• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:06:02
+35°

14 Қараша, 2017 Сұхбат

Алмас Мұстафа: Мені қолдайтындар — жаңалық күткендер

Суретшілер одағына сайлауға түсу үшін ешкімге еш нәрсе уәде бермедім. Және ешқандай ішкі есебім жоқ.

15 қарашада Қазақстан Суретшілер одағының басқармасының төрағалығына сайлау өтеді. 4 жылда бір келетін  сайлауға байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сайлауға қатысушылардың бірі Алмас Серікұлымен сұхбаттасты.

Алғашқы сұрағымды сіздің өткен өміріңізбен, балалық шағыңызбен  байланыстырғым келіп отыр. Бала кезіңізден суретке құмар болдыңыз ба әлде арман-мақсатыңыз мүлдем бөлек болды ма? Осы жайлы естеліктеріңізбен бөліссеңіз.

Мен кішкене кезімнен бейнелеу өнеріне құмартып, сол арманмен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың көркем сурет факультетін 2009 жылы тәмамдап, суретші шебер болдым.  2011 жылы "Ғаламарт" шығармашыл жастар клубын құрып, жұмыс жасадым. 2 жылда төрт көрме өткіздік. Арманымыз қазақ жастарын әлеммен байланыста жұмыс жасату болған. Өкінішке қарай ол арманға қаржылық кедергілер болды. Біз құрған клубта өз қаржысы болмады, болмаса да демеушісіз жұмыс жасадық. Кез келген жұмыс демеушімен немесе өз қаражатыңмен іске асады. Сол себептен бәрін доғарып таза кәсіпкерлікке кеттім. Өйткені кәсіп жасасақ мәселені ешкімнің көмегінсіз шеше алатын едік! Сол оймен әлі келеміз.

Өзіңіздің фейсбук парақшаңызда «Суретшілер одағына алыстан келгенім жоқ, жеті жыл қоян қолтық араластым, осындағы мәселелермен барынша қанықпын», - деп жазыпсыз. Егер сайлау кезінде жеңіске жетіп, Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болып тағайындалсаңыз ең алдымен қандай өзгерістер енгізер едіңіз? Көпшілік сайлау алды уәделерге оңайлықпен сене қоймайтынын жақсы білетін де шығарсыз. Сайлау алды айтқан сөздеріңіз бос сөз болып қалмайды ма?

Суретшілер одағына сайлауға түсу үшін ешкімге уәде бермедім. Менің ешқандай ішкі есебім жоқ. Менің ойым қазіргі ескі жұмыс істей алмайтын модельді өзгерту.  Мені қолдайтындар — жаңалық күткендер.  Менің ойым нарық заңдарына сай. Әр суретші өзін қамтамассыз ететін қажетті білім берсек сол ең үлкен жеңіс болады.

Осыдан біраз уақыт бұрын сайлау алдында үлкен дау туындаған еді. Жергілікті БАҚ-тың бірінде «Басшылыққа үміткер екі тұлғаның арасындағы «креслоға талас» қылқалам шеберлерін бір-біріне айдап салғандай. Айналдырған 30-40 суретші одақ ғимаратын басына көтерді» деп жарияланған болатын. Осы туралы не айта аласыз?

Иә, сол дауға, бір біріне жазылған арызға ыза болған жас суретшілер дауды өзара талқылаған. Мені ұсынған да сол жас замандас әріптестерім. Өйткені менің ойым оларға ұнады. Шынайы  ақпарат кімге болса да жағады.

Сол даудан кейін бірінші xатшыға xабарласып өздерінің атынан менің де дауысқа түскенімді қалады. Басында қарсы болғам, кейіннен өзім келісім бердім. Өйткені мен де өзгерісті қалаймын

Қазақстандағы суретшілердің алатын рөлі қандай? Сурет өнерімен қазір ешкімді таңғалдыра алмайсыз деген пікірмен келісесіз бе?

Бейнелеу өнері өз алдына әлемде материалдық құндылық, шындап қарағанда бұл кез келген баламалы құндылықтан жоғары. Алтын бағасын түсіруі мүмкін,  мұнай, доллар бәрі құбылмалы. Ал суретшінің өнімі тек  бағасы өсумен болады. Ешқашан құнын жоғалтпайды

Сіз бір сөзіңізде «Суретші өз биігінде суретші болу керек», - депсіз. Сіз өз биігіңізді бағындыра алдыңыз ба? Сіздің өзге суретшілердің арасында дараландырып тұратын қандай ерекшелігіңіз бар? Шығармашылығыңыздың қандай өзгешелігі бар?

Мен өзім армандаған додалар мен шыңдарымды уақытынан ерте бағындырдым, бәрі мен үшін тек белестер екеніне көзім жетті.  Отыз жасқа дейін Қазақстанда жас шеберлер қатысатын қандай конкурс бар, бәрінің бас жүлдесін алдым. Шетелден де алтын алқа таққан кезіміз болды. Яғни мені осы постта көргісі келетін жастар менің өмір жолыма қызығады және дұрыс санайды. Әйтпесе мен де қатардағы қазақ азаматымын. Бәрінен таланттымын деп айта алмаймын. Ойлағанымды дер кезінде жүзеге асыруға талпынамын, маркетинг-менеджмент туралы көп ізденемін. Суретші өз биігінде тұрса оларда әлеуметтік проблемалар болмайды. Ол үшін заманауи білім керек.

Сұхбатыңызға рахмет. Сайлауда сәттілік серігіңіз болсын!

Сұхбаттасқан: Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір