• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:27:38
Алматы
+35°

02 Шілде, 2018 Әлеумет

"ӘЧ-2018 барысында футбол "жұлдызынан" аяғың ауырласа, 3 млн рубль сенікі"

Ал, Мәскеу болса өз қыздарына ие бола алмай масқара болды. Испаниядан бағы басым түскен Ресей құрамасы кеше ғана жеңіс тойын тойлады.

«Московский комсомолец» бүй дейді: «Ресейлік азаматшалар мундиальде өзін де, елін де әбден ұят етті». Айғайлатып тақырып қойған мақала авторы РФ азаматы, қаламгер Платон Беседин ащынып-ақ отыр. Өз елінің патриоты болғандықтан күйіп-пісуі түсінікті. Себебі бүгінгі күні бүкіл әлем Мәскеуге көз тігіп отыр. Ал, Мәскеу өз қыздарына ие бола алмай масқара болды. Испаниядан бағы басым түскен Ресей құрамасы кеше ғана жеңіс тойын тойлады. Соған қарағанда чемпион болудан да тайсалмайтын сияқты. Дәмесінің зорын-ай... Қысқасы, Ресей футболшылары үлкен нәтиже көрсетіп, күтпеген жерден таң қалдырса, жанкүйерлері де дес бермеуде.

«Платон менің досым, алайда ақиқат қымбат» дейміз. Айтып қояйын, Беседин Платонның әңгімесінен кілтипан іздеу қажетсіз. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын білесіз. Шырылдап шындықты айтқан Платонның материалын қазақшаға аударып, назарларыңызға ұсынайын:

«Футболды жақсы көрмесеңіз, 2018 жылғы Әлем Чемпионатын (әрі қарай –ӘЧ) тек саяси ойын  деп қабылдауыңыз мүмкін. Ресейдің беделін көтеруге арналған керемет мүмкіндік дерсіз. Футболистер мен бапкерлер ӘЧ ұйымдастырылу барысына көңілдері толып мәз. Шетелдік жанкүйерлер селфиге түсіп, Ресейге деген махаббатын хэштегпен белгілеуде. Олар: «Өмір бақи бізге Ресей жайлы өтірік ақпарат таратып келген. Бұл – ғажап мемлекет. Адамдары да ашық, ақкөңіл» дейді. Рори Смит деген британдық журналист Екатеринбургтен Самараға плацкарт вагоны арқылы сапар шегіпті. Қияр мен шұжыққа тойып алып, құлпынайдың тосабымен шай ішкен ол: «Британиялық пойызда мұндай қонақжайлылыққа тап болмайтын едім» дегендей жазған.  Ресейде өтіп жатқан ӘЧ-2018 жайлы позитивті, жақсы жаңалықтар осымен тәмам.

«Атың шықпаса жер өртенің» кебін киген бір кәсіпкер фастфудын жарнамалаймын деп әлеуметтік желіде былайша жар салады: «Кімде-кім (айтпағы РФ азаматшасы-авт.) футбол «жұлдызынан» аяғы ауырласа, мен оған 3 миллион рубльді қолына ұстатып,  қанша жесе де таусылмайтын воппер (фастфудтың бір түрі-авт.) беремін». Пиар жасаймын деп басы бәлеге қалған ол кейінірек жазбасын жойып, дүйім жұрттан кешірім сұрады. Бірақ бұл қорқынышты әңгіме мұнымен аяқталар емес. Футбол «жұлдызымен» көңіл жарастырып, одан ұрпақ сүйіп қалу тақырыбы ӘЧ-2018 барысында ресейлік қыз-келіншектер арасында сәнге айналуда. Себебі шетелдік бет-жүзін көрсетіп, қолына сықырлаған ақша ұстатса болды, тәнін сатуға даяр ресейлік қыздар біршама болып шықты. Біреулер шынымен де долларға қарқ болып деп ойласа, енді бірі бұл қызмет түрін тегін көрсетуге де дайын екен. Сондағысы – шетелге, мұхит асуға деген құмарлық, қызығушылық. Ал, ең пысықтары өздерін, қызметін жасырмай жария етіп, жарнама беруде. Ғаламторға кіре қалсаң, шетелдікпен құшақтасып, қойнына кіріп, құшырлана сүйісіп отырған ресейлік қыздары көресің. Мұндағы мәселе қоғамдық ұяттың құлдырап кетуінде. Оларды мінеп-сынап жатқандар баршылық (сол видеоны түсіріп тұрған солар емес пе деген ойға қаламын-авт.), қалғандары видеоны, фотоны қызық көріп тамашалап, «лайк» басуда. 9000 рубль алып емханада санитарка болып жұмыс істеу Ресейдің қыздары үшін ұят та, тәнін сату ұят емес болып шықты. Екатеринбургте құштарлықты оятып, нәпсіні қоздыратын шоколадты шетелдіктер жаппай сатып алып жатыр дейді. Жергілікті қыздар, қайталап айтамын, соған мәз-мейрам. Ол бишаралар шетелдікпен төсектес болсам, өмірім, пайымым өзгереді деп армандайды. Бұл жайында сол баяғы әлеуметтік желіде ашық жазады. Неткен сорлылық! Олар үшін ұяттымын деуге болады. Алайда «ұят» деген сөз осы тұста атавизм (келмеске кеткен сезім-авт.) болып көрінер. Аталмыш сезім ресейлік қыз-қырқында атымен жоқ. Ол жайлы ауыз көпіртіп айтып шаршаудың мәнісі жоқ. Біз шетелдік «хэллоуды» естісе, есінен танып, барын беруге даяр жезөкшелерді тәрбиелеп өсірдік. Оларға тағы көк ақшаны көрсетсең, қырғын болайын деп тұр. Неге олай?

Бұл өзіміз құрған саясаттың кесірі. 80-ші жылдар кезінде-ақ Батысқа деген еліктеушілік, Батысқа деген құмарлық белең алған болатын. Ал, қазір Ресей өзін алып держава деп танып, Батысты бәлеге балап жүр. Алайда сол 80-ші жылдардан бастап түк өзгермеді. Жұрт «Ресейде бәрі жаман, Батыста бәрі күшті» деп іштей ойлайды. Себебі көк жәшіктің өзі жезөкшелерге толы. Олар Батыстың өмірін, өмір сүру принциптерін ту етуде. Соның арқасында шетелге құмар, көк мұхитті армандайтын ұятсыз толқын өсіп келе жатыр. Қыз-қырқынымыз коттедже өмір сүріп, бассейннің жағасында коктейль ішіп отырамын деп қиялға батып жүргенде ресейлік ер-азаматтар айлығы шайлығына жетпей, ашу мен ызаға булығып, өмірден шаршап жүр. ӘЧ деген жақсы ғой. ӘЧ болмаса несі жақсы? Бірақ мына ұятсыздықты, әдепсіздікті, арсыздықты тыятын уақыт жетті» дейді автор.

Қазақстан болса Ресейге қарап бой түзейтіні рас. Оларда жарық көрген жобалар, шоу бағдарламалар көп кешікпей бізге келеді. Себебі Ресей біз үшін ғажайып мемлекет. Бұл тұста Ресейдегі мына бір масқара жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Орысқұл санадан құтылып, қызға қырық үйден тыйым салған, ешкімнің ала жібін аттамаған, малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы дейтін рухани болмысымызға оралып, рухани иммунитетімізді салт-дәстүрмен, өлең-жырмен, ән-күймен көтеретін кез осы.

Жазира Байдалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір