• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:34:23
Алматы
+35°

09 Қыркүйек, 2017 Сұхбат

«Арабтың миллиардтаған қаржысын әкелсе де, дәстүрімізді айырбастамаймын»

"Біздің салт-дәстүрімізге қарсы келген қысқа балақ, сақалдылардың барлығы біздің елден көшіп кетсе екен".

 Сізбен Мұхамеджан Тазабек арасындағы ақпараттық дау неден басталды?

Бірінші қателік М. Тазабек өз фейсбук парақшасында әйгілі сәләфит Абдулхалим Абдулкаримовтың видеосын жариялағаны болды.

Серке.org мақаласынан үзінді!

«Асыл арна» телеарнасы директорының бұл қылығы әлеуметтік желіде отырғандардың қатты наразылығына душар болды. Оның себебі жоқ емес. Украинада отырып алып жұртқа ылғи уахаби-сәләфилік көзқарасты тықпалап жүретін Абдулхалим Абдулкаримов – әбден беті ашылған радикал дағуатшы. Ол исламның екі тармағы саналатын шиіттер мен суниттердің арасындағы діни идеологиялық қайшылықты үнемі ушықтырып, жаулықтың жалауын көтеріп жүреді. Оның ойынша, уахаби-сәләфилік көзқараспен үйлеспейтін мұсылмандардың бәрін түгел қырып жою керек. Ол әлемнің нөмірі бірінші терроршысы атанған Усама бин Ладенді, Сейид Кутбты және басқа да солар сияқты радикалдарды пір тұтады, оларды ислам әлемінің ұлы тұлғасы санайды. Тіпті, Абдулхалим Абдулкаримовтің әлеуметтік желідегі парақшасында беліне бомба байлап өзін өзі жарып жіберіп, талай адамның өмірін жалмап кеткен ауғанстандық әлдебір терроршының қылмыстық әрекетін «нағыз жиһад осы» деп тамсанған жазбасы бар.

Даудың басы осы Тазабектің бөліскен постынан басталды. М.Тазабек елімізге танымал азамат ретінде мұндай радикалды бөлісуі үлкен қателік және күмәнді іс-әрекет. Мұндай іс-әрекеттер қылмыстық кодекстің 174-бабында көрсетілгендей (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, –   екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады) жауапкершілікке біраз жастарды соқтырды. «Ауылдың қарапайым жастарына жүрген заң, М.Тазабекке неге жүрмейді?» - деген жанайқайым үшін маған қарай өзімен қоса, шашбауын көтерушілері қоқан-лоқы жасағанын әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерден байқауға болады. Құқықтық жауапкершілікке тартылсын дегенім үшін мені айыптаудың еш қажеті жоқ. Заң бәрімізге ортақ.

Сіздің ойыңызша, сәләфиттерден қандай қауіп келді және келіп жатыр? Заң тұрғысынан мұны қалай шешуге болады?

Неосалафизм дәстүрлі дін емес. Жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, елдің ел болып қалыптасуына кедергі келтіретін, дәстүріміздің жойылып кетуіне ықпал жасайтын, ұлттығымызды жоюға ат салысатын, дінараздық шиеленісті дау-дамайға алып баратын  астарлы саяси жүйе.

Бұларды қалай анықтауға болады: сәлем салуға қарсы, беташарға, жеті шелпекке, дұғада қол жайып бет сипағанға қарсы, ал егер тоқталып айтар болсақ, сәлем салудың шариғатқа қарсы келмейтінініне дәлел көп, келіннің сәлем салу ниетінде  құлшылық көзқарастар жоқ. Сәлем салу үрдісін шариғатқа қарсы келеді деу надандықтың белгісі. Сәлем салмаған келін сонда қайын атасының бетін сүю керек пе?.. Әлде қолына жабысып, «привет», - деу керек пе?

Біздің салт-дәстүрімізге қарсы келген қысқа балақ, сақалдылардың барлығы біздің елден көшіп кетсе екен. (Әмин). Ешкім құранмен және сүннетпен 100%  жүре алмайды. Бұл елімізге төнген дерт, жалпақ тілде айтсақ тез тарайтын «вирус».

Әсіресе қазақ қыздарын «шұлық» ауыстырғандай ауыстыратын талақ құрбандары жайында да айта кеткім келіп отыр. Шариғатты өз нәпсісіне ыңғайлап  «Смс»  арқылы талақ айтушылар көбейіп, жас қыздарымыздың санасын улау арқылы тексіз балалардың өмірге келуі кейінгі ұрпақтың тағдырын алаңдатпай ма?

Дін істері агенттігінің мәліметіне орай 25 жылда 600-ге жуық адамдардың терроризммен сотталуы, 400-ге жуық отандастарымыздың Сирияға кеткендігі неосәләфиттерге қарсы біздегі заңның әлсіздігін айқындап отыр. Бізге дәл қазіргі таңда мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтап қалу үшін, неосәләфиттерді бөліп жармай, нақты заңды шешім қабылдауымыз тиіс.

Сіз Мұхамеджан Тазабектің өзімен жақынырақ танысуға, өзімен сөйлесіп, сұрақтарыңызды өзіне жеке қоюға бекініп қөрдіңіз бе? Халық арасында айтылып жатқан мынандай бір пікірлерді көзіміз шалды: «М. Тазабекке қарсы шыққан деп Айгүл Орынбекті де сатып алғандар бар шығар..» ол жағын өзіңізден сұрауға бекіндік?

«Әр кәлләда бір қиял» демекші өздері сатылып үйреніп қалған соң, өзіндей көріп жүрген ғой елдің бәрін. Діни тақырыптар 2013 жылдан бері көтеріп келе жатқан тақырыптарымның бірі. М.Тазабекті жазғанымда мені біреулер сатып алыпты мыс. (күлді.) Мен ол кісінің е ақын, е діндар, е уағызшы, е журналист екенін түсініп болмаймын. Ол кісі кім еді?...

Мұхамеджан Тазабек жайында алып-қашпа әңгімелер бұрыннан да айтылып келеді, бұл тек бүгін ғана көтеріліп келе жатқан мәселе емес. Қоғам мені заңгер ретінде таныса, Мұхамеджан аға өзін қоғамға «солай» танытып отыр. Қазіргі таңда өзін қанша ақтаса да, өткенді өшіру мүмкін емес. Тыртық тыртық болып қала бермек.

Мұхамеджан аға менімен кездесу жайына келетін болсақ, ол кісі менімен кездесуге түрлі әрекеттер жасап, ортаға беделді азаматтарды салды. Оның ішінде министрлікте істейтін досым арқылы кешегі әлеуметтік даудан кейін менімен бетпе-бет жүздесуге және ат-шапан жапқысы келгендігін жеткізді. Әрине мен қарсылық білдірдім, себебі арабтың миллиардтаған қаржысын әкеліп құйса да, өзімнің ата-бабамыздан қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдени-рухани құндылығын ат-шапанға айырбастамаймын.

М. Тазабек өзінің шынайы дәстүрлі матуриди екенін қандай жолдармен дәлелдеу керек сіздің ойыңызша?                                                                                                                                                  

Өткен деректерге сүйенсек, имам Қанат Жұмағұлов ағамыздың қойған сұрақтары әлі күнге дейін жауапсыз қалып отыр. Сіздерге берген сұхбатында да М.Тазабеков нақты жауап берудің орнына түлкі-бұлаңға салынып, жауап беруден жалтарып отырған сияқты. Қанат ағаның сұрағы мынадай болған:

1.Абай Құнанбайұлы мен Мəшһүр Жүсіптің Алланы мекенсіз деп сипаттаулары - дұрыс сенім деп мойындаса, əрі Алланы өз болмысымен (затымен) аспанда деп сенудің адасушылық екенін қабылдаса;

2.Имам Тахауи Алла тағаланың болмысы шектелуден жəне ағзалардан пәк деп айтқан сенімін дұрыс əрі ақиқат деп мойындаса;

3.Мухаммад ибн Абдилуаһһабты адасқан деп қабылдаса;

4.ҚМДБ-ның тұғырнамасында көрсетілгендей Имам Əбу Ханифаның мəзһабына негізделген "матуриди" сенім мектебін əһлу сунна жолы деп мойындап, оны өз діни бағытына айналдырса;

5.Əрі осы айтылғандарды өз сөзімен БАҚ жəне əлеуметтік желілер арқылы жарияласа.

Енді бұл сұрақтарға нүкте қою үшін мен ҚМДБ бірлестігіне және М.Тазабектің өзіне ашық қоямын.

Қазақтың ер-азаматы өзінің сөзі бойынша мұсылман адам өтірік және екіжүзділік танытпайды. М.Тазабекке деген дәстүрлі көзқарас қалыптасу үшін осы сұрақтардың барлығына нақты жауап берсін. ҚМДБ - республикалық діни бірлестік, дін мәселесінде екі дүниеде де жауапты. М.Тазабекті ҚМДБ-ның жарғысы бойынша матуриди деп жарияласа, дауды осымен тоқтатамын деп үнемі айтып келемін.

Әңгімеңізге рақмет!

Айгүл Орынбектен бөлек Мұхамеджан Тазабектің тілшімізге берген жауабына қатысты журналист Дәурен Дариябек пен Арман Әубәкір және имам Қанат Жұмағұлдармен де хабарласып, сұрақ жолдаған едік. Қайрат Жұмағұл мен Дәурен Дариябектен әзірге ешқандай жауап жоқ. Ал журналист, этнограф Арман Әубәкірдің пікірімен жақын арада бөлісетін боламыз...

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

 

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір