• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Мамыр, 04:22:35
Алматы
+35°

16 Қараша, 2023 Барлық аймақтар

Фото CNN сайтынан алынды

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шынжаңның Тарым ойпатынан жүздеген мумия денелер табылды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл мумияларға шамамен 4000-5000 жыл болған көрінеді. Бұл туралы әлемге әйгілі Nature журналы да жазған.

Қытай шөлінде орналасқан Тарым ойпатындағы жұмбақ мумиялар Сяохэ зиратында жерленген. Бір қызығы, мумияларға 4000 жылдан асып кетсе де, олардың шашы мен киімі жақсы сақталған. Мумиялармен бірге ірімшік, тары мен бидай көмілген.

Сяохэ зираты

Ғалымдар ДНҚ сараптамасын алып, олардың жасын анықтағанымен, қай ұлттың адамдары екенін нақты ажырата алмай, ойлары екі саққа бөлінді. Бірі мумиялар мұз дәуіріндегі ежелгі азиялық популяциядан шыққан десе, екінші тарап бұлар Батыс Азия даласының бақташылары немесе Орталық Азияның тауы-шөлді жерінен қоныс аударған егіншілер болған деген тұжырымдама жасайды.

Қазақстандық ғалым Жексен Тоқтарбай бұл мумиялардың қазақ болуы да ғажап емес дейді. Оның ойынша, мумияның басынан табылған киіз сәукеле мен үкіні тек қазақ қыздары киген. Әрі ірімшік, бидай мен тарымен бірге көмілуі ешқандай америкалықтарға тән емес деп есептейді.

– Қытайда Такла-Макан деген шөл бар. Сол шөлдің ортасынан ғалымдар 17 мумия тапқан. Суреттеріне қарасақ, олар өте жақсы сақталған. Сол 17 мумияның бесеуінен ДНҚ сынамасы алынып, олардың жасы шамамен 4000 жыл екені анықталды. Бірақ бұл мумиялар қайдан келді, бұлардың бүгінгі ұрпағы кімдер, деген сұрақтар ғалымдардың миын ашытып отыр. Өйткені Такла-Макан деген жер. Айнала шөл. Шөл далада олар не істеп жүрген, немен айналысқан, деген ой ғой, негізі. Генетикамен салыстырсақ, ертедегі Американың байырғы тұрғындарына кішкене сәйкес келетін сияқты дейді. Қытай ғалымдары да бұдан 4-5 мың жыл бұрын Қытайда «Шиау Хы мәдениеті болған, сондықтан бұл «Шиау Хы мәдениетінің адамдары болуы мүмкін деп тұспалдапты. Бірақ ол туралы нақты зерттеу жоқ. Жай ғана жорамал жасап отыр. Ал ол жерде моңғолдардың, көшпелі тайпалардың тұрғанын зерделемеген.

4000 жылдық мумия

Ал менің ойымша, бұл біздің ата-бабамыз болуы мүмкін. Өйткені біз қыздарға үкі тағып, киіз бөрік кигіземіз. Оның үстіне, Такла-Макан деген шөл «Текті мекен» деген сөзден шыққан. Мумияларды зерттеген кей ғалымдар олардың Алтай таулары мен Орталық Азиядан келуі мүмкін деген тұжырым жасаған, – дейді ол.

Ғалымның сөзінше, әлем ғалымдары мумияларды жан-жақты зерттей келе, Тарым ойпатындағы 5 мумияның генетикалық жағынан 5 мың жыл бұрын өмір сүрген, Алтай тауларынан қоныс аударған қола дәуірінің адамдарына ұқсас екенін көрсетті.

Дегенмен, Тарым ойпатындағы 13 мумияның тегі ерекшеленді екен. Бұл адамдардың арғы тегі шамамен 9000 жыл бұрын өмір сүрген Оңтүстік Сібірдің аңшы-терімшілерімен ортақ болған деген ұғым бар. Зерттеулер сонымен қатар, кей мумиялардың тістерін талдап, олардың сүт протеиндерін қой, ешкі және ірі қара малдың етін жеген болуы мүмкін екенін көрсетті.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір