• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 23:13:37
Алматы
+35°

22 Ақпан, 2018 Саясат

Әліпбиге әлі ерте емес пе?

Ол үшін қоғамды алдымен қазақша сөйлетіп алып, жаңа әліпбиге сосын барып қана көшуіміз керек.

Қазір біздің қоғамда орыстың бір сөзін не шетелдің бір терминін дұрыстап айтпасаң, соған кәдімгідей намыстанатын жаман әдет бар. Орыстың кейбір сөзін қазақ мақамына салып айтуға ұялып, оны орысшалап, «дұрыстап» айтуға тырысамыз. Қазір біз жаңа әліпбиге тура осы психологиямен өтіп бара жатырмыз. Қоғамдағы осы бір құлдық психологияны түгелімен жаңа әліпбиге әкеп танғалы отырмыз. Сонда бізге қандай әліпби керек? Бізге, орыстың сөздері мен басқа да терминдерді қазақ мақамымен жаздыратын, оны қазақ мақамымен оқытатын әліпби керек. Ол үшін не істеуіміз керек деп сұрауыңыз мүмкін. Ол үшін қоғамды алдымен қазақша сөйлетіп алып, жаңа әліпбиге сосын барып қана көшуіміз керек. Әйтпесе одан түк пайда болмайды. Біз қазір үйді шатырынан бастап салып жатқан сияқтымыз. Үйді салу үшін алдымен фундаментін көтеріп алатын еді ғой. «Фундамент» дегеніміз – қоғамды осыған алдын-ала дайындау деген сөз. Өйтпесек, мына әліпбиіміз орыс тілінің заңдылығына кіріптарлықтан құтылмаған кириллицамыз сияқты тағы бір «жаңа» әліпби болып шыға келеді. Ал егер қоғамды алдымен қазақша сөйлетіп барып қабылдасақ, қазақ тілінде сөйлейтін қоғамда қазақ мақамымен жазатын әліпбиге сұраныс туады. Нағыз қазақы мақамды қайта қалпына келтірген шын тәуелсіз жазуымыз сол кезде дүниеге келеді. Біз сол кезде қазір «конфет», «цемент», «велосипед», «машина» деп жазып жүрген кірме сөздерді қазақ мақамымен «кәмпит», «белесебет», «семент», «мәшине» деп жаза бастайды екенбіз, көрдіңіз бе?! Біздің шенділеріміз қазір осы реформаға президенттің көп тапсырмасының бірі секілді атүсті қарап, оны тездетіп айналымға енгізіп жібергісі келіп жанталасып жүр. Бұл дұрыс емес. Біз бірінші қоғамды соған дайындап алып, әліпбиді ең соңында барып енгізуіміз қажет. Ол үшін балабақша мен мектептерді қазақша үйрететін ортаға айналдыруымыз керек. Негізі, Қазақстанда «қазақ мектебі» деген нәрсе болмауы керек, «мектеп» дейтін жалпыға ортақ бір-ақ түсінік қана болуы керек. Және ол мектеп - қазақ мектебі болуы керек! «Мектеп» пен «ұлт» бізде синонимге айналуы тиіс. Әліпби – осылардың ең соңында барып қана қолға алатын реформа!

Жолымбет Мәкіш

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір