• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:34:19
Алматы
+35°

Қазақстанда ағза сату мен сатып алуға заң жүзінде тыйым салынғандықтан, көп адам заңсыз әрекетке барады. Қазір донорлар тапшы, ағза алмастыру отасына кезекте тұрғандар күн санап артып келеді. Сондықтан кейбірі донор табамыз деген үмітпен «қара нарыққа» жүгінуге мәжбүр болады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Интернетте ағза сататындар мен сатып алатындардың хабарландыруы толып жатыр. Ағзасын «тауар» еткендердің көбі – қарызға батып, ақшаға мұқтаж болғандар. Бүйректің «қара нарықтағы» бағасы 5 миллион теңгеден 130 миллион теңгеге дейін құбылады. Ал ең қымбат ағза – жүрек, оның бағасы 1 миллион долларға дейін барады.

Қазір «қара нарықта» бүйрекке сұраныс мол. А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ұлттық орталығының трансплантологы Мақсат Досхановтың айтуынша, Қазақстанда туыстық донорлардан, мәйіттік донорлардан ағза алып салу 2011 жылдан бері белең алған.

Бауыр алмастыру отасына 14-16 сағат кетеді

— Бүйрек ауыстыру отасын қажет ететін күту парағында кезекте тұрған 3000-ға жуық адам бар. Барлығы дерлік бүйректің қызметін атқаратына «диализ» аппаратына тәуелді, — дейді Мақсат Досханов.

Бүйректен кейінгі аса қажетті ағза — бауыр. Бауыр алмастыру отасын жасауға 700-ге жуық науқас кезекте тұр екен. Сонымен қатар қазақстандықтар жүрек, ұйқы безі, өкпе сынды мүшелерге зәру.

2013 жылдан бері елімізде трансплантациялық отаны қазақстандық мамандар жасайды. Мақсат Досхановтың сөзінше, Қазақстанда ағза алмастыру отасымен заңсыз айналысатын мекемелер жоқ, себебі ол үшін білікті мамандар қажет.

— Бүйрек алмастыру отасы 4-6 сағатқа дейін, бауыр алмастыру отасы 12-16 сағатқа дейін созылады. Арнайы құрал-жабдық керек. Бұл жертөледе немесе басқа да медициналық емес мекемелерде жасай салатын кішігірім операция емес. Науқастың отадан кейінгі жағдайын да бақылау керек, — дейді  маман.

Трансплантолог маман донордың көбі науқастың жақын туыстары болатынын айтады.

—  Кез келген адамнан ағза алмаймыз. Өз еркімен келіп ағзасын беруіне де ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай мәселелерді Республикалық координациялық орталық  шешеді, — дейді Мақсат Досханов.

Ағза алмастыру отасына кезекте тұрғандардың ішінен денсаулығы нашар және күту қағазында ұзақ уақыт тұрған адам таңдалады екен.

— Науқастың жағдайын бағалайтын арнайы шкала бар. Бауыры ауыратын адамдарда аурудың соңғы сатысының моделі кімде жоғары болады – сол адамдарға операцияны бірінші жасайды. Ал бүйрек алмастыру кезінде иммунологиялық реакцияларға қарайды, ең алдымен иммунологиялық сәйкестігі жоғары адам отаға жіберіледі. Күту парағында ұзақ тұрған адамдарға да басымдық беріледі. Айталық,  жылына бауыр алмастыру отасын 3-4 адамға ғана жасаймыз, кезекте тұрған науқастардың  30-40 пайызы көз жұмады, ал 60-70 пайыз науқас кезегін күтпей кетіп қалады. Күту қағазында тұрған адамдарда кімнің денсаулық жағдайы нашар болса, сол адамға ота жасалады, — дейді трансплантолог.

«Бүйрегімді сатқым келеді»

Ағзасын саудаға салғандардың қатарында тараздық Гүлназ Рысбай бар. 45 жасағы әйел өзінің бүйрегін сатқысы келетінін жасырмайды.

— Осы қыста қатты қиналдым. Үйім өртеніп, ақшадан қысылдым. Өзімнің үш балам бар, үлкені 13-ке енді толды. Көзі көрмейтін анам ауырды. Сол кезде осы ауыртпалықтың барлығынан шаршап, бүйрегімді сатуды ұйғардым. Мен бала емеспін, ақыл тоқтаттым. Бәріне төземін, шыдаймын. Алайда анам мен балаларымның қиналғанын көргенде жаным тыным таппайды. Ақша табудың басқа да жолдары бар екенін білемін. Өз кәсібімді ашқым келеді. Алайда оған да қаражат керек қой, — деп қынжылады әйел.

Гүлназ мұндай шешімнің неге әкеліп соғуы мүмкін екенін біліп тұрса да, тәуекелге бел буған.

Гүлназ

— Балаларым үшін бәріне дайынмын. Оларды аяққа тұрғызсам, алаңсыз өмір сүрер едім. Көбі мұнымды қате деп есептейтінін білемін, олардікі де дұрыс. Бірақ мен ешкімге қарызданғым келмейді, банкке де бас сұқпаймын, өз ақшам өз еншімде болар еді, — дейді ол.

Ал екі жыл бұрын бүйрегін сатқан 35 жастағы Арман алаяқтардың арбауына түсіпті. Ақырында бүйрек те жоқ, ақша да жоқ, екі ортада сан соғып қалған.

— Интернет арқылы клиент таптым. Басында 15 млн теңге ұсынған. Басқа қалаға барған соң баға 10 млн теңгеге дейін төмендеп кетті. Оған да көніп, бүйрегімді алдыруға келістім. Жеме-жемге келгенде ақшамды бермей, алдап кетті, — деп өкініштен аһ ұрады Арман.

Осылай алданып, бармақ тістегендер көп. Алайда олар заңсыз әрекетке барғандықтан, өз құқықтарын  қорғай алмайды.

БАҚ арқылы бағы жанған науқас

 «Гемодиализ» (созылмалы бүйрек жетіспеушілігі) ауруына шалдығып, 10 жылға жуық трансплантация жасауға бүйрек күткен Алға Асновты біреу білсе, біреу білмес. Жалғызбасты мүгедек әке біраз жыл бұрын елден жәрдем сұрап, телеарналар мен басылымдарға шыққан.

— Бастапқы төрт жылда телеарналарға барған жоқпын, намыстанып жүрдім. Сосын ойлана келе телеарналарға шығып, балалармыммен студияға шақырылдым. «Қазақстан-Заман» газетінен, «Хабар» арнасынан, басқа да жерлерден көмек көрсетілді. Алайда бүйрек табыла қоймады, - деп еске алады А. Асанов.

2007 жылдан бастап Алғаның қан қысымы көтеріле бастаған. Бойында әлсіздік пайда болып, терлеп жүрген. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмапты. Тек қан қысымы 220-ға көтеріліп кеткен соң ғана Алматыдағы кардиология орталығында арнайы аппаратқа отырған. Сол уақытта оған 1-топ мүгедектігі беріліпті.

Бүйрегіне «гемодиализ» диагнозы  қойылған Алға Асановты 14 жыл отасқан келіншегі тастап кетіп, бір сәтте жалғызбасты әке атанған.

— Сол кезде туыстарымның арасында маған бауырларым қарасты. Олардың ешқайсысының бүйрегі маған сай келген жоқ, тек бір әпкемдікі cәйкесті, алайда оның жүрегі ауырғаннан кейін ота жасату мүмкін болмады. Қытай мен Пәкістанда ағза трансплантациясын жасатуға болады дегенді естіп жаттық. Бірақ ондағы отаның бағасы қымбат болды. 2009 жылдары 50-70 мың долларға бүйрек салдыртатын. Бірде мен шақырылған бағдарламалардың біріне Сызғанов университетінің хирургтары келіп, маған көмектесеніне уәде берді. Сол бағдарламадан кейін бірден сараптамаларымды өткізіп, қан тапсырып, кезекке тұрдым.  Бәрін ақысыз түрде жасады. Бүйрекке де бір тиын алмай, тегін салып берді. Қазір де  Астанаға сараптама нәтижелерін жіберіп, қаралып тұрамын, — дейді А. Асанов.

Алға Асанов

«Жасанды бүйрек» — тозақтан да жаман

— «Жасанды бүйрек» (диализ-бүйрек функциясын алмастыратын құрылғы) деген — адамды түрмеде ұстап отырғанмен бірдей, — дейді Алға Асанов, — бұл аппаратты қолданып жүргенде тамақты шұқып-шұқып жеп, суды бөліп-бөліп ішетінмін. Себебі артық салмақ жинауға болмайды.

Алға Асанов аппаратқа байланып, бүйрек күтіп жүрген уақытын өміріндегі ең қиын кезең деп сипаттайды.

—  Бүйрек алмастыратын аппаратта жас балалар да болды. Көз алдымызда өмірден өтіп те жатты. Көп адам аппараттан қорқады, бірақ айналып келгенде «жасанды бүйректі» қолдануға мәжбүр болады. Сонда бір жігітті көрдім, ағасы қарайласып, келіп-кетіп жүретін. Бір күні ағасы оған: «Сен де бәле болдың ғой, сор болдың ғой басымызға, шаршаттың», — демесі бар ма. Осы сөздерді менің көзімше айтты. Сол жігіт аппараттан қашып жүріп, бір күні комаға, одан кейін жансақтау бөліміне түсіп қалды. Сонда ағасы жылап тұрғанын көрдім. Інісі екі күннен кейін көз жұмды, — деп еске алады сол жылдарды.

Бүйректі алмастыратын аппаратта жүрген адамдардың қаны қоюланып кетеді. Қоюланғаны соншалық, әлгі аппараттың ішінде қалып қойып, қайтып адамға құйылмайды екен.

— Адам апаратта қаны қалып қойғанын сезбейді, ол көрініс адамға айтылмайды да, көрсетілмейді де. Ал біз мұның бәрін көріп жатамыз. Бір-екі реттен артық қан қоюланып, ағзасына құйылмай қалса, өліп қалуың мүмкін, — дейді А. Асанов, — Бірде менің қасыма комада жатқан бір үлкен кісіні әкеліп, төсекке тастай салды. Ол кісімен араласып жүргенбіз. Сол кезде дәрігерлердің қателігі: мен қан тазалатып жатқан аппаратқа әлгі кісіні  әкеліп, туыстарымен бірге кіргізді. Олар жылай бастады, балалары болса: «Әке, соңғы рет көзіңді ашшы», — дегендей сөздерді айта бастады. «Неге кіргізесіздер?», — деп дәрігерді шақыртып алдым. Дәл сол кісідей мен де жатырмын ол жерде. Әлгі адамның менің көз алдымда жүріп кеткенін көргім келген жоқ. Дәрігерлерге ұрсып, аппараттан шығаруларын талап еттім. Диализден бірден тұрып кетуге болмайды. Сонда да дәрігерлермен дауласып жатып, үйге қайтып кеттім. Шығып бара жатқанымда арт жағымнан әкелерін жоқтап, жылаған дауыстар шыға бастады. Мен жаңағы кісінің 1-2 минутта қайтыс болатынын білдім. Психологиялық тұрғыдан сол жағдай қатты әсер етті...

Алға Асанов диализ аппаратына байланған шақтарды ойласа, аузынан жалын атып, ауыр күрсінеді.

  — Қатты ауырған адамға ақшаның да, басқаның да керегі болмай қалады екен. Адамдардың қатты күліп тұрғаны маған өрескел көрінетін. «Түкке тұрмайтын нәрсеге несіне күледі?», — деп ойлайтынмын. Күліп тұрған адамдар маған шайтан сияқты көрінетін, — дейді ол.

Жаңа бүйрекпен жаңа өмір бастаған

— Адам өмірге орала алады екен. Ағза сыйлау, донор болу деген тек біреудің өмірін құтқару емес, бірнеше тағдырды, бірнеше отбасыны құтқару. Адам бір бүйрегін беріп, екінші бүйрегімен-ақ өмір сүре береді. Жаңа бүйрек мені ғана емес, балаларымды да құтқарып қалды, дейді Алға Асанов.

— Мен болмасам, балаларымның тағдыры не болар еді? Күнкөріс үшін қызым қайда жұмыс істер еді? Үйде табыс көзі жалғыз мен болдым, — дейді ол.

Аппаратқа байланғанын естігенде есеңгіреп, өмірден күдер үзген Алға Асанов балаларының болашағын ойлап жігерленген.

— Ол кезде кіші балам шамамен 7 жаста. Бір күні, әлім жоқ, терезеден ұлыма қарап жатырмын. Бір кезде ол жүгіріп келіп үйге кіреді. Оның маған келгенін, сыртқа шығайық, бір жерге барайық деп айтқысы келгенін бірден түсіндім. Бірақ көзімді жұмып жатып алдым. Балам қарап тұрды да, ештеңе деместен далаға шығып кетті. Терезден қарасам, жер шұқылап отыр екен. Дәл сол уақытта мен балаларыма қажет екенімді ұқтым. «Мынау болмайды, тұру керек!» деп ойладым, — деп әңгімесін аяқтады үш баланың әкесі.

Біреулер сау мүшесін саудалап, ақша табудың амалын іздеп әлек. Енді біреулер сол ағзаны алу үшін соңғы тиынына дейін санап беруге дайын. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы шығар.
 
Назерке МҰСА
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір