• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 09:05:37
+35°

18 Ақпан, 2018 Әлеумет

Ақтөбе облысы су тасқынына қағаз жүзінде дайын

Сөзден іске көшіп, қауырт қимылдайтын кез емес пе бұл? Қыстың бітуіне екі-ақ апта қалды.

Көктем десе, тасыған өзендер мен су шайған ауылдар ойға оралады. Күн жылып, қар еріді дегенше халықтан маза кетті дей беріңіз. Былтыр Ақтөбе облысындағы Елек, Қарғалы, Жіңішке өзендері арнасынан асып, екі мыңға жуық тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген болатын. 315 үйді су басып қалған. Ал биыл апатты болдырмау үшін не істеліп жатыр? Табиғаттың тосын мінезіне шенділер дайын ба? Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақтөбе облысы әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді.

Өңір басшыларының жауабына қарағанда, 2017 жылы Ақтөбе қаласының аумағынан өтетін 8 өзенді тереңдету, тазарту, арнасын кеңейту және жағасын бекіту бойынша құжат әзірленген. Бұл нені білдіреді? Бұл жергілікті биліктің қағазға ұқыптылығын ғана білдіреді. Ал атқарылған жұмыс туралы мардымды мәлімет жоқтың қасы. Тек былтыр 50 млн теңгеге Сазды өзенінің 5 шақырымын апатқа дайындапты. Бұған да шүкір дейміз, әйтеуір жоқтан жоғары.

Биыл шенеуніктер Елек, Қарғалы және Сазды өзендерінің арналарын кеңейту, тазарту жұмыстарын атқаруды жоспарлап отыр екен. Тағы сол жоспар, тағы сол бейқамдық. Сөзден іске көшіп, қауырт қимылдайтын кез емес пе бұл? Қыстың бітуіне екі-ақ апта қалды. Әне-міне дегенше көктем шығады. Жолындағының бәрін жапыратын дүлей тасқын адамдардың асығып-үсігіп қойған шекарасына тоқтай ма? Оны уақытында көреміз.

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, былтырғы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін «Қолғанат Ақтөбе» қоры құрылған екен. Осы уақытқа дейін аталмыш қордың есепшотына кәсіпорындардан, облыс азаматтарынан және республиканың өзге өңірлерінен 253,3 млн теңге келіп түскен. 20 отбасыға пәтер мен үйдің кілті табысталған. 114 отбасыға өздерінің келісімімен облыс орталыған жер телімі берілген.

2017 жылы көктемгі су тасқыны кезінде Махамбетовка мен Қисықкөл ауылында 315 үй қауіпті аймақты қалды. Оның ішінде 73 үй бұзылған.

- Үйсіз қалған тұрғындарға әкімшілік тарапынан жер телімімен қатар 1 млн теңгеге сертификат табысталған. Аталған қаржыға 5х8 метр тұрғын үй салуға құрылыс материалдары, көлік шығындары және құрылыс жұмыстары кіреді,-дейді әкімдіктегілер.

Жалпы кейінгі жылдары су тасқыны жиілеп кетті. Эколог Мэлс Елеусізовтің пікірінше, оның себебін экологияның нашарлауынан, ғаламдық жылыну салдарынан іздеген дұрыс. Мұхиттағы ауа температурасы жарты градусқа көтерілген соң әлемнің түпкір-түпкірінде жауын жауып, өзендер тасып жатыр.

- Тасқынның алдын алу үшін барлық жерді тексеру керек. Қай жерден су өтеді – соны анықтап, қорғаныс жасау керек. Су өткен жерлердің картасын жасап, қалай болғанын жазып отыру керек. Ал біздің елімізде бұл ескерілмеген. Бөгет құрып, дамба қазып әрекет қылмасақ, оның соңы орны толмас апатқа апаруы мүмкін,- дейді эколог.

Қазақстан климаты ылғалды Оңтүстік-Шығыс Азияда немесе батпақты Сібірде орналаспаған. Бізде көктем мезгілінде ғана су тасиды. Басқа уақытта ауыл шаруашылығына қажет судың өзі тапшы. Сондықтан, әлгі бір әртіс айтпақшы, «шешілмейтін түйін жоқ». Әзілдеген жақсы ғой, әрине. Тек қар еріген кезде күлуге шамамыз келмей қалмаса болды.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір