• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 00:58:09
Алматы
+35°

07 Наурыз, 2018

25 наурызда Қадырғали Көбентайдың гитарасынан күй төгіліп, ән асқақтайды

«Сен енді менің оқушым емессің, бүгіннен бастам менің әріптесім болдың. Егер екеуміз бір рөлге таласып қалатын болсақ, мен оны сенен тартып аламын».

Гитараны қазақыландырып, ұлттық әуенді насихаттап жүрген Қадырғали Көбентайдың таңдаулы поэзияға жазылған әндері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Айтулы өнерпаздың «Алатау алабында» Қадырғали Көбентай!» атты кезекті шығармашылық кеші 25 наурызда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Бұл жолғы кеш бұрынғы кештерден өзгеше болмақ. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Қадырғали Көбентай ағынан жарылып әңгіме айтты.

- Былтыр еңселі елуге толдым. Сол мерейтойымның құрметіне кешті былтыр өткізуім керек еді. Алайда ұстазым Тұңғышбай Жаманқұловтың басынан өткерген жайттарынан кейін жағаласып кеш өткізуді ерсі санадым. Енді, міне, биыл өткізу бұйырып тұр екен. Бұл кештің бір ерекшелігі – менің әндерімді орындайтын әншілер көп болады. Мейрамбек Бесбаев, Шәкизада, Еркін Шүкіман сынды көрермен көзайымдары ән шырқайды.

Екіншіден, менің актер болғанымды білесіздер. Сол себепті кеште актерлік қырымды тағы да аша түссем деген ниетім бар. Асқар Наймантаев сынды актерлермен бірге көрерменді әзілге қарық қылмақпыз.

- Сіз бард әншісі, композитор, және актер ретінде танымалсыз. Бәрін бойыңызға сіңіргеніңізбен, жаныңызға қайсысы жақын?

- Мен ең бірінші кезекте актермін. Өнер жолын да осы актерлікпен бастағам. «Терісқақпай», «Тамаша» сынды әзіл-сықақ театрларында біраз уақыт қызмет еттім. Кейін әнші, композитор болып кетсем де, актерліктен ешқашан алыстаған емеспін. Қазір бір фильмге түсіп жатырмын, бірақ қандай фильм екені әзірге құпия бола тұрсын.

- Сізді өнерге баулыған ұстаздарыңыз жөнінде не айтасыз? Кешіңізді тамашалауға келетін шығар?

- Иә, кеште мені мектеп жасында тәрбиелеген ұстазым Бейісхан Бекбаев болады. Ол кісі 70-тен асқан. Ұлттық әндерді орындайды. Әсіресе, Әсет Наймантаевтың ешкім біле бермейтін әндерін сол кісі нақышына келтіріп айтады. Оның орындауындағы әндер қазақ телевизиясының, қазақ радиосының архивінде сақтаулы тұр.

Бейісхан аға мені бала кезімнен бастап өнерге баулыды. Қолымнан жетектеп драма үйірмесіне, одан соң домбыра орындаушысы ретінде оркестрге апарды. Гитараға бет бұруыма да сол кісі себепші болды. Ауылымызда Мақсұтхан Диханбаев деген керемет гитарашы бар. Сонда Бейісхан аға: «Домбырамен ән айтатындар онсыз да көп, сен гитарамен ән шырқа», - деп Мақсұтхан ағама ұқсағанымды қалады. Театр институтына түсер кезде де мені сол кісі дайындады. Ұстазымның арқасында Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әнін, Мұқағалидің сирек айтылып жүрген әндерін қоржыныма қостым. Өмір деген қызық қой, Бейісхан ағаның баласы Ершат Қайырхан – қазір менің шәкіртім.

Ал театрдағы алғашқы ұстазым актер, режиссер Нұрмұхан Жантөрин болды. 1985 жылы сол кісінің қолына бардым. Кейін әскерге кетіп қалдым. Әскерден келіп, «Қазақфильмде», «Қазақконцертте» жұмыс істедім. 1989 жылы Тұңғышбай ағамыздың курсына келіп, өнер жолымды қайта жалғастырдым. 1991 жылдары театр институтына режиссер Әзірбайжан Мәмбетов келіп, бірнеше актерді саралап алып кеткен. Солардың қатарында мен де болдым. Сөйтіп Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актері, ұстазым Тұңғышбай Жаманқұловтың әріптесі болдым. Сонда Тұңғышбай ағам маған бүй деген: «Сен енді оқушым емес, бүгіннен бастам менің әріптесім болдың. Егер екеуміз бір рөлге таласып қалсақ, мен оны сенен тартып аламын. Сондықтан, бәріне психологиялық тұрғыдан дайын бол», - деп өнердің ауыр тұстарына мойымауды үйретті. Актерлік жолда Тұңғышбай Жаманқұловтан алған тәрбием зор.

- Тұңғышбай Жаманқұлов сізді актерлікке баулыса, ол кісі сіздің әндеріңізді орындап, эстрадада бой көрсетіп жүр...

- Тұңғышбай Жаманқұлов бұрындары домбырамен ән шырқайтын. Қазір эстрадаға ойысты. Алғаш менің әндеріммен шыққан. Есімде, Есенқұл Жақыпбекің сөзіне, менің әніме жазылған «Өнер адамын» айт деп ұсынғанымда, қатты сасқалақтаған. Себебі эстрадада ән айтып көрмеген. Бірақ «саханада ән айтып жүрген актерлерден қай жеріңіз кем?» деп қайрап шығарғаным бар. Содан бері эстрада әншісіне айналды ғой.

- Қадырғали аға, сіздіңше өнерпаз деген кім? Ол қандай болуы керек?

- Менің түсінігімде ондай адам барлық жағынан икемді болуға міндетті. Мәселен, жаңағы айтқан Тұңғышбай Жаманқұлов әктер, әнші, режиссер және жазушы да. Тіпті, ғылымнан да алыс емес. Шешендік өнер бойынша кандидаттық жұмыс қорғағаны бар. Тұңғышбайдың бұл жұмысын ғалым Серік Қирабаев жоғары бағалаған. Міне, нағыз өнерпаз адам – Тұңғышбай Жаманқұлов. Ал бүгінгі сахнада «сөзін де, әнін де өзім жазам» деп бәрін бүлдіріп алғандар жетіп артылады.

- Неге бұлай болды деп ойлайсыз?

- 80 жылдары әнге сөз жазу деген түсінік қалыптасты. Әнге ұйқастырып өлең жазатын ақындар пайда болды. Ұйқас қуалаймыз деп, әннің де, сөздің де қадірі кетті.

- Ал өзіңіз ән мәтінін қалай таңдайсыз?  

- Мен әнді іріктелген поэзияға жазамын. О баста композитор боламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. 1991 жылы Мұқағалидың 60 жылдығында өткен іс-шарада мен «Фариза» деген әнді нақышына келтіріп орындағаным бар. Сол сәттен бастап маған ән айтқызғыштар көбейді. Мұндайдан жалыққан мен өзімнің әнімді іздей бастадым. Сондағы ғашық болған алғашқы поэзиям аақын Гүлнар Салықбаеванікі. Кейін Мағжан Жұмабаевтың «Қайың» деген өлеңіне ән жаздым. Ол әнім Әуезов театрындағы «Шолпанның күнәсі» қойылымында шырқалды да, кейін тасада қалды. Енді алда болатын кеште айтылады.

- Әнге сөз таңдағанда өлеңнің қандай қасиетіне мән бересіз?

- Қазіргі ақындардан Тыныштықбек Әбдікәрімұлын қатты бағалаймын. Ал жалпы ақындардан қыздардың поэзиясы ұнайды. Себебі еркектерден гөрі қыздарда шынайылық басым. Мәселен, ерлер біреуге ғашық болса, сезімін жасырып ұстауға тырысады. Ал қыздар әлдеқайда ашық келеді. Өлеңін оқып-ақ сезімін түйсінесің, жүрегіңе бірден жетеді. Сол себепті ақын қыздардың поэзиясына әуен шығарғанды жөн көремін. Жақын арада Танакөз Толқынқызының өлеңіне ән жаздым. 25 наурызда сол әнімді ести аласыздар.

- Шығармашылық кешіңізді неге Республика сарайында емес, «Алатау» театрында өткізгелі отырсыз?   

- Байқасаңыз, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының аурасы өзгеше. Өзіме сол театрдың сахнасы ыстық болып кетті. Онда қазаққа тән құндылықтардың иісі аңқып тұрады. Ұлттық әндер, домбыраның күмбірлеген үні, қобыздың сарыны «Алатау» сахнасына сіңген.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір