• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 09:41:40
Алматы
+35°

18 Мамыр, 2018

Алматыны қан-қақсатқан «қара риэлторлар» қалай ұсталды?

Қаскөйлер пәтерін иелену үшін үш бірдей адамды асқан қатігездікпен өлтіріп, мәйіттердің бетін жасырған.

Қаскөйлер пәтерін иелену үшін үш бірдей адамды асқан қатігездікпен өлтіріп, мәйіттердің бетін жасырған. Төртінші адам ғажайыптың күшімен аман қалды. Егер ол «көрден» тұрып кетпегенде, жалғызілікті жандар мен ішімдікке үйір адамдарды аңдыған топ әлі талай кісінің қанын төгер еді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

2016 жылдың сәуір айы. Алматы қаласының батыс бетіндегі күре жолдың бойынан криминалды полиция қызметкерлері ер адамның көмілген мәйітін қазып алды. Қарақшылар марқұмның кеуде тұсынан үш жерден, жауырын тұсынан төрт жерден пышақ салған. Сондай-ақ, шүйдесінен ауыр затпен соққы жасаған. Кеудесінен жан кеткен соң, жол жиегіндегі су орған арыққа құлатып, бетін топырақпен жаба салған.

Қара риэлтор

Қарақшылардың кімдер екені асқан жылдамдықпен, санаулы сағаттар ішінде анықталды. Бірер күннің айналасында Саламат Жамболатовтың ұйымдасқан қылмыстық тобы толығымен қамауға алынды. Қожайынын өлтіріп, пәтерін саудалау арқылы байлыққа кенелгісі келген қылмыстық топтың өз мақсаттарына жетуге деген өлермендігі сондай, олар керегін тауып беретін кісіні ең тиімді жерден кезіктірген екен. Яғни, Халыққа қызмет көрсету орталығында қылмыскерлерге жалғысбасты адамдар туралы мәлімет беретін дереккөз болған.

Бірақ қандықол қарақшылар құрған жоспардың күл-талқаны шықты. Сонымен өздерін аса айлакер санаған топ қай жерден қателесті?

Қара риэлтор

Бибігүл Досқанова

2016 жылдың 9 сәуірі күні орын алған қанды қылмыс былай өрбіген: тергеушілер ауызекі тілде «есікшқыш» атап кеткен Бибігүл Досқанова қылмыстық жоспардың алғашқы сүрлеуін салады. Марқұм Виталий Яковлевке «жұмыс тауып берем» деп уәде етіп, кафеге шақырады. Өзін кафенің әкімшісі ретінде таныстырған майдатілді сылқымның сөзіне иланбау мүмкін емес еді. Көршісі Вичяслав Блощицынді ерте келген Виталий Яковлев көрікті келіншектің көкейін тескен басқа емес, өзінің екі пәтері екенін әрине, білген жоқ. Ағыл-тегіл ішімдік буынын алған Виталий Яковлев аяқтан тұрудан қалады. Араққа ұйықтататын дәрі қосқан «есікашқыш» пен көрші үстелде аңдып отырған серіктерінің де күткені осы еді. Бірі удай мас, бірінің есі кіресілі- шығасылы екеуді сәлден кейін қаланың сыртына алып шыққан қылмыскерлер аяусыз пышақтаған, сосын жолдың шетіндегі су орған арыққа құлатып, апыл-ғұпыл көмген. Бірақ жәбірленушінің бағына, ал қылмыскерлердің сорына қарай екеудің бірі тірі еді. Қараңғы қапастан тырбанып әрең шыққан Вичяслав Блощицын сол «көрден тұрған» бойы жанұшырып, аудандық ішкі істер бөліміне жеткен. Міне, қылмыскерлердің дереу ұсталуына осы жағдай себепкер болды.

Қара риэлтор

Павел Крынин

Енді қылмыстық топтың мүшелерімен таныстырайық. Ұйымдастырушысы – 1986 жылы Алматы облысында туған Саламат Жамболатов. Топтағы ең егде адам – Юнус Кучаров. Ол 1972 жылы Өзбекстанда туған, сол елдің азаматы. Павел Крынин 1994 жылы Алматы қаласында, Сейдазим Аманов 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Сондай-ақ, қылмыстық топта ерекше қызметімен дараланған Бибігүл Досқанова бар. Ол Қарағанды облысының тумасы. Бір таңданарлығы, топ мүшелерінің ешқайсысы бұрын істі болмаған, заң бұзып көзге түспеген.

Қарақшылар тегіс қамауға алынды. Алайда тергеушілер үшін жұмыс әлі көп еді. Себебі ұсталғандар жеме-жемге келгенде қылмысты бір-біріне сілтеп, жазадан жалтаруға тырысты. Қылмыстық іс деректеріндегі мәліметтерге қарасақ, тергеу ісі 5 айға созылған. Сонымен қатар, күдіктілер жеке-жеке тергеліп, олар айтқан сөздің рас-өтірігін анықтау үшін 70-ке жуық беттестірулер жасалған. Міне, осы беттестірулер кезінде қылмыстық топтың бұған дейін де екі адамды жер жастандырғаны мәлім болды.

Қара риэлтор

Сейдазим Аманов

Қылмыстық топ оларды не үшін өлтірген? Мақсат – баяғы, сценарий – бұрынғы. Яғни, қарақшылар пәтерін сатып, пайдаға кенелу үшін үй иелерінің көзін жойған. Алайда қылмыскерлердің бәрі өзін судан таза, сүттен ақ көрсетуге ұмтылды. Қолымен істегенін мойнымен көтеруге келгенде кешегі достықтары адыра қалып, бір-бірін тағы да қаралап шықты. Мәселен Амановтың айтуынша, пәтер иесін Жамболатовтың бұйрығымен Кучаров өлтірген. Ал Кучаровтың сөзіне сенсеңіз, ол кірмей тұрып пәтер иесі жан тапсырған. Крынин тіпті өзін қылмыскер емес, кездейсоқ куәгер ретінде көрсеткісі келеді. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы - Жамболатов та бұл жерде кездейсоқ кісінің кейпін танытуға барын салды. Мұндай ала-құла жауаптар тергеушілердің уақытын алғаны болмаса, ақиқатты жасыруға жараған жоқ. Қылмыскерлерді бір-бірімен кезіктірмей, жеке-жеке тергеудің және қажет кезінде беттестіріп, нақтылау жұмыстарын жүргізудің соңы оқиғаның қалай өрбігенін әйгілеп берді.

Сонымен оқиға қалай болған? Қылмыстық топ алғашқы жорыққа 2016 жылдың ақпан айында шыққан. «Көктем-2» ықшамауданында тұратын Аркадий Плисстің үйіне кіру үшін қылмыскерлер алдымен «есікашқышты» жұмсайды. Пәтер иесінің көңілдесі Жанна Бақыпбаевамен алдын-ала танысып үлгерген Досқанова пәтерге әрине, құры қол келмейді. Көңілді отырыстың соңы үй иелерінің естен тана құлауымен аяқталады. Осыны күткен «есікшқыш» дереу серіктеріне хабар берген.

Ашық есіктен баса-көктей кірген қарақшылар үй иелерін өлтіріп қана қоймай, пәтердің құжаттарын да өздерімен ала кеткен. Олардың негізгі көздегені де – осы еді. Ал мәйіттен құтылу қатігез қарақшыларға еш қиындық туғызбапты. Олар марқұмдардың денесін «Дружба» ықшамауданындағы үйлердің біріне әкеліп, дәретханаға тастай салған. Айналаға өлексе иісі тарамас үшін үстіне қоқыс қалдықтарын төккен.

Қара риэлтор

Саламат Жамболатов

Топ ұйымдастырушысы Саламат Жамболатов қылмыстық оқиғадан бір апта өтер-өтпесте пәтер сатудың қамына кіріседі. Алдымен ғаламтор арқылы үй иесіне ұқсайтын адам тауып, онымен келіседі. Сол адам нотариусқа марқұм Аркадий Плисстің құжатымен барып, пәтерін өзге біреуге сатады. Одан қылмыскерлердің бірі Сейдазим Аманов сатып алып, үшінші адамға саудалайды. Осылайша, аз уақыттың ішінде марқұмның пәтері қолдан қолға өтіп, қылмыскерлер үлкен ақшаға кенеледі. Әккі топтың құрбан таңдаудағы шеберлігі сонша, қашан қылмыскерлер қолға түскенше марқұмдарды ешкім іздемеген. Егер екінші жорық сәтсіз болмағанда, Аркадий Плисс пен Жанна Бақыпбаеваның қайда екені сол күйі белгісіз қала беруі әбден мүмкін еді.

Қара риэлтор

Юнус Кучаров

Бір қызығы, алғашқыда екі бірдей адамды аиуандықпен өлтірген қарақшылар арам жолмен түскен ақшаны ренішсіз бөлісе алмаған. Мәселен қолын қанға малса да, Юнус Кучаровке көк тиын бұйырмаған екен. Жамболатов оған «Сенің осы уақытқа дейінгі ішіп-жеміңнің өзі алар үлесіңнен асып кетті» деп қара бақырсыз қалдырған. Осыған күйінген Кучаров Өзбекстанға қайтіп кетеді. Алайда ол жақтан жұмыс таппай Алматыға қайта келгенде серіктері оған жаңа ұсыныс айтса керек. Өзара келісім бойынша бұл жолы ол міндетті түрде қанды табыстан үлес алуы тиіс-тін. Бірақ тағдыр оның маңдайына табысты емес, жазаны бөлісуді жазған екен. 2017 жылдың ақпан айында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыскерлерді 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Пәтерін саудалау үшін иесін өлтірген қаныпезерлер енді осынша уақытты өзге пәтерде өткізеді. Ол әрине, түрменің төрі!

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір