• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:58:52
Алматы
+35°

15 Маусым, 2018 Әлеумет

Астана тұрғыны: Ауламызға мүшеқап тастап кететіндер көп...

Тұрғындар шағымы бойынша патрульдік полиция келіп, оларды қуып жүргенмен, оң нәтиже жоқ. Баласы бар әйелдер де арақ ішеді.

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығының» концерт залында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың халыққа жыл сайынғы дәстүрлі есеп беру кездесуі өтті.

Министрлердің халық алдындағы есебі дәстүрлі болғандықтан, олардың баяндамасы мен сұрақ-жауаптың да әдеттен тыс ерекшеленетіні шамалы. Өзгеретіні – статистикалық сандар ғана. Сондықтан біз бас полицейдің бір жарым сағат ішінде келтірген мағлұматтарының негізгілеріне және тұрғындар сұрағына берген жауабына қысқаша тоқталмақпыз.

 

Ұрлық пен тонау фактісі

Бүгінде Қазақстанның қалаларында ұялы телефон, ауылдарында мал ұрлау әрекеті өршіп тұрғаны белгілі. Сондай-ақ, үй тонау жағынан да тым белсендіміз. Бірақ, Ішкі істер министрі ондай жағдайлардың ептеп сирегенін алға тартты.

– Биылғы жылы Қазақстанда қылмыс деңгейi 12 пайызға азайған. Оның iшiнде тонау – 15 пайызға, адам зорлау – 14 пайызға, ұрлық – 12,2 пайызға, бұзақылық 19 пайызға төмендеп отыр, – дедi Қалмұханбет Қасымов. Айтуынша, қазір елімізде ең көп тараған қылмыс түрi – бөтен адамның мүлкiн тонау екен. Оның көрсеткiшi Алматы қаласында – 73 пайыз, Алматы мен Ақтөбе облыстарында – 71 пайыз, сондай-ақ, Ақмола және БҚО-да 70 пайызды құрайды.

 

Есірткі бизнесінің есебі

Министр баяндамасын оқып болғаннан кейін оған залдағы экран арқылы онлайн-байланысқа шығып отырған әр өңірдің азаматтары сұрақ қоя бастады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының бір тұрғыны отандық БАҚ-та «мектеп оқушыларын әлеуметтік желілер арқылы есірткі сатуға шақыру көбейіп барады» деген ақпарат тарап жатқанын айтты. Осыған орай, ол министрлік тарапынан қандай іс-шаралардың қолға алынып жатқанын сұрады.

– Бұл мәселе синтетикалық есірткі заттарының таралуымен байланысты. Оларды жеткізу тәсілі бүгінде әртүрлі. Көбінде интернет ресурстар қолданылады. Біз бұл мәселелерді бақылап отырмыз. Есірткі бизнесімен күрес департаментінен бөлек, бізде электронды қылмыстармен айналысатын департамент те бар. Өткен жылы осындай 198 сайтты анықтап, бүгінде солар бойынша тиісті шаралар қабылдап жатырмыз, – деді Қалмұханбет Қасымов.

Алайда, министр синтетикалық есірткімен күресудің оңай болмай отырғанын да жасырмады.

– Біз тек заңда көрсетілген затты ғана есірткі деп танимыз. Мәселен, заңнамамен героин мен апиынды есірткі деп бекітеміз. Ал соңғы уақытта әлгі синтетикалық есірткінің формуласы үнемі өзгеріп отыратын болды. Оны таратқандарды ұстағанмен, кейін тексере келе, мұндай есірткі біздің тізімде жоқ болып шығады. Сол себепті, ұсталған адамды жауапқа тарта алмаймыз. Әрине, есірткінің қандай да бір түрін заңнамадағы тізімге енгізу туралы шешім де қабылдаймыз. Бірақ, ол – өте ұзақ үдеріс. Өйткені, кез келген заң мемлекеттiк органдарда, Парламентте қаралады ғой. Сонда, оған 5-7 ай уақыт кетедi, кейде бір жылға дейін барады. Осылайша, шешім қабылдаған сәтте есірткінің жаңа түрін тізімге қосқанымызбен, өндірушілер дереу оның формуласын өзгертіп, қайтадан біздің елге тасымалдайды. Ондайда біз тағы да дәрменсіз боп қаламыз, – деді полиция генерал-полковнигі.

Әрине, бұндай мәселеге бірнеше әлем елдері тап болып отырғаны мәлім. Қазір олар есірткіні тізімге енгізуді заңмен емес, заңға қосымша актілермен шешуде. Қалмұханбет Қасымовтың сөзінше, Ресей мен Өзбекстан синтетикалық есірткі мәселесін Үкімет деңгейінде шешсе, Беларусь елінде арнайы тізімді Денсаулық сақтау министрлігі жасайды. Сондай әлемдік тәжірибені ұзақ уақыт талқылаған еліміздің Ішкі істер министрлігі биыл есірткіні тізімге Үкімет қаулысымен енгізуге келісім жасаған көрінеді. Қазір ол заң парламентте жатыр. Министрдің пікірінше, бұл мәселе шешімін тапса, полицейлердің жұмысы біраз жеңілдемек. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі Қазақстан арқылы өтетін ауған героинінің 10 пайызы ел аумағында қалатынын мәлімдеді.

– Өткен жылы және биылғы жылдың басынан бері елімізде 4 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді. Көрші елдері арқылы бізге жетіп, одан кейін Ресей мен Еуропаға жөнелтілетін ауған героины барынша қауіпті болып отыр. Сарапшылық бағалауға сәйкес, есірткінің 10 пайызы транзит елде қалады. Демек, біз де одан тысқары емеспіз, – деді Қалмұханбет Қасымов. Оған қоса, өзіміздің де Шу алқабы қарасорасының шикізаттық базасы ахуалды қиындата түсуде. Сондай-ақ, Қызылорда облысының кейбір тұрғыны үнді қарасорасын өсіруге әуес. Соның салдарынан, елімізде соңғы 3 жылдың ішінде 154 плантация анықталып, қарасораның 215 тоннадан астамы тәркіленген. «Бұл мәселеге таяуда ғана Мәжіліс депутаттарының назар аударуы тегін емес, – деді Қалмұханбет Қасымов.

 

Сыртқы миграция мәселесі

Министр мәліметінше, өткен жылы елімізде 2,5 миллионнан астам шетелдік азамат болып қайтса, биыл 20 елдің азаматтары үшін визасыз келу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар, 45 елдің азаматы Қазақстанда 30 тәулікке дейін визалық рәсімдерсіз және тіркеусіз жүре алады.

– Осындай жағдайлар полициядан көші-қон режимінің сенімділігін қамтамасыз етуді және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды күшейтуді талап етеді. Мәселен, өткен жылдан бастап көшi-қон заңнамасын бұзған 141 мың шетел азаматы әкiмшiлiк жауапқа тартылып, олардың 17 мыңнан астамы ел аумағынан шығарылды. Қазір бұл азаматтарға 5 жыл бойы Қазақстанға қайта кiруге тыйым салынып отыр, – дедi Қалмұханбет Қасымов.

 

Ішімдіктің салдары

Бүгінде елiмiздегi барлық қылмыстың 14 пайызы алкогольді өнім түтынудың салдарынан орын алған. Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов бұл мәселеге де айырықша тоқталып өтті.

– Елiмiзде iшiмдiкке салыну, отбасылық-тұрмыстық салада қылмыс жасау азаймай тұр. Қазiр үчаскелiк полиция инспекторларының профилактикалық бақылауында 67 мың iшiмдiкке салынған азамат пен 10 мыңнан астам нашар отбасы бар. Сондай отбасыларында 15 мың бала тәрбиеленiп жатыр. Әдетте, нашар отбасылардағы жанжалдар адам өлiмi мен басқа да тұрмыстық қылмыстарға әкеледi. Елiмiзде 2-3 аса ауыр қылмыс тiркелмеген бiр күн болмайды. Ал олар отбасылық-тұрмыстық салада iшiмдiкке салынған адамдар арасында орын алады, – дедi полиция генерал-полковнигі. Оның айтуынша, мас күйiнде жасалған қылмыс деңгейi ең жоғары өңiрлер – Ақтөбе (28 пайыз), Қостанай (25,5 пайыз), Павлодар (22 пайыз), Маңғыстау (20 пайыз) және Ақмола (19,5 пайыз) облыстары екен. Осыған орай, министрлік бақылауды күшейтiп, жергілікті әкімдіктермен бірлескен түрде учаскелiк инспекторлардың жұмысын жетiлдiруде.

Тағы бір мәселе, еліміздегі 22 наркологиялық ұйымда 2 мың 470 маскүнемді емдейтін ғана орын бар. Ал былтыр оларға мәжбүрлеп емдеу үшін 5 мың 200 маскүнем жіберілген. Орынның жетіспеушілігі салдарынан, солардың 700-ден астамы емдеуден өтпеген.

 

Жол-көлік оқиғасы

Биылғы жылдың басынан бері Қазақстан жолдарында 614 адам қаза тауып, 7 мыңнан астамы жарақат алған. Сондықтан да министр бүгін жолда тәртіп орнату жергілікті полиция жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты екенін баса айтты.

– Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы. Бүгінде 10 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды, сот тәртібімен 14 мың адам көлік басқару құқығынан айырылды және 1 мыңнан астамы әкімшілік қамауға алынды. Тек биылдың өзінде 1 миллионнан астам жол ережесін бұзушылықтың жолы кесілді. Олардың 3/1-і жолдарда орнатылған бейнебақылау камераларының арқасында анықталып отыр, – деді Қалмұханбет Қасымов. Оның айтуынша, таяуда Астана қаласының әкімдігі 400 қиылыс пен жолдардың 300 желілік учаскесіне «Сергек» бейне-бақылау камераларын орнатқан. Сонымен қатар, бірнеше облыс орталығында жолды бақылаудың стационарлық жүйесі орнатылған және автоматтандырылған радарлар қолданылады.

 

Қару тапсыру талабы

Қазақстан азаматтарының қолына қару-жарақ әртүрлі жолдармен түскен. Мәселен, біреулерінде рұқсат болмаған кездерден бері баяғыдан бар, енді бірінде туған-туыстарынан қалған. Туыс, таныстарына өзі шетелге кетіп бара жатып тастап кеткендер де кездеседі. Ал үйде қару тұрғаннан кейін ол отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста да қолданылады, кейде балалар ойнайды. Соның салдарынан қайғылы жайттар орын алып жатады. Сондықтан 2012 жылы ел азаматтарынан заңсыз қаруды алу туралы шешім қабылданды. Осының бәрін бүге-шігесіне дейін түсіндірген Ішкі істер министрінің айтуынша, заңсыз қаруды акция аясында тапсырғандар жауапкершілікке тартылмайды.

– Қару-жарақ қабылдау жұмыстары қолға алынған кезде ел тұрғындарынан оларды сатып алу үшін Үкімет шамамен 240 миллион теңге бөлді. Бірінші жылы азаматтар шамамен 8 мың қару-жарақ тапсырды. Оқдәрілер мен жарылғыштарды тапсырғандар болды. Тіпті, бір жерден тауып алған гранатаны өткізгендер де кездесті. Мұның барлығына біз өтемақы бердік. Бес жылдың ішінде өте көп қару-жарақ қайтарып алдық. Олардың арасында туған-туыстарынан қалған тарихи қарулар да кездесіп, музейге тапсырдық. Нәтижесінде, қазір елімізде қарулы қылмыстар екі есеге қысқарды, – деді Қалмұханбет Қасымов.

Нақты айтқанда, қару қолдану арқылы 2013 жылы шамамен 650 қылмыс тіркелсе, былтыр ол 300-ге дейін азайған. Дегенмен, адамдарда әлі де қару бар. Сондықтан Ішкі істер министрлігі биыл да оларды жинап алу мақсатына Үкіметтен ақша сұрап отыр.

– Азаматтарға қаруларыңыз болса, тапсыруға тағы да өтініш жасағым келеді. Егер өзіміз табатын болсақ, онда қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Акция бар кезде қайтаруларыңызды сұраймын, – дегенді ескертті министр.

 

Алаңдатқан аулалар

Ішкі істер министріне соңғы сұрақты қойған Валентина Волошина өздерінің үйі ауласында ішімдік ішіп, жыныстық қатынасқа түсетіндердің үстінен шағымданды.

– Мен Шәкен Айманов көшесіндегі ескі, ең ыңғайсыз аулада тұрамын. Интернеттен біздің аулада бір жыл ішінде төрт мәрте зорлау оқиғасы болғанын және бір рет кісі өлтіру дерегі тіркелгенін оқыдым. Біз сол көшеміздегі жатақханалар орналасқан аулаға бейнебақылау камерасын орнатуды көп жыл бойы сұрап келдік. Әйтеуір, биылғы сәуірде орнатты. Алайда, олары іске қосылмады. Ал таяуда балалар алаңы жасалды. Енді ол жақта түнде сыра ішетіндер көбейген. Тұрғындар шағымы бойынша патрульдік полиция келіп, оларды қуып жүргенмен, оң нәтиже жоқ. Баласы бар әйелдер де арақ ішеді. Тек алкоголь ішіп қана қоймай, жыныстық қатынасқа түсіп, мүшеқап тастап кететіндер де көп. Таңертең шықсаң, аулаға қарай алмайсың. Құдды, алаңды балалар алаңы емес, қоқыс төгетін жер дерсің. Учаскелік полицейлер бұған мән бермейтін сияқты, – деді зейнеткер. Ал министр өкінішке қарай қалада ондай аулалар бар екенін қостап, бірақ, барлығына патрульдік полиция қоя алмайтындықтарын жеткізді. Сондықтан бұл мәселені тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен жергілікті атқару билігінің бақылауға алуын сұрады.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір