• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:34:26
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2018 Сұхбат

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Наурызда жоғарғы биліктен Елбасымыз ғана шапан киіп, үлгі көрсетеді

Ең әуелі Наурыз бал­­дыр­ғандарға арналуы керек. Наурызда біз бар мейірім-шапа­ғатымызды балғын бала­пан­дарымызға арнағанымыз дұрыс.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде тойлау жөнінде «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді. Елбасының: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Он­сыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаң­ғы­рық­қа айналуы оп-оңай», – деген сөзін мысалға келтірген министр осы бағыттағы іргелі ізденістерге тоқталып өтті. Qamshy.kz ақпарат агенттігі сұхбатта айтылған ұтымды ұсыныстарды ықшамдап жариялап отыр.

«Бірінші. Ең әуелі Наурыз бал­­дыр­ғандарға арналуы керек. Наурызда біз бар мейірім-шапа­ғатымызды балғын бала­пан­дарымызға арнағанымыз дұрыс. Жаңа жылға сәби неге үйір? Рож­дество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі бала­­ның тілін табады. Бір ғана шы­р­ша сол күннің шырайын ке­л­тіріп, Жаңа жыл­дың идеоло­гия­лық нысанына айналып кетті.

Алғашында Жаңа жыл қар­саңында үйге тек қарағай немесе шырша бұтағын орнатқан. Бертін келе бүтін бір ағашты сәндеп қою дәстүрге ай­налған. Алғашқы жаңажылдық шырша фран­цуздық ауданның бірі – Эльзаста орнатылған. Бұл оқиға, шамамен, 1600 жылдары бол­­ған екен. Ал енді сол шырша­ның айнала­сын­да асыр салған ойын баласына Аяз ата­лар сыйлық сый­­лайды, тар­ту-тарал­ғысын жа­сай­ды. Отбасы мүше­лерін, үл­кен­дерді де назардан тыс қал­дырып көрген емес. Осы тәріз­ді дәстүрдің берік орнығуы бұл мере­ке­лерді халыққа барынша жақын­­датқаны мәлім. Сөйтіп Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңа­лықтар күтеді.

Сол секілді Наурыздың қадір-қа­сиетін жан-жақты қамти оты­рып, шын мәнінде мереке жаса­ғымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс.

Екінші. Ұлттық киім. Осын­дай қа­сиетті күндері әркім өзі­не жара­са­тындай, сән-сал­та­на­тымен, мақ­та­нышпен киетіндей ұлттық киім үлгілеріне ерекше мән берсе. Наурыз – барша қазақ­­­стандықтардың мерекесі. Сон­­­дықтан бұл ұлы мерекеге әр ұлттың өкілі өздеріне тән дәс­түрлі киім­дерін кисе. Қазақтың дәстүрлі ұлт­тық киіміне күллі әлем тамсана, қызы­ға қарайды. Бар­­лығымыз осы қасиетті күні, бас­­қа да атаулы күндері ұлттық киім киіп шығайық! 

Байқасаңыз, Тәуелсіздік таңы атқа­лы бері жоғарғы билік­тен Наурыз ме­ре­кесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана әдемі шапан киіп, Ұлыс күнінде қалай жүрудің керемет мәдениетті үлгісін көрсетуде.

Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі бар. Халық арасында белгілі бір топтар үйде де, түзде де, күнделікті тұрмыста да ұдайы жақ­­сы киініп жүрген. Ел ағалары жаға­лы киім, тымақ және бөрік киген. Меніңше, біз шал, ақсақал, қарасақал, қарт, қария секіл­ді атауларды кез келген жерге жөн-жосықсыз қыстыра бермей, өз ардақ­тыларымызды сыйлап, ел ағасы десек орынды болмай ма?! 

Ал енді бас киімге келсек, тымақ­­тың түрі көп қой. Түлкі ты­мақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілер­дің тымағы атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Біздің есімізде тымаққа салу дейтін салт болған. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі күнінен ерте туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы бола­ды. Бұл – тымақтың қадірі мен қа­сиетін бейнелейтін көрініс. Ұл­­ты­­мыз­дың бас киімдерінің тағы бірі – бөрік. Бөріктің сырты мақ­пал, пүліш, барқыт сияқты қым­бат маталардан тігіледі. Сән­дік үшін төбесіне үкі, жиегіне мон­шақ, шашақ, түрлі асыл тас­тар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады.

Жас жігіттер мен сал-сері­лер, ақын­дар бөріктеріне үкі та­ғып, зерлеп, өрнектеп киген. Мы­­­салы, Ақан сері, Біржан сал, Үкі­лі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген.

Аналарымыз, қыз-келін­шек­тер бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, ора­мал, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі киген. Соның ішінде сәуке­ле­нің орны бөлек. Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ хал­қы­ның байлығы мен сән-сал­танатының, мәдениеті мен өнері­нің озық үлгісі, өнер туынды­сы ретінде бағаланатын өте қым­бат этнографиялық мүлік. Соны­мен бірге ол – қазақтың қыз­дары­на деген көзқарасының да бір белгісі. 

Мұның бәрі айналып келгенде, экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады. Ел арасында ұлттық киімге деген сұраныс пайда болады да, кәсіпкерлер сапалы өнімге көңіл бөле бастар еді.

Үшінші. Қызғалдақ – Наурыз­дың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлу­лықпен бірге адам нәр ала­ды. Гүл тұрған жерде биік сезім бар. Мереке күні аналарға, қыз-келін­шектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. 

Бұған қоса мекемелер, көше­лер, саябақтар қызғалдақтармен, басқа да гүлдермен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. 

Төртінші. Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктем­нің тууы. Астрономдардың тілі­мен айтар болсақ, бұл кезде Күн­нің орталығы өз қозғалысы бары­сында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – Күн мен Түннің (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай жаңа күнді қарсы алу дәс­тү­рін тү­лет­кеніміз абзал. Бас­қа халық­тар­ға қарағанда, Қазақ­стан хал­қы­­­ның Жаңа жыл – Наурызды қар­сы алуы осы қасиетімен басым.

Бесінші. Батыстық ағайын­дар «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтеді. Ал бұл ерек­­ше күн Ұлт Көшбасшысы ел дамуының кепілі ретінде бел­гі­леп берген бірлік, тату­лық, от­­ба­­сы­ны қастерлеу сияқты адам­­­зат­тық құндылықтарға құ­рыл­­ған. Наурыз мейрамына ал­дын ала үлкен дайындықтар жаса­лады. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап көріседі. «Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді» деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай балдырғандар таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, үлкен ата-әжелерге барып көрісетін. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, жаңа киімдер киіп, күтіп оты­рады. Сонымен бұл күн Көрі­су күніне сұранып-ақ тұр.

Алтыншы. Наурыз мейра­мының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынсақ артық бола қоймас. Бұл мақсатта наурыздың 21-і күні сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай 

— Отбасы күні

— Қайырымдылық жасау күні

— Ақ дастарқан күні

— Тал егу күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды неге қалып­тастырмасқа?

Мәселен, Отбасы күні ата-баба рухына тағзым ете отырып, үй іші түгел туғандарымен кездескені дұрыс. Дәстүрдің озығы бар. Корей халқы жылдың бір күнін тек отбасы-ошақ қасында өткізу үшін, отбасы мүшелері ата-анасына сәлем бере барып, бір-біріне қуаныш сыйлайды екен. Қайырымдылық жасау күні аста-төк ысырапшылдыққа емес, балалар және қарттар үйлеріне сый-сияпат жасаумен ерекшеленсе. Ал Ақ дастарқан күні – ұлттық тағамдар күні десе де болғандай. Бауырсақ, таба нан, салма, майшелпек, қаттама, талқан, бидай көже, тары, жент, майсөк, бөкпе т.б. тағамдардың ыңғайлы қаптамамен шығару өндірісіне ден қойсақ құба-құп болар еді.Наурызда сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей, 21 наурыз баршамыз, әсіресе балаларымыздан бастап, тал егіп, көшет отырғызумен айналыссақ. Бұл күн тамылжыған табиғаттың қайта оянатын тұсы. Тек қана өз үйімізді емес, соны­мен қатар ауылдағы ауламыз бен қала көшелерінің тазалығына да қарауымыз қажет. Айнала та­биғатты әсем ете түсетін де осы жай­­қалған ағаш­тар мен гүл­дер емес пе? Әрі бал­дыр­ған­дары­мыз­ды еңбекке баулудың тамаша үлгісі болар еді.

Жетінші. Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында елі­міздің іскер азаматтары, меце­наттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғал­маған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шаралары­на көңіл бөлгені жөн. Ас мәзірін әз-Наурызға бейімдеп, кәсіпкерлер Наурыз көже, бауырсағын алдымен сол адамдарға тегін таратса. Бұл игі істе Қазақстанның бел­сенді жастарын, волонтерларды Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдырсақ, жү­ре­гімізге жақын мерекенің мәні мен сәні арта түседі. Керек десеңіз, Наурыздың рухани мәр­тебесі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған сыйлықтардың табыс ету мерзімін де Наурыз мейрамына ауыстырған абзал.

Сегізінші. Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, мол­­ш­ы­лық пен берекенің иесі, үмітт­ің шырағын жағатын кие. «Қырықтың бірі – Қыдыр» сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған факторды көреміз. Қыдыр баба көпшіліктің алдында қашанға дейін бата беріп, «үлкен» кісілердің соңында жүруі тиіс? 

Қиялды ұштай түсетін мүм­кін­діктерді пайдаланайық. Ен­деше, Қыдыр бабаны Наурыз мей­рамын өткізу барысында ұтым­­ды пайдаланған абзал. Уа­қы­ты­ның денін балалармен өт­кіз­сін. Тақпақ айтқызсын, өлең оқыт­сын, ән тыңдасын, өнерін көр­сін! Сондықтан Қыдыр ата­ның мейірімі алдымен бал­дыр­ған­­дар­дың көтеріңкі көңіл күйі­мен ұштасқаны керек», - деді министр өз сұхбатында.

Бұған қоса, Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамы кезінде мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мәселесіне де баса назар аударды. Ұлттық ойындарды дәріптеп, жыл сайын республикалық «Наурыз спартакиадасын» өткізуді ұсынды. Министрдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын тойлау барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық һәм мазмұндық жағына мән беруі тиіс.

«Болашаққа бағдар жасап, үлкен серпіліс жасаған елімізге қазір дүниежүзі тамсанып, үлкен үмітпен қарап отыр. Ендеше, игілікке беттеген кез келген жаңа бастаманы ерекше ықыласпен атқарып, жаңғырған рухтың жаршысы болуға ұмтылайық», - деп қорытындылады Арыстанбек Мұхамедиұлы сұхбатын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір