• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:08:09
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2018 NEWS

Әбіләзовтің ұйымы (ДВК) экстремистік деп танылды (видео)

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының кез келген әрекетіне қатысқан және қаржыландырған азаматтар заңмен қудаланады.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы экстремистік ұйымдар қатарына жатқызылды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бас прокуратурамен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты тіркелмеген қозғалыстың заңсыз қызметі анықталды.

Оны Қазақстанда 20 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған Мұхтар Әбіләзов құрған.

Әбіләзов сотпен қылмыстық қоғамдастықты құрғаны, 7,5 млрд. АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарғаны үшін кінәлі болып танылған.

Қылмыстық табыстарды заңдастыру фактілері бойынша бірқатар еуропалық елдерде Әбіләзовқа қатысты тергеу жүргізілуде.

Ұлыбританияда Лондон қаласының Жоғарғы сотының шешімімен Әбіләзов пен оның сыбайластарынан 4 млрд. АҚШ доллары өндірілген.

Шетелде сот жазасынан жасырынып жүрген Әбіләзов Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын бұзып, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бойынша заңсыз әрекетін жалғастыруда.

Интеренет желілер, месенджерлер, сондай-ақ әр түрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы Әбіләзов белсенді түрде Қазақстанның азаматтарын қозғалысқа қосылуға шақырады, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл-күйлер қалыптастыруда.

Осылайша, жоспарлы түрде әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруда.

Наразылық акциялардың бейбітшілігі туралы айтса да қозғалыс басшысы М.Әбіләзов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты - билікті құлатып, басып алу болып табылады.

Бұл әрекеттер «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң бойынша саяси экстремизм болып саналады және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыс ретінде қудаланады. 

Осыған байланысты, Бас прокуратура, «Прокуратура туралы» Заңмен көзделген өкілеттіктерін іске асырып, сотқа қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы арызбен жүгінді.

2018 жылғы 13 наурызда Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен аталған арыз толық көлемде қанағаттандырылды.

Сотпен қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында тыйым салынды.

Сонымен қатар, бұл ұйымның әрекетін ақпараттық материалдар, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация, әлеуметтік желілері, мессенджерлер және бейне-хостингтер арқылы таратуға тыйым салынды.

Бұдан басқа, әлеуметтік алауыздықты қоздыру, билікті басып алуды насихаттау және оған жария түрде шақыру фактілері бойынша ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.

Құрметті азаматтар, Бас прокуратура сот шешімінен кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының  кез келген әрекетіне қатысқаны және қаржыландырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405 баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін түсіндіреді.

«Қатысу» әрекетіне қозғалыстың идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату жатады.

Сонымен қатар, «қатысу» болып қозғалысты және оның басшысы Әбіләзовті қолдауда митингілерді, шерулерді, жария акцияларын және басқа жаппай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу саналады.

«Қаржыландыру» ұғымына Әбіләзов пен қозғалысқа  ақшаны, өзге де мүлікті беру немесе жинау, сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық жасау, спонсорлық және қайырымдылық көмек, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсету жатады.

Сонымен қатар, істегі заңнамаға сәйкес, экстремистік топтың әрекетіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады», - делінген мәлімдемеде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір