• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:01:41
Алматы
+35°

12 Маусым, 2018 Саясат

Алматыда ондаған азамат Қытайдан зейнетақысын талап етті

Жиналғандар өздерінің Қытайда зейнеткерлікке шығып, Қазақстанға қоныс аударған соң зейнетақыларын алып жүргенін айтқан.

Алматыда 12 маусым күні ондаған адам қонақүйде баспасөз мәслихатын өткізіп, "Қытай үкіметінің өздеріне зейнетақысын төлеуді тоқтатқанына" тағы да наразылық білдірді деп хабарлайды Азаттық.

Жиынды ұйымдастырған "Ата жұрт" ұйымы өкілдерінің айтуынша, Қытайдан зейнетақысын ала алмай жүрген жүзден астам адам бар. Көбі Қазақстанның әр өңірінде тұратындықтан бүгінгі жиынға келе алмаған.

Жиналғандар өздерінің Қытайда зейнеткерлікке шығып, Қазақстанға қоныс аударған соң зейнетақыларын алып жүргенін, ал былтырдан бастап зейнетақыларын төлеу тоқтатылғанын айтады. Олардың айтуынша, Қытай заңы бойынша, Қытайда зейнетке шыққан адамға ол шетел азаматтығын алса да зейнетақысы төлене береді.

Наразылар Қытайдың өздеріне зейнетақы төлеуді не себепті тоқтатқанын ешкім түсіндірмегенін айтады.

Махат Надия есімді зейнеткердің айтуынша, былтырғы жылдың басында Қытай үкіметі өзіне ықтияр хаттың күшін жойып, қайтадан келуін талап еткенін айтты.

— Балаларым Қазақстан азаматтары. Соны айтып, Қытайға бара алмаймын деп едім, олар зейнетақымды тоқтатып тастады, - деді Махат Надия.

Серікжан Біләш есімді белсенді жиналғандар Қытай үкіметінен "заңды зейнетақысын" төлеуді талап ететінін, егер өздеріне ресми жауап бермесе, халықаралық сотқа жүгінуге мәжбүр болатындарын мәлімдеді.

Зейнеткерлер жиыннан соң Қытайдың Алматыдағы консулдығына талап-арыздары жазылған хат тапсырмаққа барды. Консулдық өкілдері қазір оларды қабылдай алмайтынын айтып, түстен кейін келуді сұрады.

Ақпанның 5-і күні ондаған адам Алматыдағы Қытай консулдығына Қытай үкіметінен заңды зейнетақысын төлеуді талап етіп, хат тапсырған. Бүгін жиналған топ ол хаттарына әлі жауап ала алмағанын айтады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір