• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 16:08:25
Алматы
+35°

20 Қазан, 2017 Аймақтар

Алматыда Бірінші Республикалық «Көшпенділер әуені» байқауы басталды

Байқауға қатысуға ниет білдіргендер өте көп, бүгінгі шараға бағын сынап келгендердің саны жүзге жуық екен

Алматы қаласында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бірінші Республикалық «Көшпенділер әуені» домбыра мен қобызда ойнайтын жас орындаушылардың байқауы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш байқау 20-22 қазан аралығында П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде ұйымдастырылды. Аталмыш колледж директоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Біржан Ескендірұлы Хасанғалиевтің бастамасымен ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі өнерпаздар өз бақтарын сынауға келген.

Көшпенділер әуені

Колледж директоры Біржан Ескендірұлы бүгінгі шара жөнінде айтып өтті.

«Бүгін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде бірінші республикалық «Көшпенділер әуені» атты байқау ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін ерекше, өнерге бай күн. Себебі бүгін алдымен ұлы композитор П.Чайковскийға арналған ескерткіш ашылды, кейіннен «Көшпенділер әуені» атты халық аспаптарында ойнайтын орындаушылар байқауын аштық. Біз үшін бұл – өте қуанышты жағдай.

Бұл шараға бірнеше ай бойы біз дайындық жұмыстарын жүргіздік. Қаншама адам еңбек етті. Сол еңбектің бүгін нәтижесін көріп, куә болып отырмыз. Айта кетер болсақ, биыл біздің 85 жылдық мерейтойымыз, соған да дайындық ретінде осы сынды шараларды өткізіп жатырмыз. Бұл жасалынып жатқан дүниелердің барлығы өнердің дамуына септігін тигізеді.

Бүгінгі шараға көптеген қонақтар, белгілі тұлғалар келді. Ескерткіштің ашылуында Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алатау» хор ансамблі өздерінің өнерлерін көрсетті», - дейді Біржан Ескендірұлы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында.

Көшпенділер әуені

Белгілі болғандай, «Көшпенділер әуені» республикалық байқауы үш жыл қатарынан ұйымдастырылады екен. Шараның негізгі мақсаты – халық аспаптарына қолдау көрсету, оларды дәріптеу.

Біржан Ескендірұлының айтуынша, жүлделі орындарға ие болған байқау жеңімпаздары қаржылай сыйақыға ие болады. Ал байқаудың шарты бойынша, бас жүлдеге табысталатын сыйақы екіге бөлінеді, оның жартысы байқау жеңімпазының ұстазына берілсе, қалған жартысы орындаушыға беріледі. Бұл – бүгінгі байқаудың басты ерекшелігі болып отыр.

«Көшпенділер әуені» байқауы Алматы қаласында Қазақстанның бүкіл өңірлерінің басын қоспақ – біздің байқауымызға қатысу үшін қазақстандық музыкалық оқу орындарының ең үздік студенттері жиналды. Біріншіден, Байқау Алматы қаласының республиканың мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтуға үлесін қосады. Екіншіден, ұлттық музыканың дамуына жаңа серпін беріп, домбыра, қобыз өнеріне қызығушылықты арттырады, сазгерлерді ұлттық музыка шығаруға шабыттандырады», - деп мәлімдеді ол.

Көшпенділер әуені

П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледж оқытушысы, Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Лаула Ченемисова бүгінгі шараның негізгі міндеттері мен талаптарына байланысты айтып өтті.

«Көшпенділер әуені» бірінші Республикалық орындаушылар конкурсы біздің колледжімізідің директоры Біржан Ескендірұлының идеясымен туындады. Бүгінгі өтіп жатқан шараға негізінен қолдау көрсетіп отырған «Nomad Life» - өмірді сақтандыру компаниясы болып табылады.

Байқау екі номинация бойынша өтеді: қобыз және домбыра. Әр номинацияның өздеріне жеке берілген орындары бар. Ал бүгінгі шараға әділ-қазы ретінде келіп отырған кісілер жайында айтар болсақ, жас орындаушыларды бағалауға еліміздің танымал музыканттары шақыртылды. Мысалы, белгілі қобызшы Раушан Мусаходжаева, күйші, композитор, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Үсенов Ермұрат, домбырашы Мұрат Абуғазы сынды елімізге белгілі тұлғалар бүгінгі байқау қатысушыларының өнерін бағалайды», - дейді Лаула Ченемисова.

Оның айтуынша, байқауға қатысуға ниет білдіргендер өте көп, бүгінгі шараға бағын сынап келгендердің саны жүзге жуық екен.

Бүгіннен бастау алған «Көшпенділер әуені» байқауының негізгі міндеті – қазақ ұлттық аспаптарында музыкалық орындауды дәріптеу және дамыту, дарынды балаларға қолдау көрсету, сонымен қатар, кәсіби музыкалық-орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру болып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір