• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:16:23
Алматы
+35°

12 Мамыр, 2018 Аймақтар

Ақ Жайықтың  кәсіпкерлер отбасы

«Қайсар» цехының пластикалық есік-терезе өнімдері үздік деп танылып, кәсіпкер ана алғысхатпен марапатталған

Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алатыны анық.Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар бар болса да, әйел адамдарға бизнеспен айналысу екі есе қиын екені белгілі. Осы орайда кәсібі мен отбасын бірге алып жүрген нәзікжандылар бар. Солардың бірі - Батыс Қазақстан облысының  Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылының тұрғыны Жұмазия Молдағалиева.

Ол жетекшілік ететін «Қайсар» цехы пластикалық есік-терезе өнімдерін жасаумен айналысады. Аталмыш цех шығаратын өнімдер  аудан тұрғындарына, қала берді өңір жұртшылығына жақсы таныс. Кәсіпкер ананың өмір жолын айта кетсек, ол мектеп бітіргеннен кейін Орал кооперативтік техникумына оқуға түсіп, оны жақсы бағамен тәмамдайды. Кейін Таңат елді мекеніндегі азық-түлік дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді. 1985 жылдан бастап Жалпақтал ауылындағы ет комбинатына жұмысқа кіріскен. Мал сою – әйел адамның ісі емес екні белгілі. Десе де, он жылдай осы жұмысты адал атқарады. Комбинатта жүріп болашақ жары Жұбандықты кезіктіріп, тұрмыс құрады. Екеуі егіз қозыдай қол ұстасып, өмірде кездескен барлық ауыртпалықтарды бірге өткеріп келеді. Қос ұл мен қос қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың бар лығы да балалы-шағалы.

Жұмазия Молдағалиеваның айтуынша, пластикалық бұйымдар цехын ашуға үлкен ұлы себепкер болған. Ол оқуын бітірген соң Оралға барып пластикалық терезе мен есік жасайтын кәсіпкерлік саласында сегіз жылдай жұмыс жасаған.

-Балам ылғи да ауылымыздан пластикалық бұйым жасайтын цех ашсақ деп армандайтын. Балаларыммен ақылдаса отырып, «Қайсар» атты цехты аштым. Онда қазір екі ұлым қыз-мет жасайды. Пластикалық есік- терезелерге тапсырыс негізінен ауыл тұрғындарынан түсуде. Басында қалай болар екен, өнімдеріміз өтер ме екен деп алаңдайтынбыз. Шығарған өнімдеріміз ауылдастарымыздың көңілінен шығып, ауыл-аймақтан, өзге аудандардан біртіндеп тапсырыстар да түсе бастады. Сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан ғимараттарға да тапсырыс қабылдайтын болдық, – дейді кейіпкеріміз.

Бір ерекшелігі, бұл цех өнімдерін ауыл ардагерлеріне жеңілдікпен жасап береді. Өнімдерге жаз айларында тапсырыстар өте көп болады екен. Сол кезде бұл цехқа қосымша үш-төрт жұмысшы алынады. Молдағалиевтер отбасын кәсіпкерлер отбасы деуге болады. Яғни Жұмазия апайдың жары, ауылдың сыйлы азаматы Жұбандық аға 2012 жылы «Жұбандық» атты шаруа қожалығын құрған. Шаруа қожалығында 400 бас қой мен ірі қара малы бар. Қожалық басшысының айтуынша, қырқылған қой жүнін қолөнермен айналысатын ауыл адамдарына тегін береді. Қой мен сиырдан алынған ет, сүт, май өнімдерін ұлы Сағындық ашқан «Кәусар» атты дүкенде саттыққа шығарады. Осылайша Молдағалиевтер әулеті ауыл-аймақты, елімізді дамытуға өз үлестерін қосып келеді.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір