• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 15:49:15
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2018 Әлеумет

Аналарымен бірге абақтыға жабылған сәбилердің не жазығы бар?

Бүгінде түрік елінде Гүлен құрған «Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген күдікпен 17 мың әйел мен 600-ге жуық сәби абақтыда отыр.

Америкалық FOX News ақпараттық агенттігі Түркиядағы төңкерістен кейін жазықсыз түрмеге қамалған әйелдер мен олардың балалары туралы жазды. Мұны қазақшалаған Kazakhnews порталының ақпаратын Qamshy.kz ақпарат агенттігі ықшамдап беруді жөн көрді.

Деректерге сүйенсек, бүгінде түрік елінде Гүлен құрған «Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген күдікпен 17 мың әйел мен 600-ге жуық сәби абақтыда отыр.

32 жастағы балабақша мұғалімі және екі баланың анасы Айша былтыр түрмеге қамалды. Балаларын мектепке апара жатқан жолда оларды жеті полиция қоршап, Айшаның қолына кісен салады. Тұтқындалғаннан кейін екі айдан соң Айша төрт жасар баласы Әлиді жанына алады. Сөйтіп бүлдіршін де темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты.

Айша америкалық журналиске түрмедегі баласымен өткізген төрт айын әңгімелеп берді. 10 адамдық суық камерада 23 адам тұрған. Балалардың ішерге асы болмаған. Түні бойы жылаған ащы дауыстары әлі күнге дейін Айшаның ойынан кетер емес.

Камераның балалар үшін өте қауіпті орын екенін айтқан Айша енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан баланың басын темір кереуетке қатты соғып алғанын да есіне түсірді. Сол кезеңдердің расымен де өте ауыр болғанын күйінішпен жеткізген.

Үкіметтің және өзге де ресми ұйымдардың берген мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылдың тамыз айынан бастап 6 жасқа толмаған 668 бала аналарымен бірге қамауға алынған. Бұл аталған балалардың 23 %-ын бір жасқа да жетпеген сәбилер құрайды.

6-18 жас аралығындағы жүздеген бала тұтқында

Түрмедегі балалар

Түрік Әділет министрлігі абақтыда 6 жасқа толмаған балалар санының 56 екенін мәлімдеген. Алайда Courtesy of the Platform for Peace and Justice (PPJ) пен The Journalists and Writers Foundation (JWF) секілді халықаралық ұйымдар төңкеріс әрекетінен кейін жүздеген бала мен сәби әлі күнге дейін өмірлерін түрмеде өткізіп жатқанын айтады.

2016 жылдың шілде айында Режеп Тайып Ердоғанға қарсы ұйымдастырылған төңкеріс әрекетінен кейін жүз мыңдаған адаммен бірге аналар мен балалар да қоса қамалды. Төңкеріс әрекетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі Фетуллаһ Гүлен және «Қызмет» қозғалысымен байланысы бар деген күдікке ілінген барлық жанның қамауға алынуына жағдай жасады.

Орталығы Англияда орналасқан, сыртқы саясатпен айналысатын «Henry Jackson Society» басшысы доктор Алан Мендоза азаматтық қоғамда абақтыда бала болмайтынын айтты. Ол ана мен баланың ешқандай кінәсіз қамауға алынуын «құқықтық бояма» саясаты деп атады.

Түрмедегі балалар

Вашингтонда орналасқан «The Foundation for the Defense of Democracies» ұйымының зерттеушісі Мерве Тахироглу: «Төңкеріс әрекетінен бері қамауға алынған ана мен балаларға қатысты тағы бір жан түршігерлік жағдай: ақиқатында осы жандар – өздері күдікті емес, күдіктілердің жары және балалары. Бұл жағдай – жаппай жазаға тартудың бір мысалы», – дейді.

Түркияға қатысты зерттеу жүргізетін Белгиялық Бейбітшілік және Әділет Платформасы (Platform for Peace and Justice, PPJ) атты тәуелсіз адам құқықтарын қорғау ұйымының директоры Угар Ток болса: «Түркияда бір әйел сот отырысына шыққанша, 6-10 ай қамауға алынады. Осы уақыт ішінде үкімет айыпталушылардың адвокат көмегіне жүгінуіне кедергі келтіріп, өз-өздерін қорғауға мәжбүр қылады», – деді.

Дүниежүзілік Түрме Бюллетені (World Prison Brief) мәлімдемелеріне сәйкес, өткен жылы қазан айынан бастап Түркияда күдікті ретінде қамауға алынғандардың 4,4 %-ын әйелдер құраған. Бас бостандығы шектелген әйелдердің саны ресми статистикаға сәйкес 10 мың болса, Угар Ток бұл көрсеткіштің 17 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін айтады.

2016 жылғы оқиғадан кейін тұтқындалғандардың бірі Измирде тұратын 34 жастағы университет оқытушысы Кам. Оған тағылған айып — Гүленге қатысы бар делінген банкте жеке есепшотының болғандығы. Осындай күдікке мыңдаған адам ілінген. Ол жеті айлық ұлы мен одан бөлек екі баласымен күнін сәбидің жерде еңбектеуіне де тыйым салынған түрмеде өткізді. Тіпті бүлдіршіндердің ойыншықпен ойнауларына да рұқсат етілмейтінін айтқан Кам, әсіресе таза ауыз суға зар болғандарын еске алды. Кам қазіргі уақытта отбасымен бірге Германияда тұрады. Олар онда елінен безіп, бас сауғалап барған.

Түрмедегі балалар

Нұрхаят Йылдыз 27 жасында, егіз сәбиім болады деп ана болуға дайындалып жүрген келіншек еді. 2016 жылдың 29 тамызында Солтүстік Анадолыдағы Синоп атты қалада дәрігер қарауында болып, үйіне қайтарда автобусқа мінген бойы ұсталып кете барды. Тағы да сол Гүлен ұйымына мүше деген айыппен қамауға алынған Нұрхаят түрмеде жүктілік мерзімінің 19-шы аптасында баласынан айырылды.

Нұрхаят Йылдыз

Нұрхаят

Ол «ByLock» бағдарламасын телефонына жүктеп алғандығы үшін осындай ауыр жағдайға тап болды. «ByLock» бағдарламасының сауда-саттық мақсатында қолданылатынына қарамастан, Түркия үкіметі «Қызмет» қозғалысы мүшелерінің осы бағдарламаның арқасында бір-бірімен байланыс орнатып, төңкеріс әрекетін ұйымдастырған деген жалған айыппен мыңдаған адамды қамауға алды. Н.Йылдыздың айналасындағы жақындары болса, оның телефонында мұндай бағдарламаның мүлдем болмағанын айтады. Не болғанда да, Н.Йылдыз 2016 жылдың 6 қазан күні жүктіліктің 19-шы аптасында темір тордың ар жағында екі бірдей баласынан айырылды.

Вашингтондағы Advocates for Slienced Turkey (AST) ұйымымен ерікті түрде жұмыс істеген және біраз уақыт бұрын Калифорнияда тұрған түрік белсендісі «Fox News»-ке берген сұқбатында: «Нұрхаяттың арманы ұшты-күйлі жоқ болды. Қазіргі таңда үлкен күйзеліспен психологиялық тұрғыдан ауыр күндерін өткізуде. Өте аз сөйлеседі. Егіздері енді қайтіп оралмайды», – деді.

27 жастағы Нұр Анкара Университетінің құқық факультетін бітірген маман. Нұр сол бір қорқынышты түстей болған 2017 жылдың 18 қаңтарын «Полиция таңертең сағат 03:00-де үйіме келді. 2008 жылы жатаханада бірге тұрған әлдекімдермен байланысты менің террорист екенімді айтты», – деп есіне алады. Нұр Ескішехирдегі үйінен тұтқындалған күйі қап-қараңғы абақтыға жабылды.

Нұр құқық қорғаушы

Нұр, құқық қорғаушы

Нұр өзін жолы болғыш жан деп есептейді. Тыныс жолы демікпесі және жүрек ақауына байланысты қамауға алынғаннан кейін 5 күннен соң дәрігер қарауына жіберіліп, сот арқылы бостандыққа шықты. Артынша, алғашқы мүмкіндікте-ақ контрабандашылар көлігіне мінгесіп, Түркиямен қоштасты. Қазіргі күнде АҚШ-та тұратын Нұр, өзін қауіпсіз сезінумен қатар, тұтқындалған өзге де аналарға, балаларына және әсіресе жүктілік мерзіміне қарамастан қамауға алынып, психологиялық қысымның нәтижесінде сәбиінен айырылған аналарға берген уәдесін орындауға тырысып жүр.

Ал Түркияның Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлгі осы оқиғаларға қатысты қандай да бір сұрақтарға жауап бермей үнсіз отыр. Билік өкілдері арасында әйел және балалар, осы секілді мыңдаған адамның тұтқынға алынғандарын жайдан-жай емес екенін, ұлттық қауіпсіздік үшін өмірлік маңызы бар екендігін айтып бағуда.

Әлем бойынша айыпталушылардың денсаулықтарына қатысты істермен айналысатын және дағдарыс орталықтарын құрған Халықаралық Қызыл Крест Ұйымы (The International Committee of Red Cross) енді бұдан былай Түркияға өкілдік етпейтіндгін және мониторинг жасамайтынын жариялады. 2016 жылдың шілде айында ұйымдастырылған төңкеріс әрекетінің артынша бірнеше мың адам тұтқындалды. Тұтқындалушылардың басым көпшілігі төңкеріс әрекетіне қатыспады және «Amnesty International» өкілі «Fox News»-ке жасаған мәлімдемесінде ұйым жасаған зерттеулердің нәтижесінде қандай да бір кінәлі іске дәлел таба алмағанын айтты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір