• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:17:05
Алматы
+35°
Өткен ғасыр қазақты миллиондап қырған қанды ғасыр болды. Темірден иленген небір қанішер қарулар тарих сахнасына шықты. Сол тұста қазақ малынан да, жанынан да айырылды. Тілінен де, дінінен де айырылды. Тіпті ата-бабамыз қасық қанымен қорғап келген жерді жат нәсілділер тартып алды. Сол жермен бірге бөлініп, қаракөз қандасымыз қалды. Халқымыз мұны да көрді, шыдады. Санамалай берсек, сан жетпес. Алаштың көрмегенін көзіне шұқып көрсетті сол ғасыр.

Ал мына ғасыр ше? Бұл ғасырдың да жақсылығы мен жамандығы қабаттасып қатар жетті. Құнсыз қағаз үшін құнықпаған қазақ қалмады. Бала анасын, ана баласын өлтірді. Әке өз қызына шапты. Талай аналардың жатыры жат нәсілділердің қанымен былғанды. Қызыңнан қылық, ұлыңнан ұят кетті. Көкек аналар ойнастан бала тауып сатты. Дұрысын айтсақ, бұл заман рухани азудың «алтын ғасырына» айналды. Соның бірі және бірегей дәлелі – бесіктен белі шықпаған сәбилерге жасалған ащы айуандық. Естіген құлақ «шың» етіп, есіңнен тандырар мұндай жайсыз хабарлардың көптігі сонша, соңғы кездері естуге құлақ та үйреніп қалғандай. Бұл түгілі көміліп көрде жатқандарды да суырып алып, нәпсісін қандыратындарды естідік. Неге? Бойымызда жылқы екеш жылқының да тектілігі қалмағаны ма, сонда?! Намыссыз болудың да шегі бар еді ғой...

2011 жылдың басынан бері қарай осындай арсыз қадамға барған 36 азамат бас бостандығынан айырылып, 111 қылмыстық іс қозғалыпты. Өкініштісі сол, 2010 жылға қарағанда бұл жылы 17 қылмыстық іс артық қозғалған. Ел арасында педофил атанғандардың кейбірі 5 жасар ұл балаларға артылуды да ар санамаған. Бұл жантүршігерлік оқиға Алматының іргесіндегі Қарасай ауданындағы дәретханада орын алған.  Педофил көршісінің 5 жастағы ұлын ауыл шетіндегі дәретханалардың біріне алдап апарып, сол жерде ойына келгенін істеген. Ең сорақысы сол – Алаш баласы рухани астанасына балап, киелі қала санайтын Түркістанда да осындай оқиғаның жүз беруі. Арсыз жігіт бесіктен белі шықпаған төрт-ақ жастағы сәби қызды зорлап, сол жердегі зираттың маңына тастап кеткен. Үстіміздегі жылдың өзінде осы тектес оқиғалардың болып жатқаны туралы телеарналар жарыса айтуда.  Айта берсек, мұндай оқиғалардың қатары тіптен көп.

Қасиетті кітабымыз Құранда:  «Зинаға жоламаңдар! Ол арсыздық, лас, төмен іс, жаман жол болып табылады» (Исра, 32) деп ашық жазылған. Ал сахабаларымыз «Аллаһтың алдында зинадан үлкен күнә жоқ» (Р. Насихин) деп ашып айтады. Ендеше, бүгінгі пенделер неге осы қағидатқа бойұсынбайды. Мұндай күнәлі қадамға барғандардың алар жазасының екі дүниеде де ауыр болары анық. Дегенмен біздегі Ата Заңда бұл пәтшағарларға қолданылатын жаза халықтың көңілін көншітіп отырған жоқ. Сәбилерге зорлық жасамақ түгілі, ата сақалы аузына шыққан ересектердің өзі некесіз жыныстық қатынасқа барғаны үшін баяғы ата-бабаларымыз үстінен қой айдатқызып өлтірсе, кей өңірлерде мұндайларға лаығнет айтып, тас жаудырып жанын қиған. Осындай қатаң жазаны көрген ұрпақ осы іске бармақ түгілі, ойына да алмайтын болған. Дей тұрғанмен, мұндай жаза адамдық құқықты ту етіп, демократия деп ұрандайтын қазіргі қоғамымыздағы заңның тақиясына тар келетін шығар. Алайда сәбилердің арын былғап, қор қылғандарға бізден әлдеқайда өркениетті саналатын Батыс елдері әлі де қатаң жаза қолданады екен. Айталық, Францияда мұндайларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырмаса, онда пішіп тастайды. Бұл жазаны Ұлыбритания мен Польша елі де атқарып келеді. Ал демократияның атасы атанып жүрген АҚШ-та 12 жасқа келмеген балаларға зәбір көрсеткендерді 25 жылдан жоғары мерзімге қамап немесе өмір бойы бас бостандығынан айырады екен. Бұл аз болғандай, жазасын өтеп шыққандар өмір бойы электрондық құрылғы тағып жүруге міндетті. Ал ислам дінін қатаң ұстанатын елдерде педофилдер бұл пәнидегі жазасынан тек өліп қана құтыла алады. Иран Ислам республикасында өткен жылы арынан безген осындай екі азамат дарға асылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, мұндай арсыз қадамға баратындардың 94 пайызын еркектер құраса, олардың жәбірлеуіне ұшырайтындардың 70-75 пайызы кәмелеттік жасқа толмаған қыздар, 15-30 пайызы ұл балалардан тұрады екен. Осы тектес сұмдықтарды жіпке тізе берсеңіз, «Естімеген елде көп» деп мәтелдейтін халқымыз үшін енді естімеген нең қалды дейтін сұрақ тұрады көкейде. Рухы ояу, көзі ашық пенде үшін бұл қоғам белгісіз бір дамудың көшіне ілесіп, рухани құрдымға құлап бара жатқандай сезілері хақ..

 

Мамырбек ТӨКЕШ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір