• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 23:58:35
Алматы
+35°

07 Ақпан, 2018 Аймақтар

Алматы облысының үздік спортшылары марапатталды

Спорттағы ерен еңбектері үшін оларға дипломдар мен әрқайсысына 700 мың теңгенің сертификаты берілді.

Бүгін Талдықорған қаласында Алматы облысының үздік спортшыларына құрмет көрсетілді деп хабарлайды  Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Өткен жыл қорытындысы бойынша Альберт Линдер, Карина Горичева, Демеу Жадыраев үздік спортшылар атанды. Спорттағы ерен еңбектері үшін оларға дипломдар мен әрқайсысына 700 мың теңгенің сертификаты берілді.  Бұдан өзге 28 спортшының жыл ішіндегі жетістіктері үшін 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі сертификаттар ұсынылды.   Олардың қатарында Ольга Пастухова, Анатолий Савельев, Жандос Исмайлов, Бегарыс Садуақасов, Алена Станская, Ұлан Рысқұл, Бейбіт Назаров және басқалары да бар.

Жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалған жоқ.  Жылдың үздік жаттықтырушылары болып Сергей Седов пен Боранбек Қоңыратов танылды. Сонымен қатар шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінген 20-дан астам бапкерлердің де еңбегі аталып өтілді.  Олар – Алексей Клиновитский, Әбілқайыр Байбосынов, Манат Таласпаев, Азамат Балпықов және т.б.

Кездесу барысында облыстағы үздік спорттық мекемелерге де марапаттар берілді. Солардың ішінде Талдықорған қаласындағы № 1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі алдыңғы қатарда деп танылып, 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сондай-ақ спорт тақырыбына төселген тілшілер, фототілшілер, тележүргізушілер, бейнеоператорлар, блогерлердің де еңбегі елеусіз қалған жоқ.

Жалпы Алматы облысында қазіргі кезде 3439 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың саны жыл сайын артуда. Мәселен, өткен жылы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Қарасай ауданының Жалпақсай ауылында футбол алаңдары салынды. Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы спорт мектебі, «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы базасы күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары былтыр басталған бірнеше нысан - Райымбек ауданының Кеген ауылында, Талғар және Қаскелең қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтереді. Сонымен қатар, Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында және Қарасай ауданының Шамалған ауылында шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жоспарлануда. Оған қоса биыл Талдықорған қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқу ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2017 жылы Алматы облысының спортшылары  түрлі деңгейдегі 1345 медаль жеңіп алды (495 алтын, 372 күміс, 478 қола). Өткен жылы 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 18 халықаралық санаттағы спорт шебері, 132 спорт шебері, 648 спорт шеберлігіне кандидаттар мен 381 бірінші разрядтағы спортшылар дайындалды. 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір