• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:56:54
Алматы
+35°

11 Желтоқсан, 2017 Аймақтар

Алматыда «Астана – ардағым» сыйлығын табыстау рәсімі өтті

«Астана – Ардағым» сыйлығы 20 категория бойынша берілді

Алматы қаласы Республика сарайында Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Астананың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан лауреаттарды «Астана – Ардағым мерекелік сыйлығымен марапттау рәсімі өтті.

«Астана – Ардағым»  мерекелік сыйлығымен Алматы қаласында тұрған әрі туылған және Астананың қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан, Президенттің астананы көшіру туралы шешіміне барынша қолдау көрсеткен қайраткерлер марапатталды.

«Астана – Ардағым» сыйлығы 20 категория бойынша берілді, олар - білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика  және  әдебиет салалары.

«Ел еңсесін енді тіктеген кезеңде Елбасы көш бастап Астанаға бет бұру туралы шешіміне күмәнмен қарағандар  болғаны белгілі. Жасампаз 20 жылда 1997 жылға 10 желтоқсаннан бастап ел орталығын ресми Астанаға  көшіруі асқан көреген шешім болғаны рас. Теңдессіз шешім Алатаудың баурайында қабылданып, шаһарымыздың басты қаржы экономикалық, ғылым мен білім, спорт орталығы ретінде дамуына жол ашты. Осы қалада ҚР тәуелсіздігі туралы заң, жаңа елорда туралы тарихи қаулы қабылданды. Егіз өрімдей болған қос қалаға Елбасының қолдауы ерекше екендігі рас. Осындай қаламыздың дамуына күш салған азаматтардың еңбегін атап өту дұрыс деп ойлаймын», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Алматы

Номинанттарды іріктеу  конкурстық комиссияның сайтында ашық дауыс беру арқылы жүзеге асты.

  1. Ғылым-білім саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай;
  2. Денсаулық сақтау саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - №1 қалалық перзентхананың бас дәрігері Рақышев Наурызбай;
  3. Спорт саласындағы Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - бұрынғы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов;
  4. Білім беру саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков;
  5. Әдебиет саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - жазушы, журналист Думан Рамазан мен ақын Маралтай Райымбекұлы;
  6. Құрылыс саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - «Базис-А» корпорациясының директоры Александр Белович пен инженер-құрылысшы Осман Шаханов; 
  7. Өнер саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - дизайнер Құралай Нұрқаділова мен мүсінші Болат Досжанов, ҚР Көркемөнер академиясының президенті Амандос Ақанаев;
  8. Сәулет саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - сәулетші, ҚР Сәулетшілер академиясының президенті Ақмырза Рүстембеков;
  9. Инновация саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - дәрігер-инфекционист Қарлығаш Әбдиева;
  10. Ақпарат саласында Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, фотограф Максим Золотухин, 31-арнаның бас  продюсері Нұржан Мұхамеджанова;
  11. Кинематография саласындағы Астананың дамуына қосқан үлесі үшін - режиссер  Ермек Шынарбаев, актер Әділ Ахметов;
  12. Музыка саласындағы Астананың дамуына қосқан үлесі үшін композитор Марат Омаров, әнші Нағима Есқалиевалар марапатталды.

Лауреаттардың барлығына 1 млн теңгеден ақшалай сыйлық берілді.

«Жасым 80-ге келгенде өсіп өнген, шапағатына бөленген, тәлімін алған Алматыда талай қасиетті жиын болған Республика сарайында осы салтанатты кеште кездесіп жатқанымызға қуаныштымын. Осы залда ҚР Тұңғыш Президентінің таққа отырған рәсімін өткізген едік. Ол маған жүктелген еді. Астанадан арнайы шақырып, сыйлықпен марапаттап отырған Алматы мәслихатының депутаттарына, Бауыржан ініме алғыс айтамын», - деді профессор Мырзатай Жолдасбеков.

Еске салсақ, келер жыл Қазақстан астанасы үшін мерейлі жыл. Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шаралар-концерттер, фестивальдер, көрмелер өткізу  жоспарланған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір