• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 04:18:07
Алматы
+35°

12 Қараша, 2017 Ғылым-білім

Алтайдың Берелі – тарихымыздың беделі (жол жазба)

2017-нің соңғы мезгілі – тауық жылы қанатын бір қақса қолдан сытылып, келмеске кететін уақыт.

Бүгін тәуелсіз қазақ археологиясының серкесі Зейнолла Самаштың туған күні. Қазақтың ұлттық тарихының тегін тектеп, мың жылдықтарға тартатын мәдениетінің мәйегін археологиялық бұлтартпас дәйектермен дәлелдеуге ақыл-парасатын арнап келе жатқан профессор ағамызды 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз және ақын Алмас Ахметбекұлының осы тақырыпқа арналған сапар естелігін ұсынамыз.

2017-нің соңғы мезгілі – тауық жылы қанатын бір қақса қолдан сытылып, келмеске кететін уақыт.

Бұл жыл мен үшін сәні де, мәні де мол сапарларға толы болды. Алматыда - Алатау қойнауында әлемдік универсиада өтті. Көрермені болып, көк туды серпіп тұрдық. Астанаға барып, ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылғанын көрдік, өзектен өрген өлеңімізді арнадық. Еліміздің аңызды, абызды, аяулы өлкелері Маңғыстауда болып, Каспийде жүздік. Сырдария мен Тобыл өзеніне бетімізді жудық. Әсіресе Атамекенім Шығыс Қазақстанға бірнеше қайрылып, Семей – Өскемен, Жидебай-Тарбағатай, Алакөл – Жайсаңкөл деп түкпір-түкпірін түгендегендей болдым. Қалам ұстайтын адамға әр сапары әсерлі әңгіме ғой.  «Бәрін айт та, бірін айт», – деп, Берелге барғаныма тоқталғым келді.

Берел қорғаны

Шілденің басында еңселі бауырларымыздың бір тобы Қатонқарағайға шақырды. Жаздың жазира шағы, Алтайдың құлпырып тұрған тұсы. Алматыдан Өскемен қазіргі ұшақтар үшін бір сағаттық ғана жол. Жетісудың түстігінен көтерілесіз де, Балқаштың шығысы мен Алакөлдің арасынан өтіп, Тарбағатай жоталарының аласарып, толастар тұсынан Ертіс бойына қарай еңкейе бастайсыз. Осыншама гүлзар өлке елестей ғана есте қалады. Өскеменнен ары тау жолымен тартып отырып, жайсаң ойпатына Самардың тұсынан түсесіз де, көлігіңізбен паронға шығып, Үлкен Нарынның тұсынан Жайсаңкөлдің арғы жағасына жетесіз. Алдағы көмбе – Қатонқарағай. Біздің топбасымыз осы Қатонның жігіті – Қайрат Ахметов. Қатонның іргесіндегі Топқайыңның тумасы.

Табиғаттың тамаша келбеті онсыз да көтеріңкі көңілді желпіндіріп жібереді ғой. Жер беті тізеден көк шалғын. Анадайда орманы сыңсыған беткейлер. Жұрт жаппай бие байлайды екен. Кезекті үйге сәлемдесіп кіріп барамыз да, амандық білгелі кіргенімізді, асығыс жүргенімізді айтамыз. «Асықсаңдар қымыз ішіңдер, әлде саумал ма?», – дейді. Қышқылтым иісін бұрқыратып, сарқымызын сапыра бастайды. Қымызбен мөп-мөлдір ара балы бірге келеді. Бұндағы жұрт балды шай қасықпен көсіп алады да, қымызға араластырып ішеді екен. Бұрын бұндайды көрмеппін де.

Ауылына сағынып келген жігіттердің ертеңгі тірлігі – аруақтар, ата-бабалар жатқан зиратқа зиярат етуден басталады. Топқайыңдағы орман арасында орналасқан ауқымды зираттың елеулі алаңқайында Қалихан жатыр. Қазақтың қайсар мінезді қаламгері – Қалихан Ысқақ. Қалекеңнің рухына Құран бағыштап, ол кісі жайлы естелік айттық. Ал Қатонқарағайға кіреберісте жол бойына  Қаратай бабаның алып ескерткіші қоладан құйылған. Тарихқа тағзым – рухани жаңғыру деген осы болар деп ойлайсың. Ескерткіштің қарсы жағындағы қабірстанда Дидахмет Әшімхан жатыр. Жазушының зираты екенін әйгілейтін ойлы дизайнмен әдіптелген зираттың төрінен жайдарман жазушының ақжарқын бейнесі бізге қарайды. Қаланың орталығында Оралхан Бөкейдің жастық шағын бейнелейтін қола мүсін тауға қарап тұр. Жігіттер ауылға барған сайын осы ескерткіштерді айналып шығады екен. Себебі: өздері қойған – өздері туған өлкенің тарихына, өңірден шыққан әйгілі тұлғаларға деген өзгеше құрмет пен өздері жасатқан туындылар – ескерткіштер ғой бұл.

Қарасай Батыр

Біз бұқтырманы өрлеп жолға шығамыз – Оралхан Бөкейді, Баламер Сахариді туған ауылдардан өтеміз. Алдымызда қазақ жерінің ең шығыс шегі – қазақ даласы деген алып кеменің кемерінде жатқан Берел мен Аршаты. Арамыздағы ең жасымыз Ғани Шаймардан осы Аршатының тумасы. Өзінің балалық шағы өткен ауылға жиі келіп, қолдау көрсетіп, әртүрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Осы жолы да арысы Таулы Алтай, Барынауылдан, берісі еліміздің әр түкпірінен біраз жұрт сол Ғанидің шақыруымен жиналғанбыз. Дәстүрлі шараға қатысып, әсерлі сөзімізді арнап, өлеңімізді оқыған соң көп аялдамай Берел қорғанына бұрылдық. Тобымызбен келдік. Бізді «Алтай - түркі халықтарының алтын бесігі» деген тиянаққа тоқтатқан осы Қатонқарағайдағы Берел қорғаны ғой.

Берел қорғаны

Тау аңғарында тең қабырғалы үшбұрыш пішініндегі аумағы екі-үш шаршы шақырым болатын жазық – теп-тегіс текше. Ежелгі заманның сиқырлы пантеоны. Қандысу мен Аршаты сияқты асау өзендер қосылып келіп, қасынан ағады. Тау өзені қанша мың жыл тасыса да бұл текшеге шықпаған, жер пішіні бұзылмаған. Көк шалғыны жайқалып, алуан бояу гүлдері жамырап тұр. Бүгінде бұл маң қоршалған, қорғалған.

Жолбастаушымыз Құрмет Шаймарданұлы деген зиялы жігіт еді. Ол мектеп оқып жүргенде осы текшенің тастарын тазалап, шапбалық жасайтындарын айтып, тау сағаларының атын атап, түсін түстеп келеді. Қазір мұнда мұражай, кеңсе ғимараттары салынған. Орталық болашақ тарихшылар мен археологтардың тәжірибеден өтетін бағдарламалық жұмыстарын жолға қойған. Патша мүрдесі деп атаған екі адам денесі және тоғыз жирен айғыр ер тұрманымен табылған қорған ғалымдардың әспеттеуімен қалпына келтіріліп, қабір үстінен шыны күмбезді ғимарат тұрғызылған.

Ғалымдардың әспеттеуімен дегеннен шығады – қазір бұл жерде ғалымдардың көкесі, тәуелсіз қазақ археологиясының серкесі, проффессор Зейнолла Самаш отыр. Біз  ол кісіге арнайы кіріп, сәлем бердік. Ғалым жұмыс үстінде екен. Осы Берелді белгісінен таныған, оның беделді дүние екенін ашылмай тұрып топшылаған сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамай халықаралық жоба тағайындаған осы кісі. Француздармен бірлесіп атқарылған осынау ауқымды жобаның әр қадамын орнықтырып, алғашқы көмбені қасықпен қазған, қандауырмен аршыған, қауырсынмен тазалаған, сөйтіп арғы мыңжылдықтардың тұңғиығында жатқан тарих кілтінің төбесінен түсіп, тегіміздің жаңа белестерін ашқан ағамыз ғой – профессор Зейнолла Самаш.

Зейнолла Самаш

Қатондық жігіттер Зейнолла ағамызға «онсызда табиғатымен танымал Қатонқарағайдың беделін Берел ғажайыптары арқылы тағы да бір биікке көтергеніңіз үшін», – деп алғыстарын айтып жатты.

Мұражайға келушілер жаз айында молығады екен. Дайындықтан өткен жас мамандар жатық әңгімемен таныстырып жүрді. Ал біз профессордың өзіне қолқа салдық: «Өз қолыңызбен ашқан, 20 жыл бойы ақыл мен парасатыңызды арнап келе жатқан нысандарды, жаңадан ашылып жатқандарын, жоспарға алынғандарын өзі бастап жүріп таныстыруын» өтіндік. Зекең сәл ойланды да көмекшілерін ертіп, біздің топқа қосылды. Ары қарай профессордың бастауымен екі мың, екі жарым мың жылдық тарихқа әсерлі саяхат басталды дейсің.

Қатонқарағай

Біз әңгімені ары қарай жалғар едік, бірақ онымыз профессордың лекциясынан алған конспектіге ұқсап кететіндей. Одан гөрі сіздерге «Берел қорғаны», «Зейнолла Самаш» дейтін кілт сөздерді ұсынғанды жөн көрдік. Құнды мағлұматтарға толы парақшаларды өзіңіз ақтарарсыз.

Алтай  – қазақтың айбары, алтын айдары.
Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі.

Алмас Ахметбекұлы ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір