• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:37:26
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 NEWS

Алдағы Олимпиадада келімсектерге артар үміттен бұрын күдік басым...

Қазақ елі азаттығын алып, өз қотырын өзі қасығалы бері алты рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысса, дәл сонша рет қысқы Олимпиадада бақ сынапты.

Қазақ елі азаттығын алып, өз қотырын өзі қасығалы бері алты рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысса, дәл сонша рет қысқы Олимпиадада бақ сынапты. Ел спортшылары жазғы ойындардан бар жиынтығы 68 медаль алған болса, қысқы спорт түрлерінен небәрі жеті-ақ рет жүлдеге ілінген.  Павлодар облысының спортшылары жазғы Олимпиадаға жердің үстімен барып астымен қайтады. Өйткені, 22 жылда Кереку өңірінен қатысқан спортшылардың ешқайсысы жүлде алып көрген жоқ. Әр жолы үкілеп қосып, үмітпен аттандырып жібергенімізбен салдары суға кетіп жеңіліп қайтады. Қысқы Олимпиада да жетісіп жүргеніміз белгілі. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен ақ ойындарда Людмила Прокашева конькимен жүгіруден қола медалді қоржынға салған еді. Содан бері бақандай 20 жыл өтсе де медаль деген нәрсе Керекуліктердің көзінен бұлбұл ұшқан.

Енді міне, Кореяның Пхенчхан қаласында жалауы көтеретін ақ Олимпиадаға да санаулы күндер қалды. Павлодар облысының спорт басқармасы биылғы додаға Кереку өңірінен қатысатын спортшылардың да тізімін жариялады. Жасыратыны жоқ, алты ай қыс астында жататын аймақ болғанымызбен бізде қысқы спорт түрлері аса дамымаған. Қары жоқ өңір оңтүстіктен Жанбота Алдабергенова сияқты фристайлшылар шығып жатқанда «біздікілер қайда қарап отыр?», - дейсің тағы. Ақыры өздерінің қолынан келмеген соң біздің спорт басқармасындағылар өзге өңірден келген легионер спортшыларға үміт артатын болыпты. Павлодардан 12 спортшы қатысатын болса солардың төртеуі келімсектер. Қаншама суық аймақта тұрғанымызбен «шорт-трек» деген спорт түрі Павлодарда бұрын соңды болмаған еді. Кореяға біздің облыстың атынан төрт бірдей шорт-трекші аттанғалы жатыр екен. Олар: Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов, Ольга Тихонова және Ким Ионг А. (Соңғысы нағыз кәріс-ау – автор). Бұған дейін Қостанай облысы атынан қатысып жүрген бұл спортшылар биыл Павлодарға жүлде әпереді деп сенім артылған. Тағы да сол үміт. Айтпақшы, мықты биатлоншы қызымыз Арина Пантова Ресейге кетіп қалыпты. Жалпы, облыста коньки және шорт-трек спорттарын баяғыдан-ақ жандандырса болатын еді. Қазір конькиден Ұлттық құрама бапкері болып кеткен Людмила Прокашева, Павлодарда болған кезінде бұл мәселені көп көтерді. Әкімдікте өткен талай жиындарда конькимен жарысатын жабық мұз айдынын салып беруді көп сұрады. Аймақтың әр жолғы әкімдері бас шұлғып қана құтылатын. Дене шынықтыру және спорт басқармасын соңғы үш әкімнің тұсында басқарып келе жатқан Марат Айдашев құлық танытпайды. Ақыры, жергілікті биліктен көңілі қалған Прокашева Павлодардан кетіп тынды. 2017 жыл Павлодар облысында «Спорт жылы» болып жарияланған еді. Бір жылды спортқа арнаған соң көп үміт күткенбіз. Уәделер де болды. Спорт саласын дамытуға былтыр 4 млрд теңге бөлінді. Алайда, көзге көрінер ештеңе жоқ. «Ана аулада алаң ашылды, мына ауданда доп тебілді», онсыз да басқа бағдарламалар есебінен атқарылып жатқан жұмыстар. Жақында спорт басқармасы, «осы жылы өңірде Олимпиадалық талаптарға сай жүзу бассейінін саламыз, жеңіл атлетика мен футбол ойнайтын екі бірдей жабық манеж саламыз, Олимпиадаға резерв дайындайтын спорт мектебін саламыз», деп кеуде керген. Басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, бассейіннен басқаларының артында әзірге сұрақ белгісі тұр.   

Сонымен, павлодарлық спортшылар биылғы ақ Олимпиададан медаль ала ала ма?  Үміттен күдік басым. Оның үстіне белгілі блогер Аршат Ораз, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақстан Олимпиададан медаль алмайды», деп қорқытып тастады. Ол мұны Gracenote компаниясының есебіне сүйеніп жазған екен. Дегенмен, кім білсін?! 

Есенбек Санатұлы, Павлодар қаласы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір