• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:25:51
Алматы
+35°

23 Сәуір, 2018 IT

141 млрд теңге. Цифрлық Қазақстан. Қарқын неге баяу?

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр ма? Қазақстандық IT-мамандарының көбі дерлік бұған күмәнмен қарайды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр ма? Қазақстандық IT-мамандарының көбі дерлік бұған күмәнмен қарайды. Оның себебін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мамандардың өзінен сұрап көрді.

Әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарынан көріну – елімізден инновациялық даму мен жаңа технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сол себепті ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың басындағы Жолдауында Үшінші жаңғыру жөнінде жариялады. Ондағы басты мақсат – Қазақстанды цифрландыру. Ол дегеніміз:

-ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру;

-экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру;

-мемлекеттік органдар жұмысын арттыру;

-IT-мамандарды даярлау.

Аталмыш бағдарламаға бес жылға мемлекеттен 141 млрд теңге бөлінген.

 «Уәде көп, бірақ бәрі жай сөз»

Қазақстан интернет бизнесі қауымдастығының президенті Константин Горожанкин еліміздің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына дайын емес екенін жеткізді. Себебі Горожанкиннің атйуныша, 2017 жылдың қарашасында  Ұлттық экономика бiрінші вице-министрі Руслан Дәленовтің «Интернетте сауда-саттық жүргізетін адамдар табыс салығынан босатылады» деп мәлімдеген сөзі айтқан жерінде қалып қойған.

Бүгінгі таңда адамдардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саудасы желіге, интернетке, WhatsApp, Instagram-ға көшіп жатыр. Осы орайда мемлекет электрондық саудаға серпін беруге тырысты. Тек электрондық саудамен ғана айналысатындарды корпоративті табыс салығанын, жеке табыс салығынан босату туралы шешім қабылданды. Руслан Дәленов бұл шешімнің күші бес жылға жарамды екенін ескертіп, электрондық сауданы жандандыруға көңіл бөлген.

Ал Горожанкин жарты жыл өтсе де вице-министрдің мәлімдемесі сол күйі ескерусіз қалып қойғанын айтты.

-Онлайн-дүкендерді салықтан босату мәселесін соңғы төрт жылда талай мәрте талқыладық. Үш жыл бұрын үкіметке кірдік, президентпен де жолықтық. Уәделер көп болған. Бірақ бәрі – жай сөз, - дейді ол.

Онлайн-дүкендерді салықтан босату үшін үш шарт қойылды. Оның бірі – онлайн-дүкендер транзакциясының 90 пайызын онлайн жүргізу керек. Ал Горожанкин транзакцияны онлайн жүргізетін онлайн-дүкендер мүлдем жоқ дей келе еліміздің әлі күнге дейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына дайын емес екенін жеткізді.

Қағазбастылықтан, құжаттамадан бас тарту – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жемісі

Қай мекемеге барсаңыз да, алдыңыздан қағаз бен қалам шыға келеді. Жұмысқа орналасарда, еңбек демалысына шығарда осы сынды өзге де мәселелерде арнайы өтініш жазып, басшылыққа жібересің. Оған басшылық қол қойғанын күтесің. Міне осы мәселелерден құтылудың жолын «Documentolog» ЖШС директоры Байжан Қанафин 11 жыл бұрын әзірлеген.

Байжан Қанафин әзірлеген «Documentolog» бағдарламасы электронды құжаттауға мүмкіндік береді. Оны еліміздегі IT компаниялырының ішіндегі ең озығы деуге де болады. Еліміздегі үздік 250 ірі компания осы бағдарламаны тұтынады. Басшы жұмыс орнында болмаса да, бағдарламаның арқасында қол қойып, құжаттарды жібере алады. Яғни қызметкерлер бір басшының соңынан жүгірмейді, уақытын үнемдейді.

Бүгінде мұғалімдер балаға сабақ беруден гөрі қағаздармен жұмыс істеуді бірінші қатарға қойған. Бұл – басшылықтың талабы. Осыны ескерген «Documentolog» бағдарламасының жетекшісі жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігіне де ұсынып көрген. Алайда министрліктен әлі жауап келе қойған жоқ.

«Documentolog» жобасын 2007 жылы қазақстандық IT мамандары ойлап тапқан. Яғни, Қазақстанды цифрландыру аясындағы бұл жоба елімізге оң пайдасын тигізіп келеді.

«Ауылдардағы мектептерді интернетпен қамтамасыз етсек те жеткілікті»

AlmaU директоры Асылбек Қожахметов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «ең болмағанда осы мәселені де жетілдіріп алсақ болғаны» деді. Себебі кәсіпкер бағдарламаның 100 пайыз орындалатынына сенбейді.

-Біздің елімізде жаңа бағдарлама көп. Оның жартысынан көбі аяқсыз қалып жатыр. Бірінің нәтижесі шықпай жатып алдымызға жаңасы келеді. Бізге индустриализациялау, цифрландыру бағдарламасы – бұлардың бәрі керек, - деді Қожахметов. Осыған орай ол мемлекетті цифрландыру үшін төмендегі екі мәселеге аса көңіл аудару қажеттігін ескертті.

-Ауылдардағы мектептерді интернетпен қамтамасыз ету арқылы (ауылдағы) білім деңгейін көтеру.

-Ауылдарға диагностика орнату арқылы (ауылдағы) денсаулық сақтау саласының сапасын жақсарту.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың қыркүйегінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісіне қосуды қамтамасыз ету жобасы қаралған. Бүгінгі таңда 122 қаланың барлығы мен 1 200-ге жуық ауылды мекен интернетпен қамтылған. Министрлік жалпы халқы 2 млн астам болатын 1 800 ауылға байланыс желісін таратуды жоспарлап отыр. Ұсынылған жобаны іске асыру 2018-2020 жылдарға жоспарланған.

Қазақстанды цифрландыру үшін не істеу керек? IT-мамандарының ұсынысы

Aspex компаниясының директоры Юлия Гайнутдинова «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына өтудегі жүз қадамның бірі – құжаттаудан құтылу» дейді.   

- Қазақстанды цифрлау үшін біріншіден құжаттау деген түсініктен бас тарту керек. Мобильді құрылғылар заманында өмір сүріп жатырмыз. Құжаттарды термей, оған бірнеше күн уақытыңды арнамасаң, адамдар сөзден іске көшер еді, - деді Гайнутдинова.

Ал «Kcell» АҚ бизнес-нарықты дамыту жөніндегі директор Вадим Людің айтуынша, үкімет елді дижитализациялау мәселесін түпкілікті қолдау керек. Ал ол үшін мемлекет ішінде бизнес атмосферасын құру керек.  

Цифрландыру мәселесінде телекомның рөлі де айрықша зор екенін атап өту керек. Бұл бағыттағы телекомның рөлін Вадим Лю төмендегідей жіктеді:

-мәдениетті өзгеру (бүгінде адамдардың ойлау дәрежесі өзгеру керек, іскерлік, ғылыми бағытқа бет бұру):

-жаңа нарыққа шығу (адамдар өмір сүру деңгейін өзгерту керек);

-сөз бостандығы.

Еске сала кетейік, Жақында ғана Ресейде сот шешімімен Telegram мессенжері бұғатталды. «Бізді де осы жағдай күтіп тұрғаны ақиқат. Осындай жағдайда дижитализация деген сөзді айтудың да қажеті жоқ», - деп ашынды Вадим Лю.

«Documentolog» ЖШС директоры Байжан Қанафин мемлекеттік цифрландыру аясында екі мәселеге аса назар аудару қажеттігін ескерді.

1.Алғашқы жетекшілердің рөлі

2.Отандық IT- компанияларды дамыту

Кез келген басшы қызметкерлеріне тапсырған жобаны өзі де түсіну керек. Әрі ондайда ол жоба сапалы, жылдам орындалады.

«Цифрландыру туралы көп айтылады, алайда үкіметтің өзі осы мәселеге жетекші ретінде вице-премьерді жалдады. Мемлекет министрлікке, мекемелерге «цифрландыруға қандай жолмен болса да өтіңдер» демеу керек. Команда жинап, мемлекетке енгізбек болып отырған жобаны, жоба аясында жасалатын қүрығыны қолына ұстатып, үйренуін талап ету керек. Басшы да мәлімдеме берген дүниесін бірінші өзі қолдану керек. Бұл – менің ойым. Алғашқы жетекші сол мәселенің байыбына бармайынша ол іс өнбейді. Біз қандай да бір нәтиже күткіміз келсе, өзіміз соның іші-сыртын түгел меңгеруіміз керек», - деді Қанафин.

Бұған қоса Қанафиннің айтуынша, инновацияны да, ғылымды да дамыту – ірі компаниялардың ғана қолынан келетін шаруа. Ал мемлекет бизнеске араласпау керек, бөгет келтірмеу керек.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың негізі бағыттары төмендегідей:

1.Дәстүрлі салаларды цифрлау

2.Стартаптардың экожүйесі

3.Электронды сауда

4.Технологияны дамыту

5.Кіші және орта бизнесті цифрлау

6.Азаматтарға арналған белсенді қызметтер

7.Бизнеске арналған белсенді қызмет

8.Мемлекеттік мекемелерді цифрландыру

9.Ашық мемлекет

10.Ақылды қала жобасын жүзеге асыру

11.Бастауыш және орта білімнің цифрлық сауаттылығын арттыру

12.Техникалық, кәсіптік және жоғары білімнің цифрлық сауаттылығын арттыру

13.Күнделікті өмірде цифрлық сауаттылықты арттыру

14.Ақпараттық коммуникациялық технологиялар аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау

15.Байланыс желілері мен ақпараттық коммуникациялық технологияларының аясын кеңейту

16.Киберқауіпсіздікті күшейту

17.Телерадио хабарларын таратуды цифрлау

18.Ақпараттық коммуникациялық технологиялар аясындағы заңнаманы реттестіру.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір