• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:42:41
+35°

29 Қараша, 2017 Аймақтар

Астанада «Тіл жанашыры – 2017» лауреаттары марапатталды

Биыл еліміздің барлық өңірінен келген 37 азамат байқау жеңімпаздары атанды

2017 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейінде «Тіл жанашыры – 2017» республикалық байқауының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті.

Қоғамның бұл жоғары марапаты жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосқан еліміздің, сондай-ақ шет мемлекеттердің азаматтарына табысталады. Атап айтқанда, ол қоғамдық негізде қазақ тілін БАҚ, әдебиет пен өнер саласында насихаттаушыларға, Қазақстанда және шетелде қазақ тілі білімінің деңгейін көтеру бойынша оқыту және мәдени-ағартушылық бағдарламаларын әзірлеушілер мен іске асырушыларға, инновациялық және бірегей авторлық оқыту әдістемесін қолданып, оқушылар мен студенттерге мемлекеттік тілді оқытушыларға, сонымен қатар тіл білімі, тарих, этнография салаларының өзекті мәселелеріне ғылыми зерттеу жүргізушілерге, қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға бағытталған баспа өнімдерін дайындаушылар мен шығарушыларға, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық  іс-шараларды ұйымдастырушыларға, қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға ықпал ететін іс-шараларға демеушілік жасағандарға беріледі.

Байқауды 2007 жылы «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі бекіткен. Үміткерлерді марапаттау рәсімі екі жылда бір рет өтіп тұрады. Биыл марапаттау салтанаты алтыншы мәрте өтіп отыр.

Үміткерлерді көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан құрылған арнайы комиссия іріктеді. Комиссияны басқарған «Тіл жанашыры» Қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков өзінің алғы сөзінде бүгінгі салтанатты рәсімнің Елбасы Музей ғимаратының Күмбезді залында өткізіліп отырғанының терең мәні бар екеніне тоқталды:

    –  Сонау  1997  жылдың  10  желтоқсанында   Қазақстан  Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірдің маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерден соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдық табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», – деп айтқан болатын. Шындығында да солай болды. Елбасымыз осы ғимараттың Күмбезді залында ондаған алпауыт елдердің басшыларын қабылдап, түрлі келісімдерге қол жеткізіп, осы жерде қол қойған болатын. Сондықтан да бұл залдың біздер үшін өте ыстық әрі символдық мәні бар. Биыл «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің жұмысын бастағанына он жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде ұйымның атқарған жұмысының ауқымы да кеңейді, осы игі іске атсалысып жүрген азаматтардың саны жыл сайын өрбіп келе жатыр. Осы жылы марапатқа ұсынылған азаматтардың саны жылдағыдан ерекше көп болды. Орталық басқару органдарының өзінен 50-ден аса, ал өңірлерден одан да көп ұсыныстар келіп түсті. Солардың ішінен ең лайықты деген азаматтардың ұсыныстарын қарап, біз 37 үміткерді таңдап алдық. Сондықтан бүгін табыс етілетін «Тіл жанашыры» құрмет белгісі сіздердің осы кезге дейін атқарған және алдағы атқарар істеріңізге деген құрметіміз әрі жауапкершілік деп қабылдаңыздар.

Биылғы «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің лауреаты, Қызылорда қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина:

– Осы берілген атақ бізді әрі қарай қазақ тілінің мәртебесін арттыра түсуге зор мүмкіндіктер береді. Жалпы қазақ тілінің қолданылу аясының кең екендігін дәлелдей келе, оны бүкіл әлемге жеткіземіз. Сондықтан барша қазақстандықтарды қазақ тілін сақтау, оны өскелең ұрпаққа қастерлеп жеткізу бағытындағы жұмыстарды бірауыздан қолдауға шақырамын.

Қазақстан Республикасының Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Сарыбай жоғары құрмет үшін шынайы алғысын білдірді:

– Тіл – ол тарих, мәдениет. Біз рухани жаңғыру туралы айтқанда, өзіміздің о бастағы бастауымыз туралы айтамыз. Бүгінгі жаһанданудың бұқаралық ақпарат құралдарының жаппай дамуы кезеңінде мәдени құндылықтар ақпарат құралдар түрінде берілгенде дара бірегейлігін, халықтық сипатын жоғалтады. Барлық уақытта тілді қолдау – адамдардың бірегейлік пен ұлттық ерекшеліктерін сақтаудың талпынысы болып табылады. Дипломат ретінде басқа жұрттың Қазақстан туралы ризашылық сөздеріне, халықтары тең құқылы, тіл бостандығы бар еліміз туралы жиі айтылғанда мақтанышпен қараймын.

Алғашқы рет «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен қазақ тілін зерттеген шетелдік ғалымдар марапатталған еді. Олардың қатарында түркиялық профессор Әбдуақап Қара, Еуропа қыпшақтары одағының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Кайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман бар.

Келесі жылдары марапатқа тілге шынайы қамқорлық пен жанашырлық танытқан, оның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар, оқытушылар, ақын-жазушылар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, журналистер және мемлекеттік тіл мен қазақ мәдениетін қолдау бойынша ұйымдастырылған іс-шараларға демеушілік жасаған меценаттар ұсынылды.

Биыл еліміздің барлық өңірінен келген 37 азамат байқау жеңімпаздары атанды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір