• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:31:06
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2017 Алаш-Орда

«Алаштың Әлиханы» Алматы төрінде сахналанды

Ендігі төр – елдікі, төренікі емес - Әлихан Бөкейхан.

 «Ендігі төр – елдікі, төренікі емес»

Бұл қазақтың қазақтығы, ұлттығы сақталған, бір тудың астына жиылып, елтаңбасын бекіткен Алашорда үкіметі қабылданған күні айтылған сөз.  Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамбетов, Смағұл Сәдуақасов сынды ел зиялылары түбі өз мақсаттарына жеткен күні айтылған сөз. Бұл қазақтың көсемі, елбасы,  Алашорда үкіметін құрушы әрі төрағасы Әлихан Бөкейханның айтқан сөзі.

Қазақтың маңдайына біткен нағыз басшы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның арманы, Алаш жолындағы өмірі 12 желтоқсанда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанды. Алаш зиялылары туралы «Алаштың  Әлиханы» қойылымын сахналаған Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  

Қойылым Кеңес Үкіметінің халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ленин мен ұлттар комиссариатының комиссары Сталиннің Алашорда үкіметін мойындағаны жайында ресми хат келуінен басталды. Алаш зиялылары бұл жаңалыққа бөркін аспанға атып қуанды. Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан Ахмет, Халел, Смағұл сынды жанындағы сенімді серіктеріне ел мүддесі үшін атқарылуы тиіс міндеттерді бөліп берді. Ахмет Байтұрсынұлына қазақтың тілін өшірмеуді тапсырса, Смағұл Сәдуақасовқа ұлт мәдениетінің жоғалмауын қадағалауға тапсырды. Ал Халел Досмұхамбетов пен Әлімхан Ермековке қазақ жерінің шекарасын бекітіп, картасын жасауды тапсырды. Қолындағы бар ақшасын Алаш игілігі үшін әлгі тапсырмалардың орындалуына таратты. Абайдың өлеңдерімен тыныстауымызды, жапон елінен үлгі алуымызды қалады. Түбінде Жапония секілді қарыштап дамыған мемлекет қатарына Қазақстанның да қосылатынына сенді. Алайда қазақ арасынан шыққан коммунистердің сатқындығынан тәуелсіз ел үшін жанын пида еткен қайраткерлер қуғын-сүргінге ұшырап, өлім жазасына кесілді. Алашорда үкіметінің құрылған күнінен бастап, Әлихан Бөкейханның атылғанына дейінгі уақытты жетісулық театр бір жарым сағатта сахналады.   

Алаштың Әлиханы қазақ арасына оралды

Ұлт көсемінің рөлін сомдаған актер Кендебай Темірбайұлы театрға жиналған қауымды сол замандағы Әлиханмен қауыштырды. Әлиханның арманы, қуанышы, мұңы, үрейі әр қазақтың көкейіне ой салды, ұлт көсемімен бірге толқыды, сонымен бірге қуанды, қайғырды, жүрегімен сезінді. Бұған залда отырған көрерменнің қошеметі мен көз жасы дәлел.

Ұлы тұлғаның рөлін сомадаған, оны халықпен қауыштырған Кендебай Темірбайұлымен сұхбаттасудың реті түсті.

–Кендебай мырза, Алашорда үкіметі жайлы қойылым көп емес, ал Алматыда бұрын-соңды мүлдем қойылмаған. Сіздерге мұндай ой қайдан келді?

Осыдан бір-екі жыл бұрын Алматыға жолымыз түсіп, үлкен мейрамханада Болат Мүрсәлімнің, және үлкен азаматтардың бас қосуымен «Алашорда» кітап-альбомы және «Алаш әскері» атты жинақтардың тұсаукесерінде болдым. Сонда «Апырмай, осындай ұлы тұлғалардың өмірін бізг екезінде  оқытқан жоқ, ол кезде бәрі ақталмады» деген ой келді. Дегенмен сол күнгі кеш менің жүрегіме шоқ салды, от салды. Сол күні «неге осындай ұлы бабалар туралы жақсы бір қойылымды театрда көрсетпеске» деп ойладым. Сөйтіп әріптестеріме келдім де жаңағы екі кітапты қолдарына ұстаттым. Ол жерде айтарлықтай ақпарат болған жоқ, бірақ бабаларымыздың қай жерде, қай жиында, қай съезде отырғанын көрсететін фотосуреттер болды. Ойым әріптестеріме де ұнады.

Актер болған соң ұлы тұлғаның рөлін сомдауды армандағанымды жасырмаймын.. Бұл менің арманымдағы ақ құсым, ақ сұңқарым, менің армандағы қыраным ұшқан.

–Мұндай ұлы тұлғаның рөлін алып шығу қаншалықты ауыр болды? Қойылымнан кейінгі әсеріңізбен бөліме отырыңыз

70-жасқа таяп қалған кезде осындай рөл арқылы ел алдында, халық алдында, әсіресе әріптестерімнің алдында өмірімнің шығармашылық жолына қорытынды жасадым.

Рөлді қалай алып шыққаным, бір жерде сүрінгенім, қайта көтерілгенім, ойымды жеткізе алуым, кей жерде жеткізе алмауым – мұның бәрі өзіме мәлім. Әттегенайлар болмады емес, болды. Бірақ халықтың ықыласы, қошеметі менің еңсемді көтерді. Өнер адамының өзі бала секілді. Пайғамбар жастан асып кетсем де балаң көңілден аса алмадым. Өнер адамының бар құдіреті де сонда.

Бұл менің ғана емес, барлық әріптестерімнің еңбегі. Ең басты еңбек қоюшы режиссердікі. Режиссеріміз – Қазақстанның халық әртісі  Ерсайын Төлеубай деген үлкен азамат.

Қорыта айтсақ, мұның бәрі театр ұжымының еңбегінің жемісі. Ал сіздердің осында жүргендеріңіздің өзін өнерге деген қамқорлық деп түсінемін.

Сөз соңында ардагер актер ретінде артынан ерген жастарға сенім білдіріп, Бикен Римова театрының мерейі қашан да үстем болса екен деген ниетін білдірді.    

Кино және театр актрисасы, Бикен Римова атындағы театрдың жоғарғы санаттағы артисі Алмахан Кенжебекова Алашорда үкіметі турасында қойылым қойған театрымен мақтанатынын жеткізді.

«Ұзақ жылғы қазына, архивте жатқан қазына. Беті аздап ашылғанымен, мынадай театрлардың шаңырағында жанды дауыспен, актерлердің үнімен, жүрегімен, режиссураның айтатын ойымен шығып отыр. Біз республика бойынша осындай дүниені қойып отырған екінші театрмыз.  Облыстық театрды атағанымен, біздегі жастардың еңбегі зор. Біз 1975 жылы театр ашылғалы бері келе жатқан алғашқы буынбыз, сондықтан бүгінгі жастарымызды лайықты түрде дайындап келеміз. Бүгінде жасымыз 70-ке келіп отыр. Міне, енді өнердің майын ішкен «мастер» болдық деген жасымызда, Кендебай Темірбайұлы деген азаматымызға Әлиханның рөлі түсіп тұр. Елдің бәрі риза. Облыстық театрлар көбіне көріне бермейді ғой. Зиялы қауымның алдына шыға бермейді. Біздің ішіміздегі бұлқынып жатқан арман, шабытымыз бүгін ашылды», - деді Алмахан Кенжебекова.

1917 жылдың 12 желтоқсаны сағат түскі 15:00-де қазақ зиялыларының Алаш автономиясын құрамыз деп шешім шығарған күні.

«Декабрьдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді...
Бұл бек тарихи күн», - деп жазды Алаш зиялысы Әлімхан Ермеков өз естелігінде.

Ал 13 желтоқсан Алашорданың 15 мүшесі анықталып, үкімет жасақталған күн.  Яғни бүгін Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір