• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Мамыр, 04:28:52
+35°

24 Желтоқсан, 2017 Саясат

Әміржан Қосанов: Француз түрмесінен шыққан соң, Әблязов қателік жасады

Еліміздің белді саясаткерлері Мұхтар Әбязовтың халықты көшеге шығып, көтерілуге шақырып жатқан жатқан үндеулеріне қатысты пікірлерін білдіріп жатыр.

                     Әміржан Қосановтың экс-банкир жайындағы пікірі қандай?

Еліміздің белді саясаткерлері Мұхтар Әбязовтың халықты көшеге шығып, көтерілуге шақырып жатқан жатқан үндеулеріне қатысты пікірлерін білдіріп жатыр. Солардың бірі Әміржан Қосанов жақында ғана «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында экс-банкирдің осы күнге дейін жасаған әрекеттеріне баға берді. Саясаткер жүзеге асу мүмкіншілігі жоқ жалған уәделермен көпшілікті алдап келе жатқан Әблязовтың саясатқа келуінен бастап, бүгінгі үгіт-насихат жұмыстарына дейін тоқталған.

Автор 2001 жылдары экс-шенеуніктің өз әріптестерімен ДВК-ны құрғанда ашық түрде қолдағанын жасырмады. Тіпті, сотты болып, үстінен іс қаралып жатқанда АҚШ-тан адвокат алып келіп, қорғаштаған екен. БТА банкті басқарып, артынша елден кетіп, оппозиционер болғанда ескі оппозиция өкілі ретінде ісіне оң баға берген. Бұл туралы автор өз сөзінде: «оппозиция қатарында жүрген кез келген адам құрметке лайық» деп атап өтті.

Дегенмен Әміржан Қосанов француз түрмесінен шыққан атышулы Әблязовтың әрекеттерін ақтап алуға болмайтынын айтады. Автор: «Бірақ француз түрмесінен шыққан соң Әблязов екі өрескел қателік жасады.

Біріншіден, ол Парижде отырып, ел ішінде оппозициялық өмірдің суығына тоңып, ыстығына күйіп келе жатқан, режимнің бар өктемдігі мен теперішіне шыдап, басқа елге қашып кетпеген біраз адамды талағы тарс айырылып, қаралай бастады. Меніңше, біріккісі келетін саясаткер олай жасамайды.

Екіншіден, өзіне қатысты өткен сот процесінде өзіне тағылған барлық айыпқа әр бабы бойынша жауап беруі керек деген ұсынысыма ол жауап қатпады» дейді. Саясаткердің сөзінің жаны бар, экс-банкир саясатта жүргенде де, бизнеспен айналысқан да еліміздің саясаткерлерімен, олигархтарымен қоян-қолтық араласты. Олардың қыр-сырынан да азды-көпті хабары бар. Дегенмен Әблязовтың соңғы жазбалары бұрынғы әріптестерін де, елдегі белді саясаткерлерді де қаралауға бағытталған. Автор мұны саяси позициядан гөрі жеке басының кекшілдігіне ұқсатады. Сонымен қатар экс-шенеуніктің миллиардтаған қаржыны шетелге алып кетпесе, әрбір баб бойынша ақталуға мүмкіндігінің болғандығын алға тартады. Не үшін мұндай жолы таңдағаны бізге де беймәлім.

Әміржан Қосанов Мұхтар Әблязовтың ел билігін жамандап, ДВК-ны құрып, ұрандатып отырғанын былай түсіндіреді: «Құдды бір өз тағдырын шешетін батыс соттарына «Қазақстандағы жалғыз оппозиционер – мен ғанамын!» деп сигнал беріп жатқан сияқты. Менің ойым басқаша: егер де ортақ – демократия мен әділеттік жолында күрес – мақсат болса, онда өз әріптестеріне күйе жақпай, керісінше, жақсылығын асырып, бір-бірімізге жақындай түсуіміз керек. Әблязовтан ондай оң ниет көрген жоқпын.

Өзінің осы көзқарасы арқылы ол 20 жылдан астам билікке қарсы шығып, басын нартәуекелге тігіп, халықтың сөзін сөйлеп жүрген барша қауымның еңбегін жоққа шығарып жатыр деп ойлаймын». Атышулы экс-банкирдің әрбір тікелей эфирі ел билігі мен саясаткерлерін жамандаудан тұрады. Соңғы уақыттарда үзеңгілес болған әріптестерінің есімі де әшкерелеу мен қаралауға толы посттардың тақырыбына арқау болып келеді. Осы күнге дейін қарапайым халық арасында талқылау жүріп жатқан әйгілі Әблязовтың әрекеттеріне саяси тұрғыда берілген бағаны оқығыңыз келсе, мақаланы да қоса жіберіп отырмыз.

Жанат Байділдә

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір