• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:40:31
Алматы
+35°

Кейбір атақты адамдар болады, бір мезетте жаман атты болатын, кейбір қарапайым адамдар болады, бір мезетте танымал болатын. Қазақтың ақыны да, жазушысы да, батыры да абақтыға жабылғаны тарихтан белгілі. Оның себебі де белгілі. Біз орыстарға тәуелді едік. Ал қазіргі тәуелсіз елдің түрмелерінде кімдер отыр? Qamshy.kz ақпарат агенттігі бас бостандығынан айырылған танымал тұлғалардың тізімін оқырман назарына ұсынады.

 Біздің заң сондай қатал...

Макс Боқаев пен Талғат Аян

Макс Боқаев пен Талғат Аян. Жерім деп жүріп қара қапастан бірақ шыққан азаматтар туралы жазылып та, айтылып та келеді. Алайда билік райынан қайтқан жоқ. Олардың адалдығына сенгендер ең болмаса биыл рақымшылықпен түрмеден босап шыға ма деп үміттенген еді. Алайда үміт ақталмады.

Еске сала кетсек, 2016 жылы 28 қарашада Атырау соты азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шығарып, 5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Олар 2016 жылы 28 сәуірде Қазақстанның жер кодексіндегі өзгертулерге байланысты қарсылық митингісіне шыққан. Негізінен наразылық акциясы заңды болған әрі сол шеру кезінде Атырау облысының әкімі ешкімді тұтқындамаймыз деп уәде берген. Әйтсе де «заңсыз митингі ұйымдастырды», «араздық қоздырды» және «жалған ақпарат таратты» деген айыппен Макс Боқаев пен Талғат Аян тұтқындалды. Олар тағылған айыпты мойындамады.  Осы шеруден кейін Елбасы жер кодексіне енгізілген өзгерістерге мораторий жариялады. Бұл азаматтардың ақталып немесе рақымшылық арқылы босап шығатынынан халық әлі де үміттенеді.

Бақытбек Есентаев

Бақытбек Есентаев. 2016 жылдың 3 қарашада Бақытбек Есентаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған «адам өлтіруге оқталды», «сексуалдық сипатта зорлық-зомбылық көрсетті» деген айыптар тағылған.

Елді дүрліктірген оқиға 2016 жылы 10 шілдеде болды. Шоу-бизнес жұлдызы Баян Мақсатқызын күйеуі бірнеше жерінен пышақтап, өлімші етіп сабаған. Танымал продюсер Талғар аудандық ауруханасына шұғыл жеткізілді. Кейін Баян Мақсатқызы күйеуінің көзіне шөп салғанын мойындады. Біраз уақыттан соң ол күйеуін кешіргенін кешіргенін, оның қамқор әке, адал жар болғандығын айтып, арызын қайтарып алды. Алайда Бақытбек Есентаевқа шығарылған сот үкімі сол күйі өзгермеді.

Ақжарқын Тұрлыбай

Ақжарқын Тұрлыбай. 2014 жылы наурыз айында Ақжарқын Қытайдың Малайзиямен шекарасында 4,5 келі есірткімен ұсталған. Ол өзінің жүк сөмкесінен табылған есірткі туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді. Оған жүк сөмкесін белгісіз біреулер беріп жіберген. Қытай елі Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойы бас бостандығынан айырған еді. Алайда Есірткі, психотропты заттардың заңсыз айналымымен күрес Орталық Азиялық аймақтық орталығы Ақжарқынның нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болуы мүмкін екенін айтқан. 2016 жылдың 7 сәуірінде апелляциялық сот сатысы Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айырған сот үкімінің заңды күшін тоқтатып, алғашқы сот сатысына істі қайта қараутуралы қаулы шығарды.

Арон Атабек

Арон Атабек. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін екі жылын қуғында өткізген ақын 2006 жылы шілде айында «Шаңырақта» болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен 18 жылға абақтыға жабылды.

Арон Атабек биліктің «Шаңырақтағы» заңсыз салынды деген үйлерді бұзу кезінде тәртіпсіздікті ұйымдастырып, полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылды. Оның жаза мерзімі 2024 жылы шілде айында аяқталады.

Мұрат Жәкішев

Мұхтар Жәкішев. 1998-2009 жылдар аралығында «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы қамауға алынады. 2010 жылы 12 наурызда Мұхтар Жәкішевті Астанадағы аудандық сот 14 жылға бас бостандығынан айырады. Оған Венада «Қазатомпром» компаниясының заңсыз өкілдігін пайдаланып қосымша пайда тапты, астыртын касса ұстады деген айып тағылды.

Мұхтар Жәкішев қамалғанға дейін өзінің аттасы Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап, кепіл болып жүрген.

Біздің заң сондай қайырымды...

Ал атышулы Мақсат Үсенов қаншама заңсыздық жасаса да, «түрмеге түсе алмай жүр». Соттың оған әділ жаза тағайындауға шамасы келмей ме, ол жағы бізге беймәлім. Мақсат Үсеновтің бүгінге дейінгі заңсыздықтарын еске сала кетейік.

Үсенов

  • 2013 жылы мас күйінде көлік айдап, 6 адамды қағып кеткен. Жол апатының салдарынан бір жігіт қаза тапты. Кейін ол жүргізуші куәлігінен айырылып, 45 күнге қамауға алынды.
  • Мақсат Үсенов араға бірнеше айлар салып көлік жүргізу куәлігі болмаса да, жол ережесін бұзғандықтан 18 мың теңге айыппұл төлеген.
  • 2014 жылы 15 қарашада «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» заңбұзар Үсенов қарсы бағыттағы жолға шығып, 38 жастағы әйел тізгіндеген Tayota көлігіне соғылған. Жол апатынан ешкім зардап шекпегендіктен, 60 мың теңгеден астам айыппұл төлеп қана құтылған.
  • Жер бетіндегі заңсыздық былай тұрсын, Мақсат Үсенов аспанда да ойына келгенін істеген. Алматы – Бангкок бағытындағы ұшақта борт серіктерінің мазасын алған. Ұшақтағы жолаушының айтуынша, Мақсат Үсенов темекі шегіп, жолаушыларды мазақ қылған. Кейін оны Таиланд астанасындағы полиция қызметкерлері тұтқындаған. Сужұқпас Үсенов ол кезде де жазадан сытылып шығыпты.
  • Араға біраз уақыт салып Мақсат Үсенов тағы да заң бұзды. Бұл жолы ешқандай жол апатына түспеген, кісі өлтірмеген, «жай ғана» марихуанамен ұсталған. 29 тамызда кешкі 19.00-де Алматыдағы «QWERTY» клубында Үсеновтен өзіндік иісі бар, көк түсті өсімдік затымен толтырылған сіріңке қорабы табылды. Бұл жолы Үсенов өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өз ісіне өкінетіндігін айтқан. Сот үкімімен Үсенов кінәлі деп танылып, оған 453 800 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Біздің заң кейде сондай қатал – елім деп еңіреген ерлерді жазадан босата алмайсың. Біздің заң сондай қайырымды – Мақсат Үсенов секілді қалталыларды темір торға қамап, әділдік орната алмайсың...

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір