• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:10:33
Алматы
+35°

Тәліп Нүсіпұлы, www.kazakhsoft.com сайтының жетекшісі, компьютер маманы:

Соңғы кездері сөздік қорымызға енген «Қазақ ғаламторы» ұғымына көзқарасыңыз қандай?

– Қазақ әдебиеті, қазақ баспасөзі, қазақ математикасы сияқты сөздеріміздің қатарына кейінгі кездері қазақ ғаламторы ұғымы қосылды. Бұл сөзді кейде әркім өзі тұрып жатқан мемлекеттің аясында қарастырып жатады. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен «Қытайдағы қазақ әдебиеті», «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» деп атағанымыз сияқты, ғаламтор ұғымын да солай бөлшектеу оңды көзқарас емес. Себебі ғаламторда шекара жоқ. Мысалы, «Айқын» газетін Қытайдағы екі миллион қазақ сүйіп оқиды. Бірақ бұл Қытайдағы қандастардың бәрі «Айқынның» сайтына кіреді дегенді білдірмейді. Өйткені әліпбиіміз өзгеше. Кириллицаны кез келген Қытай қазағы оқи алады десек қателесеміз. Тек кириллицаны танитын бірер адам сайтқа кіреді де, тиісті мазмұндарды төте жазуға аударып, өз оқырмандарына ұсынып отыр. Бұған да шүкірлік. Дегенмен Дүниежүзіндегі қазақтардың әртүрлі әліпбиді  пайдалануы «Қазақ ғаламторы» дейтін ұғымды қалыптастыруға айтарлықтай кедергі келтіруде. Сондықтан әліпбиді бір арнаға тоғыстыру немесе бір-біріне сәйкестіретін компьютерлік техниканы дамыту – кезек күттірмейтін іс.

Бір-біріне сәйкестіру дегенді қалай түсінуге болады?

– Мысалы, мен жетекшілік етіп отырған «Қазақсофт» сайтын оқырмандар екі тілде, көп қаріпте оқи алады. Сайттың бас бетін ашсаңыз «қазақ», «qazaq», «қытай», «төте» деген төрт терезе тұрады. Сіз қай жазуда, қай тілде оқығыңыз келсе, сол нүктені басып қалсаңыз, әр мазмұн ешқандай өзгеріссіз, қаз-қалпында аударылып көрінеді. Бізге бұған дейін «кириллица» мен «төте» жазуды сәйкестіру қиындық тудырып келген. 2007 жылы «Қазақсофт» сайтын іске қосып, осы сайт аясында бұл олқылықтың орнын толтыруға 5 жыл уақытымды жұмсадым. Kazakhsoft жаңадан құрылған кезде «Қазақсофт қазақ әріптерін өзара сәйкестіру және өлшемдестіру жүйесі» арқылы көпшілікпен жүздескен болатын. Бұл бағдарламаның негізгі рөлі – Қазақстан кирилл әрпін негіз еткен материалдарды төте жазуға сәйкестіріп көрсету. Демек, бұл бағдарлама екі бөлек қазақ жазуының арасындағы көпір болды деген сөз. Қазір мен жасаған жүйе арқылы кириллицадан «төте» жазуға аударсаңыз, 100 пайыз дұрыстыққа, ал төте жазуды кириллицаға аударсаңыз, 90 пайызға дейінгі нәтижені бағындыра аласыз. Себебі төте жазуды кириллицаға аударғанда, сіздердегі кірме сөздер мен бас әріппен жазылатын сөздер қиындық тудырады. Біздің бұл жетістігіміз қазіргі күнде «Егемен Қазақстан» газетінде пайдаланылуда. Соның арқасында Қытайдағы қазақ оқырмандары «Егеменнің» тілекшісіне айналып отыр.

Жалпы, Қытайдағы қазақтар Қазақстандағы ақпараттардан қаншалықты хабардар?

– Шындығын айту керек, Қытайдағы қазақтар Қазақстандағы баспасөздің жайын бес саусақтай біледі десек, қателеспеймін. Ондағы 100-ге тарта қазақ сайттары қазақ еліндегі жылт еткен жаңалықты дер шағында өз оқырмандарына ұсынып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының билік төрінде отырған атқамінер ағаларымыздың сөйлеген әрбір сөзі немесе күнделікті өтіп жатқан мәдени шаралар сіздер үшін үлкен жаңалық болмауы мүмкін, бірақ Қытайдағы қандастар мұның барлығын жүрек көздерінен өткізіп отырады.

Ол жақтағы қандастарымыздың ғаламторды пайдалану жайына тоқтала кетсеңіз...

– Қытай экономикасы мен ғылым-техникасының қарыштап дамуы ондағы қазақтардың замана көшінен қалмауына игі ықпалын тигізуде. Тіпті  миллиардтармен иықтасып өмір сүру олардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай шыңдауда. Сондықтан интернетті пайдалану Қытайдағы қазақтар үшін күнделікті тұрмыс дағдысына айналған. Қарапайым ауыл баласы болса да ғаламтордың «құлағында» ойнайды. 100-ге тарта қазақ сайттарының өміршең болуының сыры да сонда. Өз басым 2006 жылы Шыңжаң педагогика университетінен компьютер технологиясы мамандығын алып шыққан соң, бірден «қазақ ғаламторын қайтсек дамытамыз» деген мақсатта жұмысқа кірістім.

Университетте бірге оқыған қатарластарыңыз өз саласында қызмет жасап жүр ме?

– Біздің мамандықта 98 студент оқыды. Оның 8-і ғана қазақ еді. Қалғандары негізінен ұйғыр ұлтының өкілдері болатын. Сабақ қытай тілінде жүрді. Менің қатарластарым негізінен мектептерде оқытушы болып жұмыс жасауда. Өзім де мектеп оқушыларына компьютер пәнінен дәріс оқимын. Бірақ ғаламтор саласындағы ізденісімді бір сәт те тоқтатқан емеспін.

Қазақ  ғаламторының жауынгеріне айналу қалай ойға келді?

– Студент болып жүргенімде мені екі мәселе қатты толғандырды. Бірі -  компьютерде төте жазу бойынша хат теру. Екіншісі – қазақша-қытайша онлайн сөздік жасау. Себебі дәл сол кезеңдерде Қытайдағы 2 миллион қазақ үшін бұл екі мәселе алынбайтын қамалдай көрінді. Бірге өмір сүріп жатқан ұйғыр ұлтының жастары біз армандап жүрген нәтижеге әлдеқашан қол жеткізген. Университет бітіре сала қазақ компьютер ғылымын негіз еткен  www.kazakhsoft.com сайтын іске қосуымның түпкі сыры да осында.  Сондықтан университет қабырғасында жүріп-ақ, қазақ компьютер техникасын дамытуға, қазақ ғаламтор мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу үшін бар күш-жігерімді арнадым. Сондай ізденістердің нәтижесінде оқуымды үздік нәтижемен тәмамдап, Шыңжаң автономиясы деңгейінде арнайы марапатқа ие болдым.

Сол арманыңыз қазір орындалған болар...

–  Құдайға шүкір, аталмыш сайт аясында көздеген мақсатқа жеттік.

5 жылдан бері Kazakhsoft сайты зерттеп жасаған бағдарламаларды атап айтар болсақ:

1. Сөздік қоры 250 мыңнан асатын «Қазақша-қытайша, Қытайша-қазақша сөздік». Сөздікте – тұрмыстық атау, құрылыс саласы, химия, физика және компьютер терминдеріне байланысты сөздер қамтылған;

2. Қазақ төте жазуындағы ойын құралы мен музыкалық плеер;

3. Кириллица мен төте жазуды автоматты түрде сәйкестендіріп көрсететін сұхбат жүйесі;

4. Ғаламтордан төте жазу арқылы материал іздеу, т.б.

Бұлардың бәрін  Kazakhsoft сайты өз еңбегімен зерттеп жасаған, сондай-ақ  көпшіліктің ортақ қолдануына тегін берілген. Бірақ жеткен жеріміз осы деуден аулақпыз. Әлі де алар асулар көп.

Сайт алғаш іске қосылғанда қолдау көрсетушілер болды ма?

– Шындығын айту керек, ол кезде ғаламтор саласында тәжірибеміз аз болды. Әйтеуір алғашқы ізденістер басталған кезең еді. Қазір Алматыда үлкен кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Асқар Жакулин мырзаның қолдауымен ең алғаш 1990 жылдардың ортасында «Ауыл» сайты іске қосылған. Компьютер саласында ізденіс жасап жүрген көптеген жас мамандар осы сайт айналасына топтасты. Нәтижесінде қазақ ғаламторының алғашқы қарлығаштары түлеп ұшып, өз алдарына қазақ тіліндегі ғаламтор беттерін жасауға кірісті.  Ол кезде бізге компьютер ғылымы бойынша салалық кітаптарды сатып алу да қиын еді. Сондықтан көбінесе бір рет пайдаланған кітаптарды сататын дүкенді төңіректейтінбіз. Жалпы, қаржылай жағынан ешкім қолдау көрсетпесе де, ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеген Сұлтан Жанболат сынды ағаларымыз болды.

Компьютер техникасын игеруде, ғаламтор кеңістігін қалыптастыруда Қытайдағы қазақтар мен ұйғырлар арасында қаншалықты бәсекелестік бар?

– Жасыратыны жоқ, Қытайда жасап жатқан ұйғыр ұлтының компьютер техникасын игеріп, ғаламтор кеңістігін қалыптастырудағы нәтижелері қазақтардан көш ілгері. Оған олардың санының көптігі ғана емес, заманауи техникаларды өздерінің ұлттық дүниесіне айналдыруға деген ынтасы игі ықпалын тигізіп отыр. Қазір олар кез келген компьютерлік бағдарламаны ұйғыршалауға күнбе-күн кірісіп, компьютерді түгелдей ұйғырша сөйлетуде. Тіпті қарапайым тұрмыстық техникаларды да өз тілдерінде қызмет еткізуде.

Байқауымызша, Қытайда аз санды ұлттардың ғаламтор техникасын дамытуына айтарлықтай еркіндік беріліпті. Мұның себебі неде?

– Жоғарыда айттық. Қытайда, мемлекеттік ресми сайттарды қосқанда, 100-ден аса қазақ сайты бар. Сол сияқты ұйғырлардағы, басқа ұлттардағы сайттардың саны да жүздеп саналады. Бұлардағы басты ерекшелік – сайттар негізінен салалық бағытта дамыған. Айталық, әдебиет, өнер, медицина, жаратылыс ғылымдары, т.б. Әр саланың өз сайты бар. Яғни Қытайда өзге ұлттардың да замана көшінен қалып қоймауы ескерілген. Сол себепті «басқа шауып, төске өрлемесеңіз» болды, жеке сайт ашып жүргізуіңізге әбден мүмкіндігіңіз бар.

Бір сайтты қанша уақытта іске қоса аласыздар?

– Пәлендей уақыт деудің жөні жоқ. Материал дайын болып, тиісті орынға тіркелсеңіз болды. Сол сәттен бастап сайтыңызды жүргізе беруіңізге болады.

Мысалы, өз сайтыңызды «асырап», осы күнге жеткіздіңіз. Ал сол сайтыңыз сізді асырауға қаншалықты жұмыс жасап отыр?

www.kazakhsoft.com сайты ешқандай қаржылық мақсатқа құрылмаған. Яғни маған ешқандай табыс әкелмейді. Айталық, өзім жасап шығарған қазақша бағдарламаларды Қытайдағы барлық қандастарымыздың ортақ пайдалануына ұсынып отырмын. Бастысы, қазақ компьютер ғылымының, ғаламтор мәдениетінің дамуына, сол арқылы қазақ тілінің, қазақ ұлтының қалпын бұзбай сақтауға қызмет жасау. Дегенмен бірте-бірте экономикалық құн жаратпаған дүниенің баянсыз болатынын ескерсек, алдағы күндерде кейбір бағдарламалардың тиісті дәрежеде бағаланатындығы сөзсіз. Яғни қазақ ғаламторын одан әрі дамытуға, сайтты өз дәрежесінде жұмыс жасатуға міндетті түрде қомақты қаржы қажет.

–  Әлемдегі 15 миллион қазақтың ортақ отаны – Қазақ елі. Сондықтан үш әліпбиде қатар көруге болатын сіздің сайттың техникасы бүкіл қазақстандық сайттарға қажет десек, қателеспейміз.  Осы тұрғыдан, қазақстандық ғаламтор беттері сіздің бағдарламаға қайткенде қол жеткізе алады?

–  Жоғарыда айттым. Бұл бағдарламаны жасап шығуға сайт ұжымы 5 жыл уақытымызды жұмсадық. Сондықтан осы бағдарламаны жасауға қатысқан мүшелермен кеңесе отырып, аталмыш бағдарлама арқылы тиісті келісім-шарттармен барлық қазақстандық сайттармен қарым-қатынас жасауға  дайынбыз. Біздің басты мақсатымыз да сол – Алашты алдымен ғаламторда біріктіру.

–  Ол үшін сіздің Қазақстанда тұруыңыз міндетті ме, әлде Қытай елінде тұрып-ақ қазақстандық сайттарды үш қаріпте көрсетуге мүмкіндігіңіз бар ма?

–   Міндетті түрде Қазақстанда болуым шарт емес. Ғаламтор бар жердің бәрінде тиісті жұмыстарды атқаруға болады.

Әңгімелескен Біләл Қуаныш

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір