• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:59:46
+35°

07 Қазан, 2017 Алаш-Орда

Алаш Орданың 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Шараны Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы ұйымдастырады.

Алматы қаласы Ғылым ордасында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Айта кетер болсақ, аталмыш шараны Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы ұйымдастырған болатын.

1917 жылы ақпанда монархиялық биліктің құлауы бұрынғы Ресей империясының территориясында және оның ұлттық аймақтарында демократиялық қайта құрулардың басталуына негіз берді. Отарлық жағдайда күн кешкен қазақ халқының мүддесін қорғап келген ұлт зиялылары жер-жерде құрылып жатқан Уақытша үкіметтің органдарын ұйымдастыруға атсалысып, оларға жетекшілік ете бастады. Ресейдің саяси орталығындағы орнаған қос билік ұлттық аймақтарда, соның ішінде Қазақстанда көп өкіметтілікке алып келді. Халық арасында кең танымал «Қазақ» газетінің төңірегінде топтасқан зиялы қауым өкілдері өзін өзі басқару мен билеу ұрандарын іс жүзіне асыруда Уақытша үкіметке сенім білдіріп, оған үміт артты.  

1917 жылы көктем-жаз айларында өткен облыстық съездер қазақ қоғамының бірігуіне септігін тигізді. Орынборда, Ақмолада, Оралда, Омбы мен Верныйда өткен съездерді болашақта Алаш қозғалысының негізін құраған қазақ қайраткерлері ұйымдастырды. Барлық облыстық қазақ съездері «бүкіл қазақ халқын біріктіру және оның мұң-маұқтажын біліп-тану» үшін жалпы қазаққа ортақ съезд шақыру қажет деп тапты.

Алаш қозғалысының қалыптасу тарихында маңызды орын алған, оның құрылуына түрткі болған І Жалпықазақ съезі 21-28 шілде аралығында Орынборда өтті. Оған 7 қазақ облысынан делегаттар қатысып, съезге төрағалықты Халел Досмұхамедов жүргізді. Осы жиында көптеген өзекті мәселелермен бірге қазақ халқының мүддесін қорғайтын «жеке қазақ саяси партиясын» құру туралы шешім қабылданып, оның бағдарламасын құрастыру міндеті Жаханша Досмұхамедов пен Мұстафа Шоқай бастаған жұмысшы тобына жүктелді.

1917 жылы 5 қазанда «Қазақ» газеті І Жалпықазақ съезінің шешімін қабылдаған және жеке қазақ партиясына қолдау білдірген барлық кандидаттарға Құрылтай жиналысына әлі құрылып үлгермеген «Алаш» партиясының тізімі бойынша сайлауға түсу туралы үндеу тастады.

Күз айларында қазақ облыстарында өткен съездерде «Алаш» партиясының тізіміндегі қайраткерлер Құрылтай жиналысына сайланды. Сайлау науқаны өткен соң, шұғыл түрде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың жетекшілігімен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы әзірленіп, 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Онда қысқа әрі нұсқа формада «Алаш» партиясының қайраткерлері қазақ қоғамындағы ең басты әрі маңызды мәселелері бойынша өз позициясы мен көзқарасын білдірдіп, Ресей құрамындағы қазақ автономиясын құру қажеттігін көтерді.

Әлихан Бөкейхановтың саяси беделіне сеніп, оған қолдау білдірген Алаш қайраткерлері партияның Омбыда, Семейде, Торғайда облыстық комитеттерін құрып, саяси өмірге араласады.

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Жалпықазақ съезінде қазақтар қоныстанған облыстардың есебінен территориалды-ұлттық автономияны құру туралы қаулы қабылданғанымен, оны жариялау мәселесінде съезд делегаттары арасында қызу пікірталастар орын алды. Алаш партиясының органы болған «Қазақ» газеті кейін мойындағандай, автономияны бірден жариялауға сол уақыттағы Қазақстандағы және оның көрші аймақтарындағы күрделі саяси жағдай кері ықпал етті. Автономия жарияланбағанына қарамастан, съезде Алаш-Орда жалпықазақ уақытша халық кеңесі құрылып, оның төрағалығына Әлихан Бөкейханов сайланды.

1918 жылдың көктем айларында Алаш қайраткерлері қазақ автономиясын большевиктер тарапынан мойындатуға қол жеткізуге тырысты. Кеңестер басшылығы мен Алаш басшылары арасында өткен келіссөздердің қорытындысында екі жақ бірін-бірі мойындаған жағдайда автономия жариялау мүмкіндігі қарастырылды. Бұл уақытта Семейде Алаш-Орда үкіметінің мүшелері және советтер арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуі және жергілікті жерде совет өкіметінің құлауы бұл келіссөздерді толығымен жоққа шығарды. Осы кезден бастап, Алаш автономиялық қозғалысының қайраткерлері анти-советтік позицияға шығып, ақ қозғалыстың генералдарына қолдау көрсетті. Бірақ, уақыт көрсеткендей панресейлік позицияны ұстанып, «тұтас әрі бөлінбес Ресейді» қайта қалпына келтіруге тырысқан Омбыдағы Сібір үкіметі де, Самарадағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің Комитеті де Алаш қайраткерлері ұсынған шарттардың негізіндегі автономияны мойындаудан үзілді-кесілді түрде бас тартты. 1918 жылы қарашада болған төңкеріс, Құрылтай жиналысының таратылуы және Колчактың басшылығындағы Уақытша Бүкілресейлік үкіметтің құрылуы Алаш қайраткерлерінің автономияға қатысты соңғы үміттерін үзген еді. Тиісті дәрежеде қажетті материалдық, әскери, қаржылық ресурстарға, мықты одақтасқа, саяси күресте ысылып-шыңдалған қайраткерлерден құралған аппаратқа ие болмаған Алаш-Орда толық тәуелсіздікке жете алмайтыны түсінікті еді...

Қалай болғанда да, Алаш Орда 20 ғасыр басындағы қазақ зиялыларының елді еркіндікке жеткізу, қазақ халқына бостандық әперу жолындағы ерен еңбек, ауыр күрес нәтижесінде дүниеге келген, ұлт болып тұтасу идеясын көтерген әлеуметтік-саяси ірі қозғалыс болды.

Большевиктер билігі күшейген тұстан бастап, Алаш Орда үкіметін құрған ұлт зиялылары түгелге жуық «қызылдар қырғынының» құрбаны болды...

Алаш Ардагерлері аңсаған азат күнге, еркін заманға қазақ елі 70 жылдан кейін, советтер одағы күйреген соң ғана жетті.  

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір