• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 09:18:08
+35°

26 Қаңтар, 2018 Сегіз өрім

Алматы көліктің тұрағы ма, адамның тұрағы  ма?

Әбсаттаров мырза кәсіпкерлердің құқығын қорғай берсін. Бірақ тұрғындарға зиянын тигізбесін.

Биыл Алматыны абаттандыру жұмысы қатты жүргізілді. Алып шаһардың өзгеше сипатқа бет алғанын біздің де көзіміз көріп, көңіліміз орнығып еді. Көше-көшеде жаяу жүргіншілер жолы көбейе бастады. Велосипед жолағын арттыруға да билік шындап кірісті. Ол үшін бөркімізді аспанға атпасақ та, кәдімгідей ішіміз жылып қалған. Өйткені тынысы тарылған қаланың экологиясына бұл аса қажет.

Қала деген қандай болуы керек өзі? Қала деген қарапайым халықтың қамсыз өмір сүруіне ыңғайлы болуы керек. Ал көлік жолдары мен тұрақтары – екінші кезектегі нәрсе.

Хош. Ауқымнан ауа жайылмай, негізгі мәселеге көшейік.

Өткен аптада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастаған бір топ бизнесмен жоғарыда айтылған өзгерістерге қарсы шықты. Олар «Қонаев көшесіндегі веложолақты алып тастап, оның орнына қайтадан көлік тұрағы салынсын» деген талап қойды. Кәсіпкерлердің сөзінше, велосипед жолағының кесірінен сауда орталығына келетіндердің саны күрт азайған. Кіре берісі жабық тұрғандықтан, сатып алушылар көлік қоятын орын таппай, сандалып қалады екен. Айтпақшы, клиенттерімізден қағылдық деп мәлімдеме жасаған 95 кәсіпкердің түгелге жуығы «Восход» дүкеніндегі сауда нүктелерін жалға алған болып шықты. Яғни бұл – бүкіл қаланың емес, алақандай ғана «Восходтағы» ат төбеліндей кәсіпкерлердің шаруасы деген сөз.

Бұл туралы Алматы ҰКП-ның жаңа тағайындалған жетекшісі не ойлайды екен? Ал біздің ойымызша, Дінмұхаммед Әбсаттаров қаланың жай-жапсарынан бейхабар сияқты. Бірдеңеден хабары болса, веложолаққа соқтықпас еді. Әлде көк түтінге көмілген Алматының ауасын көп көре ме екен? Онсыз да көрінген жерді көлік тұрағына айналдырып біттік. Автотрафикті шектеп жатқанымыз бесенеден белгілі жайт қой. Ендеше Дінмұхаммед Әбсаттаровтың аяқ астынан ши шығарғанына жол болсын.

Әбсаттаровтың жекеменшік тасымалдаушы компанияларды битін салып қорғаштап жүргенін көргенде тіпті қарның ашады. Оның баспасөз қызметі «тасымалдаушылардың халі мүшкіл» деген сыңайдағы релиздерін жан-жаққа қарша боратып жатыр. Дінмұхаммед Болатұлының өзге өңірден келгені білініп-ақ тұр. Өзі сол автопарктерге тиесілі автобустарға отырып көрді ме екен? Әлдекімдердің шашбауын көтермес бұрын көк түтін құсқан аңғал-саңғал автобустармен қаланы бір айналып шықсыншы. Бәлкім сонда пікірі өзгерер.

Айтқан сайын аузың қышиды. Сананы сансыратқан сауал көп. Әбсаттаров қала жағалаған қазақтың тұрмысын біле ме екен? Әлде ол елдегі жағдайды теледидардан ғана көріп, ой түйетін адам ба?

Әрине, Әбсаттаров мырза кәсіпкерлердің құқығын қорғай берсін. Бірақ тұрғындарға зиянын тигізбесін.

Өзі қанатының астына алып жүрген кәсіпкерлердің не тындырғанын жазда көрдік қой. Көше бойлай өскен көлеңкелі ағаштарды отап, тұрақ қалталарын салып тастаған. Шіріген автобустары қалада жүйткіп жүр. Соның бәрін ойлағанда кеудені зіл, көңілді мұң басады.

Рас, аңызға айналған Алматы, апорт аңқыған салқын сабат Алматы келмеске кеткен. Сонда да барымызды сақтап, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік бар. Тек Әбсаттаров сияқтылар әлекедей жаланып шықпаса...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір