• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:40:03
Алматы
+35°

01 Ақпан, 2018 Ғылым-білім

АҚШ-та оқитын студент: Қазақстандық жүйе таңған стереотиптерден арылдым

«Қайырлы күн! Мен қазақпын!», – дегенімде үшеуі маған таңырқай қарап қалды. Олардың түрін ешқашан ұмытпайтын шығармын.

Шетелде оқып жатқан Қазақстан азаматы көп. Соның бірі – Толғанай Байысбекова. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында тілдік курс пен академиялық дайындық сабақтарын аяқтады. Енді Қоғаммен стратегиялық байланыс мамандығын игермек. Қазақстанда аталмыш мамандық бойынша магистр дәрежесін алған Толғанайдың ендігі мақсаты – сол білімін тереңдету.

— АҚШ-та қазақстандық студенттерді қалай қабылдайды? Америкалықтардың Қазақстан жайында пікірі қандай?

— Мен оқыған университет ұстаздарының қазақ студенттері жайлы пікірі өте жақсы. Қазақстандық студенттер сабақтан қалмайды, кешікпейді, оқуға келгенде жауапкершіліктері жоғары. Болашақтықтар АҚШ-та қазақстандық студенттердің жақсы иммиджін қалыптастыра алған.

Кез келген америкалық Қазақстанды біле бермеуі мүмкін. Дегенмен көзі ашық адамдар біздің ел туралы хабардар. Әсіресе, мен тұрған штатта Генадий Головкинді жақсы таниды. Боксшымыз арқылы қазақ жұртын біледі.

— АҚШ пен Қазақстан жастарын салыстырып өтсең...

— АҚШ – еркіндік  елі. АҚШ жастарының ой еркіндігі қызықтырады. Десек те әр штатқа байланысты адамдары да әртүрлі келеді. Мен тұратын штаттың жастары толерантты. Бірақ кей штаттың жастары шетелден келгендерді жақтырмайды.

Ал жастардың біліміне келсек, АҚШ-тың жоғары білімі жақсы болғанымен, орта білімі керемет дей алмаймын. Біздегі мектеп оқушыларының танымы олардан көш ілгері.

АҚШ

— АҚШ-та оқитын студенттердің жағдайы қалай?

— АҚШ-та білім аламын деген адамға барлық жағдай жасалған. Тіпті, күні-түні ашық тұратын кітапханалар бар. Үйірмелер, ерікті қызметпен айналысатын ұйымдар өте көп. Соларға тіркеліп, бос уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге болады.

Әр ЖОО-да жатақхана әртүрлі. Кейде жатақханада тұрғаннан гөрі пәтер жалдаған тиімді болуы мүмкін. Ол оқитын университетің мен тұратын қалаңа байланысты.

— Білім алу үшін неліктен АҚШ-ты таңдадың?

— АҚШ-та білім алу – менің бала кездегі арманым және оң-солымды танығаннан кейінгі саналы таңдауым. Сондықтан ойланбастан АҚШ-та оқимын деп шештім. АҚШ университеттерінің басым бөлігі TOEFL тестінің нәтижесін сұрайды.  Мен «Болашақ»-қа IELTS нәтижесімен өттім, бірақ АҚШ университетіне TOEFL тапсырдым. Негізі IELTS тапсыруыма да болар еді, бірақ TOEFL-ды тапсырып көргім келді. TOEFL АҚШ пен бірен-саран елде ғана жарамды, ал IELTS нәтижесі ағылшынтілді барлық мемлекетте жарай береді.

— Шетелде оқығысы келетін жастарға қандай кеңес бересің?

— Ең алдымен шет тілін меңгеру керек. Жастар тіл үйрену дегенді тек аптасына үш рет курсқа бару деп түсінбесе екен. Сол тілде күнделікті кітап оқып, кино көріп, түрлі лекция тыңдау қажет. Курстан бөлек өздері ізденсе, жақсы нәтижеге жете алады.

Шетелде білім алғысы келетіндер жаңа ортаға тез бейімделе білуі керек.  Түрлі ұлт өкілдерімен біте қайнасып, сіңісіп кете алғаны маңызды.

— «Болашақ» бағдарламасымен оқуды жоспарлап жүргендерге қандай ақыл қосар едің? Шешуші сұхбаттасу кезеңінен қалай сәтті өтуге болады?

— Мақсатыңыз айқын, өзіңізге сенімді болуыңыз керек. Сұхбат кезінде ең алдымен шыдамдылық пен қайсарлық секілді мінезіңіз сыналады. Ол үшін бірнеше құйтырқы сұрақ қойылады. Осы сыннан сүрінбей өту үшін сабыр сақтап, өз позицияңыздан таймауыңыз керек. Шешуші сұхбаттасу кезінде Қазақстан тарихына, конституцияға және өз мамандығыңызға қатысты сұрақтар қойылады. Егер қойылған сауалдарға мүдірмей, дұрыс жауап берсеңіз, сізден артық үміткер болмайды.

— Шетелде оқып жүргенде басыңнан өткен ең қызықты оқиғаны айтып берші.

— Есімнен кетпес ерекше оқиғаның бірі Нью-Йорк қаласында болды. Наурызда оқу демалысымыз Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне тұспа-тұс келіп, отандасымызды қолдайық деп Нью-Йоркқа  бардық. Ол қалаға барып тұрып «Музей түні» фильміндегі мұражайға соқпай кету мен үшін орны толмас өкініш болар еді. Аталмыш фильмді көргеннен кейін ондағы музейді көруді армандаған едім. Сондықтан музейді аралауға бір күнімді арнадым. Музей алдында тұрғанымда қазақ әйелі мен екі ер адамның: «Мына қыз қазақтан аумайды екен. Жоқ, жапон болуы керек», – деп дауласып тұрғанын байқадым. «Қайырлы күн! Мен қазақпын!», – дегенімде үшеуі маған таңырқай қарап қалды. Олардың түрін ешқашан ұмытпайтын шығармын.

Өзімді жапонға ұқсатқан емеспін, бірақ АҚШ-та мені көбі жапон деп ойлайды.

— АҚШ-та тұрған уақытта не үйрендің, не түйдің?

— АҚШ-та уақытты тиімді пайдалануды үйрендім. Қазір әр күніме жоспар құрамын. Күн аяқталғанда атқарған жұмыстарымды қорытындылап, күнімді қаншалықты нәтижелі өткізгенімді саралаймын. Бір күнге құрылған жоспарды орындап шығудан асқан жақсы нәрсе жоқ деп білемін. Мұндағы жергілікті халық денсаулықтарына көңіл бөледі. Спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтануға тырысады. Бұл жақсы әдеттері маған да жұғысты болды. Шыдамдырақ бола түскендеймін.

АҚШ халқы толерантты. Мен соны өз бойыма аздап сіңіріп келе жатырмын. Біздің қоғам мен жүйенің таңып берген стереотиптерінен арылып жатқандаймын. Қазір көп нәрсеге басқаша қараймын.

Толғанай

— «Сырт көз – сыншы» дейді ғой. Шетелдіктермен араласа жүріп, қазақтардың қандай кемшілігін, қандай артықшылығын түсіндің?

— Біздің артықшылығымыз – кең пейіліміз бен қонақжайлығымыз. Бұл керемет қасиеттер көп ұлтта кездесе бермейді. Ал кемшілігіміз – жалқаулық. Өзіміздегі мінді көрмей, өзгені сынап, оның мінін табуды ойлап тұратынымыз.

Ал қалғаны тұрмыстық, әлеуметтік ерекшеліктер шығар. Сондықтан оларды артықшылық немесе кемшілік деп қарастырғаным дұрыс болмас.

— Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір