• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:06:40
Алматы
+35°

19 Наурыз, 2018 Әлеумет

«Ала қойды бөле қырқу» кімге қажет?

Латын графикасын енгізу жайында әңгіме шыққан кезде шұбарланған тіліміз қалпына келетін болды деп қуанғанымыз жасырын емес...

Латын графикасын енгізу жайында әңгіме шыққан кезде шұбарланған тіліміз қалпына келетін болды деп қуанғанымыз жасырын емес. Бөркімізді әуелетіп аспанға атпасақ та іштей тілеулес болдық. Алғаш латын қаріптерінің жобасы талқыға түсе бастағанда өз пікірімді де білдіріп, шама-шарқымша «Латын графикасына не үшін көшеміз?» атты мақала да жаздым. Әрине, бір мен ғана емес, бұл мәселеге үн қосқандар көп болды. Әркім әрқандай жобаларын да ұсынып жатты. Жоғарғы жақтан ұсынылған графикалардың күлкіге душар болғанына да куә болдық. Негізінен жобаны ұсынушылардың басым бөлігі тіл мамандары екені айтпаса да түсінікті. Солай бола тұра олардың жобасында тілімізге жат дыбыстар қайта-қайта көрініс бере беретінін түсіне алмай-ақ қойдым. Соңғы нұсқада «В», «Ч», «Ф» дыбыстары бар. Осы дыбыстарды енгізген тіл мамандары неге сүйенді екен? Жиырмасыншы ғасырға дейінгі қазақ тілінде осындай дыбыстардың болғанын олар дәлелдеп бере ала ма екен? Қазақ тіліндегі дыбыстарға жат дыбыстарды қоса беретін болсақ, латын графикасына көшудің мәні бар ма? Бұрынғы ата-бабаларымыз орыс тіліндегі «самовар» сөзін «самаурын», «Чапаевты» – «Шапаев», «фабриканы» – «пабрика» деп айтқан. Өйткені, ана тіліне жат дыбыстармен сөздерін былғағысы келмеген. Араб графикасында қазақ әліпбиін жасаған Ахмет Байтұрсынұлы да мұндай дыбыстарды қолданбаған. Әлде Ахаңның бұл әрекетін қазіргі тіл мамандары сауатсыздыққа балап жүр ме екен?  

Миға сіңбейтін екінші мәселе – бұл графиканы тек қана елімізде тұратын қазақтардың қолдануы. Мұны ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Латынға өту – орыс тілінен, кирилл қарпінен бас тартуды білдірмейді. Қазақстанның орыстілді азаматтарына кириллица сақталады» деп бекітіп те берді. Бұл дегеніңіз – «Ала қойды бөле қырқу», яғни бір мемлекетте екі алфавит қолдану. Мұндай «үй ішінен үй тігу» түптің-түбінде елдігімізге, мемлекеттігімізге қауіп тудырмақ. Онсыз да мүшкіл қазақ тіліне шет қақпай көрсетуге итермелеу. Салдары қазірдің өзінде біліне бастады. Балаларын орыс тіліндегі мектептерге береміз деп буынып-түйініп отырғандар көбеюде. Мұны Қазақстан Республикасы Парламентінің сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «Латын әліпбиін тек қазақ тілді мектептер ғана қолданатын болса, күні ертең әрбір ата-ана балаларын өздері білетін тілдегі, яғни кирилл қарпімен жұмыс істейтін орыс тіліндегі мектептерге беретіні қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Түптің-түбінде бұл мәселе қоғамды латын қарпін меңгерген және латын қарпін білмейтін, тек кирилл қарпімен ғана жұмыс істейтін топтарға бөліп жібере ме деген мәселе алаңдатады. Бұл келіп тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғатындай сезіледі» деп, үлкен трибунада алаңдаушылығын жеткізді. Оның айтып отырғанында негіз де жоқ емес. Сондықтан да мұны ел болып осы бастан ойластырмасақ болмайды. Ертеңгі күні бәрі де кеш болмақ.

Кенжеғали Қошым-Ноғай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір