• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:46:33
Алматы
+35°

23 Қаңтар, 2018 Сұхбат

«Аллажардың» авторы, тағдыр тауқыметін тартқан Қалдыбай Әбеновтің бір күні

Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбеновтің жағдайы мүшкіл.

Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбеновтің жағдайы мүшкіл. Бес жыл бұрын инфаркт пен инсультті қатар алған соң жүріп-тұруы қиындаған, жүрегі мен жүйкесі әлсіреген, соның салдарынан сөйлеуі де қиын, тыныс алуы ауыр. Қазаққа «Аллажарды» сыйлаған режиссердің қал-жағдайын біліп, көңілін сұрап қайту үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қалдыбай Әбеновтің үйіне барды.

Желтоқсанға қатысқан ұлтжанды азамат Ерлан Декелбаевтан Қалдыбай Әбеновтің мекен-жайын алып, үйіне аттандым. Тиісті жерге жеткен соң «қателеспедім бе?» деп Ерлан Декелбаев жіберген хабарламаға қайта-қайта қарадым, жоқ, дәл өзі. Қалдыбай Әбеновтің пәтері тоз-тозы шыққан жатақхананың үшінші қабатында екен. Есігін қағып едім, ағаның «қазір!» деген даусын естідім. Қалдыбай аға есікке жетемін дегенше шамамен 10 минуттай күттім. Екі бөлмелі кішкентай пәтерде режиссер жалғыз тұрады. Бір бөлмесінде тамақтанса, екінші бөлмеде ұйықтайды, теледидар қарайды, кітап оқиды. Тамақ дайындайтын бөлек бөлме бар, алайда адам айналатын орын жоқ, бөлме деп айтуға да келмейді. Пәтер қабырғасына сүйеніп жүретін арнайы темірлер орнатылған. Себебі Қалдыбай аға сүйенішсіз жүре алмайды. Балконға шығатын есік пен терезені әдейі жартылай ашық қалдырған, қатты жабылып тұрса, ашуға ағаның күші жетпес еді. Электр жылытқыш қосып қойғандықтан, үйдің іші жылы екен.   

Қалдыбай Әбеновтің күні дәрі ішумен өтеді. Бөлменің бұрыш-бұрышындағы кішігірім үстелдерге дәрілер мен суға толы кеселер қойылған. Ол әр екі сағат сайын дәрі қабылдауы керек. Бұған дейін үш сағат сайын ішіп жүрген, жағдайы күннен күнге нашарлаған соң араға екі сағат салып ішіп тұруына тура келіпті. Уақытын кешіктіруге болмайды, әйтпесе жағдайы қиындап, өз-өзіне ие бола алмай қалады. «Менің асқазаным химиялық зауытқа айналды ғой қазір», - деп әзілдеп қойды Қалдыбай аға. Мен бұл әзіліне күле алмадым, көкірегім қарс айрылғандай болды. «Халқы үшін арпалысқан азаматтың мынадай күйге түскені қалай?». Осы сұрақ көкейімді тесіп барады. Алайда сыр білдірмеуге тырыстым. Көз көрінерлік жерде Qamshy.kz ақпарат агенттігінен алған «Алаш ізбасары» атты сертификаты мен медалі тұр.

Мен барғанда аспан шайдай ашық еді. Күн жылып қалған. Қалдыбай аға далаға шығып серуендегісі келді. Әттең, дәрменсіз. Терезеге үңіліп отырудан басқа амалы жоқ.

Менің барғаныма аға риза болып қалды. Сөйтіп, өзі түсірген «Аллажар» фильмін бірге қарайық деп ұсыныс жасады. Ұзақ ойланбастан келісе кеттім, фильмді авторымен тамашалаудың жөні бөлек қой. Түсінбеген тұстарымды сұрап отырдым, фильмнің кереметтігіне тағы көзім жетті.

1986 жылы желтоқсанда қаны төгілген талай боздақтың рухын асқақтата алмай келеміз. Оны жаңғыртатын дүниелер әлі де мұрағатта жатыр. Солардың бірегейі – осы «Аллажар» фильмі. Бұл фильм жарыққа шыққан, алайда отандық телеарналардан көрсетілуі тиіс туындыны тек YouTube желісінен тамашалай аламыз. Оның үстіне, жарық көрмеген әлі екі жарым сағаттық лентасы бар. Оның шығарылуына кедергілер болғанымен, Қалдыбай ағаның берілетін түрі жоқ. Шәкіртімен бірге «Аллажар тағдыры» атты кітап жазған. «Сол кітап жарыққа шыққанда, бар шындық белгілі болады», - дейді режиссер сенімді түрде. Қалдыбай аға кітаптың шығуына демеуші іздеп жүр.

Екі жарым сағаттық фильмді тамашаладық та, шай ішіп отырып ағамен біраз әңгіме айттық. Бүгінгі қазақ киносын талқыладық, «Қазақфильмнің» кемшіліктері айтылды.

Аға, ауруханаға қаралып жүрсіз бе? – дедім әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып.

–Жоқ, шаршадым. Біздің медицина нашар, өкінішке орай. Мені Астанадағы нейрохирургия бөліміне операция жасауға жіберген. Ал елордада дәрігерлер мені қараған да жоқ. «Ішсең, әсері жақсы» деп бір дәрілерді берді. Мен Астанаға пойызбен бардым, екі күн жол жүрдік. Күйзеліс жағдайында болғам. Ал ондай адамға дәрі қалай сіңеді? Ақыры өзімнің дәрімді іштім. Олардың маған ұсынған дәрілері Францияныкі, ал мен өзіміздің Қазақстанның дәрілерін ішіп жүргем. Өзіміздің қазақтың дәрісі жақсы, оның үстіне маған сіңетіні сол. Дәрігерлер менің денсаулығымды зерттеп, басымды түгел қараулары керек еді. Жоқ, мен бардым, дәрі берді, сонымен бітті. Тексермей жатып, «бәрі кеш» дегендей анықтама жазып берді. Енді көрмегенім солар болсын.

Дәл мен секілді науқастарға ауруханада ешқандай жағдай жасалмаған. Қабырғаларға мынадай сүйеніштер орнатып қою керек қой (өз үйіндегі сүйеніштерін көрсетті – Qamshy.kz). Ол да жоқ, қозғалып әрі-бері жүрудің орнына ауру адамдар төсектерінде тапжылмай жатады.

Мен ондай дәрігерлерге бағынбаймын. Өзіммен өзім күресемін. Анда-санда учаскелік дәрігерім келіп, дәрілерімді әкеледі. Екі-үш дәріні тегін аламын. Бір ауруыма ауру жамалып, өмірім солай өтіп жатыр. Төсекке жатуға қорқамын. Жатқан соң тұруым қиын болады. Қатты шаршап қалғанда болмаса, ұйықтамай жүре беремін.

Аяқ-қолдарым миыма бағынбайды, дәрі ішкенде ғана өз-өзіме келемін.

– Осыдан біраз жыл бұрын ми­нистр Арыстанбек Мұхаме­диұлы сізге денсаулығыңызға байланысты көмектесетінін айтып еді. Сол сөз орындалды ма?

– Жоқ, ешқандай да көмек көрсетілмеді. Бәрі өтірік, бос сөз.

– «Аллажарды» көріп отырып, сол заманға өзім де барып қайтқандай күй кештім. Желтоқсанның ауыртпалығын актерлермен бірге сезіндім. Нағыз кино көрдім. Ал қазіргі қазақтың кез келген киносынан, тіпті тарихи фильмдерінен мұндай әсерге бөлене алмайсың. Оның себебі неде?

– «Қазақфильмдегі» жағдай өте қиын. «Көшпенділері» кино емес. Өздерін алдау ғана. Кино түсіргенде алдымен сценарийді қабылдау керек. Сосын барып ақша сұрау керек. Ал бізде керісінше: алдымен ақша алады, кейін сценарий жазады. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген фильмде алдымен ақша алды, сол ақшаға қарай сценарий жазды. Ол дұрыс емес. Кинода тарих жоқ, ойдан құрастырылған бәрі. Оны режиссердің өзі де түсінбейді. Онда қазақ кім, кім қай рудан, кім кімге қарсы шығып жатыр, кейіпкерлер не істеп жүр – түсініп болмайсың. Алаңда жүгіріп жүрген біреулер. Кейін өздерін экраннан көргендеріне мәз. «Көшпенділер» де солай. Яғни драматургиялық негіз жоқ, сценарий жоқ. Қазақфильмнің басты қателігі – сол. Драматургиялық негіз болмаса, шығарма нашар болады. Іргетасы қаланбаған үй сияқты болып қалады. Әрине, техника дамыған заманда сапалы фильм түсіру оңай. Бірақ техникалық сапа ешқандай рөл ойнамайды. Нағыз шығарманың жөні бөлек. Қазіргі қазақ киносы өзін тығырыққа тіреп жатыр.

Бұлар өзіміздің кәсіби режиссерлерді шақырмайды. Шетелден алдырады. Бұл – «Қазақфильмнің» екінші қателігі. Фильмді жасайтын – режиссер. Ондайлар толып жүр. Бірақ министрлік, «Қазақфильмнің» басшылығы  қазақтың режиссерлерін ысырып қояды. Кетіп жатқан шығын. Оның үстіне, Мәскеуден, Голливудтан келген режиссер қазақтың тарихын қайдан білсін? Иә, техника жағы жаман емес, бірақ драматургия болмаса, тарих болмаса, ол киноның не қажеті бар? Біздің туындылар сондай.

Қазақта мынадай әдемі сөз бар: «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Ол рас. Қазақтың киносында, басқа да өнерінде жетіспей тұрғаны – осы сын мәселесі. Киноны түсініп, соны сынай білетін, ақиқатын айта білетін сыншы бізде әлі күнге дейін болған жоқ. Өзін сыншымын деп санайтын кинотануышы көп. Бірақ олар сыншы емес. Олардың өздері танып алған режиссерлері бар, өзгелерді санатқа қоспайды.

Тіпті, мүсіншілерді сынайтын сыншылар жоқтың қасы. Мәселен, Қазақстандағы мүсіндерді алып қарайық. Бізде мүсін жоқ, жай ғана тас бар. Үлкен болып Абайдың мүсіні тұр, бірақ Абайдың ойы жоқ, динамикасы, пластикасы жоқ. Бетіндегі, қолындағы, денесіндегі бұлшық еттері ойнамайды. Оны мен мүсін деп санамаймын. Ғылым академиясының алдындағы Шоқан Уәлихановтың мүсіні де дәл сондай. Мүсіншілер ең алдымен адамның ой-санасын түсінуі керек.

Мұны сыншылар тіпті білмейді. Кино өнерінің жағдайы да дәл сондай, - деп ішіндегі шер-шеменін ақтарып салды қарт режиссер.

Қалдыбай Әбенов басынан өткен талай сорақылықты есіне түсірді. Оның айтуынша, «Аллажардан» бастап «Махамбет», «Баһадүр» сынды батырлардың өміріне арналған көркемсуретті фильмдерді түсіру барысында «Қазақфильм» басшылығы тарапынан болған кедергілер, аяқтан шалған әрекеттер режиссердің түбі құлауына себеп болыпты. «Өмірге қайта келсеңіз, режиссер болар ма едіңіз?», - деген менің сауалыма ойланбастан: «Әрине, әрине. «Аллажарды» кім түсірер еді?», - деп жауап берді.

1 қаңтарда нар тұлғаның туған күні болды. Ол күнді Қазақстан халқы дүркіретіп тойлады. Ал Қалдыбай аға төрт қабырғаға қамалып үйінде отырды. «Бүгін менің туған күнім, ой пәле-ай!» деп күңіренгеннен басқа шара таппады.

Міне, халқы үшін талай еңбек сіңірген режиссердің жағдайы осындай. Ешкімнен көмек те сұрамайды, әр күнін шүкірлікпен атырып, ризашылықпен батырып келеді. Тағдырына әлдеқашан мойынұсынған.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір