсы білемін. Біз сияқты көп ұлтты, алуан дінді мемлекет үшін ұлттар арасындағы татулық, түрлі дін өкілдерінің өзара келісімі де ерекше мәнге ие. Сондықтан ұстараның жүзіндей қылпып тұрған осы екі мәселені басты назарда ұстағайсың», – деп ерекше тапсырған болатын.

Сол жылдары қажылық мәселесімен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (мүфтиат) мен жекеменшік туристік компаниялар айналысатындықтан қазақстандықтардың барып-келуі, қажылық міндеттерді атқаруы барысында көптеген проблемалар туындай бастады. Бір жағынан бұл жағдай аталған мәселенің Сауд Арабиясы мен Қазақстан тарапынан мемлекеттік деңгейде реттелмеуінен орын алды. Осыны ескере келіп Елбасымыз: «Бізде арнайы дін министрлігі болмағанымен, дін мәселесі сен басқаратын министрліктің қолында. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі және мүфтиатпен бірге осы мәселені реттеу үшін Саудиядағы әріптестеріңмен екі жақты келіссөз жүргізіп, Қазақстаннан жыл сайын қажылыққа баратын адамдардың квотасын белгілеп, оны арнайы құжатпен бекіту қажет», – деп нақты тапсырма берді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес мен 2002 жылдың қаңтарында бас мүфти, шығыстанушы ғалым әрі Сауд Арабиясында қызмет істеген дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлімен бірге Эр-Риядқа аттандым. Сапарда өзіммен бірге екінші рет бабалар шежіресін ала шықтым. Аласапыран заманның кедергі-кеселінен Әкетай атам қажылық парызын өтей алмаған еді. Сондықтан мен атамның өзі болмаса да, алақанының табы қалып, есімі жазылған қасиетті шежірені күллі мұсылман әлемінің қос киесі саналатын Мекке, Мединеге жеткізу арқылы бабамның алдындағы перзенттік парызымды өтеу үшін апардым.

Әрине, ресми түрде салафиттік бағыт ұстанатын Сауд Арабиясында әулие-әнбиелерге сыйынуды былай қойып, Мұхаммед пайғамбардың өзіне және одан кейінгі тура жолды төрт халифке қатысты тарихи орындарға зиярат етуге тиым салынғанын, тіпті 1998 жылы пайғамбарымыздың анасы Әминаның зиратын да жермен жексен етіп, тегістеп жібергендігінен жақсы хабардар едім.

Саудиялық бауырлар бізді зор ықыласпен қарсы алды. Елде тек қажылық істерімен айналысатын арнайы министрлік бар екен. Оның басшысы доктор Ияд бен Амин Мадани мырзамен (ол қазір әлемдегі барлық мұсылман мемлекеттерінің басын қосатын «Ислам ынтымақтастығы ұйымының» бас хатшысы қызметін атқарады) ыстық ықыласты кездесу өткізіп, бас мүфти Ә.Дербісәлінің қатысуымен екі жақты келісімге қол қойдық. Кездесу соңында саудиялық ғалым-министрге шежірені көрсетіп, тарихын баяндадым. Қаншалықты салафит десек те қасиетті дініміздің қайнар бастауында тұрған айтулы тұлғалардың есімдері жазылған шежірені ол үлкен ыждағаттылықпен қарап, қазақтардың ата-баба тарихына айрықша мән беретін дәстүріне дән риза болды.

Сауд Арабиясының қаржылық істер жөніндегі министрі доктор Ияд бен Амин Маданимен кездесу

Ертеңінде Сауд Арабиясындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Бағдат Құлтайұлы Әміреев: «Сізді тақ мұрагері ханзада Абдалла қабылдайтын болды», – деген қуанышты хабар жеткізді. Шынымды айтсам, бұл біздің тарапымыздан алдын-ала жоспарланбаған, бірақ делегация үшін өте жағымды жаңалық еді.

Сауд Арабиясы – мұсылман дүниесіндегі ең бай, ең беделді ел болуымен қатар көп ешкімге иіле бермейтін, дәстүр-салтын, сарай протоколын қатаң ұстайтын мемлекет. Тақ мұрагері Абдалла сол кездің өзінде-ақ әлемдік саясатқа еркін ықпал ете алатын аса беделді қайраткер және әлемдегі ең дәулетті адамдардың бірі еді. Фахд патша 1995 жылы ауыр инсультқа ұшырап, мемлекет басшысы қызметін толық атқара алмағандықтан елдің нақты билігі 1996 жылдан бастап-ақ тақ мұрагеріне көшкен болатын.

Сонымен, 2002 жылдың 5 қаңтары күні мені, елшіні және бас мүфтиді тақ мұрагері өзінің алтынмен апталып, күміспен күптелген зәулім сарайында қабылдады. Мен әуелі Елбасының сәлемін жеткізіп, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін баяндадым. Мүбәрак дінімізге бет бұрған халқымыз үшін мешіт, медреселердің әлі де жетіспейтінін және бұл тараптан саудиялық бауырлардан зор көмек күтетінімізді де ұмытпадым. Қажылықтың квотасына байланысты мәселені оңтайлы шешкендігі үшін алғыс айттым. Сөзімді ерекше ықыласпен тыңдаған ол Қазақстан туралы бірнеше сұрақтар қойып, Елбасымыздың атына жылы лебіздерін білдірді.

Сауд Арабияның патшасы Абдалланың қабылдауында

Қабылдауға уақыт тапқаны үшін ризашылығымды айтып, түп-тамыры осы елден шыққан ата-бабаларымның түгелдей дін жолына қызмет істегендігін тілге тиек етіп, тіпті олардың есімдері жазылған шежірені өзіммен ала келгенімді жеткіздім. Жүзі сұстылау көрінетін тақ мұрагері дәл осы тұста күлімсірей басын изеп, орнынан тұрды. Сол кезде ғана аңғардым, бойы екі метрге жуық, нағыз патшаға лайық келбеті бар жан екен.

Қоштасар сәтте тақ мұрагері елеусіздеу ым қаққандай болып еді, әлекедей жаланған көмекшілері қара қыжымға алтынмен апталып Құран сүресі жазылған қисуаның бір бөлігін әкелді. Ханзада бұл қисуа бір жыл бойы күллі мұсылман дүниесінің бас киесі саналатын Меккенің әл-Харам мешітіндегі қасиетті Қағбаның жамылғысы болғанын айтып, оны маған сыйға тартатынын жеткізді. Қуаныштан басым айналған мен екі қолыммен бірдей тақ мұрагерінің қолын алып, протоколдық шектеулікті жиып қойып, қисуаға маңдайымды тигіздім.

Арада екі жарым жыл өткенде ханзада Абдалла Сауд Арабиясы патшасының тағына отырып, жасы 90-ға жеткенше он жыл қатарынан ел биледі. Бұл кезең Саудия тарихындағы ең берекелі жылдар ретінде тарихқа енді.

Ертеңінде елші Б.Әміреевпен бірге Фахд патшаның ұлы, елдегі Жастар ісі және спорт министрі ханзада Сұлтан бен Фахдпен, Ақпарат министрі Фуад бен Мухаммад Фарисимен, Өнеркәсіп және энергетика министрі әрі қазақ-сауд үкіметаралық комиссиясының төрағасы, доктор Яманимен, Әділет министрі Аш-Шейхпен кездесулер өткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Кейін бұл жөнінде елші Б.Әміреев өзінің «Қазақстан және Сауд Арабиясы» атты кітабында: «Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі бастаған қазақстандық делегацияның сапары мен оның Сауд Үкіметінің бес бірдей мүшесімен болған кездесулері талқыланған салалардағы байланыстардың қарқынды дамуына ықпал етіп, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарына жол ашты. Қазақстандық министр Сауд Арабиясының тақ мұрагері Абдалла бен Абдел Азиздің қабылдауында болып, онымен жылышырайлы сұхбат өткізді», – деп жазды.

Жүрекке нұр құйған ыстық ықыласты кездесулерден кейін Умра қажылығының рәсімдерін түгел атқаруға кірістім. Меккедегі Әл-Харам, Мединедегі «Нұр-Медина» мешіттерінде болған намаздарда да шежіреден ажыраған жоқпын. Әл-Харамдағы құлшылық кезінде Қазақстанның қиян түпкірінде орналасқан Мақаншы ауылындағы әкеммен ұялы телефон арқылы байланысқа шығып, ол бізбен бірге қасиетті мешітте оқылған намазға ұйыды. Ертеңінде Мединедегі «Нұр-Медина» мешітінің ішінде орналасқан сүйікті пайғамбарымыздың зиратына сәлем бергенде (Саудияда пайғамбар зиратының өзіне зиярат етуге болмайды, оған қол тигізбестен жанынан сәлем намазын оқып шығуға ғана рұқсат) де бабаларымның шежіресі менің жүрек тұсымда болды. Асылзада әкемнің арқасында аман сақталып, бабаларымның көзіндей болған қастерлі қолжазба араға ғасырлар салып күллі мұсылман дүниесінің қос киесіне осылай жетті.

Әз бабаларым түзіп, бірнеше буын өкілдері толықтырып отырған, мұсылман әлемінің ең қасиетті төрінде болып, ұрпағын үнемі желеп-жебеп келе жатқан шежіреде не жазылған, «оған кімдердің есімі түскен» деген заңды сұрақ туындауы әбден мүмкін. Енді осыған келейік.

Шежіренің ең төбесіне «бисмиллаһир-рахманир-рахим» деген сөздер жазылып, одан төмен «һазиһи шаджаратун мубаракатун», яғни «бұл – құтты шежіре» деген тақырып берілген. Жалпы, қазақтың шежіресі арабтың «шаджара» – ата-тек деген сөзінен шыққан.

Шежіренің кіріспе бөлігі парсы тілінде жазылып, Адам атадан басталатын адамзат тарихына және ұлы жаратушыдан түскен Құран-Кәрімнің қасиетіне тоқталған. Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен өнегелі істері, хадистері мен шариғат заңдары қозғалып, ислам ашқан қайраткерлер, халифтер, ғұлама, әулие, машайықтардың есімдері келтіріліп, төрт мазһабтың жай-жапсарына назар аударылған. Имам Ағзамның есімі аталып, оның ханафи мазһабы туралы әңгіме етіледі. Дін тарату ісіне зор үлес қосқан түрлі баптар, қожалар, ишандардың еңбегіне баға беріліп, жоғарғы жағына жеті мөр басылған.

Қолжазбаның дәл ортасынан үлкендеу шеңбер сызылып, әр шеңберге араб цифрімен рет саны қойылған. Адам есімдері шеңбер ішіне каллиграфиялық қолтаңбамен түсірілген.

Бірінші шеңбердегі сөз Мұхаммед пайғамбардың атымен басталып, оған «Хазірет Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу ғалейһи уәссәләм» деген сөздер жазылған.

Екінші шеңбердің ішінде «Хазірет Әли әл-Мұртаза риза Аллаһу ғанһу», – деп жазылып, кейінгі шеңберлерде оның ұрпақтары санамалана бастайды. ШежіредеМұхаммед-Ханафияның ұрқы: Абд әл-Фаттах, Абд әл-Джалил баб, Абд әл-Джаффар баб, Абд әл-Қаххар баб, Абд ар-Рахман бабпен тізбектеліп, әйгілі Ысқақ бабқа келіп тіреледі. Осындай ретпен Әзірет Әли мен Ысқақ бабтың арасы 8 атаны құрайды.

Осы тұста даңқы қадым замандардан күні бүгінге дейін жетіп, кесенесі Оңтүстік Қазақстан жерінде орналасқан, есімі қазақ қауымына ежелден таныс Ысқақ баб немесе Бабатаға арнайы тоқтала кеткен жөн деп білемін.

Ел аузында сақталған Ысқақ баб туралы көптеген әфсана-хикаяттарда аңыздың сипаттары басым болса да, ол өмірде нақты болған және аталары Орталық Азияға Құтайба ибн Муслимнің әскерімен VІІІ ғасырдың басында келген деп шамалауға болатын тарихи тұлға. Кейін бұл әулеттен шыққан үш баб – Абд әл-Жалил баб (Қорасан және Дуана қожалардың атасы), Абд ар-Рахым баб (Қарахандық қожалардың бабасы)және Ысқақ баб (Бақсайыс және Аққорғандық қожалардың атасы) бүгінгі таңдағы Орталық Азия мен Қазақстан және Қашғар өлкесіне ислам дінін таратқан ұлы дін қайраткерлері ретінде тарихқа енді. Ысқақ баб – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің де бабасы. Оңтүстік өңіріне келген сапарында Мұхаң оның басына зиярат етіп, күтімі кеткен кесенені қалпына келтіруге тапсырма беріпті.

Ысқақ бабтың кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Бабата ауылының іргесінде орналасқан. Ауылдың жанында араб саяхатшылары еңбегінде жиі кездесетін ортағасырлық Баладж қаласының орны бар. Кесене қаланың дәл ортасында тұр. Археолог ғалым, академик К.М.Байпақовтың деректері бойынша кесененің іргетасы VІІІ ғасырлар шамасында қаланған. Кейін оның орнына ХVІІ ғасырда кесененің осы күнге жеткен нұсқасы бой көтеріпті. М.Әуезовтің тікелей араласуымен 1957-58 жылы кесенеге алғаш рет археологиялық зерттеу жүргізіліп, оның толық ғылыми сипаттамасы жасалған.

Ысқақ баб кесенесі мен оның жанындағы медресе ғимараты 2000 жылы Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловтың басшылығымен жаңғыртылды. Ұлы баба құрметіне ұлан-асыр ас берілді. Әулие тойының лайықты өтуіне біздің әулет те өз үлесін қосты. Бабата кесенесіне кейін «Мәдени мұра» шеңберінде кешенді түрде жан-жақты жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Шежіреде Ысқақ бабтан бастап, Қожа Ахмет Иасауи мен оның ағасы Садыр атаға дейін 11 атаның есімдері жазылған (Йардил шайх, Мумин шайх, Мұса шайх, Исмаил шайх, Омар шайх, Хұсейін шайх, Осман шайх, Махмуд шайх, Ифтихар шайх, Ибрагим ата және оның ұлдары Иасауи мен Садыр ата).

Ортағасырлық ғылыми дәстүр бойынша көне қолжазбалар мен шежірелерде әулие, әнбиелер мен атақты адамдардың аты-жөнімен бірге олардың рухына бағышталған тұрақты тіркестер де жазылады. Мәселен, Мұхаммед пайғамбардың есімі аталғанда міндетті түрде «саллалаһу ғалейһи уәссәләм» деген сөздер қосылады. Мағынасы: «Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын». Шежіреде сонымен қатар кісі есімдерінен кейін «риза Аллаһу ғанһу» (Алла риза болсын), «рахматуллаһу ғалейһи» (Алланың рахметі жаусын),«қаддаса Аллаһу сирраһу» (Алла рухын жарылқасын) деген сөздер бар екенін еске сала кеткеннің артықтығы жоқ деп білемін.

Шежіреде есімдері аталатын Иасауидің әкесі Ыбырайым ата мен оның жары Қарашаш анамыз туралы біздің заманымызға дейін үлгі-өнегеге толы талай хикаяттар жеткендігін және олардың қазақ дәстүріне сай түрлі нұсқаларда айтылатынын атап өткен ләзім.

Иасауиден тараған ұл жоқ. Сондықтан Мұхаммед-Ханафия ұрпағы ары қарай оның ағасы Садыр атаның ұлы Данышпан Мұхаммед қожа (Зарнуқи) арқылы жалғасады. Данышпаннан өрбіген ұрпақ Мухиддин шайх – Аладдин шайх – Жамаладдин шайх арқылы Камаладдин шайхқа келіп тіреледі.

Хазірет Камаладдин шайхтың даңқы «Бақсайыс әулие» деген атпен қазақ арасына ғана емес, бүкіл Орталық Азияға кеңінен жайылды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қожа нәсілінен, оның ішінде дәл осы Бақсайыс табынан шыққан. Ұлы жазушы үш рет (1953 жылы 3 маусым, 1958 жылы 5 сәуір, 1959 жылы 2 қыркүйек) орыс тілінде өзінің ресми өмірбаянын жазған, бірақ ұлтшыл, панисламшыл деген сан алуан айыптаулардан көп қуғын-сүргінге ұшыраған ол үнемі тобықты ішінде өскендігін баса көрсетсе де қожа екендігін атамаған. Ертеректегі жазбаларында ата-тегі, олардың шыққан жері, өскен ортасы жайлы толығырақ мағлұмат берген. Ол 1928 жылдың 29 қаңтарында Смағұл Сәдуақасовқа берген «Өз жайымнан мағлұмат» атты жауабында: «Менің аталарым қожа, алғашқы шыққан жері Қаратау деуші еді. Үлкен әкемнің үйінде сақталған шежіресін бала кезде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасы Бақсайыс дейді. Бұл Арқадағы қожа атауларының барлығының ұран қылатын ең қадірлі, ең атақты қожасы болса керек», – делінген.

Мұхтар Әуезовтің Бақсайыс ұрпағы екендігі жөнінде белгілі әуезовтанушылар: филология ғылымының докторы Тұрсын Жұртбай, жазушылар Кәмен Оразалин, Төкен Ибрагимов, шежіреші Бекен Исабаев, зерттеушілер Б.Сапаралы, С.Саттаров және «Мұхтар Әуезовтің ата-тегі» атты арнайы ғылыми еңбектің авторы, шығыстанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ә.Муминов жан-жақты дәлелдеп жазды.

Бақсайыс қожалардың тағы бір көрнекті өкілі – Сарғалдақ қожаның ұлы Қожахметтен туған Айғаным анамыз еді. Ол әйгілі Абылай ханның бел баласы Уәли ханның жары, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың әжесі болды. Тіпті Шоқанға ырымдап өзінің ұлы бабасы «Мұхаммед-Ханафия» деген есім берген де Айғаным әжеміз деседі. Бақсайыс әулетінен шыққандардың қатарында қазақтың алғашқы журналистерінің бірі, ақын, «Айқап» журналының шығарушысы әрі редакторы Мұхамеджан Сералин де бар.

Белгілі мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің нұсқауымен Бақсайыс әулиенің зиратын тауып, кесенесін көтерген және әлі күнге дейін оның шырақшысы болып келе жатқан әрі бабамыздың өмірі жайлы екі бірдей зерттеу еңбек жазған жаңақорғандық Ермахан Төреқожаевқа әулиенің барлық ұрпақтары атынан зор ризашылығым мен алғысымды жеткізуді өзімнің азаматтық парызым санаймын.

Сонымен шежіреге қайта оралар болсақ Бақсайыс атамыздың ұрпағы ары қарай: Насыраддин шайх – Хабиболла шайх – Уахидолла шайх – Қожа Мұхаммеддин шайх – Исмайыл шайх – Қожа Қасым шайх – Мұса қожа – Хәкім қожа – Ахмад қожа – Әбдікәрім қожа – Арыслан қожа – Әбдірақым қожа – Әбдіжәлел қожа болып 13 атаға жалғасады.

С.Саттаров, Ә.Муминов деректері бойынша М.Әуезовтің аталары дәл осы тұста Әбдіжәлел атамыздың үлкен ұлы Ибрахим қожадан тараса, біз Мұзаффар шайхтың тұқымы арқылы өрбиміз.

Бабалар шежіресі ары қарай Сейіт Мұзаффар шайхтың ұрпағы: Сейіт Зейнелғабиден шайх – Жамаладдин шайх – Сеид Хашим шах –– Мырза шах – Ғұдда шах – Сейіт Мірхалид шах – Шейхұл Сейіт (шежіредегі толық ныспысы: Хадим ғұлама-и шейх уль-машайх Сеид әулие қожа) – Құл-Мұхаммед қожа – Сейіт Әкірам қожа («Әкетай») – Абрар қожа болып менің әкем Абрар Әкетайұлына жетеді. Егер Әзірет Әлиден бастап, менің әкеме дейінгі аралықты санайтын болсақ, тұп-тура 48 ата болып шығады.

Міне, менің ата-бабаларым мен жалпы біздің ұрпақ үшін киелі саналатын шежіренің сыры осындай. Қазір ескі қолжазба қорларынан, мұрағаттардан, алыс-жақын елдердің кітапханаларындағы сирек кездесетін басылымдардан, Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан т.б. елдерден тарихи Отанына оралған ағайындардан алуан түрлі әулет шежірелері табылып, зерттеліп, баспасөз бетінде жарияланып, кейде тіпті жеке кітап түрінде жарық көруде. Біздің шежіреміздің солармен үйлесетін де, кей жағдайда сәйкес келе бермейтін де тұстары болуы әбден мүмкін. Мен өз ата-бабаларымның шежіресіне бірден-бір дұрыс осы нұсқа деп үзілді-кесілді баға беруден аулақпын. Бірнеше буын өкілдері жазып, үнемі толықтырылып отырған көне жазбалардың жаңсақ кеткен, кейбір оқиғалар мен тарихи тұлғалар өмірін өзгеше түсіндірген тұстары болмай қалмайды. Егер де менің бабаларым түзген шежірені өздерінің қолында бар деректермен, ескілікті қолжазба кітаптармен, араб, парсы жазба ескерткіштерімен салыстыру арқылы ғылыми негізде толықтырамын деген авторлар табылса алдын-ала риза көңілмен алғысымды айтамын.

Шежіре туралы әңгімені аяқтай келе оқуы өте қиын каллиграфиялық қарыптармен араб, парсы тілдерінде жазылған көне қолжазбаны қазақ тіліне тұңғыш аударған белгілі арабтанушы, көне мәтіндерді оқу мен зерттеудің хас шебері Мақсұт Шафиғи мырзаға, аударма нұсқасына алғаш пікір білдіріп, ондағы есімі аталған тұлғалар өміріне түсіндірме жасаған Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхамеджанов ағамызға, белгілі арабтанушы ғалым, ұзақ жылдар бас мүфти қызметін абыройымен атқарған дін қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі мырзаға, өзінің монографиялық еңбегінде шежіреге жан-жақты ғылыми талдау жүргізген шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор Әшірбек Муминовқа, баба кесенесінің шырақшысы Ермахан Төреқожаевқа және «Мұхтар Әуезовтің ата-тегі» атты іргелі зерттеудің авторы Сейіт-Омар Саттарұлы мен «Ислам және қожалар» атты кітаптың авторы, қарағандылық Айтбай Кәріпбековке, «Әзиз әулет» атты ғұмырнамалық баян авторы, түркістандық Ақылбек Манайбайға, «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары» атты шежіре кітап жазған белгілі жазушы Кәмел Жүністегіне өз еңбектерінде менің бабаларымның шежіресіне талдау жасап, пікір білдіргендері үшін риза көңілден шыққан шынайы алғысымды білдіремін.

 

Қожалар көші

 Менің алтыншы атамнан арғы бабаларымның өсіп-өнген жері Қаратаудың етегі, Түркістан төңірегі болған екен. Бергі бабаларым Шығыс Қазақстанның Аягөз, Үржар аудандары мен соған шекаралас Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңірлерінде өркен жайыпты. Бұл – баяғы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында: «Арғы шеті Аягөз, Лепсі, Үржар. Тоқсан мыңға лайықты сонда жер бар», – деп жырланатын, түгін тартсаң майы шығатын құнарлы өлке, құтты мекен. Енді осы өлкеге олар Түркістаннан қашан, қандай жағдайда келген деген мәселеге тоқталайық.

Қазақ пен жоңғардың 1635 жылы Салқам Жәңгір тұсында бастаған соғысы бір ғасырдан астам уақытқа созылып, Шыңғыс хан заманында бір тудың астынан табылған жауынгер екі халықтың екеуін де әбден титықтатады. Осы кезде қолы да, құрығы да ұзын Ресей империясы қазақ жерінің солтүстігі мен солтүстік-шығысына сұғына түседі. Әуелі 1716 жылы Омбы, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен бекіністері салынып, патшалық Ресей қазақ даласының бүкіл тыныс-тіршілігін дәл төбесінен қарап бақылап тұратындай жағдайға жетеді.

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің алғашқы кезеңі 1723 жылы басталып, үздіксіз созылған қанды қақтығыстар 1730 жылы Аңырақай түбіндегі тарихи шайқаста қазақтардың жеңісімен аяқталғанымен жоңғарлар жағы оңайлықпен тыныштала қоймады. Ес жиып, күш біріктірген соң 1739-43 жылдары Қалдан Сереннің басшылығымен қайта шабуылға шығып, Абылай ханның өзін тұтқынға алады. Қаһарына мінген қазақтар жұдырықтай жұмылып, Абылайды да босатады, жоңғарларды да Тарбағатай мен Алтайдан асыра түре қуып, ойсырата соққы береді. Қалдан Серен дүние салған соң олардың өз ішінде билікке талас басталып кетті.

Жоңғарлармен ғасырдан астам уақыт бойына үздік-создық жүргізілген соғыс Қазақ хандығын әлсіретіп жіберсе де, ел бағына қарай тарих сахнасына Абылайдай айбынды хан шықты. Ол әуелі әбден берекесі кеткен халқының есін жиып, еңсесін тіктейді. Үш жүзге бөлініп, ыдырай бастаған хандықты бір тудың астына біріктіріп, бүкіл қазақтың бірегей билеушісі ретінде алтын таққа отырады. Саясат үшін қос өкпеден қысқан екі алып көршісіне алуан түрлі дипломатиялық айла-тәсіл де қолданып, қазақтың есесін де, несібесін де ешкімге бермейді.

Абылай дүние салған соң қазақ қоғамы тағы да қожырай түседі. Бұл кезде Жоңғар хандығы біржолата келмеске кетсе де, оның орнын алпыс екі айлалы Цинь империясы басқан болатын. Абылайдың даңқты бабалары заманында қазаққа тәуелді болған Қоқан хандығы да бас көтеріп, оңтүстіктегі қазақтың шұрайлы жерлеріне ауыз сала бастайды. 1819 жылы Орта жүздің соңғы ханы Уәли опат болады. Хандық билікті біржолата жоюды көздеген Ресей империясы ежелгі ата дәстүрімен сайлаған Ғұбайдолланы бекітпей, дала өлкесінде граф М.М.Сперанскийдің реформасын бастап кетеді.

Ресей империясының қазақтардың хандық билігін түп-тамырымен құртуды алыстан болжап, қапысыз дайындықпен келгенінің бір белгісі ретінде император бір күннің ішінде, яғни 1822 жылдың 22 маусымында 10 бірдей заңға қол қояды. Олардың ішінде қазақтарды отарлаудың қатаң тәртібі бекітілген «Бұратаналарды» басқару жөніндегі жарғы», «Қырғыз-қайсақтарды» басқару жөніндегі жарғы», «Сібір губернияларындағы мекемелер» т.б. құжаттар болды.

«Қырғыз-қайсақтарды басқару жөніндегі жарғыға» сәйкес Орта жүздегі хандық билік таратылып, қазақ жеріне әкімшілік-аумақтық реформа жүргізілді. Оған сәйкес 50-60 үйден – ауыл, 10-12 ауылдан – болыс, 15-20 болыстан – округ жасалды.

Жаңа реформаға сәйкес алғашқы округ 1824 жылы 8-сәуірде Уәли хан ордасының төрі саналатын Қарқаралыдан ашылса, 1825 жылы – Құсмұрын, ал 1826 жылы – Баянауыл, Аягөз округтері құрылып, оларға бір-бір аға сұлтан сайланды.

Әрине, отаршыл аппарат бар қазақтың басын қосқан айбынды ханның орнына бас-басына би болған су жаңа аға сұлтандар мен төрелерге шен, шекпен таратып мәз қылған соң бекіністер мен қамалдар сала бастайды, ел ішіне әскер тоғытылады.

Егер Сперанский реформасына дейін қазақ даласын 1803 жылы құрылған Жайық казак әскерлері (олардың саны 1856 жылы 75 мың мұздай қаруланған адамға жетті), 1808 жылы жасақталған Сібір казак әскерлері (ондағы казактар саны 1825 жылы 36 мыңнан асты) қоршап тұрса, 1840 жылы «Орынбор казак әскерлері жөнінде ереже» қабылданып, жалпы құрамы 65 мың казактардан құралған әскери атаманының дәрежесі дивизия командирімен шендес жаңа жазалаушы отарлау аппараты жасақталды.

Осылайша сайын даланың еркін ұланы – ержүрек қазақтардың ерлік пен қаһармандыққа толы ежелгі дәурені келмеске кетіп, олардың ұрпағы біржолата отаршылдық қамытын киеді.

Қазақ даласына түскен бекіністерге әуелі – қорған, бұдан кейін – солдат казармасының іргесі қаланып, іле-шала шіркеу салынатын. Бекіністерге ішкі Ресейден қашқан-пысқан татар, башқұрт сияқты мұсылман халықтарының өкілдерімен қатар, қазақ арасында ішінара асыраусыз, қараусыз қалған міскіндер жұмысқа тартылып, біртіндеп шоқындырыла бастайды. Тіпті әскери киім, шен-шекпен үшін қазақтардың өз еркімен шоқынуы сияқты бұрын-соңды болмаған жат қылықтар да орын ала бастады.

Ел ағалары мұндай сорақылыққа тосқауыл қою үшін жер-жерден мешіт, медреселер ашып, халықты мұсылманшылыққа тәрбиелеуді күшейту ісін қолға алады. Дәл осы кезде найманның әйгілі рубасы Ақтайлақ бидің шақыруымен Қаратаудан Шығыс Қазақстан жеріне қожалар көші келеді.

Тап осы жерде мына бір жайдың басын ашып алған жөн. Кеңес заманында шыққан 12 томдық энциклопедиядағы мақалада Ақтайлақ бидің туған, өлген жылдары белгісіз деп көрсетілсе, тәуелсіздік кезінде жарық көрген 10 томдық ұлттық энциклопедияда Ақтайлақты ХVІІІ ғасырдың орта тұсында дүниеге келіп, 19 ғасырдың орта шетінде дүние салған деп берілген. Менің ойымша, соңғы мақаланың авторы, филология ғылымының кандидаты С.Қорабайдың деректері шындыққа жақын.

Ақтайлақ би Жанақ ақынның замандасы болған. Ел аузында би мен ақынның қағысуы туралы өлең-жыр да сақталған. Жанақ ақын 1770 жылы туып, 1856 жылы дүние салған. Ақтайлақ би де осы шамада өмір сүрген.

Мұны тәпіштеп жазып отыруымның себебі қазақша Уикипедияда Ақтайлақ биді 1720-1816 жылдар арасында өмір сүрген деген жаңсақ дерек берілген. Бұл, әрине, шындықтың аулынан мүлде алыс жатыр.

Ақтайлақ би «Екі қырық, бір он бестен асып тұрмын. Аяқты апыл-тапыл басып тұрмын», – деп өзі айтқандай, ұзақ жасап, 95 жастан асқанда өмірден өткен.

Қаратаудан асқан қожалар көші ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында осы күнгі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз өңіріне келіп қоныстанған. Бұл Ақтайлақтың сексеннен асып, нағыз абыз ақсақал жасына келген шағы. Кейбір зерттеушілер қожалар көші Шығыс Қазақстан жеріне ХVІІІ ғас

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір