• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:01:27
Алматы
+35°

07 Наурыз, 2018 NEWS

«755 жихадшы тура жолға түсірілді»

Шетелде күдікті діни білім беру мекемелерінен 384 студент елге қайтарылды.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2013–2017 жылдарға арналған Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Сонымен бірге үкімет отырысында  2018–2022 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама жобасы мақұлданды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Нұрғали Білісбеков 2018–2022 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты — діни экстремизм көріністерін ескерту және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

2013 жылдан бастап елімізде діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен жағдайларын жою және атаулы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде 202 комиссия жұмыс істейді.

Мәлімделген ақпаратқа сәйкес, аталған бағытта жалпы саны 8,1 млн-нан астам адам қамтылған 96,6 мыңнан астам шара өткізілді.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде 755 «жихадшы» қалыпты жолға көшірілді. Дайындық жұмыстарының бастапқы кезеңінде 38 террористік сипаттағы зорлық-зомбылық экстремистік науқандарының іске асырылуына жол берілмеді. Шетелде күдікті діни білім беру мекемелерінен 384 студент елге қайтарылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған Қазақстан Республикасында 2018–2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы таныстырылды.

Жобаны әзірлеу кезінде 2013–2017 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің талдау деректері, экстремизм мен терроризм қаупін тудыратын жағдайлар мен факторлардың талдауы, халықаралық озық тәжірибе, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-дың және қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары ескерілді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те аталған мәселеге қатысты сөз сөйледі. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының талаптарына сәйкес ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013–2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуының тиімділігіне бағалау жүргізілді.

Бағалау 4 критерий бойынша жүргізілді: нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі, іс-шараларды орындау толықтығы, бюджет қаражатын игеру деңгейі, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау.

«2 нысаналы индикатор мен 19 нәтижелі көрсеткішке кол жеткізілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 115 іс-шара орындалды», — деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, бюджет қаражатын игеру деңгейі 95,8%-ды құрады.

«Нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау сапасы бойынша Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап индикаторлар мен көрсеткіштердің мәндері, іс-шараларды орындау мерзімдері түзетілмегенін атап өтемін», — деді Тимур Сүлейменов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір