• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:14:10
Алматы
+35°

13 Қаңтар, 2018 NEWS

Астанада Ұлттық ұлан жауынгерлері құдыққа түсіп кеткен әйелді құтқарды

Сол күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 26 жыл толған болатын

Астанада Ұлттық ұлан жауынгерлері құдыққа түсіп кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

 Оқиға 10 қаңтарда кешкі 19.30 шамасында орын алған. Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі қызметтен кейін үйге бара жатып тосын жағдайға куә болады. Қорғалжын тас жолында келе жатқан Мақсат Аманқұл мен Жомарт Жексембаев жол бойында келе жатқан әйел кісінің кенеттен шұңқырға құлап кеткенін байқап қалады. Дереу көлікті тоқтатып, түскен бойда көмекке жүгіреді.

Шам жағып қарасақ, құдықтың тереңдігі 3-4 метрдей екен. Жомарт дереу көліктен арқан әкелді. Беліме байлап төменге түстім. Бізді байқаған кісілер де тағы бір жіп алып көмекке келіп жатты. Олардан дереу жедел жәрдем шақыруын өтіндік. Екінші арқанның көмегімен апайды бірінші жоғарыға шығарып жібердім. Елулер шамасындағы кісі екен, үсті малмандай су болыпты. Отбасы, бауырына да хабарласып айттық, - дейді ефрейтор Мақсат Аманқұл.

Естеріңізге сала кетейік, сол күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 26 жыл толған болатын. Кәсіби мерекеде, қызметтен тыс уақытта қала тұрғынына қорған бола білген екі жауынгер аталмыш әскери бөлімде екі жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді.

Інісінің айтуы бойынша, Аққоян Төлепбергенованың денсаулығы дұрыс. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның ауыр жарақат алмағаны анықталды. Тек тереңдікке құлағаннан денесінің әр тұсына қан ұйып қалған. «Телефоным судан істемей қалыпты. Көмекке кімді, қалай шақырар едім? Құтқарып үлгеруші ме еді... Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сарбаздарға көп рахмет! Жолдары ашық болсын деп батамды берем, бар жақсылықты тілеймін», - дейді Аққоян Олжабайқызы дер кезінде қажетті жерден табылған ұландықтарға алғысын жаудырып.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір