• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:30:51
Алматы
+35°

11 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Алматы имамдары Бас мүфтидің пікіріне үн қосты

Аталмыш жиын имамдарға жаңа серпіліс беріп, қызмет сапасының артуына септігін тигізері анық

Алматы қаласында қала имамдарының келелі жиыны өтті. Жиында өткен жыл қорытындыланып, 2018 жылдың жұмыстары талқыланды. Алматы қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет:

«Алла біздерді тура жолдан айырмасын. Баршамыздың міндетіміз асыл дініміз үшін аянбай қызмет атқару. 2017 жылды абыроймен өткізіп алдық. Ендігі мәселе келіп жеткен 2018 жылды жемісті етіп, қызметті одан әрі дамыту. Өздеріңізге мәлім жаңа тағайындалған Бас мүфти жұмысты жандандырып, нақты мақсаттар мен талаптар қойып отыр. Қызметке келген күнінен бастап баршамызға үлгі боларлық істерді де атқарып жатқаны өздеріңізге мәлім. Бас мүфти білікті һәм білімді дін қызметкерлерінің корпусын қалыптастыру, жастарға дұрыс діни ақпарат жеткізу, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау, жамағат арасында патриотизмді уағыздау, еліміздегі және өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға үлес қосу, деструктивті ағымдағы адамдарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу, дәстүрлі ханафи мәзһабының қағидаларын және оның теріс пиғылды діни ағымдардан айырмашылығын баса айту секілді мәселелер төңірегінде нақты тапсырмалар беріп, қатаң талаптар қойды. Хазрет өз сөзінде: «Еліміздің руханият саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Халқымыздың рухани өмірінде дін қызметкерлері үлкен маңызға ие. Діни басқармаға үлкен жауапкершілік артылған бүгінгі сындарлы кезеңде белсенді жұмыс жасауымыз керек. Берілген міндеттемелерді жоғары деңгейде жүзеге асыруларыңызды талап етемін»,-деген болатын. Өздеріңізге мәлім жақында ғана Мүфти хазрет «Асыл арна» телеарнасына сұхбат берді. Айтып өткен мәселелерінің бірегейі мутауәллиәт қызметі. Мутауәлли-діни қызметтің ешқандай кедергісіз, еш нәрсеге мұқтаж болмастан жұмыс жасауын қамтамасыз етуші лауазым. Бас мүфти осы қызметті ендірудің кезі келгендігі жайлы айтып өтті. Бұл қызмет мешіттің есеп-қисап, шаруашылық сынды жақтарын толық орындауды қажет етеді. Сонда имам бұл мәселелерге бас қатырмай діни ағартушылық, уағыз-насихат, діни рәсімдер сынды істермен шұғылданатын болады. Яғни, имамдар сәлдесі мен шапаны секілді мұнтаздай таза, ақ болып, тек негізгі міндетін атқарып жүреді. Бұл имамның рухани жетекші, ағартушы болып қалуына үлкен септігін тигізеді. Әйтпесе халықтың арасында имамдар жайлы алып қашпа сөздердің жүретіні өздеріңізге мәлім. Ал осы бір бастама бұның алдын алудың бірден бір жолы. Міне, хазреттің осы сынды бастамаларын қолдап отыру да біздің тарапымыздан жүзеге асырылатын істердің бірі болмақ. Бұл лауазым жаңадан шыққан дүние емес. Мутауәллиәт Орта Азияда қалыптасқан тарихи лауазымдардың бірі»,-дей келе қала имамдарына ҚМДБ тарапынан келіп түскен тапсырмаларды уақытылы орындап, тиянақтылық танытуды тапсырды.
muftyat.kz

Жиынға қатысқан ҚМДБ-ның іс басқарушысы Орын Ербосын Бектұрсынұлы аталмыш лауазым жайлы ақпарат беріп, маңыздылығы жайлы сөз қозғады. Бұл қызметтің қазіргі іс басқарушы қызметімен ұқсастықтары турасында айтып, мутауәлли қызметінің жан-жақты талқыланатындығын жеткізді.

muftyat.kz

Бас имамның бұл пікірін қала имамдары қолдап, Діни басқарманың іргетасы қаланғалы бері қызмет етіп жүрген тәжірибелі имамдар да өз пікірін білдірді. Түркісіб аудандық «Фирали Ферғанұлы» мешітінің бас имамы Мейрман Саттарқұл қажы: «Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Ораз хазреттің мешіттердегі мутауәллиәт лауазымын қозғауы қазіргі уақыттың талабы әрі дер кезінде көтерілген мәселе. Біз қызметке бастаған жылдары бұл қызмет болған. Ендігі тілегіміз бұл лауазымның қазіргі заман мен қоғамға лайықты етіп жасалуы. Осы арқылы имамдардың жұмыстары жеңілдеп, дәрежесі көтеріліп, мешіт жұмысының сапалылығы артады. Алла баршамызды қолдасын»,-десе,

«Әл-Хамид» мешітінің бас имамы Аманқұлов Асылхан қажы:

«Мутауәллиәт Орта Азияда бұрыннан бері келе жатқан қызмет. Бұл лауазымның мақсаты - имамдардың қоғамдағы беделін түсірмеу әрі дінге жаман ат келтірмеу. Бұл лауазымды атқарушы қызметкер имамға бағынышты, Діни басқарманың өкілі. Мешіттің шаруашылықтарын атқарып қана қоймай, имамдардың дәрежесін көтереді. Бұл лауазымды қолдаймыз, біз үшін қайырлы екеніне сенеміз»,-деді. 

Аталмыш жиын имамдарға жаңа серпіліс беріп, қызмет сапасының артуына септігін тигізері анық.

muftyat.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір