• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 01:28:17
Алматы
+35°

20 Сәуір, 2018 Аймақтар

Алматыда жарылғыш зат жайлы хабар берген 14 дерек тіркелген

Алматыда биыл жарылғыш зат жайлы жалған хабар берген 14 дерек тіркелді

Алматыда биыл жарылғыш зат жайлы жалған хабар берген 14 дерек тіркелді.

Алматыда кеше «Кенжехан» әмбебап сауда орталығына, ал бүгін қалалық Әділет департаментіне жарылғыш зат қойылды деген ақпар түсті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оған арнайы қызметтің барлық өкілдері тартылған. Бірақ хабарлама жалған болып шықты. Осы кезге дейінгі түскен қоңыраулар секілді. Алматыда соңғы күндері жарылғыш зат бар деген телефон қоңыраулары жиілеп кетті.

-Азамат, мұның себебі неде? Осы тақырыпты біраз зерделепсің. Телефонға телміргендер жазадан құтыламыз деп ойлайды ма?

-Тоғжан, әрине, олардың осылай ойлауы салдарынан құзырлыларға күніне бірнеше қоңырау түседі екен. Бірақ оларды анықтау уақыттың еншісіндегі ғана мәселе. Оның үстіне кінәлілер бірнеше жыл темір торға тоғытылуы да мүмкін.

Расымен де, Алматыда соңғы уақытта осындай оқиғалар жиі тіркеле бастады. Көктем бастала салысымен Алмалы аудандық соты, ірі сауда орталығы, қонақ үй, мейрамхана мен тамақтану орындарында бәзбіреулер жарылғыш заттың қойылғанын мәлімдепті. Осы уақытқа дейін 14 дерек тіркеліп, барлығына қылмыстық іс қозғалған. Өткен жылы 9 жалған қоңырау түссе, оның екеуін жүйке жүйесімен ауыратындар жасапты. Қазір олар жазаларын жабық медициналық орталықтарда өтеп жатыр. 2016 жылы осындай 13 жағдай тіркеліпті. Айта кетейін, биылғы көрсеткіш күні кеше өзгерді. «Кенжехан-2» базарында жарылғыш зат бар деген ақпарат түсіп, арнайы қызмет өкілдері аяғынан тік тұрды. Бірақ мәлімет расталмады. Ал бүгін таңертең осындай сценариймен қалалық Әділет департаментінде адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Тағы да жалған қоңырау.

«Мұндай әрекетке Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша жаза қарастырылған. Қылмысты жасаған адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ жағдайға байланысты тағайындалатын жаза да әр түрлі», - деді заңгер Станислав ЛОПАТИН.

Құзырлылардың хабарламаны тексеруге шығуы мемлекетке қомақты қаржы тұрады. Сонымен қатар, жауапкершілік те үлкен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасалатын жалған қоңыраудың 85 пайызын арақ пен есірткіге мас болғандар жасайды екен.

«Психологиялық сипаттамасы бар мұндай қылмыскерлердің. Көбінесе, арнайы талдау көрсеткендей, бұл қылмыскерлердің ішкілікке, спирттік ішімдікке сылқия тойып алып осындай әрекеттерге баратындары айқын дәлел. Екінші санатта бұл жүйке жүйесі ауруымен ауыратындар. Мысалы, былтырғы тоғыз деректің екеуін ауру адамдар жасаған болатын. Қазір олар жазаларын медициналық оқшаулау мекемелерінде өтеп жатыр», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Телефон арқылы айласын асырып, еріккендер темір торға қамалып қана қоймай, мемлекет пен жәбір көрген жаққа материалдық шығынын да өтеуге міндеттеледі. Көлемі де аз емес. Ал кәсіп иелері қаражаттарынан ғана емес, атына да кір келеді деп налуда. Ауқаттанып отырғандардың әрқайысысы тамақтану орнынан шұғыл кеткісі келмейтіні анық.        

«Эвакуация екінші күн қатарынан орын алып отыр. Кеше екі рет әуреге түстік. Түскі уақытта және бестің кезінде», - деді мейрамхана әкімшісі Әйгерім Елубаева.

Бір қызығы, бұзақылар бір уақытта бірнеше жерде бомбаның барын мәлімдейді. Қаладағы суши барлардың бірі көп рет қолайсыз жағдайға қалғаны бар. Бұқаралық ақпарат құралдары оның онын ғана жариялады. Қазір ол жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалды. Бұл нысан иесінің қылмыскерлерге берген жауабы болса керек. Көпқабатты үйдің астында орналасқандықтан, жарылғаш зат туралы хабарлама түсе қалса, тұрғындар да әбігерге түседі.

Жалған хабарламашылардан қауіпті СМС-те келетін көрінеді. Олар қомақты қаржы сұрайды. Сұрағанын бермесе, нысанды жарып жібереміз деп қорқытады екен. Телефонды ермекке айналдырғандардың бәскелестер мен әлде бұзақылар екенін тәртіп сақшылары анықтайды. Айтуларынша, кінәлілер міндетті түрде табылады.

«Бізге осындай СМС хабарлама келеді. Мен нашақормын, 50 мың АҚШ доллары қажет, бермесең келіп бомбаны іске қосам деген секілді», - деді қонақ үйлер желісінің қожайыны Олжас Байсаламов.

«Қылмысты жасайтындардың дені-жалғыз жүретін бұзақылар, ішімдік ішіп алғандар, мектеп оқушылары. Тек аз ғана бөлігі, ол - ұйымдасқан топтар. Бәсекелестерінің алдын орау үшін осындай пасық істерге барады. Барлығын алдын ала ойластырады», - деді  заңгер Станислав Лопатин.

Ал Сейфуллин мен Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан мына пиццерия да әлдебіреулердің орынсыз қалжыңынан жапа шеккендердің бірі. Нысанның қожайындары бәсекелестердің әрекеті деп сан мәрте ойланыпты. Бірақ бұл ойларын қаладағы осыған ұқсас оқиғанының жиілеп кетуі алмастырған.

«Басында бұл бәсекелестеріміздің ісі шығар деген ой болды. Бірақ қоғамдық тамақтану орны ғана емес, сот ғимараты, ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер де осындай оқиғаға тап бола бастаған соң, ол ойымыздан арылдық», - деді пиццерияның басқарушысы Гүлмира Толонова.

Осы нысандағы түсірілімімізді аяқтағанымыз сол еді, нағыз экшн фильмге тап болғандай болдық. Анық болғандай кезекті рет жарылғыш заттың бары туралы хабарлама түскен. Аумақты қоршауға алып, тәртіп сақшылары жан баласын жібермеді. Саперлар мінген көлік те жетіп келді. Арнайы қызмет өкілдері мұнда шамамен бір сағат болды.

«Бұл секілді хабарламалар алғаш келіп отырған жоқ. Қателеспесем, оннан көп. Ақпаратты қалай аламыз? Бізге полиция қызметкерлері келіп, қоңыраудың түскенін айтады да, келушілеріміз бен қызметкерлерді қауіпсіз жерге көшіреді. Яғни олардың қауіпсіздігі үшін нысаннан кетуілерін өтінеміз. Әрине, шығынға батарымыз сөзсіз, бірақ тәртіп сақшыларының жұмысын көріп отырмыз. Қолданатын технологиялары да дамып келеді», - деді  пиццерияның басқарушысы Гүлмира Толонова.

Қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Одан кіші жастағыладың әрекетіне тікелей ата-аналары жауапты. Өткен жылдың осы мезгілінде 9 жасар баланың кесірінен Алматы метросы бірнеше сағатқа тоқтатылған. Ойын баласы мұның ата-анасына қандай шығын келтіретінін әсте білмеген. Осындай әрекеттің салдарынан олар ювеналды полицияның тіркеуіне алынады.

«Былтыр полицияға алты жасар қыз, мектеп алды даярлық класында оқитын қыз хабарласып, орысшасы кемдеу екен ол қыздың. «За торговым домом Максима бомба» деп айтқан болатын. Әрине, бұл бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бірақ ата-анасы материалдық шығынды өтеді соттың шешімімен», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Баланың қылығын жасайтын үлкендерде кездескен. Мектеп - жалған хабарламаның жиі куәгері болып тұрады. Бірақ бұл жолы жарылғыш заттың қойылғанын оқушы емес, сабақ беретін мұғалімнің өзі хабарлаған.

«Оқиға осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы мектептердің бірінде орын алды. Математика пәнінің мұғалімі - ер адам жұмысқа кешігіп барады екен. Сосын басшылықтан ұрыс естіп қалмас үшін осындай хабарлама береді. Мектептің ішінде жарылғыш зат орнатылғаны туралы. Барлық оқушылар, мұғалімдер эвакуацияланады. Сол топтың ішіне кіріп кетіп тұра берген. Ол адам міндетті түрде айқындалды. Неге осындай сұраққа бардыңыз деп сұрақ қойғанда: жұмысқа асығып бара жатыр едім, бірақ оның қылмыс екенін білген жоқпын. Жазасын өтеп жүр. 2 жылдан аса уақыт алды», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, абырой болғанда, түскен қоңыраулардың ешқайсысы расталмаған. Бәстесіп хабарласқандар да болыпты. Барлығы телефон арқылы түссе, тек 2015 жылдың 13 қаңтарында шартты түрде сотталған азамат қалалық әкімдіктің кабинетіне тығылып алып, ғимаратты жарам деп қорқытқан. Бірақ сөмкесіндегі жарылғыш заттың макеті табылыпты. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

-Рахмет. Қалай дегенмен қауіптің бетінен ары қылсын. Құрметті көрермен, студияда ақпаратымен бөліскен әріптесім Азамат Әуезхан болатын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір