• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:58:41
Алматы
+35°

29 Сәуір, 2014 Саясат

Бекболат Тілеуханға Алтайдан хат

Биыл жыл басында қазақтың дарынды перезенті Бекболат Тілеухан Алтай қаласына ат басын бұрған еді. Сол кезде оған хат жазып, оны демалыс үйіне  бір жігіттен...

Биыл жыл басында қазақтың дарынды перезенті Бекболат Тілеухан Алтай қаласына ат басын бұрған еді. Сол кезде оған хат жазып, оны демалыс үйіне  бір жігіттен беріп жібердім.  Ал, хатымның ол кісіге жеткен-жетпегенін білмеймін. Дегенмен, бүгін сол хаттың мәтінін жариялаудың реті  туып тұр. Бекболат Тілауханға үніміз жетпесе де, қалың қазаққа жетер деген  ниет бар... 

Ассалаумағалейкум, аса құрметті Бекболат аға! Сіз келеді деп қуандық. Алдымен Алтай деген мекенге келгеніңізге рахмет! Алла сапарларыңызды оң етсін! Сізге хат жазуға бекіндім. Мұным қолыңызға тие ме, тимей ме білмеймін. Әйтеуір  бір арманның жетегімен, әлде бір  мақсатпен жазғаным шығар.  Біз Сізді көріп ержеттік.   90-жылдардың соңындағы бізде де таратылған концертіңізден бастап таныдық. Сосын ержете келе, жаһандану жолының пайдасының есебінде, ғаламтор дейтін толқынды дүниенің ішінен іздеп көретін болдық, қызықтық, ойландық.  Біз Қазақияның әр қадамын бірге бақылап отырып ержеттік. Сыртта жүрген әр Қазақтың зор үміті, рухани ұлы тірегі - тек қана Қазақстан екенін біреу білер, біреу сезіне алмас. Қанша туған жеріміз Алтай деп, осы жерді Отанымыз десек те, жүрегіміздің түкпірінде Қазақстан тұрады. Бірақ мұнда да жүрегіңді мұжып жататын жайттар өте көп. Күн сайын, қадам сайын білінбей келе жатқан қатерлерді байқағанда жаның түршігеді. Абылай ханды, Қабанбайдың ерлігін, Абайды естімеген қазақ балалары, екі баланың өзара қытайша әңгімелескенін көргенде, байқамай өзімнің қазақ қызметтестеріммен қытайша сөйлесіп тұрғанымды сезгенде жылағым келеді. Неге?    Бір себепен бұл жерді тастап кете алмай жүрген өзім сияқты азаматтарға не деріңді білмейсің, аға! Себеп көп. Қайсыбірін айтып тауысың.  Ата-қонысын тастап кету дегенің оңай дүние емес. Бұл әкеңнің басы жатқан,  туған-туысқаның бар, кіндік кесіп, өскен жер. Көшіп келуге көбінің жағдайы жете бермейді. Қазақстанда  жақта келе ғой дейтін де пенде жоқ. Екі елдің саясатының өзгерген тұстары да көп кедергі болып отыр. Сосын омалып отырмыз.   Қазақстанға бару бізге барған сайын қиындап бара жатқаны және бар. Оның үстіне, елге барған жұрт бір-біріне қара тартып, көбісі мақсатсыз барып жатыр. Сосын қиналса қайтып кетіп, мұндағыларға Қазақстанды жамандайды. Онысы мұндағы  қайтерін білмей отырған халыққа себеп болады. Міне, біздің жағдай.

Айтайын дегенім, қазақтың мықты ұлдарының бірісіз, билік басында жақын жүресіз, беделіңіз бар.  Сырттағы Қазақтың жайын айтатын ағаларымыз жоқ емес, бірақ тек бос сөз күйінде.  Сондықтан нақты шаралар жасалуына сеп болсаңыз...

 Біріншіден,  Сіз сияқты мықты азаматтарымыз бірігіп, биліктің құлағына сырттағы қазақтың күйі туралы айтудан жалықпаса (әрине, айтып жатқаны шын).  Олардың келуінің Қазақстанға пайдасын әртүрлі жолдармен жеткізе берсе. Бұл әрине әр кім әр қалай айтқаннан жақсы.

Екіншіден, Қазақстандағы халыққа сырттағы қазақ туралы мәліметтерді жариялап тұрса. Мысалы, беделсіз бір журналистің жазғанынан сіздің жазғаныңыз әлде қайда басым болар еді.  Әр мемлекетте өмір сүргеннен кейін Қазақстандағы жағдайды түсіне бермейміз.  Жасаған ортамыз, алған білім, ұстанған саясат осыған келтіріп отыр  ғой .

Үшіншіден, біз де қазірге дейін көші-қон жұмысымен айналысатын компания (яки қор, қоғам) жоқ. Егер осындай еларалық келісімшартпен жұмыс жасайтын компания болса тындырымды шаруалар атқаруға болар еді. Сол арқылы Атажұртына оралған қазаққа не үшін келетіні, не істейтіні жөнінде кеңес беріліп, мамандығына қарай қызметтер ұсынылса. Әрине, бұған қаржы мен қолдау қажет. Қазақстанда ер мінезді, ұлтын сүйер кәсіпкерлер аз емес. Егер олар түсінсе, сосын оларға жеткізе алатын адам болса, бұл ақша да табатын, халыққа да пайдалы жұмыс болар еді. Бізге ол жақтағы адамдардың сататын үйі мен жері туралы, Қазақ мемлекетінің заңдары туралы ақпараттық көмектер қажет. Соның арқасында ел де, елге оралған қазақ та бір-біріне пайда әкелер еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сіз осы шараларды ұйымдастырса екен деген тілек   біздікі.  Ел болып қалу үшін, әртүрлі әрекетке бару қажет.   Енді он-жиырма жылда не боламыз?! Шетелдегі неше миллион қазақ жоғалудың алдында тұр.  Көмектеріңіз керек!

Сау болыңыз!

Құрметпен, Алтай қазағы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір