• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:33:58
Алматы
+35°

03 Қараша, 2017 Сұхбат

Арман Сқабылұлы: Телевизиямыз құздан құлаудың сəл-ақ алдында тұр

Беті жылтырақ, қалтасы қалың, тіреуі мықты, бірақ, санасы таяз, сөзі арсыз біреулер "көк жәшікті" жаулап алғанын жазудай-ақ жазып келеміз.

Бүгінде халықтың назарын жаулап алған бірден-бір күш болса, оның көгілдір экран екені хақ. Ауылдағы әр шаңырақ газет оқымаса да теледидар көреді. Тіпті, біздің газетті теледидармен салыстырғанымыздың өзі езуге күлкі үйіреді екен. Әлқисса. Қазақ телевизиясының қазіргі хәл-ахуалы қалай? Ондағы өзгерістерге қоғам не дейді? Осы сұрақтардың ізімен «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің хатшысы, журналист Арман Сқабылұлымен блиц-сұхбат жүргізген едік.

         –«Телевизияның «терезесін» де қымтап қою керек!» деген ойға келуіңізге не себеп болды? Немесе кім?

         –Бұл жеке адамға қатысты жазба болғанымен жалпыұлттық проблемаға айналып бара жатқан мəселе. Лəйлə Сұлтанқызының бір арнаның есігінен шығып, екіншісінің "терезесінен" кіріп алуы, тек қана себеп болды. Əйтпесе, ондайлар қазір өте көп. Белгілі публицист Қали Сəрсенбай ағамыздың əнші Мейрамбекке жазған хатын ұрпағының болашағына алаңдайтын əр қазаққа оқып шығуға кеңес берер едім. Рухани тəрбие береді деген телевизиямыз қазір құздың шетінде құлаудың сəл-ақ алдында тұр. Беті жылтырақ, қалтасы қалың, тіреуі мықты, бірақ, санасы таяз, сөзі арсыз біреулер "көк жәшікті" жаулап алғанын жазудай-ақ жазып келеміз. Соңғы оқиға соның тым шектен шыққанын көрсетеді. "Балапандағы" былықтары баспасөзде жарияланып, "Әйел бақытындағы" анайы шығарылымдары шу болған Ләйлә Сұлтанқызы Ұлттық арнадан "құйрығына қоңырау байлап" кеткенде бұл дүниеде де әділдік бар екен-ау деп қойғанбыз. Бірнеше күн бұрын тағы шу шықты. Тағы да сол кісі жайлы. Алтынайды алдап "Хабарға" шақырып, отбасылық құпияларын ашпақ болған көрінеді. Сөйтсек, Ләйлекең бір арнадан екіншісіне секіре салған екен! Бұл не деген құдірет? "Хабар" сонда бұл ханымның алдындағы тірліктерін, көрерменнің ашу-ызаға толы пікірлерін білмеген бе? Мәселе басқада!

         Осыдан оншақты жыл бұрын Ләйлә тектес бір қыз "Хабардың" есігін қағып, жүргізуші болмақ болған. Мен басшылық қызметте едім. Түрі әдемі болғанымен іші қуыс, дүниетанымы таяз, өмірі бір кітап оқымағаны және де дикциясының нашарлығы көзге ұрып тұрған соң кері қайтардық. Астанадан да қоңыраулар ұйымдастырды. Принципке бардық. Алмадық. Бірер уақыт көрінбей кеткен сол қызымыз бір күні көрші арнаның эфирінен сайрап отыр. Ашумен Астанадағы басшылардың біріне телефон шалдым.Естіген жауабым "Қайтесіз! Мұндайлар тв-ның есігінен қуып шықсаң , бәрібір терезесінен кіріп алады" болды. Содан бері қанша уақыт өтті.ТВ-да мұндайларды ең құрығанда есіктен шығарып жіберетін де ешкім қалмады. "Терезесі" тіпті ашық тұр. Анау Қоянбайдың немересін сынап жатырмыз. Есіктен қуып шыққымыз келеді. Әуре болмай-ақ қойыңыздар! Ыржалаңдап бәрібір "терезеден" кіріп кетеді. Ал, мұндайлармен рухани жаңғырамыз деп отырған бәріміз де ақымақпыз. Артықтау кетсем кешірім өтінемін. Қали Сәрсенбайдың Мейрамбекке жазған хатының әсерінен әлі арыла алмай жүрмін.

         –Жақында ғана бірнеше телеарналар жаңа маусымға көшті. Жаңа бағдарламалар да көрсетілімге шықты. Өзгерістерге көңіліңіз толды ма? Нақты айтып өтсеңіз.

         –Ұлттық арнадағы "Мен қазақпын" байқауы мен "Парасат майданы" ұнады.  Қалғандары жайлы айтуға ұят! Барлығы көшірме. Жəне де сəтсіз көшірмелер. Мәселен, "Прожектор перисxилтон", кешіріңіздер, "Сенбілік шоу" бағдарламасын көрдім. Күлмек түгілі жымия алмадым. Саяси əзілдерінің өзі сəтсіз шықты. Əсіресе, бауырлас қырғыз елінің Нота тапсырғанын "Неге нота? Неге сөз емес? Е, Атамбаев музыкант еді ғой.. Қырғыздарға 100 млн доллар беріп едік, тыныш отырмай ма?" деп күлгендері ұят болды. Студиядағы төртеудің өз сөздеріне өздері тоқтаусыз күле бергендері тіпті артықтау. Олар емес көрермен күлу керек емес пе? Бəрінен де ана үшеудің арасынан Айдос бауырымды көріп, саясаткер, саясаттанушы, ұлтшыл, алашшыл, байсалды да ақылды Айдостың имиджін жоғалтып аламыз ба деп қорқып отырмын. "Көш жүре түзелетін" шығар?.. Ал, "Евразия" арнасының "Қалаулым" бағдарламасын жерден алып, жерге сала бермеңіздер! Ол Еспанов секілді эфиржағалағыш əншілерге керек.

         –Рухани жаңғыруымызға отандық телеарналардың  қосар үлесі қаншалықты? Және дәл қазір олар осы жолда лайықты жұмыс жасап жатыр деп ойлайсыз ба?

         –Ұлттық менталитетке келетін, ұрпаққа тəрбие беретін, рухани жаңғырудың ең болмағанда иісі сезілетін бағдарламалар жоқтың қасы.

         –Қолыңызда қандай да бір билік болса, нені өзгертер едіңіз? Немесе біреуге айта алмай жүрген сөзіңіз болса, мархабат.

         – Маған ешқандай биліктің қажеті жоқ! Ал, айта алмай жүрген сөзім жоқ! Əлеуметтік желіге рахмет, іштегі шерді тарқатып-ақ жатырмыз.

Блиц-сұхбатты жүргізген Маржан ӘБІШ

Marzhan Abish

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір