• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:59:19
Алматы
+35°

10 Қараша, 2017 Аймақтар

Алматыда ұялы телефонды қуаттап, Wi-Fi-ға тегін қосылуға болатын инновациялық аялдамалар орнатылады.

Алматыда «Science Slam - Kazakhstan» ғылыми шоуы ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен осымен үшінші өткізіліп отыр. Бүгін финалға шыққан 7 жас ғалым ақылды аялдама, инновациялық қоқысхана, шоколад принтері туралы айтты.

Science Slam - жас ғалымдардың  stand up форматындағы сайысы. Әр қатысушы 10 минут ішінде өзінің ғылыми жаңалығын жан-жақты таныстырып үлгеруі тиіс.

Нәтижесінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Рафаэль Хисамутдинов «Қатты тұрмыстық қалдық контейнерлерін қашықтықтан басқарудың интеллектуалды жүйесі» жобасымен бірінші орын алды.

Күміс медальға ие болған Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінің студенті Нұрлан Кәрімжанов күн энергиясымен қуаттандырылатын "ecoStation" ақылды аялдама идеясын ұсынды.

Үшінші орынға «Еуразия экономикалық одағы аясында тұтынушылар мінез-құлқының крос-мәдени аспектілері» жобасымен  Тұран университетінің студенті Гүлира Абраева лайықталды.

«Инновациялық аялдамада телефонды қуаттауға болады. Ол үшін энергия күн батареяларынан алынады. Түнде аялдама жинақталған энергиямен жарықтанады.  Сондай-ақ екі бақылау камерасы, тегін Wi-Fi, 42-дюймды үлкен экран, «Сити-роутер-навигатор» болады. Қала тұрғындары үш тілде ақпарат ала алады. Қаланың бір бұрышынан екіншісіне қалай жетуге болады, қандай көрікті орындар бар деген сияқты. Біз ауа ластануын тым болмаса 15-20%-ға азайта аламыз деп сенемін», - деді Нұрлан Кәрімжанов.

Айта кету керек, мұндай аялдамалардың бірі қазір Жандосов-Манас көшелерінің қиылысында тұр.

Қалада тағы 6 аялдама жасау туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Талантты жастарды, жас ғалымдарды қолдау мақсатында Н.Назарбаев атындағы қор тек грант таратумен шектеліп қалмай «Science Slam» сияқты маңызды шараларды өткізіп келеді. Бұл жастардың арасында ғылымға, білімге деген құштарлықты ояту үшін жүзеге асырылады. Бұл оңай жұмыс емес, әрине. Бірақ үшінші жыл қатарынан қатысушылардың деңгейі артқанын, жобалар сапасының жақсарғанын  атап өтуге болады», - деді Қордың Алматыдағы өкілі Сергей Тоқтаров.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір