• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:44:00
Алматы
+35°

14 Маусым, 2012 Әлеумет

Гүлжан Молдажанова

«АЛЮМИНИЙ ХАНЫМЫ» АТАНҒАН  ГҮЛЖАН

«АЛЮМИНИЙ ХАНЫМЫ» АТАНҒАН  ГҮЛЖАН

 «Қазақта байтал шауып, бәйге алмас» деген мақал бар. Бұл мақалдың кімге қарата айтылғаны түсінікті, десек те, айдай әлемді аузына қаратқан  қазақтан шыққан іскер әйел Гүлжан Молдажановаға мұның еш қатысы жоқ секілді. Оның мансабы бүгінде қазақ қыздарының аузының суы құрып айтатын әңгімесіне айналды. Шынында да, кез келген бастықтың қабылдау бөлмесінде сызылып отыратын хатшы қызға қарап, «кейін осы қыз әлем мойындаған іскер әйел болар-ау» немесе «Атағы дардай осы холдингтің тізгіні бір күні мына қыздың қолына тиер-ау» деп ойлауымыз неғайбыл. Ал солай болса ше?   Дұрысы солай болды.  Гүлжанның тағдыры «Золушканың» тағдыры тектес. Тауыспаған оқуы жоқ. Ізденді. Сөйтіп, білім баспалдақтарынан басталған оның қадамы кейін  бизнес баспалдақтарына оңай ілікті...

Американың Fortune атты іскер журналы жариялаған әлемнің ең ықпалды да іскер елу әйелінің тізімінің алғашқы ондығынан ойып тұрып орын алған қазақ қызы Гүлжан Молдажанова  кезінде ресейлік «Базовый элемент» холдингінің бас директоры болған. Ол басшылық еткен уақытта компанияның табысы еселеп артқан.

            Fortune сарапшылары Гүлжан Молдажанованы осындай тізімге бірнеше дүркін  кіргізген болатын. 2006 жылы 22-ші орында тұрса, 2007 жылы 20-шы орынға көтерілген. Ал жақында ең ықпалды Forbes журналы жариялаған 100 ең ықпалды әйел тізімінде Гүлжан Молдажанова 37-ші орынға ие болды. «Алюминий ханымы» атанған Гүлжан Молдажанова кейін Олег Дерипаскаға орнын босатты.  Бұл туралы «Коммерсантъ» газеті: «Молдажанова ханым басқарған үш жылдың ішінде «Базэл» жылдам өсті. 2007 жылдың қорытындысы бойынша, олардың өздері берген мәліметтерге сәйкес, холдинг активтерінің құны екі есеге өсіп, $45 млрд-қа жеткен. Түсім көлемі 45%-ға дейін өсіп, $ 26,8 млрд. болған. 2008 жылдың маусым айында Молдажанова ханым 2009 жылдың ақпан айында бітетін еңбек шартын тағы бес жылға созуға Олег Дерипаскадан ұсыныс алғанын айтқан еді» деп жазды.Бұл қызметтен кейін ЕСН тобына қызметке кіріп, ол жерде де бас директор болып, тізгінді өз қолына алады. Іскер қыз өз ісінен жаңылмайды. Барған жерін жандандырып, ісі оңға баса бастайды дереу. Айтпақшы, ол қазір біздің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Директорлар кеңесінің мүшесі де.

Хатшыдан Бас директорға дейін:

1966 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Гүлжан  1989 жылы КазГУ-дің физика факультетін бітірген.  Ал  1998 жылы  Үкімет жанындағы қаржы академиясын тәмамдаған.   Бара-бара шетелге шығып, сол жақтағы оқу орындарын тауыса бастады...

 1994-1995 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыммен айналысқан. Кейін 1995 жылы Олег Дерипасканың  холдингіне келіп, «Росалюминпродукт»-тің бас директорының хатшысы болып қызметке тұрады. Сол кездегі оның жалақысы бар болғаны  200 АҚШ доллары еді. «Мен бұл жұмысыма  «тамақ сатып алуға жететін ақша беретін қызмет» деп қараушы ем» деп еске алыпты бір сұхбатында.  Көп ұзамай қызметте  айы оңынан туып тұрған Гүлжан қаржы директорының көмекшісі болып шыға келеді. Сөйтіп, «Сібір алюминийі» коммерциялық директоры орынтағына жайғасты.  

Біраздан соң  «Базэл»-дің  бас директоры болып бір-ақ қонжиған  Гүлжан «Алюминий ханымы» атанып, айдай әлемді аузына қаратты.

 

Динара Ізтілеу 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір