• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:38:44
Алматы
+35°

04 Сәуір, 2012 Ұлы көш

Оралмандар және отандық мәдениеттің дамуы

«Оралмандар» деген қоғамдық құбылыс Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге пайда болған. Ол туралы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының...

«Оралмандар» деген қоғамдық құбылыс Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге пайда болған. Ол туралы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-тарауының 1-бабында анықтама жасалған: «Оралман – тарихи Отанына тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы  Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары». Ал «этникалық қазақ» деген ұғым туралы аталмыш Заңда: «Этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам», – деп жазылған. Бұл өте дұрыс берілген анықтамалар деп санаймыз. Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы»  заңында   оралмандар және этникалық қазақтарға ғылыми анықтама беріп, арнаулы баптардың енгізілуі – ұлты қазақ адамдардың қайда тұруына қарамастан олардың бәрі де қазақ халқының бір мүшесі екендігін аңғартады, сондай-ақ ол Қазақстанда оралмандар және этникалық қазақтардың қоғамдық қатынастарын реттейтін, олардың құқықтары мен борыштарын жүзеге асыратын заңдық негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы этникалық қазақтарға арнаулы саясат пен заң қолдануының тарихи негізі мен моральдық құқығы бар. Өйткені қазақ халқы – тарихта еврейлерден кейін көп зиянкестікке ұшыраған, қағажу көрген халық. Бұлай дейтініміз, алты жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыста  алты миллион еврей қырғынға ұшыраса, қазақтар бейбіт жағдайда (1931-1932 ж.ж.) үш миллиондай халқынан айырылған болатын. Дегенмен қазіргі таңда тарихи жауапкершілікті өз қолына алу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан Республикасы әлемдегі өз ұлтының тарихы мен тағдырына бейжай қарамайтын әлемдегі үш елдің (Израиль, Германия және Қазақстан) бірі болып саналуының маңызы зор.

Қазіргі кезде қазақ ұлтының құрамдас бөліктерінің Қазақстаннан тысқары қырықтан аса мемлекетте өмірі сүріп отыруы тарихи саяси өзгерістердің салдары десек, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда бір миллионға жуық қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  ел тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап, дәйекті түрде қолданып келген салиқалы саясатының қомақты нәтижесі екендігін атап айтуға тиіспіз. Өйткені соңғы кезде тәуелсіздіктің осы бір ұлы жетістігін керісінше түсіндіретін, ел ішіне іріткі салатын нашар материалдың, өкінішке қарай, беделді газеттен берілуі жай емес. Ол Елбасының көрегендікпен қолданып келе жатқан оралмандар саясатының игі нәтижесін жоққа шығаратындардың көзқарасын білдіреді.

Егер бір ұлтты тұтастандырып тұрған басты фактор – сол ұлттың ішкі біркелкілігі мен ұлттық санасы және патриоттық рухы десек, бұлар қазақ халқында өте басым деуге негіз бар. Өйткені қазақ халқының тілінде аймақтық сипаттағы бірін-бірі түсінбейтіндей диалекті жоқ, мінез-құлқында да айтарлықтай айырмашылықтар кездеспейді, олардың бәрінде де қазақы жақсы қасиеттермен бірге жағымсыз дағдылар да қоса жүреді. Бұл мінездің қазақ баласының қайсы тілде сөйлейтініне қарамастан, бәріне ортақ екеніне көз жеткіздім. Сондықтан мынау қазақтілді қазақ, анау орыстілді қазақ, мынау оралман қазақ, анау жергілікті қазақ деп бөлуге немесе жүздерге, аймақтарға айырып жіктейтін арандату мен әрекеттердің бәрі де ішкі алауыздық тудыру үшін айтылатын сөздер деп санаймын. Қазіргі кезде «жаһандану, жаһандану» дейтіндер көбейді де, ұлтымыздың, еліміздің ішкі біртұтастануын дәріптейтін ой-пікірлер, өкінішке қарай, аз болып тұр. Бірақ біреулер қаласа да, қаламаса да елімізде ұлттық біртұтастану процесі жүріп жатқаны ақиқат. Бұл ұлтымызды бірегейлендіретін дұрыс процесс болып табылады.

         Жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілгендей, әлемдегі қазақтардың бәрі бір қазақ болғандықтан, Қазақстан тәуелсіздігі жариялануымен шетелдердегі этникалық қазақ өкілдері саналы түрде төрткүл дүниеден тарихи Отаны – Қазақстанға орала бастады. Ол кезде заман ауысып, қоғам өзгеріп жатқан, тапшылық елді тарықтырып, торықтырып тұрған болатын. Соған қарамастан, біреулер «этникалық қазақтарды, әсіресе, олардың саналы өкілдерін тарихи Отанына тартушы күш не?» десе, мен оған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі!» – деп жауап берер едім. Сондай-ақ олардағы ортақ ұлттық таным мен тәуелсіздік санасы оларды сондай батыл қадам жасауға бастаған-ды. Өйткені этникалық қазақтар өздерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігіміз, Қазақстан – жалпы қазақ халқының қарашаңырағы, қазақ халқының болашағы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде деген танымда еді және олардың бұл танымы ешқашан да өзгермек емес. Міне, осындай сана-сезім мен түсінік шетелдегі қандастарды өздерінің ақыл-парасатымен, білімі, мамандығымен, жалынды қайратымен, тіпті адам капиталымен болса да тәуелсіз Қазақстан қоғамының дамуына үлес қосуға итермелеп әкеліп жатқан жоқ па?! Бұл жағын өзіміз терең түсіне бермегенімізбен, өзгелер жақсы сезіп, біліп отыр. Олар жай ғана біліп отырған жақ, сонымен қатар түрлі қитұрқы тәсілдермен ұлттық біртұтастануымызға кедергі келтіріп жатқан жайы бар.

         Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазірге дейін алыс-жақын шетелдерден 1 миллиондай қандастарымыз Отанға оралып отыр. Бұл Қазақстанға қосылған адам ресурстары ғана емес, сонымен қатар елімізге құйылып жатқан мәдени, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық бұлақтары болып табылады. Өйткені оралмандар Отанға қазақтың дәстүрлі мәдениетімен қоса, өздері өмір сүрген елдердің кейбір озық мәдениеттерін де ала келуде.

Қазақстанға оралған қазақ өкілдерінің туып-өскен мемлекеттерінің мәдени ортасын (саяси-әлеуметтік мәдениет негізінде) төрт үлкен типке бөлуге болады. Олар – моңғолдық мәдени орта; қытайлық мәдени орта;  кеңестік мәдени орта және исламдық мәдени орта (бұған Ауғанстан, Иран және Түркиядан келген қазақтар жатады). Бұлар осындай әртүрлі мәдени ортада өмір сүрсе де, қазақ халқының ортақ дәстүрлі мәдениеті мен құндылықтарын жақсы сақтады. Бұл – олардағы ортақ қасиет. Осындай ортақ түсінік пен сана-сезім оларды ұлттық ұлы біртұтастыққа бастап келеді. Өйткені тәуелсіз Қазақстанға көшіп келіп, мұндағы қалың қазақ халқымен бір ортада тоғысып, бірегей ұлтқа айналып, қазақы болмыста өмір сүру – шетелдердегі этникалық қазақтардың ортақ арманы.

Қазақстаннан тысқары елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар қашан да өздерінің ұлттық болмысын сақтауға баса назар аударады. Олар өздерінің ұлттық тіл, дін, ділдерін (менталитет) жақсы сақтаумен қатар, дәстүрлі тұрмыс-салты мен қолөнер кәсіптерін де айтарлықтай жалғастырып, дамытып отырады. Сондай-ақ өздері тұрған елдің заманауи білім-ғылымы мен сауда-индустрия саласының менеджменттік өнерін де игерген. Әсіресе, этникалық қазақтар шоғырлы қоныстанған Моңғолия мен Қытай қазақтарында ұлттық дәстүрлі мәдениет айтарлықтай жақсы сақталған және дамыған. Осындай мәдени ортадан Отанға оралған қандастарымыз Қазақстан қоғамына тың күш, жаңа мәдени леп әкелді.

Оралмандармен бірге елге жетіп жатқан мәдени бұлақтар отандық ұлы мәдениет айдынын толықтырып, толқындатып, деңгейін өсіре түсуде. Атап айтар болсақ: қазақтың  қаймағы бұзылмаған шырайлы тілі мен бағалы әдеби шығармалары, дәстүрлі діні мен тұрмыс-салты, ұлттық рух пен мінез-құлқы, ұлттық қолөнердің әртүрлі үлгілері мен  ұлтымыздың ұмыт боп бара жатқан  ән мен әуен билері осы оралмандар арқылы соңғы жиырма жылда отандық мәдениетке қосылды. Бұл сынды шеттен келген ұлттық мөлдір мәдени бұлақтар шөліркеген жұртымыздың шөліне сусын болғандай ыстық ықыласпен қабылданды. Бұлай болуы заңды да. Өйткені қазақ мәдениеті қайда сақталсын, қайда жаратылсын, бәрі де ұлттық мәдениетіміздің құрамдас бөлігі болғандықтан, олардың тоғысуы тек қана ұлттық мәдениетімізді толықтыра, дамыта түседі. Керісінше, жат елдің тозық мәдениеттерінің елімізге сіңіп кіруі ұлттық мәдениетімізді әлсіретеді, халқымыздың берекесін кетіреді. Сондықтан шетел мәдениетін қабылдауда аса үлкен талғампаздық қажет бізге.

Біз бұл арада оралмандар арқылы Отанға қосылған мәдениеттердің жалпы ұлттық мәдениетімізді дамытуға белсенді әсер еткен мысалдарын ғана атап айтқымыз келеді. Әдебиет арнасын айтар болсақ, соңғы жылдары шетелдердегі қандас қаламгерлердің түрлі көркем шығармалары отандық басылымдардан көптеп жарық көруде. Солардың ішінде ұлы ақын Таңжарық Жолдыұлының екі томдық «Шығармалары» мен қайсар жазушы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының отандық баспадан басылып шығуымен отандық көркем әдебиетте «түрме мәдениеті» деген ұғым қалыптасты.

Ал ән өнерінде Майра Мұхамедқызы Қазақстанның ән өнерін әлемдік деңгейден көрсетуі (П.И.Чайковский атындағы халықаралық конкурста ІІІ орынды жеңіп алуы; Францияның «Гранд опера» ұлттық театрында келісімшарт бойынша ән шырқауы (2003-2010 ж.ж.)  – отандық ән өнерінің  жаңа белеске көтерілгендігінің көрінісі болды.

Би өнері саласында Шұғыла Сапарғалиқызы билеген заманауи би өнері жастардың биге деген үлкен қызығушылығын тудырып, қазақстандық би өнерінің дамуында белсенді рөл атқарды. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға» биі Жәмали Диханұлы және басқалардың ел аралап үгіттеуінің нәтижесінде әмбебаптық ұлттық биге айналды. «Қара жорғадан» төгілетін ұлттық рух әсем гимнастикалық бимен ұштасқандықтан, үлкен-кішінің бәріне бірдей ұнап отыр деп санаймын.

Спорт саласында Мұстафа Өзтүріктің арқасында Шығыстың таэквондо  спорт өнері елімізде мықты бір мектеп болып қалыптасты; Жәмали Диханұлы Шығыстың гунфу өнерін елімізде жалғастыруда. Ал Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламұлы отандық бокс спортының деңгейін биіктен көрсетіп келеді.

Білім және ғылым саласына қосылған жоғары білікті педагог ғалымдар аз емес. Бұл арада тек гуманитарлық білім, ғылым саласындағыларды ғана атап айтпақпыз. Кәсіпкер ғалым Талғат Мамырұлы қоғамдық сұранысқа сай, 2007 жылы өз қаражатымен  «Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы колледжін ашып, «Аударма ісі», «Туризм», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Екі шет тілі» (қытай және ағылшын), «Іс қағаздарды жүргізу және мұрағаттану», «Киім дизайны» сияқты мамандықтар бойынша  кәсіби техникалық кадрларды дайындап келеді. Бұл гуманитарлық білім беру мен кәсіптік-техникалық білім беруді ұштастырған алғашқы оқу орны болып табылады.

 Отандық тарих ғылымына сирек мамандықтар иелері келді. Олар Шығыстың ескі қолжазбаларын түпнұсқадан тікелей оқып, пайдалана алатын тарихшы-лингвист мамандар. Бұларды кеңестік кезде сирек мамандар деп санайтын. Отандық ғылым мен білім саласында ауыр міндет атқарып жүргендер: Зардыхан Қинаятұлы, Сартқожа Қаржаубайұлы, Нәпіл Пазілханұлы (екі моңғол, манчжур және түркі руникалық жазуларын оқитын тарихшы, филолог ғалымдар); Ислам Жеменей (ескі парсы жазбаларын оқитын филолог ғалым); Бақыт Еженханұлы, Сағынтай Сұғатайұлы, Жәнімхан Ошан және Нұрлан Кенжеахмет, Тұрсынхан Қайыркен, Дүкен Мәсімхан (мақала авторы да солардың қатарында, ескі қытай жазбаларын оқтын тарихшы, филологтар). Бұл ғалымдардың Отанға оралуымен бұрынғы  ұлы державалардың шығыстанушыларының Қазақстандағы монополиясы біржолата аяқталды. Міне, осы ғалымдардың белсенді қатысуымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың ескі тіл жазбаларындағы қазақ және Қазақстан тарихына қатысты құнды деректер ғылыми негізде қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ қазақ тарихының көптеген ақтаңдақтарын толықтыратын сүбелі ғылыми еңбектер жазылып, елімізде жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Міне, бұл фактілерден Отанға оралған қандастарымыздың отандық мәдениеттің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғандығын көруге болады. Бұның өзі Елбасының оралмандар саясатының дұрыстығын және нәтижелі екендігін айғақтайды. «Елге ел қосылса – құт» деген осы болар.

 

 

         Нәбижан Мұқаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір