• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:33:08
Алматы
+35°

30 Шілде, 2017 Ұлт болмысы

Әлемдік  элита

Ойлаңыздар:  халық  біз үшін  емес,  біз  халық  үшін туғамыз, олай  болса,  мойынымызда  халықтың  зор  борышы,  ауыр  жүгі жатыр

Бүркеншік аты: Әбілпейіз   Көгедай                

(Астана қаласы)

                   

  «Ұлт  болмысы  әдеби  сыйлығы»  байқауына

                                               Ұстаным  мен   ұят

                                                   (мақалаға кіріспе)

                                                                I

Әңгіме  әлхиссасын  Әлихан  Бөкейханнан  бастасақ.  Ұлт  көсеміне   «Қарағым,  жалғызымсың  қазақтағы»  деп   Көкбай  ақын  берген   баға   сол   биігінде менмұндалап  тұр.    Әсілі,   мұндай   адам   алашқа   әлі  қайырлыс  бермеді   десек,   қателеспеген  болар  едік.  Тау  тұлғаның  тоғыз  том  еңбегін   жіті  зерделеген  жан   болса,   бұл   байламның   рас   екендігіне  тағы  бір   көз   жеткізген  болар   еді.   Біз   кітаптан   алпыс  екі   тамыры  тек  алаш  деп  соққан  азаматтың  отаншыл  һәм  мемлекетшіл  махаббатын   көреміз.    Баз  біреулер   елге  қызмет  етуді  елу   том   еңбек   жазу   деп    түсінетін   шығар.   Рас,  арамызда   Әлекеңдей    энциклопедист,   эрудит   білімділер  де  табалар.   Мәселе  тіпті  де   онда   емес.   Біздің  ойымызша,  адамдықтың   ең  биік   өлшемі   есіл   ердің  өзі  айтқандай  «...ҰЛТЫНА, ЖҰРТЫНА  ҚЫЗМЕТ  ҚЫЛУ – БІЛІМНЕН  ЕМЕС,  МІНЕЗДЕН»  дер  едік.

 Бүгінгі  салмақ  түсіріп  сараптамақ   тақырыбымыз да   осы   мәселенің   төңірегінде  болмақ.   Ішіне  ғаламат  сыр   сыйғызған  осы  бір   қанатты   қағиданы  әркім  өз  өресі  жеткен  жерге  дейін  түсінері  мәлім.  Тіпті,   мәтіннің  соңын  ала  тұрған  МІНЕЗ  сөзін   кей  «кемеңгерлеріміз»  иман  деп  қасақана  бұрмалап та  жіберген   екен.  Мұндай   құқықты  ол  шіркіндерге   кім  берген,  қандай   ақысы  бар  еді   дейсің  қапаланып.   Автордың  төл  сөзін   төлеуге  жығып,  әркім  өз  ойынан  сөз  қосарлап,   былайша   былықтыра   беретін  болса,   түп   мәтіннің   ешқандай да  құны   қалмайды  ғой.   Ал,  жарайды,  иман   деп   өзгертуге   тыраштанған-ақ   екенбіз.   Бұдан  болып   Бөкейхановтың   мәртебесі  биіктеп,  аруағы аспандап   кете  ме  сонда? Біз  өн   бойымызды   меңдеген    сана   сырқатынан    туындаған   осы  бір  «тыраштану»  симптомына   сәлден   кейін   қайыра   оралатын  боламыз.  Мұның  бәрі   айналып  келгенде  Әлихан  әлемін  толыққанды  түсінбеуіміздің  салдары  ғана.    Бұл  жердегі  Алаш  көсемі  айтып  отырған  мінез  ұғымының   иман  сөзіне  үш  қайнаса  да  сорпасы  қосылмайды.  Әрине,   иман  ұғымы   Алла  мен  адам   арасындағы   екеуара   таным  (сенім)  мәселесі.  Ал  алаш  арысының  дәл  осы  жерде  қолданып   отырған   МІНЕЗ  сөзі   АЗАМАТТЫҚ  ҰСТАНЫМ  (принцип)  турасында  болып  отыр.   Адам  баласына  ең   жетпейтіні  де   әм   керегі  де  осы  МІНЕЗ   дейді  Әлекең.  

Түсінген  адамға   Әлихан  мақаласының   әр  жолында   асау  мінез   анадайдан  менмұндалап  тұрады.   Ұлт  көсемінің   ұстанымынан   күлбілтелеу  дегенді   атымен  таппайсың.   Сөйтсек,  Бөкейхановтың   азаматтық  амбициясы    ақырғы  жарығы  түгесілер  тұсқа   дейін   о  бастан-ақ   белгіленіп    қойылған  екен.    «ТІРІ  БОЛСАМ,  ХАН   БАЛАСЫНДА  ҚАЗАҚТЫҢ  ХАҚЫСЫ  БАР  ЕДІ,  ҚАЗАҚҚА  ҚЫЗМЕТ  ҚЫЛМАЙ  ҚОЙМАЙМЫН!..» дегені  осы  сөзіміздің  бұлтартпас  дәлелі  ғой. 

Ұлт  көсемі  аталған  ұғымға   бар  болмысымен  қызмет  жасап,  осы  ұстаным  жолынан  бір  айнымастан   дүниеден  озды.

Ендігі  кезекті  естелікке  берсек.  Әлиханның туған  бауыры Смахан Нұрмұхамедұлы: «Әлекеңнің мінезі:  еш   қазақпен  аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек  көретін  адамымен амандаспайтын,  сөйлеспейтін.  Қазақтың еш  нәрсесін  алмайтын.  ...Әлекеңнің  бір жолдасы уақ  Темірғали   Нөрекин  екінші  Государственни   Дума   шлені.  Әлихан «елге  еңбек қылмады» деп  Темірғалиге  өкпелеп, көрмей  кетті».  

Бізде  бір  можантопай  түсінік  салтанат  құрған.  Бұл  не десеңіз,  азаматтың дәрежесін  шен-шекпенмен  я  болмаса   биік   лауазыммен  ғана  бағалайтын   бейшаралық.  Мұнсыз (мандатсыз ) ол  адамның  дарыны  тау  теңселтердей  мықты  болса-дағы   қоғам  алдындағы  құны  көк  тиынға  тең.  Бұған тұлғаны  шығармашылығынан жекелей  бөліп алып   қарау  тенденциясын  да   қосарлай  кеткіміз   келеді.  Қызық,  адамның  өзі мен  өнерін  өзара  бөліп қарастыратын болсақ, оның шын бейнесін аталған қос өмірінің қайсысына қарап бағалаймыз сонда? Бұдан  шын тұлғаның толыққанды  суретін  көре  аламыз  ба?

 Бізде осы  «кісіңіз»  былайғы  өмірінде  барып  тұрған  донжуан,   сын  сағаттарда  ұлт  мүддесін сатқан  бейшара  болса  дағы   биік лауазымның  бірінде  қызмет  істесе  болғаны  ұлт  қайраткері  болып  есептеле  береді.  Бүгінде Абай мен Алаш арыстарының атын  малдану қазаққа жақсы болып көрінудің  құралына  айналды. Аталған адамдардың  еңбегін  түгелге дерлік  жатқа  соққаныменен,  не  уәдеде,  не  ұстанымда (принципте)  тұра  алмайтын  «азаматтардың» тізімін  жіпке  тізер болсақ  қисабына  жетпес  едік.   Бірден  айта  кетелік.  Бұл  ешқандай  да  Алаштың   ақ  жолы  емес. Бұл бар болғаны аруақтардың атын жамылған алаяқтықтың жолы. Болмысы  біртұтастыққа   ұласпаған  мұндай  пендені   тұлға  деп  танудың  өзі  қалай  болар екен?  Өкініштісі,   күні   бүгінге  дейін   елдің   «еркелері»  мен   «серкелері»  (қарапайым  ғана  осы бір  қағидалармен  емес)  жоғарыдағы  жартыкеш  критерийлермен   анықталып  келеді. 

Біз шын тұлғаның нарқын білетін танымнан толыққанды айырылғандықтан, осындай жадағай жандардан ғаламат қайраткер жасауға  мәжбүр  болып  отырмыз.  Ал  олар  болса,  қазақты  ел  екен  деп  те  менсінбейді.  Тіліңде  сөйлемейді,  танымыңды  түсінбейді,   дәлірек  айтар  болсақ,  оныңа  түкіргені  бар.   Бір  сөзбен  пайымдасақ,   бүгінгі   билікті   ұлттың  бозжусан  болмысын  білмейтін, қазақтықтан еш хабары жоқ космополиттер басқарып отыр. Қазынасы  қазақты  тонаумен  ғана  қампайған  сол  бейбақтардың  бойында  Әлиханның  жоғарыдағы,  «қазақтың  еш  нәрсесін  алмайтын,  қастық  қылмайтын» мінезі  болғанда қалай   болар  еді,   япыр-ай,  дейсің.   Алаш  көсемінің   естеліктегі  «...екінші Государственни  Дума  шлені» деп  отырғаны  қазіргінің   депутаттық  мандаты  ғой.   Бүгінде  оларға  «елге еңбек қылмады»  деп   өкпелемек  тұрмақ,   былайша  ойлағаныңның   өзіне  ұялатын  жағдайға  жеттік.   (Елдегі  екіжүзділік,  қысқа  күнде  қырық  құбылу  секілді  қылықтарымызды  тізсек,  бұл   бір   байтақ   әңгімеге  жүк.)   Қысқасы,  қандағы  мінез   Шәкәрімше айтсақ  «ТАЙҒАНАҚ МІНЕЗ,  ЕКІ  ТІЛГЕ»  әлдеқашан  айналып  үлгергендігін  өзіміз де  аңдамай қалыппыз.  Егер де  Әлихан  талабымен  келісер   болсақ,   біздегі   ТҰЛҒАТАНУМЕН  оны  бағалаудың  барометрі   мүлде  қате   қалыптасқан  екен.   Әлиханға салсақ,  тұлғаны  бағалаудың  ұшар  басында  ОНЫҢ   ЕЛГЕ  СІҢІРГЕН  ЕҢБЕГІ  МЕН   БІРТҰТАС  МІНЕЗІ   алда  тұруы  тиіс.  Біздіңше,  бүгінде  кімнің  кім  екендігін   білмекке   Бөкейханов  тұлғасы  ауадай   қажет. Себебі Әлихан көзқарасының тезімен қарағанда шын тұлғаның анық суреті толыққанды көрінер еді.  Отаншыл  санамыздың  салмағы да   осы  бір   өлшем  тілшесінің  қалай   қозғаларына  тікелей  қатысты.  Мұны  Әлихан  Бөкейхановтың   ар-ұятымыздың  алдына  тосқан  азаматтық  мизантасы  деп  атасақ  та  болады.  

 

                                                               II

 

Ендігі   сөзді   жоғарыда   уәде  еткен   «тыраштануға»  қатысты   тақырыбымызға   бұрсақ    дейміз.   Бұдан  біраз  күн  бұрын  әлеуметтік  желілерде  «Осы  Абай  намаз  оқыған ба,  әлде  оқымаған  ба?»  деген  сыңайдағы  әңгіменің  ду  ете қалғаны  бар.  Дай-дай  таласқа  түскен  екі  топтың  тамыр  соғысынан  біз  мынаны  аңдадық.

Біріншісінің    мақсаты   Абайды   намазға  жығып  артына  ұйытып қоймаққа   тыраштану  болса,  соңғысының  ниеті   данышпанды  қалайда   дінге   қарсы   қою.   Қос  тараптың   қылығына  қарап  отырып,  қарадай  қаның  қайнайды.  Ал,  енді  алғашқысының   әрекетіне   келейік.   Жарайды,   Абайды  сәждеге  жығып  артымызға  ұйытып-ақ  қойдық  делік.  Бұдан  болып  біздің  ұтарымыз қанша?  Осылай  етсек  кемеңгердің  қырық бес  қара  сөзі (ғақылиясы)  қырық сегізге  еселеніп,  ақындығы  артып  кете  ме  содан.    Хакімнің   «Батин мен  заһир»,  «Имани  гүл»,  я  болмаса  «Күні-түні  ойымда бір-ақ  тәңірі»,  «Адамзаттың бәрін сүй  бауырым деп» деп жалғаса беретін  жоталы  ұғымдарының  бірі  де  бұлар  үшін  ӨЛШЕМ  емес  екен.   Оларға  бар  керегі  Абайдың  намаз  оқығаны  ғана...

Намаз  дегеннен  шығады,  соңғы  мезеттерде   исі  адамзатты  «сәждеге бас  қойғандар мен  қоймағандар» деп  екі  ғана  бөліп  қарайтын   «данышпандар»  пайда  болды.  Шіркіндермен  дидарласа қалсаңыз  дүмшелігінен   адам   қорқады  (Түптің-түбі  қазақтың  қасіреті  осылардан  болар ма  екен  деп  қамығамын.)  БАБАЛАР  БОЛМЫСЫМЕН  СУАРЫЛҒАН  ҰЛТТЫҚ  ТАНЫМНЫҢ  БҰЛАР  ҮШІН  БІР  ТИЫНДЫҚ ТА   ҚҰНЫ  ЖОҚ.  Осыдан  болар,   ой  жосынымыздың  құлдырап  кеткені  соншалық,   қазақтың  қарапайым  ғана  сөзі  мен  қағидасын  түсіне  алмайтын  жағдайға  жеттік.     Мәселен,  Зере  әжеміздің  жан  дегенде жалғыз  ұлы   Құнанбайды дәретсіз  емізбегені  жайында  бір  дерек  бар.  Осы бір  ойдан  алапат  ақиқат  жасағанымыз  соншалық,   діннің   деңгейін   дәретпен  өлшеген  өлеңдерді  қардай   бораттық  та  жібердік.   Бұл  шын   мәнінде   адамның    тазалығы  жайлы   айтылған  ойының  (астарлы)   мағынасы   ғана  ғой  (Әйтпегенде,  түнде  омырау  сұрап  отыз  рет  оянған  перзентін  әз  әжеміздің  «Әй, Құнанбай, сен жыламай  сәл сабыр ете тұр,  мен дәрет алып келейін» деп орнынан  отыз  рет  тұрып   емізбегені   айдан  анық  қой.)  ЕҢ  БАСТЫСЫ,   БІЗДІҢ  АҚЫЛ-ОЙ  МЕН  АР-ҰЯТЫМЫЗДЫҢ   ДӘРЕТІ  (тазалығы)  БАР  МА? 

Мәселені  осылай қойғанда  ғана бұл ұғымның мәніне тереңдей ендеген болар  едік. Құрметті  оқырман  қауым,  біз  бұл  жерде  намаз  бен  дәретті  жалғанға  шығарып,  әдейі   ілік   іздегелі  отырғамыз жоқ.  «... Әрбір ақылы бар кісіге иман  парыз,  әрбір  иманы бар  кісіге  ғибадат парыз...» деген  хакімнің  дәрет пен намазды (яғни тағат-ғибадатты)   иманның  күзетшісі  ретінде  ғана  қарастырғаны  жайында  айтып  отырмыз. «... Күзетші күзеткен  нәрсесінің  амандығын ойламай, бір  ғана  ояу тұрмағын  қасд  қылса, ол не күзет?  Күзеткен  нәрсесі  қайда  кетті? Мақсат  күзетілген  нәрсенің амандығы,  тазалығы  емес  пе?» дейді. 

Шамасы біз иман мен ғибадаттың орынын өзара алмастырып алғанға ұқсаймыз ( Иманды болуды  «тек намаз оқу  деп»  түсіндіретіндердің  әрекеті   осы  бір  сөзіміздің  мысалы.)

Ал,  енді  екінші  топтың  ісіне  айтар   уәжіміз  мынау: Алласыз  абайтанудың  ешқандай  да  мәні  жоқ.  Ақынның  «алтын сандық  кеудесінің  кілті»  тек  қана  дін.  Дінді (Алланың ақиқатын) білмеген адамды Абай маңына да  жолатпайды.  Абай  ол  адам  үшін  ашылмас қақпа,  таскерең  түнек  күйінде  қабарып  қала  береді.  Құр  «күшенуіміздің»  кемеңгер  биігіне  келтірер  титтей  де  зарары  жоқ  екендігін  түсінсек  қой,  шіркін. 

Тым болмағанда  қазақтың  «ұят  болады»  деген  ұлы   ұғымына  тоқталсақ  етті...                                                    

                                                 «Дін таласы»

                            (Ә.Бөкейхановтың  аудармасы  жайлы  аз  ғана сөз)

                                                                  III

Соңғы кездері Қазақиядағы дін мәселесі күрделі жағдайға айналып барады.  Елдегі  тілдік бөлінушілікке енді діндік ала-құлалық қосылды. Бес қазақ бес түрлі діни ұғымдарға иланып, бір үстелдің басында әңгімелері жараспайтын жағдайға жетті. Осыдан  он  жыл бұрынғы сенімге түскет сызат жарғақшағы жыраға айналып адам атап  өте  алмастай  халге ұласты. Сәл шегініс. Исламдағы сүннет пен шейіт  топтарының өзара  шиеленісінен бірер мысал келтіре кетелік.  Бірін-бірі қырмандай қырған бұл ағымдар әрекетінен сіз қандай ҚҰДАЙШЫЛЫҚТЫ көріп  отырсыз. Қос ағымның адам аулаған қарама-қайшылығы бір-ақ күнде пайда бола қойған жоқ қой. Сенімге түскен селкеулер кейін келе түрлі көзқарастар мен догмаларға ұрындырса, бұлжымас қағидалар соңы қантөгістерге әкеліп соқтырды. Ешқандай ділмәрсу емес, біздегі деструктивті діни топтар әрекетін қазірден бастап ауыздықтап бір пәтуаға  жұмылдырмасақ,   түптің-түбі  осы  кепке   ұрындырары  анық.

Мұны кеш түсінген мемлекет корпусының күрескерлігі өкінішке қарай, хиджап пен сақалдан аспай-ақ қойды. Сақалдың бір өзі ғана саяси аренаның қызу полемикасына айналды. Бұл біздің тек дін әліппесімен ғана тұйықталғанымызды,  дәлірек айтсақ діни  сауатымыздың сәби  санасындай ғана  екендігін  көрсететін шындық.  Жоғарыдағы атап өткен бес қазақтың біреуі арабтың салт-дәстүрін шариғатпен шатастырып, өзінің өмір тіршілігін осы бір ұлтпен етене сабақтастыруға тырысса, тағы бірінің таным көкжиегінің ауқымы жетінші ғасырдан  жылыстамай-ақ қойды. Жаңалық атаулыны жанына қас санайтын базбіреулеріне  қазаққа қатысты  бірдеңе десең болды  «ширк» деп  шыға келетінді шығарды.   Адасқан санаға араша болар үмітіміз имамдарымыз бен  зиялылар да еді. Өкінішке қарай, мешіт молдаларының бар айтары тағат-ғибадаттың төңірегімен ғана тұйықталса, оқығандарымыз  «осылай  шығар деп ойлаймын...»   секілді тайғанақ  көзқарастардан  арыға  бара  алмай қалды.

Дін - өрмекшінің торындай өте нәзік тақырып. Ол екі дүниенің қыры мен сырын еркін бағамдар жоғары танымды талап етеді.  Дәлірек айтсақ Алла мен адам арасындағы рухани байланыс. Ал осы байланысқа бөгде ниеттер мен саяси мүдде қосылғанда ол дін емес, дүлей апатқа ұрындырады. Әлемнің әр жерінен шаң беріп жатқан қанды қырғындардың себебі осыны аңдатады. Бүгінгі дөңгелек дүниедегі орын алып отырған  дін мәселесінің анық суреті осы. Анық  пен танықтың  аражігін ажырата білмесек осылай жалғаса бермегі де ләзім. Сонда қайтпек керек? Дін дүрбелеңінің дауасын қайткенде таба аламыз? Міне қабырғадан қойылған қиын сұрақтарға бұдан бір ғасыр бұрын Бөкейханов қаламсабымен жауап берілгендігіне  қайран қаласың. Алаш төрағасының терең танымына тағы да еріксіз таңдайыңды қағасың. Әңгіме әлхиссасы Әлихан Бөкейхановтың  «Дін таласы» деген  аудармасы хақында.  Француз жазушысы  Бернарден де Сен-Пьерден Лев Толстой аударған осы бір қысқаша әңгімені қазақшаға Бөкейханов тәржімалаған. Оқиғаның ұзын-ырғағы мынадай: Үндістанның Сурат қаласында көптеген дін өкілдерінің өзара басқосуы болады.  Әуелгі сөзді Иран ғалымы бастаған отырыс соңы, кейін келе  үлкен дауға ұласады. Әркім ұлы Жаратушыны өз сеніміне (дініне) қарай меншіктеп қызыл кеңірдек ұрыс алаңына айналдырады. Сол жиында сөзге араласпай қағаберісте бір қытай отырады.  Бәтуаға бекімей қызара бөрткен топ қолқаны сол қытайға салып «сен қалай  ойлайсың, ойыңды  айтсаңшы?» - дейді.

«Мырзалар!  Менің байқауымша адамдарды дін турасында бір іттіфаққа (ынтымаққа) келтірмейтін   жалғыз-ақ  нәрсе  намыс.

....Өзімшілдікпен әр адам Құдай өзімдікі, я  отанымдікі, я діндесімдікі болса екен дейді. Күллі дүнияға сыймайтын ұлығ тәңіріні һәр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Тәңірінің езгілігін (ізгілігін) ыспаттайтын құдай өзі дүнияға шашқан нығметіне жететін  мадақ  сөз  бар ма? Адам жүрегіне жазып  қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын фида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына езгі (ізгі) адамның шын  ықылас-көңілінен  артық орын бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлұғ (ұлық) деп ұқса, соғұрлым жақсырақ  танымақшы.

  Жақсырақ таныған сайын, құдайға жақынырақ болмақшы.  Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, меһірбанлығын (мейірбандылығын) көріп, меһірімді  (мейірімді) болмақ.  Біреудің көзі соқыр, біреудің  көңілі  соқыр.  Көзі соқыр жарықты көрмей, жарық  жоқ дер, яки күнге көзі  жетпей, көріп отырған  шамын  күн деп білер; көңілі соқыр  қылықты айырып, құдайды танымай құдай  жоқ дер, яки қолына  ұстап көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер.  Қай соқырлық та болса – кемшілік. Бірақ,  соқырлығының бейнетін һәркім өзі көреді...» - дейді.  Қос беттен ғана тұратын тәржіманың оқиға сорабы осылай аяқталады. Әлихан бұл тәржіма арқылы нені мақсат етті? Біздіңше мұның мағынасы тым тереңде жатыр. Мәңгілік майданға ұласқан дін таласына тек таным таразысы  ғана тоқтам болатынын пайымдайды. Сірә, қалтарыс қалған ештеңе қалмаған секілді. Осыбір қытай азаматының (мәселе ұлтында емес) ауызымен айтылған  ақиқат сөзде  аңғарған  адамға  біздің  де  тағдырымыз  менмұндалайды.

Манағы төбедегі сөз еткен бес қазақтың біріге алмауына да тек  таным мүгедектігінің  тоқтам болғандығы айдан анық қой.  Бұдан бірнеше ғасыр бедерінде исламият білімінің бұлағы болған бүгінгі Мысыр мемлекетінің көрінісі қандай? Оның да түбіне көзсіз көбелектей «көңіл соқырлығы» жеткендін аңғарасың.  Қасиетті Құран-Кәрімнің бір аятында Аллаһ-Тағала: «Бұл  дінді (исламды) адамдарды бақытты болу үшін түсірдім» - дейді.   Сонда соғыс ошағына айналған бүгінгі мұсылман мемлекеттерінде бақыт жайлы нендей  сөз  болуы тиіс.  Демек бұл, дін исламның емес, біздегі мұсылмандық танымның таяздығынан болып отырған жәйіт.  

Көбіміздің көкжиек көлеміміз исламды мешіт пен молданың маңайынан ары қарай  асыра алмай-ақ қойды (Бұған  дін тек молларға  арналған мамандық секілді, қияметте  солар ғана есеп беретіндей можантопай түсінікті қосыңыз). Осындайда ойыңа дін қайраткері  Ғұмар Қараштың «Дін бізге емес, біз дінге мұқтажымыз» деген  ғақлиясы оралады.

 Біз  өзіміздің өн бойымыздағы  кемшіліктерді көруге әм түзеуге тиіспіз.

Себебі «сын түзелмей мін түзелмес» деген ұлы  рухани таным таразысы бар. Құдайшылығын айтайық, Құран сөзін құр жаттаған құрғақ құлшылық бізді қайда апара жатыр.  Өз басым молданың бір басына ғана болмаса өзгеге тигізген жақсылығы жайлы еш жерден  естігенім жоқ. 

   Сонда пайғамбарымыздың  «Адамның (кісінің) ең жақсысы адамдарға (адамзатқа)  жақсылық жасағандары» - деген хадисін қайда қоямыз. Осы мысал Абайдың «Бұл заманның моллалары хакім (ғылым) атына дұшпан  болады»  шындығымен, Шәкәрімнің «ноқталы ми» ұғымының әлі күнге қатқан қалпында  қалғандығын  көрсетеді. Өкініштісі сол, құрғақ құлшылықтан аспаған қораш әрекетіміз қарт құрлықтың пайдасына шешіліп жатыр.  Ауғанстан мен Ирактағы орын алып отырған ауыр жағдайлар осыны түсіндіреді.  Қайыра айтуға мәжбүрміз. Рухани таным дегеніміз -  сектамен немесе топпен түсіндірілетін түсінік емес, ол тек қана Алла мен  адам  арасындағы рухизат қатынас.

  Әлихан аудармасындағы  «... Адам жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлұғ (ұлық) деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы.  Жақсырақ таныған сайын, құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, меһірбанлығын (мейірбандылығын) көріп, меһірімді  (мейірімді) болмақ» - деген   ұлы  ұғымдар  категориясы  осыған  саяды.

 Жақсылықты  бір ғана Жаратушының ризашылығы үшін емес, қор қызын құшпақ жұмақ үшін  (мұның кешегі коммунизм идеясынан қандай айырмашылығы бар)  жасаған бақай есебіміздің  шын исламдағы рухизат танымға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды.  Біздегі һәм  қалаберді  әлемдегі дін дағдарысының (соқырлығының) симптомы осы.  Екі дүниені еркін, төр төңіректі түгел таныған Әл-Фараби мен  Ғазали,  Абай мен Толстой танымының жоқтығы дөңгелек дүниенің тыныштығын кетіріп-ақ тұр. Әлиханды да әрі-сәрі етіп әлекке түсіріп отырған да осындай жағдайлар. Толстой дегеннен шығады  Бөкейхановтың тәржіма соңын: «Басқалар да   Толстой  көзімен қараса, осы күнгі  Балқанда судай ағылып-төгіліп жатқан қанға  орын  табылмас  еді» - деп түйіндеуі  тегіннен-тегін болмаса керек.

   Ілгеріде академик Манаш Қозыбаев марқұм бір сөзінде  «Біз әлі де Әлихан тауының  етегіндеміз» деген  болатын.

  Тау тұлға танымының бір парасы осы  аудармада  жатқанға  ұқсайды. Бұдан бір ғасыр ілкідегі Бөкейханов тәржімасы бүгін тарихқа айналды. Тарих тәжірибе алаңына айналуы тиіс. Тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын тағы бір шындығы бар.  Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сізбен бізге  зерделі  таңдау,  дұрыс  пайым  жасатады.    

                                       

                                          Әлемдік элита                                

                   (немесе Ж.Аймауытұлының  бір  мақаласы  хақында)

                                                               I

Біз  тұлғаны  белгілі  бір  даталы  мерзімге  байлап,   жүз  немесе  жүз елу  жылдық  науқанда   ғана  есімізге   алмай,  олар  жайлы  ай,  тіпті  апта  сайын   айтып  отыруға  тиіспіз.  Өйткені  тұлғаның  жеткен  өресі  мен  шыққан  биігін  бойына  дарытпаған  елдің  әманда  болашағы  жоқ.  Кезекті  көсемсөзге   берелік.

Бұл  бұдан  бір  ғасыр  бұрын   жазылған  мақала  екен.  Мақала  авторы  әйгілі   Жүсіпбек  Аймауытұлы.   Еңбегінің  есімін  (тақырыбын)  «Ұлтты сүю» деп  атаған   айтулы  мақалада  алаштың  біраз  мәселесі  сөз  болыпты.  Әлемді,   қала  берді  қазақ  пен  орысты    өзара  салыстыра  жазған  осы бір  ғажайып  мақаладан    қысқаша  ғана  үзінді  келтірейік.  «...Ұлтшыл  жұрттар,  әне,  Германия,  Япония,  Англия,  Түркиялар,  олардың  баласы  жасынан  «ұлтым» деп  өседі.  Есейген соң  бар  білімін,  күшін  өз  жұртының күшеюіне  жұмсайды.  Олардың  әр  адамы – мемлекеттің  керегі,  қызметкері.  Көршіміз  орысты  алайық.  ...Чиновнигі өзі  қожа,  өзі  төре  болып,  қара  халықты  менсінбеді,  жан  есебінде көрмеді.  ...Екінші жағынан  орыс  патшасын  құдайдан  жаман  әспеттеп,  көкке  көтерді.  Именді, қорықты,  патшадан  күшті  әмір иесі  бар  деп  ойлаған  жоқ.

 ... Мұжықтың  мұндай  болған  себебі  орыстың  жоғарғы  табынан  шыққан талай  атақты, білімді  жазушылары  мұжықты  мадақтап  кітаптар  жазып,  көтеріп,  өзімшіл  қылып,  тәңірсітіп  жіберді».  Осы  жолдарды  оқып  отырғанда  Мұстафа  Шоқайдың:  « ...Кеңестік   Ресейде  бар  нәрсе  Сталинге  байланысты.  Шошқалар  торайласа,  сиырлар  бұзауласа,  бидай  мен  мақта  мол  өнім  берсеосының  бәрі  Сталиннің  қызметі,  Сталиннің  істегені  болып  табылады.  Демек  бұл  елде  Сталинсіз  шошқа  торайламайды,  бидай  өніп-өспейді.  ...Осыған  орай  «Известия» мен  «Правда»  газеттеріне  басылған  материалдарды  оқысаңыз осының  бәрі  тек  Сталиннің  жеке  басын  дәріптеп,  оны  тәңірге  айналдыру  үшін  істелген  бе  деген  ойға келесіз», деп  қынжыла  жазғаны    еріксіз  есіңе  түседі.  Содан  бері   жүз  жыл  өтсе  де  осы  эпизодтардың   айна-қатесіз   көзі  тірі   көрермені   болып  отырғанымыз  өкінішті,  әрине...

Осы  орайды  пайдалана  отырып   сәл   ғана   тарихи   шегініс  жасайық.   XIX  ғасырда   отарлау  саясатының  жаңа  бір   айласы   ретінде  алаш  даласында  орыс  мектептерінің    бой  көтере  бастағаны  белгілі.  Оның   түп  мақсаты  мен  мүддесін  бір  адам  аңғарған  болса,  ол  сөзсіз  Абай  Құнанбайоғлы  еді.  «Интернатта  оқып  жүр,  талай  қазақ  баласы»  деп   басталатын   ғазалында  хакім  осы  бір   жәйттің  біраз   тұстарын  ашалап   айтып  өтеді.  «...Балам  закон  білді  деп,  қуанар  ата-анасы,  ойында  жоқ  олардың,  шариғатқа  шаласы»  деген   күдігінде  шынымен-ақ  көп  мәселенің  мәні   жатқан-тұғын.  Хакімнің  бұл  жердегі  қолданып  тұрған  «шариғат»  сөзі   күллі   кісілік  пен  парасаттың,   әдет-ғұрып  пен  салт-сананың    жиынтық   ұғымы   екендігі  шүбәсіз.  Ақын  орысша  оқығандардың  осы  бір   әттегенайынан  шынымен-ақ  секем  алады.

Себебі тілмен бірге сол ұлттың мінезі мен менталитеті қоса сіңетінін,  әгәрәки тіл жоғалар болса онымен бірге сол халықтың тұтас танымының  бірге сөнетінін  хакім  жақсы біледі  (Бір  ескертеріміз  бұған  бірнеше   тілді   білуіміздің  ешқандай  да  қатысы  жоқ.  Біздікі  тек  сөйлеу  мен ойлау категориясының   арасында    үлкен   айырмашылық   бар   екендігін  оқырман  қаперіне   сала  кету  ғана).  Дәл   қазір  ағылшын   тілі   деп  айғайға  басып-ақ   жатырмыз.  Ал  оның  оқу  индексі  қандай?  Мұның  арғы  жағы  Абайды  алаңдатқан  «шариғатқа   шала»   матералистер  мен  агностиктерді  тағы  да  тәрбиелеу емес пе?  Өзіміз  түсінбесек те  өңешімізді  созған  осы бір  өлермен   әрекетіміздің  түпкі  мақсатында  нендей  есептер  жатыр?  Міне,  ойласаң  түбіне  бойлатпас   осындай  сауалдарға   бір  сәтке  болсын   сергек  санамен  жауап   іздеудің   ешқандай  да  зияны  жоқ.  Әрине,  бұл сұрақтардың   өзі   жекелей   бір-бір   мақалаға  жүк.   Біздің  бар  айтқымыз  келгені  Абайды  алаңдатқан  осындай  жәйттерді  Жүсіпбектің  де  дәл айна-қатесіз  аңғарғаны.  «...ЕСТЕРІҢІЗДЕ  БОЛСЫН:  ҚАРА  ХАЛЫҚТЫҢ   МӘДЕНИЕТТІ  БОЛУЫНАН  МӘДЕНИЕТТІ  КІСІНІҢ  ҚАЗАҚ  БОЛУЫ  ҚИЫН.  БАЛАҒА  ОСЫ   БАСТАН  ҰЛТ  РУХЫН  СІҢІРІП,  ҚАЗАҚ  ӨМІРІНЕ  ЖАҚЫНДАТЫП  ТӘРБИЕЛЕУ   КЕРЕК.  ОРЫС  ТӘРБИЕСІН  АЛҒАН  БАЛА   ҰЛТ  ҚЫЗМЕТКЕРІ  БОЛА  АЛМАЙДЫ»  деп  пышақкесті  үкім  жасайды.  Неге  екенін  қайдам,   осы  жолдарды  оқығанда   орыс тілді қазақтардың   типі   көз  алдымда  тізбектеліп  көпке  дейін  кетпей  қойды.  Құрметті  оқырман  қауым,  сіз  осы   жандар  өздерінің  орысша  ойлайтынын    аса  зор  мәдениеттілік   санайтынына  зәредей  де  шүбә  етпесеңіз  болады.  Мұндай  «мәдениетті»  адамдардың   ешқашанда   қазақты  түсінуге  тырыспағанын,  сондай-ақ,  қазақ   болу   бақытының  бұлардың     тәлейіне  жазылмағандығын  ашық  айтуға  тиіспіз.  Байқаған  жанға  Аймауытұлы   ұлттың   ұшығы  мен  дуалап   алған    дертінің  де  диогнозын   дәл  көрсетіп  береді.  Мойындауға  мәжбүрміз. Бүгінгі  биліктің  қанына  тартпас  қатыбас  қылығы  мен орысқұлдығының  төркіні  де  осы  Жүсіпбек  келтірген  деректерде   жатыр.

Дуа  дегеннен  шығады.  Ғасырдан  ғасырларға  созылған   қанкөбік  шайқас  баладан  атаға,  әкеден  балаға  берілетін  көшпелі  ақпараттардың  көзін  жойып,  тек  құр  сүлдемізді  ғана  қалдырған  екен.  Көңілімізге  келмесін,  біздің  «ел  қамын  жеген  Едіге»  болып  көрінуіміз  ұлтшылдықтың   тек  сыртқы  формасы  ғана.   Бұл  феноменді  өз  өтірігімізге  өзімізді   иландыру  (аутосуггестия)  деп   атасақ  та  болады.  Осыны  тіліне  тиек  еткен   Жүсіпбек  «...оқығандардың  кейбіреулері  жан-тәнімен  адал  қызметін  ұлтына  көрсете  алмауы,  пайдасын  не  дәрежесін  сағалап  кетуі  ғажап  емес,  себебі,  «ұлтшылдық»,  «адалдық»,  «қызмет»  (бұл  жерде  елге  қызмет ету)  деген  нәрселер   сүйегіне  сіңіп  өскен   зат  емес.  Сырттан  жапсырылған  жамау»  дейді.   Ардақты  Абайдың  «Ұяламын  дегенің  көңіл  үшін,  ұсақ  қулық  бір  ғана  өмір  үшін»  деген  өлең   жолдары  да   осы  жағдайларды   дәл  түсіндіріп  тұр.  Көп  дүниені  көз  алдымызға  жайып  салған   мақала  авторы  сөз   соңына  қарай,  оқыған  азаматтардың   адресіне   қарата   бүй   деп  аманат  жүктейді.  «...Қазаққа  зор  кеуде  ақсүйектің,  ақша  жегіш  жылтырауық  шенеуніктің,  сұлу  сөзді,  құрғақ  бектің   керегі жоқ;  адал  күшімен  өгіздей  өрге  сүйрейтін  жұмысшы  керек.  Сол жұмысшы  –  оқығандар.  Бекерге  кеткен  сағат,  босқа  өткізілген  минут –  ұлт  ісіне зор  шығын.  Оқығандар!  Бұл  уақыт  жан  тыныштық  іздейтін,  қызық  қуатын  уақыт  емес,  қызмет  қылатын  еңбек  сіңіретін  уақыт.  Ойлаңыздар:  халық  біз үшін  емес,  біз  халық  үшін туғамыз, олай  болса,  мойынымызда  халықтың  зор  борышы,  ауыр  жүгі жатыр»  дейді.   Саңылауы  бар  адамға  бәрі  де  түсінікті  деген  ойдамыз. 

Өзін  оқыған  санайтын,   әм  осы  айтылғандарды  алаш  азаматтарының арттағы  ізбасарларына  жүктеген  аманаты  деп  түсінетін  әр  қазақ  баласы   бұл  мәселеге   бей-жай  қарамайды  дег

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір