• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:07:33
Алматы
+35°

15 Ақпан, 2018 NEWS

Ассамблея төрағасының орынбасары кім болады?

Елбасы Ассамблеядағы орынбасарын тағайындағанда ұзаққа созбайтын, бұл жолы бәрі басқаша өрбіп жатыр

Осыдан екі күн бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Дархан Мыңбай Парламент Мәжілісі депутаты куәлігін алып, бүгін Мәжілістің Экология мәселелері комитетінің мүшесі болып қызметіне кірісіп кетті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі kazpolit.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Біздің айтпағымыз Дархан Мыңбайдың мандаты емес, оның тура 11 ай басқарған Ассамблеядағы иесіз қалған қызметі болмақ. Әдетте Елбасы Ассамблеядағы орынбасарын тағайындағанда ұзаққа созбайтын. Бұл жолы бәрі басқаша өрбіп жатыр, демек үлкен ауыс-түйістің бастауы Ассамблея болуы мүмкін. «KazPolit.kz» осы бір өзгерістердің алдында «жауырын қарап», саяси болжам жасап көрмек. Ендеше кандидаттарды ұсынып көрейік.

«Мәңгі кандидат» – Қырымбек Көшербаев

Ассамблеяға әдетте Президент Әкімшілігінің мектебінен өткен, идеологияны білетін, дипломатияда тәжірибесі бар салмақты адамды қояды. Қырымбек Көшербаевта мұның бәрі бар. Қырымбек Елеуұлы 1996-1997 жылдары Президенттің Баспасөз қызметін басқарды. Осы мектептен өткеннен кейін ғана ол нақты бір саланы дербес басқаруға көшті. 1997-1999 жылдары – Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі болды. Сосын Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрі, 1999-2000 жылдары – Білім және ғылым министрі болды. Сосын бірнеше облыста әкім болды. Қысқасы, саяси басқару қызметі жаңа ғасырмен бірге басталды.

2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі қызметін атқарды. Бұл бүгінде әлемдік саясатқа ықпал етіп отырған Владимир Путиннің енді ғана қызметке кіріскен кезеңі болатын. Сол тұста екі ел арасындағы шекаралық мәселер осы кезеңде түпкілікті шешілді.

Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкімін сынап та, жігерлендіріп те алды. Баяндамасын орысша бастаған әкімге «Сен қазақы облыстан келген жоқсың ба?!» деп бір тиіссе, артынан екі алып мегаполисті басқарып отырған Бауыржан Байбек (Алматы) пен Әсет Исекешевке (Астана) «Баяндама жасауда Қырымбекке жете алмайсыңдар, ол өте тәжірибелі басшы» деп көптің алдында желпіндіріп қойды. Расымен, Қ.Көшербаевтың баяндамасы әрқашан жинақы, әуезді, толымды шығады. Ассамблеяға бүгінде дәл осындай адам керек, яғни елді сөзіне ұйыта алатын, қоғамда салмағы бар, аузы «дуалы» салмақты тұлға қажет.

Бүгін Қырымбек Елеуұлы Қызылорда халқына есеп беріп, тек өткен жылға ғана емес, облысты өзі басқарған тұтас бес жылды қорытындылады. Бұл бір жағынан 5 жылды қорытындылау болса, екінші жағынан облыс халқымен жылы қоштасқаны да болуы мүмкін.

«Нағыз идеологияның адамы» – Түймебаев

Түймебаевтың мамандығы – филолог. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, профессор. «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілі», «Қазақ тілі: Грамматикалық анықтамалық», т.б. кітаптардың авторы. Бүгінде осы кітаптардың авторы еліміздегі ең алып облыс ОҚО-ны басқарып отыр.

ҚР Президенті протоколының бастығы, ҚР Президентінің кеңесшісі болған. ҚР Білім және ғылым министрі болып қызмет атқарды. Дипломатиядағы тәжірибесі орасан. Қазақстан үшін ең маңызды стратегиялық маңызы бар Ресей Федерациясы және Түркиядағы (тіпті Албаниялағы елшілікті қоса атқарды) ҚР төтенше және өкілетті елшісі болды.

Ж.Түймебаевтың ОҚО әкімі болғанына бір жылдан асыпты (1 жыл, төрт ай). Алайда, ОҚО жұртшылығы Түймебаевтың іскерліктен гөрі руханиятқа жақын, менеджерліктен гөрі идеологияға қабілетті басшы деп санайды. Былтыр Түркістан қаласында тойланған Наурыз мерекесінен кейін белгілі блогер Айгүл Орынбек осы пікірге жақын сөзді айтқан болатын. «Облыс әкімі Түймебаевтың нағыз идеологияның, руханияттың адамы екенін көрдік, білдік. Ендеше, мұндай тұлғаны неге Мәдениет министрі етіп тағайындамасқа? Әркім өз ісімен айналысуы керек қой?! Түймебаев министр болса рухымызды көтеретін талай шараларды өткізер еді, сапалы фильмдер түсірер еді, елімізде мәдениет саласын қайта жандандырар еді», — дейді Айгүл Орынбек.

Сондықтан, Ж.Түймебаевты Ассамблеяға орынбасар етіп тағайындап жатса таңғалудың қажеті жоқ.

Бердібек Сапарбаев һәм Даниал Ахметов

Бердібек Сапарбаев пен Даниал Ахметов туралы болжамымызды осыған дейін айтқан болатынбыз. Екеуі де зейнет жасына шыққан, биліктің барлық баспалдақтарынан өткен тәжірибелі саясаткерлер. Б.Сапарбаев төрт бірдей облыстың әкімі болған тәжірибелі саясаткер болса, Д.Ахметов төрт рет әкім болған, тіпті Үкімет басқарған кәнігі тұлға. Ассамблеяның қоғамдағы рөлін күшейту үшін осындай салмақты басшыларды да әкелуі мүмкін.

Айтпақшы, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі жасалғанда қазіргі облыс әкімдерінің арасынан Бердібек Сапарбаев, Амандық Баталов және Даниал Ахметовтер енген еді. Қазір Мәжілісте бір мандаттың бос тұрғаны жайлы әңгіме бар. Кім білсін….

Мемлекеттiк хатшы – Гүлшара Әбдіқалықова

Гүлшара Наушақызының ҚР Мемлекеттік хатшысы болып отырғанына 3 жылдан асыпты. Оған дейін әр жылдары Ахметжан Есімов, Әбіш Кекілбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Оралбай Әбдікәрімов, Қанат Саудабаев, Мұхтар Құл-Мұхамед, Марат Тәжин, Әділбек Жақсыбеков секілді «нарқасқалар» басқарған қызметке тәуекел етіп ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болған Гүлшара Әбдіқалықованы қойған болатын. Гүлшара Наушақызы үш жыл ішінде мемлекеттің iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша емес, идеологиялық жұмыстарға белсенді араласты деуге болады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметіне кандидат ретінде Гүлшараны да қарастыруға болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір